Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным



бет25/43
Дата18.06.2017
өлшемі8,23 Mb.
#19431
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   43

Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрі романтикаға берілгенімді түсіндім. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейді. Қазақтар үшін де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленісті мәселелерді шешуде басқарушы ұйым мен үкімет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәркілеу туралы шешім шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенімде Ғаббасовтың теңселіп жүргенін көрдім (Оның қырда меншік малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсенділік танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сілтеушілікке жол беріледі деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесінің жауапты адамы ретінде үкіметке мәлімдеме тапсыр, деп өзімнің көзқарасымды білдірдім. Бұл пікірді сондай күйде жүрген Қадырбаев Сейдазымға да айттым. Тәркілеу жөніндегі қаулы шыққаннан кейін мен даулы жағдайларға жаңа түсінігім тұрғысынан пікір білдірдім, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселені түсінуге ықылас білдіргендерге (тәркілеуге іліккен туған ағайындарына – Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсінік бердім».

Тергеушілер ұтылай отырып Голощекиннің жүргізіп отырған саясатына көзқарасы мәселесіне ауысады. Оған Ә.Байділдиннің мына көрсетіндісі себеп болған.



Ә.Байділдин: «1925 жылы Ү партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін депті. Маған хатты Әлімхан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек – депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастақтық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақ тәсілімен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек, деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым, деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек, деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек, деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды.

Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдонғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдонғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек, – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз – дедім, ол уәдесін берді.

Ү партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандосовтың жеке өзі дайындады... Ү партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және Ү партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Жандосов, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. Ү партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді».

Мұндай тиянақтылықпен баяндалған көрсетіндіге орай «1931 жылдың 10 қазаны күні ОГПУ-дің коллегиясына Әлімхан Ермеков мынадай мәлімдеме» жасайды.

Ә.Ермеков: «Айыптау ісінде Сәдуақасовтан Байділдинге хат әкелгенім туралы көрсетіліпті. 25-жылы Өлкелік комитет пен Халық комиссариаты мемлекеттік жоспарлау комитетінің өкілдеріне қосып Сәдуақасовты және мені Мәскеуге іссапарға жіберді. Менің Өлкелік комитеттің мүшесі Ежов пен Сәдуақасовтан білгенім – негізгі мақсатымыз шекараны анықтап, бекіту екен. Оңтүстіктегі облыстарды Орта Азия федерациясына, солтүстік облыстарды РСФСР-дің көрші облыстарына қосу туралы мәселе қойылмақ екен. Оңтүстік Қазақстанның төрағасы бұған ерекше ынта қойып, қызу қолдайтынын білдірді. Солтүстік облыстардағы қазақтарды оңтүстікке, Жетісуға көшіру жөнінде нақты ұсыныс жасалыпты. Бұған мен: ұлттық белгісіне қарап қазақ, орыс тұрғындарының арасына шекара қою қиын, олар аралас тұрады. Оңтүстік және солтүстік облыстардың экономикасы өзара тығыз байланысты. Жазда солтүстікке қарай көшіп, мал өрістететін Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қазалы, Бөкей аймағындағы жер пайдаланушылар үшін де тиімсіз. Қостанай уезінің қазақтарын Оңтүстікке көшіру де мүмкін емес. Егерде солтүстік облыстар РСФСР-ға қосылатын болса, онда қазақ тұрғындары да Ресейдің көрші губернияларының қарамағына өтуі тиіс, деп қарсы пікір білдірдім. Мәскеуге келгеннен кейін Ежов пен Сәдуақасов жолдастар: біздің мәселеміз қаралмайтын болды, Қызылордаға қайта беруіңе болады, деді. Орталықта қандай мәселе қаралатынын ол кезде де, қазір де білген емеспін. Мен Қызылордаға қайттым, Смағұл Сәдуақасов берген хатты Байділдинге әкеп бердім. Хаттың мазмұнын бұрын да, қазір де білмеймін. Ал Сәдуақасовтың үйінде ме, жоқ басқа жерде ме, өткен жиналыстарға мен қатысқан жоқпын және ондай мәжілісті естігемін де жоқ. Партиядағылар мен партияда жоқтардың бас қосуына қатысқан жиналысым – 1920 жылы өткен Кеңестердің құрылтай сьезі. Ол туралы алғашқы көрсетінділерімнің бірінде жазғанмын».

