Туған жердің батырларына мың тағзым!
Ырғыз ауданы, Ө.Қанахин атындағы ЖББОМ
Сәрсеналы Алтынай Ғаниқызы
11-сынып оқушысы
Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Адамзат баласының тарихында үлкенді – кішілі он мыңға жуық соғыстар өткен екен. Солардың ішінде әлемнің 61 мемлекеті қатысқан, сан миллиондаған адамның өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыс және оның ажырамас бөлігі болған Ұлы Отан соғысы адамзат санасында үлкен із қалдырды. Мамырдың 9-ы күні неміс–фашист басқыншыларының екінші дүниежүзілік соғыста қайта бас көтерместей болып жеңілгеніне биыл 75 жыл толмақ. Есімізде мәңгі сақталатын Ұлы Отан соғысына 1 млн 200 мыңға жуық қазақстандық майдангерлер қатысты. Біз үшін майданда ақтық демі қалғанша соғысып, қанын төккен әрбір қазақстандықтың орны бөлек. Отан соғысына қатысып, ерен еңбегімен есте қалған, өз туған жерімнің батырлары да аз емес.
Дерек көздеріне сүйенсем, Ырғыз жерінен 3500-ден астам боздақтар аттанған екен. Өз елін, жерін қорғау үшін кейбірі жасы келмесе де өздері сұранып майданға аттанған. Жайсаңбай жерінен 30-дан аса адам соғысқа қатысқан. Оның 8-і елге оралмаған. Ұлт пен ұлыстың, үлкен мен кішінің патриоттық сезімі буырқана оянып, ата-ана мен аға-іні үшін, қара орман мен қалың ел үшін мың қиындық пен мың бір сынға түскен боздақтардың қанымен келген Ұлы Жеңіс бұл. Сондықтан да, бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды.
Уақыт тегіршегі айналған сайын, артық – кемі, қылмысы мен жазасы ашыла түскен бұл соғыстың бүкіл адамзат тарихындағы рөлі еш уақытта жоққа шығарылмады. Бұл Жеңіске Қазақстан айырықша үлес қосты. Қазақ елі басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Отан соғысындағы Бауыржан Момышұлының орны ерекше. Найзағайдай жарқылдаған отты ойы бар қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жарған әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш Бауыржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді.
Туған жерім, киелі Жайсаңбай ауылынан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан Айекешов Мақсот, Әлімбаев Төрежан, Баймурзин Қоңырбай, Бөлекеев Ақмырза, Бақбергенов Шөкіш, Мизанбаев Махмұт, Қанахин Өтебай, Шалтақбаев Жұмахмет, Көмекбаев Қылышбай, Күзенбаев Төрежан, Қарабаев Әлимұхан, Қобанов Тұрабай, Сатыбалдыұлы Мұқаш, Молдиманов Әбдиман т.б аталарымыз. Әрбір майдангер аталарымыздың есімі біздің есімізде мәңгі сақталады. Оның бірден-бір дәлелі, ауылымызда соғыс ардагерлеріне арнап ескерткіш қойылған. Жыл сайын Жеңіс күні ардагерлерімізге деген құрметімізді көрсету мақсатында шеруге шығып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып тағзым етеміз.
Туған жерімнен соғысқа қатысқандардың бірі – қазіргі алтын ұя мектебіміздің есімі берілген жазушы Өтебай Қанахин. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен өз еркімен сұранып,1942-1945 жылдары майданда соғысқан. Кеңес армиясы қатарында, Қытай жерінде әскери қызмет атқарған. Батыр атамыз «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған.1990 жылы Алматы қаласында өмірден озған.
Сонымен қатар, қажырлы еңбек еткен, Отан соғысына қатысқан, майданда бірнеше қызмет атқарған туған жерімнің батыры – Шалтақбаев Жұмахмет Тоқжанұлы. 1944-1945ж Прибалтика және Ленинград майдандарына қарсы бақылау қызметін атқарып,Ұлы Отан соғысын капитан әскери атағымен аяқтаған. Жауынгерлік ерлігі еңбегі қызметі үшін Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте Қызыл Жұлдыз ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Ауылымызда Шалтақбаев Жұмахмет атамызға арналып ескерткіш орнатылған.
Біз бақыттымыз.... Себебі, батыр аталарымыздың, апаларымыздың арқасында азат, тәуелсіз, бірлігі ұласқан елде тұрамыз. «Ер есімі – ел есінде», - демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Азаттық, еркіндік үшін қанын төккен туған жерімнің, қазақ елінің батырларына мың алғыс!!! Сіздердің арқаларыңызда біз саналы, қажырлы, қайсар, намысты жас өрен болып қалыптаспақпыз. Еліміз аман, көк туымыз желбіреп, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Ұлы Жеңіс құтты болсын, ардақты ағайын!
Достарыңызбен бөлісу: |