Гимн, гректің «hunos» - салтанатты ән, ұран деген сөзінен шыққан. Мемлекеттік гимн халық жүрегінің лүпілін танытып, адамдарды патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық бойтұмар іспеттес. Оның әуенінен отанға деген сүйіспеншілік, атамекенге шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен рухани жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Мемлекеттік Гимн – егеменді еліміздің Туы мен Елтаңбасының сазды баламасы.
Сөзін жазғандар: Нұрсұлтан Назарбаев, Жұмекен Нәжімеденов
Әуені: ШәмшіҚалдаяқов
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы: Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы: Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!