Бұл Мәлімдеменің жолданған жеріне жетпегені анық. Егер жолдана қалса, онда оның түпнұсқасы істің тігіндісінде сақталмаса керек еді. Дегенмен де төтенше өкілдердің бірінің танысып шыққаны да кәміл. Бұл мәлімдемесін Ә.Ермеков:



«59-бап бойынша, 58-баптың 11 тармағы бойынша өзгертіліп тағылған айыптар тергеу барысындағы анықталған шындықтың негізінде кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет етпегендігіме байланысты алынып тасталуын өтінемін. Ғаббасовтың Семейдегі тәркілеуге қарсы жүргізген әрекетіне менің қатысым бар екендігі туралы Попов жолдастың бопсасы шындыққа сәйкеспейді. Попов жолдас мені айыптаудың формулировкасымен таныстырған жоқ. Бар білгенімді жоғарыдағы көрсетінділерімде айтқамын»,– деген үмітпен аяқтайды.

1930 сәуір айында «Алашордашылардың» алдыңғы легіне үкім шығап, Халел Ғаббасов бесеудің бірі болып атылып кеткен еді. Алайда өлген адамның, дәлірек айтсақ, өздері атып тастаған адамның үстінен де тергеу жүргізуге тергеушілер именбеген. Х.Ғаббасовтың бұл кезде атылып кеткенін Ә.Ермеков білді ме, жоқ па, белгісіз.

Ә.Ермеков: «Ғаббасов үнемі Семей қаласында тұрды. Ғаббасовпен ешқандай байланысым болған емес. 20-жылы Мәскеуде Байтұрсыновпен бірге болғанымды Ғаббасовқа 25-жылы, Валидов қатысқан басмашылар қозғалысы талқандалған соң айтқаным есімде. Валидовтің 20-жылғы көңіл-күйін Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжанов бөлісетін еді – дегенді де сол айтты. Алайда ол да, мен де бұған қарсы едік. Ғаббасовтың қандайда бір ұйымға мүше болғанынан хабарсызбын. Ташкентте ұйымның бар екендігін болжап қана білдім. Ғаббасовпен екеуміздің еш байланысымыз жоқ, 25-жылға дейін әр қалада тұрдық, саяси оқиғаларға көзқарасымыз да әр қилы. 20-жылы Колчактың тұсында ол жазғандай мен қырға кеткемін жоқ, Семей қаласында болғамын. Содан кейін партияға өту мәселесі көтерілгенде біздің пікіріміз екіге бөлінді, 20-жылы ол мүлдем қарсы болатын. Содан кейін маған оның қазақ байларының арасындағы рулық тартысқа қатысқаны ұнамады. Біздің іштей араздығымызды білмейтіндер бізді әріптестер деп ойлап қателесіп, оның қасына менің фамилиямды қоса беретін. Мәселенің басын ашу үшін бұған ерекше тоқталдым. Мұның барлығы маған тағылған айыптың жоқтығын дәлелдейді. Нақты бір дерек болса оны жоққа шығару мүмкін емес қой. Пролетариат диктатурасының орнауы, буржуазиялық ұлтшылдық, Қазақстанның өзін-өзі анықтауы, пантүркизм туралы пікірлерімді алдыңғы көрсетінділерде баяндап өттім. Қайталап айтамын идеологиялық қайшылықтарымның, кейбір тактикалық ауытқулардың болғанына қарамастан кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға қатысқан емеспін. Әлімхан Ермеков. 28 қазан, 1931 жыл».

Шындығы сол ма, жоқ, жорта домбытқаны ма, әйтеуір Ә.Ермековтің кеңес өкіметінің саясатын талдай келіп, өзінің бұл платформаны жақтайтын сыңай танытқаны анық байқалады. Мұның соңы «өздерінің қателіктерін мойындаған» әйгілі «Ашық хат» жазуға алып келді.



«19 қараша, 1931 жыл. ОО ПП-нің бөлім бастығы Молохов жолдасқа. Ерекше өкілі Попов жолдасқа

Мен өзімнің ешқандайда контрреволюциялық әрекетке қатыспағанымды тағы да мәлімдеймін. Өзгелердің көрсетіндісіндегі жалған айғақтардың негізінде өзімнің айыпкер екенімді мойындасам, ерекше өкіл Поповтың тілеуін қанағаттандыратын сияқтымын. Өзімді айыпкер санаудан басқа жол қалмаған сияқты. Бұл маған берілген сыбаға іспетті. Мен шындығында да астыртын ұйымға қатыссам, тергеушінің жүгі жеңілдейтіндей көрінеді. Айыбымды мойындау арқылы ғана өзімнің кінәмді жеңілдететін көрінемін. Бірақ та мен, шамамен, мүмкіндігім жеткенше өзгелердің айыптауларын жоққа шығара отырып, тергеу орындарының алдында өзімді ақтап алуға тырысамын. Сондықтан да сіздерден маған тағылған айыппен таныстыруды және мені астыртын ұйымға қатысты деп айғақ берген адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Идеологиялық қателіктерім мен кейбір шараларға көзқарасымның тұрақсыз болғанына қарамастан, кейінгі он жылдың ішінде Қазақстан еңбекшілерінің ынтымағы мен мүддесі үшін саналы түрде адал қызмет еттім. Алда қанша өмір бар және қанша жұмыс істеймін, оны білмеймін, бірақ жалған айғақтарды мойындап, өзімді сатқын ретінде көрсете алмаймын. Менің ойымша бұл мәселе тергеу барысында толық анықталады және әшкереленеді деп ойлаймын. Контрреволюциялық ұйымға қатысымның жоқтығын және маған қысым жасау арқылы мойындатамыз деген емеуіріннің нәтижесіздігін дәлелдейді. Алдыңғы көрсетінділерімде: менің өткен жылдардағы идеологиялық ауытқуларым қазіргі социалистік құрылыс жүйесіне ешқандай зиян әкелмегендігін арым мен ожданыма сүйене отырып мәлімдегенмін. Менің өткендегі „Алашорданың контрреволюциялық әрекеттері тұсындағы идеологиялық ұстанымдары социалистік құрылыс қоғамына қарсылық емес, керісінше, консервативтік көзқарас болып табылады…”

Әлімхан Ермековтің тергеудегі қалған жауаптарының барлығы да осы мазмұндас болып келеді. 1931 жылы 17 желтоқсан күні:

Тұтқын Ермековтің өтініші бойынша оның 28/ХІ – күні Өлкелік комитеттің хатшысы Голщекиннің атына жолдаған өтініші қабылданбады” , – деп көрсетілген.

Бұл «Өтініш» кейіннен „Социалды Қазақстан” мен „Казахстанская правда” газетіне басылған Ашық хаттың алғашқы нұсқасы болса керек. Осы шарғының астары туралы қуғын-сүргінде «шыңдалған», жалғандыққа жандары төзбейтін М.Әуезов пен Ә.Ермековтің екі сенімді бауыры Қайым Мұхамедханов пен Жайық Бектұров бізге екі түрлі мазмұнда әңгіме айтып беріп еді. Бірінші әңгіме бойынша, М.Әуезов:



«Бізді ашық хат жазуға А.Байтұрсынов көндірді: Сендер жассыңдар. Мүмкіндіктеріңді толық сарқып болған жоқсыңдар. Елге қызмет етіп, біздің ісімізді жалғастырыңдар. Ал біз халықты алдай алмаймыз,– деп айтты»,– депті Қ.Мұхамедхановқа.

Ал Ж.Бектұров бұл жөніндегі естелігін хатқа түсіріп кетіпті.

Ж.Бектұров: «Сол кезде Қазақстанның сталиншіл көкжендеті, сұмырай Ф.И.Голощекин оқымыстылардан Ә.Ә.Ермековті, жазушылардан М.О.Әуезовті әдейі дұшпан көзі етіп абақтыдан босатып, «Алаштың» көрнекті екі қайраткері өздерінің ұлтшылдық қателіктерін мойындады» деп қулықпен зорлап, ашық хат жаздырған. Бұл хаттарды газеттерде бастырып, жалған насихат үшін пайдаланған. Оны кезінде қуана да, үрейлене де оқыдық. Ол үшін Ахмет Байтұрсыновтың Ә.Ермеков пен М.Әуезов інілеріне өкпелегенін де естідік, өйткені өлсе де, тірілсе де бір топтың адамы. Қиын жолда араларына қыл өтпей, жік, жарықшақ шығармай бірге болуды дұрыс деп санаған ағаларымыз. Иә, кемедегілердің жаны бір деген. Бірақ, үкімет басындағы қулар әр түрлі айла-шарғы жасап, Ә.Ермеков пен М.Әуезовті өз тобынан бөліп алған. Бұл жайттың сырын Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда тұрған кезінде маған былайша түсіндірді:

Қазақстан басшылары: бізге қатемізді мойындасақ, кеңес құрылысына беріле қызмет етсек, жол ашық, кеңшілік болады, өзімізбен бірге тұтқында қалған өзге іні-ағаларымыз да осы жолға түседі дегендей емеуірін білдіріп, кәдімгідей қолқа салды. Біз бұған иландық. Кейін осындай жолмен Ахаң, Мағжан, Жүсіпбек, бәрі де босап шығады ғой деп ойладық. Осы ретпен алдымен мен алдауға түстім. Обалы нешік, Мұхтар інім өздеріңіз білетін белгілі хатқа қол қойғысы келмеді. «Әлеке! Түбі бұл үшін тарих алдында сіз өзіңіз жауапты боласыз», деп көпке дейін хатқа қол қоюға көнбеді. Мен оған: «Қарағым, не қылса да құрық екеумізге түсіп тұр ғой, сенің орныңа Жүсіпбек Аймауытовты да, Мағжан Жұмабаевті де алуларына болатын еді. Бұл да бір тағдырдың жазғаны шығар. Түбі жақсылығы болар, бас тартпа», - деп Мұхтарды зорлағандай көндірдім. Бірақ артынша қатты өкіндім»,– депті.

Ол өкініштің себебі өзгеше. Мұны кейіндеу келтіреміз. Жоғарыдағы жауапты растайтын дәлел тергеу ісінің 3-томның 165-бетіндегі:

ОГПУ-дің Қазақстандағы өкіліне. Ашық хатты баспасөзде жариялауды және көшірмесін ВКП(б) өлкелік комитетіне және іске тігуді өтінемін. Егерде баспасөзде жариялауды мүмкін деп таппасаңыздар, онда бір данасын үйіме жіберуге рұқсат етіңіздер. Ә.Ермеков. 29/ІҮ-32 жыл.”– деген қолы қойылған хаттан анық байқалады.

Бұл «Ашық хат» 1932 жылғы 4 мамырда БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.И.Голощекин мен Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолданды. Оның соңына:

Тергеу біткеннен кейін де пәле қуған жауапсыз адамдар тағы да арадай таламас үшін мен бұл мәлімдемені саналы түрде жазып отырмын”,– деп ескерткен.

«Ашық хатты» Голщекин мен Исаев оқып шығып, тиісті редакциялаудан өткізгеннен кейін барып:

«Алашорданың басты екі адамы өздерінің де, бұрынғы пікірлестерінің де төңкеріске қарсы болғандығын әшкерелеп, өз кінәларын жууға уәде беріп отыр», деген тақырыппен «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жарияланды.

5.

«Ашық хатта» тергеу ісіне қатысты деректер қамтылғандықтан да мәтінді толық келтіреміз. Басқарманың атынан төмендегідей түсініктеме берілген:



«БАСҚАРМАДАН: төменде төңкеріске жау «Алашорданың» бұрынғы көрнекті басшыларынан болған Ермек ұлы мен Әуез ұлының хаттары басылып отыр, бұл хаттардың тарихи маңызы үлкен. Бұл хаттар «Алашорданың» бұрынғы ірі адамдары Мұхтар мен Әлімханның кеңес үкіметі жаққа қарай бетін түзегендігін көрсетеді. Бұлар хаттарында салт-сана жөніндегі құралдарын бір жола, тегіс тастағандығын, өткендегі төңкеріске жау істерінің бәрін де сөгетіндігін айтып отыр; бұлардың сөздері ауылдағы байлардың жоғын жоқтап, сойылын соғатын төңкеріске жау, ұлтшыл Алашорда оқығандарының салт-санасы да, ісі де мүлдем күйреп, іріп отырғандығын көрсетеді. Кеңестер одағындағы социалды құрылыстың адам айтқысыз зор табыстары бар, бес жылдық жоспар төрт жылда ойдағыдай орындалғалы отыр; екінші бес жылдықта тапсыз социалды қоғам орнату бес жылдығында алға қойылып отырған міндеттер жер жүзіндік тарихи маңызы бар зор міндеттер; помещик-буржуазия үкіметін енді қайта орнату талаптарының қай-қайсысы болса да бос үмітсіз талап екендігіне жаңағы айтылған табыстар толық айғақ бола алады.

Партия мен кеңес үкіметінің Қазақстандағы табыстары да адам айтқысыз зор. Лениншіл ұлт саясатының дұрыстап жүргізілуі арқасында Одақ пролетариатының көмегі мен Қазақстан артта қалған мешеу өлкеден ауыл шарушылығы басымырақ индустриялы, социализм орнатушы өлкеге айналды. Осы табыстар буржуазияшыл ұлтшыл оқығандардың ішіндегі аса адал ниет, бейілі түзулеріне бұрынғы идея-саяси бағыттарының теріс екендіктерін, олары мұратқа жеткізбейтінін сездіріп отыр; ескі ұлтшыл, төңкеріске жау жаңа интервенция жолдарынан қайта бастауларына себепші болып отыр. Ермек ұлы мен Әуез ұлы хаттарында салт-сана жөніндегі қаруларын тастағандығын айтып отыр; пролетариат төңкерісі мен қазақ еңбекшілері алдында істеген ауыр қылмыстарын жууға дайын екендіктерін айтып отыр; бұл үшін «төңкеріс ісіне адал қызмет етемін» (Әуез ұлы) деп отыр.

Шоқаевшылардың, интервенцияшылдардың, ұлтшылдардың Қазақстан «кері кетіп барады», «Қазақстан сықылды бұрын патша отары болған елдердің алдыңғы қатарлы социалды республика болуы мүмкін емес», деген шатпақтарының бәрі де төңкеріске қарсы екенін, мейлінше өтірік, ешбір негізі жоқ, шірік, сасық өсек екенін Ермек ұлы мен Әуез ұлының жаңағы сөздері тағы да дәлелдеп отыр.

Ермек ұлы мен Әуез ұлының мәлімдемелерінде ұшырайтын қайбір ашық айтылған жерлерін қазір талдап, тексеруді былай қоя тұрғанда, басқарманың айтатыны: бұлардың, мәлімдемелері, олардың адал ниетті, бейілі түзулігін Қазақстандағы социалды құрылысқа белсене қатысуларымен көрсетулері керектігін айтады».

«Ашық хатта» Ә.Ермеков өзінің тергеушілерге берген жауаптарындағы пікірлерін жүйелей пайымдаған. Сондай-ақ қысқартылып, қосылған абзацтар мен сөздер де кездеседі. Біз қалың көпшіліктің назарына ілінген газеттің мәтініне жүгіндік.



«Ермек ұлы Әлімханның хаты

Біздің уақытымыз тарихи ұлы өткел дәуірі. Бұл өткелдің бір жағы адам баласын соншалық көп азап, қорлық, әдепсіздік қинауына салған капиталдық құрылыстың дүниесі. Ол құлап шіріп, тозып келе жатқан дүние. Өткелдің екінші жағы – социализм мен ортақшылдықтың іргесіне құрылған жаңа, жарық өмір. Сол өмірдің жарқын дүниесі. Бұның адам баласына әкеле жатқан игілігі – шын теңдік, ұлы мақсат: тап, ұлт, езуші-езілуші дегендерді жоқ қылып, бар адам баласын теңдік пен білім, мәдениет табысының барлық жемістерінен толық пайдаланатын(дығы).

Осындай болумен қатар қазіргі дәуір тап тартысының ерекше күшейген дәуірі болып отыр. Бұрын қарсылық жүргізген, бүгінде өлеріне, өшеріне жеткен тап қазір бар күшін, бар айласын жұмсап, не қылса да өзінің бұрынғы үстемдік халін сақтап қалуға тырысады.

Сол себепті, осындай тәрізді ұлы өткел дәуірінде тап тартысының жалыны өрлеп тұрған кезде – әрбір қоғам қызметшілерінің саяси қателері өте жауапты, өте ауыр қателер болып шығуға керек.

Ол қателердің залалын, салмағын өте ауырлататын, сол тап тартысының қызып тұрғандығы. Және мұндай уақытта ол қатені, сенің өзіңнің ойыңда болмаған бағыт пен жолға пайдаланып, керегіне жаратып кететіні де бар. Олар, төңкерісшіл пролетариаттың асқындап өрлеп келе жатқан күштеріне жаулық ниет ойлап, алысып келе жатқан заттар болады.

Міне, осы себепті, әрбір адалмын деген қоғам қызметшілері, қоғам тартысының әр дәуірінде, өзінің қызметі қандайлық болғанын толық тексеріп, сынап отыру қажет. Егер ол еңбекші табымен төңкерістің жауы боламын десе, өзі басып өткен жолдың мазмұны мен тәжірбиесін тесіле қарап, қатты сынауға тиіс.

Мен Қазақстандағы өзім істеген саяси істің тұсында бірқатар ірі қателіктер істеген едім. Қазір де өзімнің сол бұрынғы қызметімді шынымен нық тексеріп келіп айтпақ болған сөзім бар. Бұл сөзді айтуға хақым ғана бар демеймін. Айтуға өзімді міндеттімін деп санаймын.

Менің саяси бағытым, бұрын патша заманында езілген елдің баласы болған соң, әрқашан өзге мәселенің бәрінен бұрын ұлт жайын ерекше қып жоғары ұстап, соны қалыптап асыра, көтере бағалау да болған. Оны туғызған патшаның отаршылдық саясаты. Қазақ жерін Ресей алпауыттарына жағынамын деп отаршылдыққа аяусыз тартып әпере беруі болған. Ұлт мектептерін тыйып, шаруа күшін де жауша қанауы болған.

Кеңес өкіметіне деген көзқарасым негізгі түрінде 1920 жылы шешілген еді. Сонда мен екі жолдың торабына келіп тіреліп ем: біреуі капиталшылдық жолы. Оны қостасам – жиянгершіліктің қожалығын сүймекпін, олай болса отар, жарым отарды сол күйлерінде қалдырып, артта қалған елдердің бұдан әрі де құл бола беруін қоштамақпын. Немесе социализмді қостап, артта қалған отар елдерін құлдықтан, қорлықтан арылтатын досы осы екенін тануыма керек болған-ды, оның үстіне Колчак қожалығын көріп шыққан соң анық көзім жеткені – тартыстың түбін шешетін төңкеріс кезіндегі екі күштің біреуі болатын болды. Мұның бірі – пролетариат, екіншісі – байлар табы, сондықтан не пролетариат қожалығын, не байлар қожалығын таңдау керек болды.

Сонда Кеңес үкіметінің бетін қостап, соның жағына шығуымның алды осымен шешілген-ді.

Бірақ, мен қалыптанған марксшіл болмағандықтан, ұлттықтың тап көлемі деген дерттен арыла алмадым. Сол себепті қоғамдық қалыптардың өсуіндегі негізгі-негізгі бағыт тап тартысының бағыты болса, соны көрудің орнына, менің жолымда көбінесе ұлттық жайлар көлденеңдеп, анаған сол бөгеу болып отырды. Артта қалған елдердің алдағы елдер пролетариатымен одақтасуын негізгі бағыт есебінде қабылдап отырсам да – сол артта қалған елдердің өзарасында тап тартысының қоса болуы да шарт, қажет екенін ойламадым.

Менің салт-сана жолындағы қателесуімінің тамырлары осы жерде болды. Осыдан барып күдікшілдік, ырғалғыштық туды. Партия мен үкіметтің Қазақстанда жүргізген бірқатар ірі істеріне теріс қарағандықтан болды. Мысалы, ірі байларды кәмпескелеу, пішендік пен егістікті қайта үлестіру, жер мәселесін түгелімен интернационалдық, таптық жолмен шешу сияқты ірі мәселенің көбіне көзқарасым дұрыс болмады. Ал партия мен үкіметтің бұл істері ерекше артта қалған жарым алпауыттың қолындағы қазақ ауылын социалды рекөністірексеге (реконструкция – Т.Ж.) дайындау алдында қажет болған шаралар, шарттар еді.

Жасырып қажет емес, саяси қызметшілердің салт-сана жолындағы қатесі сіңісті дерт сияқты күйге айналса – оның арты саяси қылмыстарға әкелмей қоймайды. Қожалық тартыста олар шығатын арналар табылмай тұрмайды. Мысалы, Қазақстандағы үлкен түйіннің бірі – жер мәселесін шешу болса, ол және айқын ұлттық мәселе болса, сонда менің ұлтшылдығым осы мәселені шешу тұсындағы менің бағытыма айқын әсер етті.

1925 жылы Қазақстанның Госпланының комиссияларының істеріне қатынасып жүріп, Қазақстанда жерге орналастырудың мөлшерлі жоспарын жасағанда мен тап жағына қарамай, ұлттық белгісіне ғана қарап, ең алдымен қазақ халқын жерге орналастыру керек деген пікірді жүргіздім. Және қазақ халқы түгел орналасып болғанша Қазақстанда басқа қоныстандырылушылар келмесін деген бетте болдым. Мәселені бұлай қою, жерге орналастыру ісін(ің) таптық мазмұнын жайдақтатумен бірге, бұрыннан келе жатқан ұлттар арасын(ың) қажасуын да ықтиярсыз тереңдеткен болар еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет