Туған жердің батырларына мың тағзым!
Ақтөбе қаласы, М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп- гимназиясы
7 “Ә” класс оқушысы
Ордухан Алина Эюпқызы
Пән мұғалімі: Мукашева Г.Н.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, соғысқа аттанды. Қазақ халқы өте ержүрек, намысты қолдан бермейтін халық деп айтсам, қателеспеспін деп ойлаймын. Ол сұрапыл соғыстың суық желі ешқашан ұмытылмасы анық. Қаншама жастың өмірін қыршыннан жалмаған бұл соғыс ешкімді де бейжай қалдырмады. Қай кезде де, туған жерін, елін жаудан қорғаған ардақты азаматтарымыз, батырларымыз аз емес. Олардың есімдері Қазақ елінің тарихына алтын әріппен жазылып, өскелең ұрпақ үшін мақтан тұтып, үлгі алатындай. Солардың бірі «Шығыстың қос шынарының» бірі, өзімнің жерлесім Әлия Молдағұлова жайлы ой қозғағым келеді. Бұл соғыста батыр әпкеміз Әлия да ерлермен қатар ерлік көрсетіп, Отанын қасық қандары қалғанша қорғауға тырысты. Батыр апамыз 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып, Алматыда ағасының қолында болып, кейін 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Соғыс басталған соң, 1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылы өзі сұранып, ел қорғауға аттанды. Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия мен Мәншүктің жауынгерлік жолы да қысқа. Өмірлері аққан жұлдыздай жарқ етті де жоқ болды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырларында ел сүйсінерлік, ерлік жасады. Елінің, халқының тарихында аттары алтын әріппен жазылып,мәңгілік есте қалды.
Ұлы жеңістің 75 жылдығына шығарма жазып отырғанымда, өзімнің отбасымның ең қадірлісі,елімнің мақтанышы болған Оразбай атам туралы жазсам артық болмас деп ойлаймын. Менің атам Баймурзин Оразбай сол сұрапыл соғысқа қатысқандардың бірі еді.
Менің алдымда екінші дәрежелі медаль, Ұлы Отан соғысы ордені, сарғайған суреттер, майдан газеттерінің кесінділері, әскери билет, ескі қазандық, алюминий қасық және кішкентай қара қорапша – төс белгі жатыр, онда бір кездері біздің отбасымызға өте қымбат адам атымен тығыз бұралған парақ жатыр. Бұл - атамның соғыс кезіндегі мойнына тағып жүрген медальоны. Мен атамды көрген жоқпын. Бірақ оның жарқын бейнесі бейнеленген суретін үйден көрдім. Менің атам адал өмір сүрді. Отанға шексіз қызмет етті, балаларды өсірді, елді аштық пен күйзелістен көтеруге өз үлесін қосты.
1941 жылдың 22 маусымында Новосібір облысының кішкентай қалашығына соғыс туралы суық хабар келді. Бұл хабармен бірге атама әскери комиссариаттан шақыру қағазы бірге келді. Атам Новосібір қаласында құрылған жетінші дивизияның құрамымен әскерлерді дайындайтын полкте дайындықтан өтті. Дайындықтан кейін, ЗИС-5 машинасының шофері қызметінде Ұлы Отан соғысына аттанды. Мәскеуді қорғауға қатысты. Өзінің алғашқы медалін Мәскеуді қорғағаны үшін алды. Сонымен қатар атам "Ерлігі үшін" медалімен де марапатталған.
Ұзақ төрт жыл бойы менің атам жауынгерлерге оқ-дәрі мен азық-түлік тасып, жараланған солдаттарды госпиталға тасып, талай отандастарымызды ажалдан құтқарғаны жөніндегі естеліктерін анамнан естіп, осындай адамның ұрпағы болғаным үшін бойымды қуаныш кернейді.Үйде сақтаулы тұрған атамның медалдары мен ордендерін қолыма ұстап көріп атам батыр болған екен деп мақтанышқа бөленемін. Атам бүгінде тірі болғанда 102 жасқа келер еді... Бірақ өкінішке орай, атам өмірмен ерте қоштасқан. Атамның жарқын бейнесін, ерлігін біздер, ұрпақтары ешқашан ұмытпаймыз, мақтан етеміз.
Біз қазір "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда" өмір сүріп жатырмыз. Осының бәрі - қасық қаны қалғанша соғысқан азаматтарымыздың арқасы. Біздің әрқашан оларға алғысымыз шексіз!
Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!
Достарыңызбен бөлісу: |