Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет41/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   46

«Тұрар Рысқұлов Қызылорда қаласына келді. Кісілер кіріп-шығып, асығыс жөн сұрасып жатты. Міржақып Дулатов екеуміз сәлем беруге бірге бардық. Міржақып мені ауыз үйде қалдырып, Рысқұлов екеуі оңаша бес минуттай сөйлесті. Іле бөтен кісілер келіп қалып, Рысқұлов соларды қарсы алуға шығып кетті де, әңгімелері үзіліп қалды. Сыртқа шыққан соң Міржақып Дулатов маған (Дінмұхамедке – Т.Ж.): «1922-жылғы Ташкенттегі ұйым туралы сөз бастап, енді түсіндіре бастап едім. Үлгермедім»,– деді»,– деген мағлұмат беріпті.

Бұған қарап Рысқұловтың астыртын ұйымға қатысы бар деп пікір түюге бола ма? Мұндай дүдәмал деректер Д.Әділевтің әр көрсетіндісінде кездеседі.

Сондай-ақ, Қараноғай (Әубәкіров) мен Діншеге қатысты жарияланымдардың негізділігіне қарамастан, сол зерттеушілердің «түрме әфсанасына» қатысты көзқарастарын білдіруге келгенде, ол азаматтар өз пікірлерін жалпылама айтып, ашық бояп, жадағайлатып жіберетіні де көңілге алаң кіргізеді. Шындығында да, Дінше өмірін тағдырына тапсырған күрмеулі тұлға. Бізге Діншенің немере туысы, соның ішінде Жаңаарқа ауданында шаруашылық басқарған Нұрғали деген азамат сол оқиғаның өткен жерін сексенінші жылы көрсетіп еді. Ол кезде Діншені тұңғыш театрдың директоры ретінде алғай жазып, алғаш баспа жүзінде атын атап ек. Көңілдің сол ыстық табын тергеу құжаттары суытып жібергенін несіне жасырайық. Соның ішінде мұқым алашордашыларды өмірде жоқ «астыртын ұйымның» мүшелері етіп көрсеткен «Дінмұхамед Әділевтің өз қолымен сызылған қазақ астыртын ұйымының шамамен алғандағы сызбасы» өзгелерді де, оның өзін де ату жазасына алып келген. Үш бетке сызылған жобаның мазмұны мынадай:

«1-сызба. 1921 жылдың көктемі мен жаз айындағы құрылымның мұшелері: Орынборда – Байтұрсынов, Сәрсенов Б., Омаров Е., Балғымбаев пен Әділев (Бұқараға кеткенше); Петропавльда – Тілеулин Ж., Семейде – Ғаббасов, Ермеков, Қозыбағаров; Ташкенттегі бөлімшеде – Дулатов, Досмұхамедов Х., Досмұхамедов Ж., Қашқынбаев, Жаленов, Есполов, Бірімжанов, Юсупов, Б.Битілеуов, Омаров У., Тынышбаев, Бұқараға барғандар – Әділев, Болғамбаев, Әндіжанға барған – Әділев. 2-сызба: 21 жылдың соңынан 24 жылға дейін: Орынборда – Байтұрсынов, Омаров Е., Бөкейханов, Дулатов (24 жыл); Торғайда – Юсупов, Ақмолада – Болғамбаев, Семейде – Ғаббасов, Ермеков, Қозыбағаров, Дулатов (23-24 ж.ж.); Петропавльда – Тілеулин Ж., Москвада – Бөкейханов (23 ж. бастап), Жұмабаев (24 ж. бастап), Ленинградта – Әуезов (24 ж. бастап), Берлинде – Бірімжанов, Битілеуов, Мұңайтпасов, Парижде – Шоқаев; Ташкенттегі өзбек бөлімшесінде – Досмұхамедов Х., Досмұхамедов Ж., Қашқынбаев, Жаленов (24 ж. дейін), Есполов, Бірімжанов, Битілеуов (22 ж. дейін), Омаров У., Тынышбаев, Қожанов, Бұқарбаев, Баймаханов С., Мұсаев Ш., Әлиев О., Данияров Б., Үмбетбаев А., Жұмабаев М., Әуезов М., Әділев Д.; Самарқанда – Үмбетбаев, Валидов (22 ж. күзіне дейін) ; Шымкентте – Кенесарин, Әулие-Атада – Байсейітов Әзиз, Алматыда – Сүлеев Б. . 3-сызба, 1925-28 жылдары: Қызылорда – Байтұрсынов, Дулатов, Есполов, Досмұхамедов Х. (27 ж.), Омаров Е., Юсупов, Әділев (25-26 жылдар), Ғаббасов, Ермеков; Ташкент – Досмұхамедов Х., Досмұхамедов Ж. (26 ж.), Қожанов (27 ж.), Шымкент – Аймауытов (26-27 жж.), Алматы – Тынышбаев, Өзбекстанда – Омаров У. (26-27 жж.), Сарысу ауданы – Әділев (26-27 жж.), Орал – Жәленов, Москва – Бөкейханов, Жұмабаев, Ленинград – Әуезов, Берлин – Бірімжанов, Париж – Шоқаев, Константинополь – Валидов».

Міне, осы сызбаны тергеушілер Х.Досмұхамедовке көрсетіп: «Мұны жазған М.Тынышбаев. Сондықтан мойындап көрсетінді жаз», – деп оны да, өзгелерді де арандатқан. Былайша айтқанда сызбаны «саспақ теке» ретінде пайдаланған. Бұл деректерді жасырып қалудың ретін таппадық. Ал Д.Әділевтің ағайындары мен туыстары және ол туралы зерттеушілер де өз пікірлерін бізден қалыс ұстады. Тек Ақселеу марқұм ғана пікір білдірді, бірақ тамырлата талдамады. Өйткені ол кісінің де туыстары осы іс бойынша жауапқа тартылып, атылып кеткен еді. Кітапты жазу барысында шындықтың осындай да бір шырматылуының жанға батқаны бар.

Халел Ғаббасов – түрменің өзінде де шындық үшін күресіп, пікірін дәлелдеп, заңды талаптарынан бас тартпаған. Тергеушілер де ерегесіп, оны өзгелерден бөлек жеке камерада ұстаған. Сөйтіп жүйкесін жұқартқан. Соған қарағанда: ату жазасына кесілген үкімді естісімен, кешірімді күтпей, өз еркімен өмірден бас тартқан-мыс – деген қауесет те бар. Туған інісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Араб Ахметжанұлы Ғаббасов ағамыз біз хабарласқанда жасының ұлғайғандығын айтып (ол кезде тоқсанды алқымдап қалған), түсінік беруден бас тартты. Ал Шыңғыс елі бұл азаматты жат санап, соңына іздеу салмады. Сөйтіп, белгілі тұлға белгісіз күйінде қалып келеді. Ал біз ауылдасы ретінде білгеніміздің барлығын «Бәйбіше – Тоқал тарагедиясы» атты тарауда қамтуға тырыстық. Мүмкін, келешекте зерттеушілерден жолы болар.

Елдес Омаров – өзіне тағылған айыпты «өзінің жеке көзқарасы» ретінде дәлелдеуге ұмтылған. Мамандығына орай, әр сөзін есеппен айтып, жаубын дұрыс шығарып, қорытындыны өзі жасап, қисынын шығарып отырған. Әттең, дейтіні – артында ұрпақ қалмағаны және әйелінің тергеуге жанай тартылғаны.

Жүсіпбек Аймауытов – шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы кейіпкер – капитализмнің тілін білетін, жаңа экономикалық саясат тұсында капитал жиған қазақтың байы,– деп көрсетеді. Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова Ғабит Мүсіреповке аманат етіп тапсырыпты. Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады. Өзі: «Менің ұстазым – Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым», – деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар. Күмәннан құдай сақтасын. Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті. Енді табыла қоюы неғайбыл. Ж.Аймауытовтың сол жылы атылып кетуіне «ежелгі ерегесі бар «Ежовтың» кесірі тиді ме. Әйтеуір Бекдуллаев деген шәкіртінің: «Шымкентте көтеріліске шақырып жазған үндеу Аймауытовтың қолтаңбасына қатты ұқсайды»,– деген сөзі себепкер болғаны анық. Қауіпсіздік комитетінің адамдары ол үндеуді Д.А.Қонаевқа, С.Мұқановқа, Ғ.Мүсіреповке көрсетіпті. Жүсіпбектің қолтаңбасымен таныс екі жазушы бұл хатты Ж.Аймауытовтың жазғанына күдікпен қараған.

Мағжан Жұмабаев өзін түрмеде де ақын ретінде ұстаған. Оның көрсетінділерілеріндегі сөздерінен көркем ойдың табы шарпылып тұрады. «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының суретке түсірілген қара қағазы (негативі) сақталған. Біз оны көшіріп алып жария еттік.

Кәрім Жәленовтің жауабы нақтылығымен және дәлелімен назар аударады. Батыс «Алашорданың» ұйытқы тұлғаларының бірі бола тұра жауаптары тек қосымша мәселелерді қамтумен шектелген. Бұл кісінің жамағаты да орыс екен. Мүмкін, тергеуші «балдыздары» жезделеріне жұмсақтық танытты ма, кім білсін. Ол кезде өзге ұлттың қызын алу – «интернационалдық»

Ғазымбек Бірімжанов – Ташкенттегі қазақ зиялыларының шешімімен «Аштыққа ұшырағандарға көмек» қаржы жинау үшін Бұқараға барған. З.Валидовпен Бұқарада және Берлинде кездескен. Алайда осы екі оқиғаны елеусіз ғып баяндағаны сондай, нақты мағлұмат алудың өзі қиынға соғады. Оның есесіне Ғ.Бірімжановтың «түрікмен ұлтшылдарымен байланысы анықталып», айдауда жүрген жерінен Ашғабатқа жөнелтіліпті.

Хайреддин Болғанбаев өзінің тікелей З.Валидовпен жолығу үшін Бұқараға барған сапарына: «Оқулықтармен қамтамасыз етудің жайын қарастыру үшін ісспарға жіберді»,– деген желеу айтады. «Алашорданың» атынан жолдаған құпия хат туралы А.Байтұрсыновпен беттесу кезіндегі қисындары тым шашыраңқы. Алдыңғы пікірін дәлелдемеген, не оны жоққа да шығармаған.

Ахмет-Сафа Юсупов тергеу үкіміне қарағанда: «төтенше комиссияның алашордашылардың ішіне енгізілген тыңшылық қызметін атқармағаны үшін» ату жазасына кесілген. Соған орай жауаптары да қысқа. Тұрмыстық жайдан басқа мәлімет бермеген. «Маған айтқан жоқ», «білмеймін», «сәлемдестім, бірақ әңгімелескемін жоқ» деген сыңайда жауап қайырған. Сонда да әлгі екіұшты мағлұмат бұл адам туралы қандай да бір қоғамдық пікірді қалыптастыруға тәуекел жасатпайды.

Мұхамеджан Тынышбаевтің жауаптары ұзақ әрі шашыраңқы, аңғал баяндалған, ойының етек-жеңі жиналмаған. Сөзі де, жазуы да созылмалы, немкеттілік басым. Оның саясаткерлігіне түрмелестерінің ешқайсысы баға бермейді. Алғашқы көрсетінділерінде өзіне тағылған барлық айыптарды мойындайды. Бірақ та кейінгі жауаптарында одан бас тартып: «Менің ол жолы денсаулығым нашарлап тұр еді. Не айтқанымды, неге қол қойғанымды түсінбедім. Енді бәрі есіме түсіп отыр», – деген уәж білдірген. Ол: Жетісу өңіріндегі төңкеріске дейінгі оқиғаларға шолу жасап, Шкапскиймен бірігіп 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті жазалуға шыққан әскердің зардабын жоюға қатысқанын, атаман Анненковпен үш рет кездескенін, оған қызмет көрсетуден бас тартқанын баяндайды. Ташкенттегі астыртын ұйымға: астыртын ұйым емес, пікірлестер мәжілісі – деп қарайды және Валидовпен кездескенін мойындайды. Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен бетпе-бет кездескеннен кейін алдыңғы көрсетінділерінен бас тартқан. Жандосов пен Рысқұловты туған бауыры есебінде санаған. Оларға шәкірт кезінде қамқорлық көрсеткен. 1914 жылы Тұрардың оқуын жалғастыруы үшін қомақты сома беріпті.

Ең көп сұрақ-жауап алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған.

Жазба жауаптарына қарағанда: Х.Досмұхамедов – іскер, сөзге ұтымды, жазуы анық. Бірінші жауабында өзінің астыртын ұйымға қатысын мойындап, болашақ қазақ республикасының мемлекеттік құрылымына дейін баяндап бергенімен, келесі сұрақтан бастап оның барлығын жоққа шығарған. Мағлұматтық тұрғыдан алғанда деректер мол.

Жаһанша Досмұхамедов – өткір, орынды сөйлеп, мақал –мәтел қосып, тура кесіп айтады. Заңға жетік. Жазуы да анық, баяндауы да ширақ, нақты. Алғашқы тергеуден бастап бірбеткей мазұнда жауап берген. Басы артық көрсетулер жоқ.

Әлімхан Ермеков – қызба, күйіп-пісіп сөйлейді, күйіп-пісіп жазады. Өткір. Тергеушілерден жасқанбаған. Пафоспен сөйлеуге бейім. Өзінің Ленинмен кездесуін, Ежовпен таныстығын сөз арасына сыналап кіріктірген. Кеңес өкіметінің саясатын қолдай жауап қайырып отырған. Оның кейін газетте жарияланған ашық хатының екі нұсқасы тергеу ісінде сақталған.

Иса Қашқынбаев – еркін сөйлеп, еркін формулировка жасайды. Жауаптарының барлығы да алдын-ала жөнделіп, өңделген сияқты әсер қалдырады.

Мұрзин Мұхтар – нағыз ер мінезді, тік сөйлеп, келте қайырады. Жауаптарының барлығы: мен тыңшы емеспін. Өсек жинамаймын Сондықтан да ештеңені есімде ұстамаймын, – дегенге саяды.

Мұхтар Әуезов басында өзін сыпайы ұстаған. Тергеу соңында «жіби бастағаны» сезіледі.

Жақып Ақбаевтың көрсетінділері тергеушілердің сұранысын қанағаттандырмаса керек. Бір-екі сараң да қысқа өмірбаяндық шолумен тәмамдаған. Бұдан әрі қазбалауға денсаулығы да мүмкіндік бермесе керек. Санитарлық бөлімде жатқан.

Әбдірахман Байділдин – Ғалым Ахмедов дегдардың айтуы бойынша ұшқалақ, жаңғалақ, шамшыл адам болған көрінеді. Сол рас сияқты. Әр көрсетіндісі машинкамен есептегенде 30–40 параққа жетіп жығылады. Қағазшыл, әсіре әсершіл, жанталасқан жан сияқты. Қалайда М.Әуезов пен С.Сәдуақасовты жек көріншті етуге тырысып, әшкерелеп баққан. Ол да жанына сая таптырмаған. Тергеушілер оған «Қалам» деп кекесінді ат қойған. Армансыз пайдаланған соң ату жазасына кесілген және үкім орындалған. Ол партия тазалауы жүрген кезде: «Мен бір кезде Колчактың қарсы барлауында істегемін»,– деп мақтанып қалса керек. Сол сөзі өзінің түбіне жеткен. Ұлы кезінде обкомның хатшысы болған. Әкесінің «халық жауы» болғандығын жасырғаны үшін орынынан алыныпты. Немере, шөберелерінің бұл «сапырылысқа» қатысы жоқ екені аян.

Өкінішке орай, арасына үзіліс салып үш рет дәрмен алып, ұзын-ырғасы екі жылға тарта архив мұрағаттарын қаншалықты мұқият қарап, тиянақты таныстық дегенмен де, «Алашорданың» астыртын ұймынына қатысты тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған жетпіс бір адамның жауабын және оларға қатысты анкеталық деректерді толықтай көшіріп ала алмадық. Бізге ес қатқан және соның арқасында таспаға түсіріп алған алақандай үнтартқыштан басқа қазіргідей жансебілдік жасайтын техникалық мүмкіндік те жоқ еді ол кезде және оған рұқсат та бермейтін. Қысымды тәртіп пен шағымды шектеудің қыспағында тергеудің негізгі желісі мен шырмалған шындықтың қылын суырып, ең басты түйіншекті ретке келтіріп алудың өзі де көп уақытты алды. Сондықтан да көрсетінділердің дені басты мәселеге – оларға тағылған басты айыптың әлібін ашатын оқиғалар мен алаштың басты тұлғаларының тағдырына орайластырыла жинақталды. Шағымды көрсетінділері дәті мен дәлеліне сай пайдалынылды. Ұлт мүддесі үшін күйінді болған сүйінді арыстардың алдында тағзым ете отырып, арнайы тоқталмағын сол азаматтардың есімін жаңғырта кетуді орынды санадық.

«Алашорда» тарихындағы тамырлы тұлғаның бірі Сейдазым Қадырбаев. Торғай өлкесінің Қызбел ауылындағы Қоңыраулы өзенінің жағасында туған. Торғайдағы орыс-қазақ мектебін бітірген. Төңкеріске дейін де, одан кейін де заң саласында істеген. «Алашорданың» Торғайдағы жасағының әскери кеңесінің мүшесі болғандықтан да, негізінен сол тұстағы Аманкелдінің қазасына байланысты оқиғаларға қатысты айғақтарда және Міржақып Дулатовқа бағытталған тергеу сұрақтарында аты жиі аталады, тіпті тікелей жетекшілік етіпті-міс деген де қауесет бар.Ұзақ мерзім заң мекемелерінде іс қағаздарымен айналысқан тәжірибесіне сүйенсе керек, оның көрсетінділері барынша ұстамды, тергеушілерге шиі шығатындай ұшық ұстатпаған. Бұған Гүлнар Міржақыпқызының:



«Аға – адвокат еді, қайда оқығанын білмеймін (арнайы білім алмаған – Т.Ж.). Орта бойлыдан жоғарырақ, маңдайы кере қарыс, жалтыр қасқа бас, көбіне тақия киіп жүретін, мінезі тұйықтау, көп сөйлемейтін»,– деп берген мінезі де ықпал жасаса керек.

«Воронежге жер аударылған кесімді уақыты аяқталған соң елге қайтқан. 1937 жылы 52 жасында атылған. Заң туралы аударма еңбектері арқылы осы саладағы атаулардың қалыптасуына еңбек сіңірген.

«Алашорда» әскерінің майдан қимылдарына тікелей араласқан, «Алаш қозғалысы» атты эицнклопедиялық анықтамада аты аталмай қалған тағдырлы тұлғалардыңың бірі – Алмас Омаров пен Мәжит Күдерин. Бұл екі сардар туралы көрсетінділер мен анкеталық деректерді біз де назардан тыс қалдырыппыз. Екеуінің де артында қалған ұрпақтатары кеңес тұсының өзінде әкелерінің есімдерін тірілтуге батыл ұмтылған. Алмас Омаров «Алашорданың» әскери кеңесінің мүшесі әрі ертауылының сардары болыпты. «Алашорда» мен Аманкелді жасақтарының қосылуы туралы кеңеске, Таранның отрядын қарусыздандыруға, Торғайдағы бұлғаққа қатысқан. Бұл «қанды оқиғаның» соңы кек қуысуға ұласқан. Алаш заматы Сейтбек Нұрханұлы: «Әбдіғфардың інісі Төкіш Әбдісадықовтан Аманкелді мен Әбдіғафардыцң арасындағы шындықты айтып беруді өтіндім. Сонда: «Әбіғафарды өлтірген Әліби Жангелдинге ерген қызылдар. Атқан кезде Әбдіғафар шала жансар қалған. Содан кейін Аманкелдінің туыстары кеп бауыздап өлтірген. Бұл дерек Марат Мырзағалиұлының «Торғай қазақтарының көтерілісі» атты жинағында жазылған.»,– деген мағлұмат берді Сейтбек дегдар. Сондай–ақ сол соғысқа қатысқан адамның бірінің: «Өлсең де тірі қойма Алмасовты»,– деген ант мезгіліндегі аманаты бойынша Ахмет Байтұрсыновтың туған ауылы Сарытүбекте кеңес өкіметінен бой тасалап жүрген Омар Алмасовты Сейдахмет Байсейітұлы деген «халық кекшілі» аңдып барып атып өлтірген екен. Марқұмға қабір – Ақтас пен Байтұрсынның қорымынан бұйырыпты. Омардың қызы, атақты әнші Жамал Омарова 1960 жылы ағайындарын жасырын ертіп барып әкесінің басына шикі кірпіштен зират тұрғызыпты. 2009 жылы біз де барып тағзым еттік. Зират жермен жексен жентектеліп, ақ сортаңданып, жайылма топырақ болып қалыпты.

Ал Мәжит Күдериннің өмірі мен ғылыми еңбектері арнайы зерттеуді қажет етеді. Ең көп санды және ашық майданда жан алып, жан беріскен «Алашорданың» Жетісудағы қарулы әскерінің сардар жауынгері, атақты қанқұйлы «қызыл партизандардың» қызыл қырғынына тосқауыл қойған майдангер Мәжит Күдеринді үржарлық-мақаншылық жерлестері де ұмытқан. Ол Мұхамеджан Тынышбаевтің ісіне байланысты 1930 жылы 17 қыркүйекте Ташкентте ұсталып, жауапқа тартылған. М.Күдериннің түрмедегі көрсетінділері тіпті елеусіз, ал ол туралы М.Тынышбаевтің берген:



«1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік»;

«Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті. 20-21 жылдары студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес. Одан басқасы нақты есімде жоқ. Алматыдағы кездескен адамдармен арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін»;

«… Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты” (М.Тынышбаев),– деген бір-екі сөйлемнен тұратын жауабының жанама сыпаттық қана маңызы бар.

Жұмақан Күдерин Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында математикадан сабақ берген. Жаратылыстану туралы оқу құралдары мен аудармалардың авторы. Оның бір мысқалын марқұмның қызы өз қаржысы есебінен тоқсаныншы жылдардың басында бастырып шығарды. Қайта мемлекеттік тұрғыдан басылым көрген емес. Жазушылар одағына дерек те іздеп келіп еді. Жолай қақпайлаушылар табылып, бізбен әңгімелестірмеді. Л.Ж.Күдеринаның сұрау хатына Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің өзі Ж.Күдерин туралы мәліметтің сақталмағаны туралы хабарлаған. Ораз Жандосовтың тергеуге берген жауабында:



«Мен 1935 жылы ұйымның мүшесі, Қожановпен тікелей байланысты бұрынғы алашордашы Жұмақан Күдеринмен қарым-қатынасымды қайта жалғастырып, оны жұмысқа алдым. Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы. Анненковтың бандысы талқандалғаннан кейін: «Қытайға өтіп кетсем бе, жоқ, кеңес өкіметінен кешірім өтінейін бе?», деп екіойлы болған Күдерин ауылда ұзақ жасырынып жүрді. Ақыры соңғы шешімге келіп, араға кісі салып, менімен байланысты. Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым. 1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті, кейіннен контрреволюциялық әрекеті үшін сотталды, жазасын өтеген соң, 1935 жылы маған келді»,– деген мағлұмат бар.

Әрине, отыз жетінің опатынан аман қалмады. «Жапон шпионы» ретінде Оразбен бірге атылып кетті. Ал белгілі ағартушы тұлға, өзімізге тағдыры жақсы таныс, 1930 жылы 30 қыркүйек күні тұтқындалған Біләл Сүлеевтің біз көшіріп алған екі-үш беттік жауабы сол тұста «бір күнге» сұрап алған марқұм бір ағамыздың сөресінде қалды. Тергеушілер тағатын айып та таба алмаған. М.Тынышбаевтің өзі қолдан толтырмаған көрсетіндісіндегі:



«Мен Алматыдан – Сүлеевті, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ»,– деген сілтемесі ғана.

Сол күйінше дәлелденбей қалған бұл бопса «Айыптау қорытындысында»:



Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар), деген үкімге ұласып, ақыры ату жазасына бұйырылған.

Ал 1930 жылы 17 қыркүйек күні Алматы қаласында ұсталған оқытушы Мұстафа Бұралқиев тек қана Міржақып Дулатовтың қарындасы Ботакөз Асқарқызы Дулатоваға үйленгені үшін ғана қолға алынған сияқты. Тергеу ісіндегі:

«Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан – қазақтар үшiн ғана!»– деген ұранды заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ)»,– деген айыптау қорытындысындағы сілтемеден басқа орынды уәж кездеспейді.

Түрмеде Мұхтар Әуезовпен бірге жатқан. Ботакөз Асқарқызы Дулатова ол туралы:



«Бір күні Мұстафаға тамақ алып барғанымда түрменің есігінен Мұхтар Әуезовті көріп қалдым. Анадайдан жымиып басын изеп амандасты, өңі боп-боз болып жүдеген. Маған: «Тұра тұр, Бота, мен қазір Мұстафаны ертіп келейін», деп аяғын асыға басып ішке кіріп кетті. Бірақ Мұстафа жалғыз өзі келіп сөйлесті. Бұл 1930 жыл болатын. Келесі жылы түтқындарды жабық сотпен соттады. Бәріне 58- статьямен бес жыл жер аудару үкімі шықты. Отырған екі жылын есептеп, үш жыл мерзіммен Ресейге жер аударды. Бір жақсысы семьяларымен бірге тұруға рұқсат берілді. Тұрмыс жағдайы көтергендердің семьялары біртіндеп күйеулерінің соңынан барып қосылып жатты... Рас, өзгелерден көрі Мұстафа екеуміздің тамағымыз тоқ болды. Ахмет Байтұрсынов ағамызға, Әшірге, Жұмаханға, Қошкеге сәлем-сауқытқа сухари, май, қант салып көмектесіп тұрдық. … Сол азаматтарымыз азаптан құтылып, естерін енді ғана жия бастағанда, 1937 жылы қайтадан ұсталды», деп сіңілісі Гүлнар Міржақып қызына естелік айтып кетіпті.

Аудармамен айналысқан Мұстафа Бұралқиевтің өмірі туралы толық мағлұмат жоқ. Кезінде екі тілде бірдей жазатын қаламгер немере інісінен оның өмірбаянын бір ыңғайға келтіріп беруді өтініп едік, ол өтініш те өмір толқынының иірімінде бүктеліп кетті. Өкінішті. Өзге адамдар туралы мағлұматтар әфсана барысында ретіне қарай ықшамдала пайдаланылды.

Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына толық сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма-отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Тергеу ісіндегі сұрақтар мен көрсетінділердің бестен бірі осы үш қайраткер туралы. Алашордашылар бұл үш азаматты да бағалаған. Іш тартқан. А.Байтұрсынов оларды татуластырған. Бірақ кейіннен араларына Сталиннің өзі сына қақты. Голощекин өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп, тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов оңтүстік пен солтүстікті қосып Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған.

Орыс «коммунист-колонизаторлары» С.Қожановтың ұсынысын қолдап: солтүстік облыстарға референдум жүргізу арқылы жер межесін өткізіп, санақ жүргізіп, жергілікті ұлтты оңтүстікке ысырып, Сарыарқаны Ресейдің құрамында алып қалуды мақсат етті. Сол мақсатпен Ежов Мәскеуден арнайы келіп, комиссия құрды. Бұл шараға комиссия мүшесі С.Сәдуақасов пен Ә.Ермеков тойтарыс беріп, қазіргі Қазақстан территориясын сақтап қалды. С.Сәдуақасов Т.Рысқұловқа:



«Сталинге арқа сүйеп, ұлттық мүдделерді ұмытты, әйтеуір Қазақстаннан басқа республика құру үшін жанын сап жүр, «Алашордашылардың» соңына тыңшы қойып, зиялы қауымды жікке бөліп жүр, коллективизацияны тездетуді жүзеге асырмақ, жергілікті өнеркәсіп орындарын ашуға құлықсыз, бәрін өзі отырған Мәскеуден шешкісі келеді»,– деген кіна таққан.

Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, күрес жолы, амалдау тәсілі өзге. Бұл үшеуіне қарағанда Меңдешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың көзқарастары мүлдем басқа. «Алашорда» қайраткерлерін әшкерелейтін «Тар жол, тайғақ кешудің» тура сол тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде жазылып, жариялануы кездейсоқ үндестік деуге жатпайды. Ол да өзінің үгіт-насихаттық міндетін атқарды. Саяси сақнаға О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты қолжаулықтар шықты.

Біз қарастырған жиыны 14 томның кейбір беттері жыртылған екен. Онда қандай деректердің «қолды болғаны» белгісіз. Тергеу мекемесіне тыңшылық еткен «салпаңқұлақтардың» аттары көрсетілген мағлұмат болуы да ықтимал. Сондай әрекетке ұмтылып, жанталасып жүрген бір «қадірлі» зиялыны қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан көзіміз шалып қалғаны бар. Сонымен қатар, үшінші топ боп саналатындардың айғақтары жинақталған №06610 істің бірінші томы біздің қолымызға берілмеді. Соған қарағанда ол томға құпия орынның әр түрлі тәсілмен жиған мәліметтері, тыңшылар мен мағлұмат беруші куәлердің, жеке адамдардың «жымсымалары» тігілсе керек.

Тергеу хаттамалары 420-беттен басталады. Онда тергеудің айғағы үшін жиналған «доностар» сақталып, кейін жойып жіберілуі әбден мүмкін. Бұл топтағылардың жауаптары кейде үйлесіп, кейде үйлеспей, қарама-қайшы келіп жатады. Ол түсінікті де. Бірінің сырын бірі ашқысы келмеген, немесе не айтуы керектігін болжай алмаған. Мысалы, А.Байтұрсыновтың тобындағылардың бірде-біреуі З.Валидовпен байланыс жасағанын мойындамаған, ал екінші М.Тынышбаевтің тобындағылар бірде мойындап, бірде бас тартқан. Тек: «Өзара аразбыз»,– дегенді ғана желеу еткен. Бұл оларды өзара арандатудан сақтаған. Әрине, ол да «астыртын ұйымның жұмыс әдісінің» бірі. Жоғарыдағы жайлардың анық-қанығын нақты анықтау үшін тергеу деректерін тарихи құжаттармен тиянақты түрде салыстырып барып пайым жасау қажеттігі туындайтыны өз-өзінен түсінікті. Бұл еңбектің ұзақ жыл жазылмай жатқаны да сондықтан.

Тергеу ісі төрт жылдан аса созылды. Мұны создырып отырған Голощекин екені анық. Сол төрт жылдың ішінде «Алашордашыларды» әшкерелейтін үш жинақ шығартты. Сонда да Мәскеуге жолданған сот үкімі:«тергеу барысындағы айғақтары жеткіліксіз» деген бұрыштамамен бір рет кері қайтарылған. Ерекше оқыс көрінетін және түсініксіз жайт: осы 71 айыпталушының ішінен Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің, А,Юсуповтің, Х.Ғаббасовтың, Ж.Аймауытовтың жоғары жазаға кесіліп, сол жазаның орындалып кетуі, яғни, атылуы. Қай жағынан алса да олардың салмағы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтан басым түспейтіні, «айыптарының» өзі де олардан көрі жеңіл екені түсінікті. Үкімнің қаулысында: Д.Әділев – басмашылармен, Ә.Байділдин – Колчактың қарсы барлауымен байланысып, кеңес үкіметіне қарулы қарсылық жасамақ болғаны үшін, ал А.Юсупов – төтенше комитеттің «Алашорданың» ішіне кіргізілген тыңшысы бола тұра дер кезінде хабар бермегені үшін ату жазасына кесіліп, үкім шұғыл орындалған. Солардың қатарына Ғаббасов пен Аймауытовтың қосылып кетуі тағдырдың тәлкегі болса керек. «Аймауытов атылған жоқ. Түрмеде ауырып қайтыс болыпты-мыс»,– деген қауесет те бар. Бірақ тергеу құжаттары оны растамайды.

Тергеу аяқталардың алдында ғана 20 адам, соның ішінде, «қылмысы дәлелденбегені үшін», «айғақтардың жеткіліксіздігінен» «құмға сіңіп кетіп, қоныс аударушылармен соғыс ашпақ болған» С.Өтегенов және тергеуде берген қорытындылары өте тиянақты, барлық қылмысын мойындаған И.Қашқынбаев та бостандыққа шығарылған. Бұған пәлен деп жіп тақпасақ та, қаперге ала кетуге тура келеді.

Сонымен «Қазақ ұлтшылдарының кеңес өкіметін құлату үшін құрылған контрреволюциялық астыртын ұйымы» туралы «Алашорда ісінің» тергеуі толық аяқталып, соғыс жағдайында қолданылатын әскери-дала сотының үлгісіндегі «үштіктің» қарамағына жіберілді. Ал тергеу хаттамалары «өте құпия» деген бұрыштамамен қауіпсіздік мекемесінің мұрағатына жолданды. Сөйтіп, бес жылдан астам тергеу қысымын көрген жиыны 71 алаш азаматы қазақ үшін үш миллионға жуық адамынан айырылған ең қасіретті 1932 жылғы ашаршылық пен азаптың табалдырығын аттады.

Олардың бұдан кейінгі тағдыры мәскеулік жазалау мекемелерінің ырқына көшті. Үштік қанша құзырлы «саяси басқарма» болcа да, коллегияның қаулысы Орталық партия комитетінің бөлімдеріне жіберіліп, арнайы партиялық кеңесте қаралып, мақұлданатын. Сөйтіп, үкім шығаруға партия, үкімет (прокуратура), сот қызметкерлері, яғни, «үштік» шартты түрде ғана қатысатын. Сондықтан да, Қазақстанда бұл істі «айналымға түсіріп», бұранданы бұрап не босатып отырған Голощекиннің өзі болатын.

Тергеу ісі Мәскеудің қарамағына көшкенде олардың екпіні басылып қалды. Оны М.Дулатовтың түрмедегі «Қолхатынан» анық аңғаруға болады. Мұның басты себебі – Қазақстанда жаппай ашаршылық жүріп жатқан тұста Голощекиннің қаққан қазығының түбі босап келе жатыр еді. Сол тұстағы қалыптасқан саяси жағдайға, партия мен мемлекет құрылымындағы жіктелу жүлгесіне, жазалау шараларының науқандық сыпатына, кеңес және алаш қайраткерлерінің өзара қарым-қатынасына, жалпы сол тұстағы тарихи-психологиялық барлығудан (стресске) мағлұмат беретін құпия құжаттардың мазмұнына назар салсақ, тура сол 1931-1932 жылдары жалпы кеңес өкіметінің идеологиялық қысым айылы сәл босаң тартыпты. Үштіктің ату жазасын жаппай қолдануы азайып, жоғары жазаны шоғырландырылған лагерьлерге ауыстыруға бет алғаны байқалады.

Алайда жазалау машинасы іске қосылып кеткендіктенде, оның бетін толық қайтару мүмкін емес еді. Дегенмен де, Сталиннің осындай босаңсыған «қас-қабағына» қарамастан тергеу астындағы «екінші қатардағы» тұлғалар Х.Ғаббасовқа, Ж.Аймауытовқа, А.-С.Юсуповқа, Ә.Байділдинге, Д.Әділеевке қарата шығарылған ату жазасын орындатып тынуға кім мүдделі еді және кімнің құзырлы мүмкіндігі болды? Мәскеуде «Алашорда» қозғалысы мен оның қайраткерлерін білетін, осы тергеу ісіне жақсы жағынан болсын, мейлі жазалау тұрғысында болсын, «кеңес бере алатындай» адам кім еді?

Ең бірінші «Кене» – Ежов еске түседі. Ол Семейде губкомда жүргенде – М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Орынборда қызмет еткенде – А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасов, Қызылордада – С.Қожанов, С.Мыңбаев сияқты қазақ қызметкерлері оны «коммунист-колонизатор» ретінде әшкерелеп, иықтарымен ығыстырған еді. Әсіресе, Семей губкомын таратқан С.Сәдуақасовқа ерекше тісін басқан. Мәскеудегі орталық комитеттің қарамағына барып, құқық мекемелері дәргейіне көшкен соң «алашордашылардың» тергеу ісін желеу етіп «майданға еркін араласқан». Оған – «Алаш ісіне» қатыстылар үштіктің үкімімен сотталып жатқан кезде Днепропетровскіден Кремльге «қызмет бабымен» шақырылып», таңертең аман-есен кіріп, кешке табытқа салынып шыққан, «кәсіптік улану» деп диагноз қойылған С.Сәдуақасовтың күдікті өлімі дәлел. Жұртты күдіктендірмес үшін М.И.Калинин сияқты «Кремльдің қаңбақ шалын» жерлеу рәсіміне қатыстырған. Бұл туралы С.Мұқановтың естелігінде нақты шындық айтылған. Әсіресе, Н.И.Ежовпен ежелден ерегесі бар Х.Ғаббасов пен Ж.Аймауытовтың өзгелерден ерекшелініп атылып кетуінің өзі сондай күмән тудырады. 1924 –1925 жылдардағы жер межелеу кезіндегі комиссия төрағасы ретінде қатысып, солтүстік облыстарды екінші рет Ресейдің құрамына кіргізуге ұмтылысының алдын кескен С.Сәдуақасов пен С.Қожанов бастаған қайраткерлер Ежов үшін «басмашы» ғана болатын. Ал идеологиялық майданда онымен ымыраға барған, ортақ шешім қабылдауға ықпал бөліскен, «таныстығы бар, бұған кепілдік бере алатын» Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовке «кешірім жолының» ұсынылуынан да сондай бір «адамдық фактордың» емеуіріні танылады.

Тергеудің үкіміне ықпал жасай алатын екінші адам Тұрар Рысқұлов еді. «Саяси бағдарын Сталиннің ырқына ықтап анықтайтын» (өз сөзі) саясаткердің Сталинге құпия түрде жазған жасырын мәлімдемелеріндегі: а) Алашордашылардың соңына тыңшы қоюды, ә) олардың З.Валидовпен астасқан жасырын ұйымдарын (өзін ақтай отырып) әшкерелеуді, б) С.Қожанов пен С.Сәдуақасовты саяси сақнадан шеттетуді, в) байларды тәркілеу мен колхоздастыруды тездетуді, г) Қазақстандағы партия мүшелерін тазалауды «жергілікті ерекшелікті ескере отырып қатаң жүргізуді», д) өзінің З.Валидовпен таныс екенін, Сұлтанғалиевпен хат алысқанын, Қазақстандағы қазақ қызметкерлерінің ұлтшылдық әрекеттерін дер кезінде «орталық комитетке, Сталин жолдастың жеке өзіне хабарламағанына» қатты өкінетінін, оған кездейсоқ оқиға ретінде қарауды өтінген «қолданба қызмет хаттары» әр қилы ойға жетелейді. Т.Рысқұловты: жиырмасыншы жылдары саяси-жазалау науқанынан кездейсоқ тыс қалды, таза ұлтшылдық бағыт ұстанды, ашаршылық тұсында қазақ халқының мүддесін қорғап хат жазды (нағында ол хат ашаршылық өтіп кеткеннен кейін, Голощекин орнынан түскеннен соң, оның қызметтен алынуын негіздеуге тиісті партиялық тапсырмамен, ашаршылықты «абыроймен жүргізген» Ораз Исаевтің мәлімдемесі негізінде жазылған еді) – деген сияқты үгіт-насихаттық басылымдардың ықпалы нақты тарихи шындықтың бетін бүркеп кеткен жайлары да бар екенін ескеруіміз керек. Өйткені мұнда бірдің, мыңның емес, миллиондардың, соның ішінде ұлттың тағдыр тауқыметі жатыр.

Сонымен үштіктің үкімі шықты.

Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет