ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған.
Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес
«Герб» - деген термин немістің «Erbe» - мұра, поляктың «herb» - белгі деген сөзінен шыққан. Дәл осы ұғымды, өз тіліміздегі «таңба» сөзі анық жеткізеді. Яғни мұралық ерекшелік белгі – ел иелерінің тарихи дәстүрлеріне бейнелі түрде мән – мағына беретін заттар мен бейнелердің таңбасы.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыз әңгімелердегі пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының реңдік бейнесі – алтын және көгілдір түсті.
ШАҢЫРАҚ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының ең басты жүгін көтеріп, оған негізгі арқау болып тұрған – шаңырақ.
Шаңырақ – әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын білдіреді.
Шаңырақ бейнесі – бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны.
ТҰЛПАР
Қазақта «Ер қанаты-ат» деген мақал бар. Тұлпар – дала пырағы, оның ғажайып, көзге ілінбес шапшаңдығы ержігітті жеңіске, тәуелсіздікке, бостандыққа жетелейді. Тұлпар – күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. Ол – биік арманның, шығармашылық шабыттың, қажырлылық пен қайраттылықтың нышаны.
ЖҰЛДЫЗ
Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. Әр адамның өміріне бағдар беретін өз жұлдызы болады. Осындай жұлдыз мемлекетке де қажет. Біз де өз мемлекетіміздің жұлдызы жарық әрі биік болып әр бір қазақстандық азамат, сол жұлдыздың салған жолына сеніп, қиын уақытта оны бағдарға алып, әрқашан жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне сенім артуымыз керек!
Авторлары: Шота Уалиханов, Жандарбек Мәлібеков
Достарыңызбен бөлісу: |