Туреева Г. Т. Ақтау экономикалық лицейі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі



Дата27.12.2016
өлшемі84,48 Kb.
#5430
Туреева Г.Т. Ақтау экономикалық лицейі,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында Маңғыстау әдебиеті материалдарын пайдалану
Оқушыларды Маңғыстау түбегі бай әдебиетінің әр түрлі жанрдағы асыл сөз үлгілерімен, сөз өнерінің даму тарихымен, жеке өкілдерінің өмірі және шығармашылығымен таныстыру бағытында факультативтік курстың рөлі ерекше. Өлке әдебиетін танытуда «Маңғыстау әдебиеті» факултативтік курс бағдарламаларының, хрестоматияларының маңызы зор. Облыс мектептерінде Маңғыстау әдебиеті, негізінен, оқу қазақ тілінде жүргізілетін мектептерде оқытылады. Алайда, бүгінгі күн талабына сай өлке тарихы мен мәдениетін, географиясы мен табиғатын таныту білім беру мәселелерінің бір қыры болып отыр. Оқушы бойында азаматтық, адамгершілік, салауаттылық қасиеттермен бірге елжандылықты сіңіруде өлке тарихын жан-жақты таныту мақсатында Маңғыстау әдебиетін оқытудың рөлі зор екені түсінікті. Сондықтан математикалық-жаратылыстану бағытында оқытылатын мектеп бола тұра, Ақтау экономикалық лицей мектебінде 8-9-сыныптарда «Маңғыстау әдебиеті» факультативтік курсын жүргізу биылғы оқу жылынан бастап қолға алынды. Дегенмен оқу орыс тілінде жүргізілетін сыныптарда аталмыш әдебиет материалын оқытудың өзіндік өзгешелігі бар: автор тілінің жергілікті сөйлеу тіліне жақындығы, қазір қолданыста жиі кездесе бермейтін сөздердің мағынасын аударма жасай түсіндіру оңай емес. Соған қарамастан мазмұн қызықтылығы мен кейіпкер тұлғасы, оқиға барысы оқушыны тартатындай әсерлі тұстарын екшеп алып оқытуға болады.

«Маңғыстау әдебиеті» хрестоматиясына жергілікті өлкетанушы-жазушы Отыншы Көшбаевтің «Күлше дәмі» әңгімесі енгізілген. Бұл әңгіме орыс сыныптарына арналған факультативтік бағдарлама бойынша 9-сыныпта өткізіледі. Әңгіме мәтіні толық берілгенмен, мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктеріне, білім-білік деңгейлеріне, тілді меңгеру дәрежесіне қарай белгілі үзіндіні алып оқытуына болады.

«Күлше дәмі» әңгімесінің авторы, жазушы О.Көшбаев туралы деректер оқулықта аз берілгендіктен, оқушыларға қосымша мәліметтер жинастыру тапсырмасы берілгені дұрыс. Өйткені жазушының балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі ел тұрмысының ауыр кезеңдерінде өткендігі, әкесі соғыстан оралмағандықтан көп баланың жетім өскендігі, сол жылдардағы колхоз жұмысының бар ауыртпалығы жас балаларға, қартаң адамдар мен әйелдерге түскендігі айтылуы керек. Кейін ел ішіндегі осы ауыр тұрмыс жазушы қаламына тақырып болғаны белгілі.

«Күлше дәмі» әңгімесінің тақырыбын, жазушы идеясын ашу үшін мәтінмен жұмысқа ерекше назар аударылады. Әңгімені оқушыларға үйден оқып келуге, түсінбеген сөздерін, таныс емес сөздерді жазып алуға және аудармаларын анықтап келуге алдын ала тапсырма беріледі. Оқушылардың әңгіме мазмұнын түсінген-түсінбегенін сұрақ-жауап арқылы анықталады. Әңгімеде өсімдіктер атауларының, тұрақты сөз тіркестерінің жиі болуы оқушылармен сөздік жұмысын жүргізу қажеттілігін міндеттейді. Түсіндірме және аударма сөздік жұмыстарын интерактивті тақтамен жүргізу өте тиімді. Мысалы, келесі берілген сөздердің аудармалары мен түсініктемелерін оқушылар көмегімен алдын ала дайындалуы - уақытты ұтымды пайдалану жолдарының бірі.

жусан – полынь

сүттіген – молочай

ешкіемер (үлкен кесіртке) – козодай

көсік (жабайы құм сәбізі) –дикая морковь

мондалақ (жабайы шомыр) - козлец

итжуа (дала сарымсағы) – лук шаровидный

қамыс құлақтар – с пpямыми и тонкими, как камыш, ушами

қарабауыр қасқалдақ - лысуха (болотная птица, вид дикой утки)

Мәтінде түсіндірме сөздік жасауға сұранып тұрған сөздер бар:

құмақ бет (құм (үйіліп) басқан жер) - дно воды, песчаная мель

тәжім төбе (төбе атауы) – название холма

ылғалы арыла қоймаған (әлі құрғамаған) – еще влажная (еще непросохший)

ноқта (бұзаудың, ботаның бас жібі) – недоуздок

құдай береді (жеткізеді, молшылық болады) – бог даст (доведет, будет изобилие)

жұрттың діңкесін құртқан (әбден шаршатқан) – утомлял всех (совсем выбиться из сил);

көппен көрген ұлы той (қуаныш) - радость

төл тәрбиелеп жатқан (қозы-лақ бағу) – пасти козлят, ягнят

жығылғанға жұдырық дегендей (екі есе қиындық болды) – трудности удвоились

бір қапталы үңірейіп тұрған жетімдер (сорлылар) -

екі үйдің ішіп-жемі бір-бір үйден ас ішеді (тату) - дружный

қарындары сазып (ашығып) – изголодаться

кәрі сүйегін сүйретіп (зорға жүр) – еле-еле (насилу) ходить

беттеріне түскен шұбыртпалары (қабыршақ, беттің жарылуы) – затвердение лиц (покрытие лица тонкой коркой, кожа на лице треснула)

тесік өкпе (жетім) - сирота

дамбал (жұқа, ұзын балақ іш киім) – штаны (кальсоны)

салма (арық) - арык
Сабақ кезінде жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастыру, сөйлем ойлату тіл дамыту жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сөздік жұмысы аяқталысымен оқушыларға «Күлше дәмі» әңгімесін екі күрделі бөлімге бөлдіріп, тақырып қойғызып, кезектестіре оқытуға болады. Әңгіменің бірінші бөлімі «Түс ауа сабақтары аяқталып, оқудан қайтқан екі бала ауылға апарар сүрлеу жолмен келе жатыр. Асығар емес. Күн жылып, жер бусанғалы қашан. Даладағы шөп біткен әлдеқашан көктеп, көз жетер жердің бәрі жап-жасыл. Мұрныңа бусанған топырақ иісі, қумақ беттегі жусан мен сүттіген исі келіп, көкірегінді аша түседі» жолдарымен басталады да, «Мұның білетіні колхоздың таң сыз бере басталып, қас қарая аяқталатын жұмысынан діңкелеп келіп, бір аяқ сылдыр көжесін іше сала, балаларын қасына алып, шам жарығымен тағы да майданға киім дайындайтын әйелдердің мұңға толы үні, таусылмас зары. Шет жақтағы Меңдештің үйінде тері сүріп, жүн түтіп отырған әйелдер анау ақ түтек майдандағы ерлеріне деген сағынышын өлеңге қосады» деген жолдармен аяқталады.

Ал екінші бөлім «Кәрі сүйегін сүйретіп бұл да, ойын жасындағы бала да үмітін сол батыстан күтеді. Тастай қараңғы түнде есегінің митың жүрісі үстінде тербеліп келе жатқан Тарғын қария үй алдында селтиіп тұрған кемпірін көрді» жолдарынан басталып оқылады да, әңгіменің соңын «Көз жасын үнсіз төгіп, қасында тұрған баласының жүзінен қыршын кеткен күйеуінің лебін көріп, қайда қалғаны белгісіз жарына деген сағыныш та, бесіктен белі шықпай жатып қиындық қамытын мойынына ілген баласына деген аяныш та, ертеңгі күнге деген үміт те жас боп ақтарылды» сөйлемдерімен бітіреді.

Оқушыларға соғыс зардаптарының сұрықсыз суретін, ауылдың ауыр тұрмысын Маңғыстау табиғатына тән ерекшелігімен қоса түсіндірумен бірге, оларды адамдардың бір-біріне деген жылы қарым-қатынасын, мейірімділігі мен қамқорлығын, жеңіске деген үміті мен сенім күшін сезінуге, адамгершілік қасиеттерді құрметтеуге және бойларына дарытуға тәрбиелеу ескеріледі. Ол үшін мәтінмен жұмыс түрлендіріле жүргізіледі. Бірнеше топқа бөлінген оқушылар әңгімені шағын бөліктерге бөліп, әрқайсысы кейіпкерлерін даралап, тақырыбын анықтап, топтастыру жұмыстарын орындайды. Әсіресе, оқушылар әңгіменің баланың көсік қазып жүрген, әйелдердің кетпен ұстап, егін салып жүрген, Базаржанның күлшені өзі жемей, қарындасына әкеліп берген, балалардың кешке шешелерін күткен, күлшемен бал ашатын сәттерін, Тарғын шалдың қара қағазды балаларға бере алмай қиналған, екі баланың қақпанға түсіп қалған қарақұйрықтың жетім лағын мәпелей баққан, кейін босатып жіберген, жеңістің хабары келген күнгі ел қуанышын бейнеленген эпизодтарын ерекше толғаныспен қабылдайды. Жазушының стиль шеберлігі саналатын оқиғаның баяндалу ерекшелігін, яғни бір оқиғаның басы мен аяғының аралығында бірнеше әңгімелер кірістірілгенін мұғалім өзі іштей біліп тұрғандықтан, оқушыларға мазмұнды баяндатарда сұрақтар беру арқылы оқиғаның тиянақталар тұсын түсіндіргені дұрыс болады.

Шығарма кейіпкерлерін таныта оқыту - әдебиет көтеретін жүктердің бірі. Өйткені әдебиет пәні көркем шығарма, оның кейіпкерлері арқылы оқырманды, оқушыны, тәрбиелеу үшін нысана бола алынатын аса бағалы қайнар саналады. Ендеше, «Күлше дәмі» әңгімесіндегі Базаржан, Балдай, Тарғын бейнелерін мінездемесімен қоса талдата айтқызған жөн. Кейін оқушылардың білімін тиянақтау мақсатымен әңгіме кейіпкерлеріне тән қасиеттерді анықтау тапсырмасы беріліп, сәйкестік кестесін толтыртуға болады.



Адамгершілік қасиеттер

Кейіпкерлер, олардың іс-әрекеттері

Қайырымдылық

Еңбекқорлық

Мейірімділік

Қанағатшылдық

Жанашырлық

Бауырмалдық

Сенгіштік

Адалдық

Қайсарлық

Сабырлылық

Төзімділік

Ризашылық





Әңгіме бөлімдеріне тақырып қою, жоспар құрғызу, кейіпкерлерге мінездеме жаздыру, ауызша мазмұндату, мақал-мәтелдер арқылы ой қорыту жұмыстармен қоса, жазба жұмысы – мазмұндама жаздыртуға да болады. Әңгіменің көлемділігін ескере, мазмұндама мәтінін мұғалім өзі немесе оқушылар таңдауымен белгілі үзінді бойынша жаздыртады. Мысалы, мазмұндама жазуға «тастай қараңғы түнде есегінің митың жүрісі үстінде тербеліп келе жатқан Тарғын қария үй алдында селтиіп тұрған кемпірін көрді» дегеннен бастап, «Иісі бұрқыраған күлшені ауыздарына салған балалар мәз болып, дабырласып бара жатты» деген үзіндіге дейінгі әңгіме мәтінін алуға болады. Өйткені әңгімеге арқау болған күлше дәмі де, адамдар пейілі де, уақыт белгісі де, арман-мұрат та осы үзіндімен беріліп тұрғандай. Сонымен қатар собалақтың қалай дайындалатынын, оның «күлше» деп те аталатынын, қалай пісірілетінін, оның отқа көму деп аталатын үрдіс екенін де түсіндірген артық болмайды. Бұлай пісірілген нанның әрі жеңіл, әрі дәмді болатынын, балалардың өздері шешелерінен жасырып қоламтаға көміп алатынынан да білуге болады.

Үйге берілер тапсырмалар экранда көрсетілген түрлі суреттер, слайдтар бойынша да ұсынылады. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатымен әңгіме мазмұны бойынша сурет салу, өлең жазу, тірек сөздерді пайдаланып сөйлем құрау, соғыс тақырыбына жазылған өлеңдерді жатқа оқу, естелік айтқызу, «Мен ұнатқан кейіпкерге хат» сияқты жұмыстарды да жүргізуге болады. Ғылыми ізденіс бағытында түсіндірме сөздік топтамасын жасақтау тапсырмасы да - оқушылардың қызығушылығын дамытудың бір жолы. «Маңғыстау өсімдіктер дүниесі» оқулығын пайдаланып, өлке өсімдіктері атауларының аудармасын жасату – тіл дамыту жұмысының тиімді жолдарының бірі.

О.Көшбаевтің бұл әңгімесін оқыту бала бойында бауырмалдық, адалдық, мейірімділік, сабырлылық сияқты адами қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді. Әңгіме барысында бастарында қандай қиыншылық болса да, қарапайым ауыл адамдары ертеңгі күнге, жеңіске, Отанына деген сенімдерін ешқашан да жоғалтқан емес. Сол сенім оларды жетелеп жақсы күндерге жеткізді.

Көркем шығарманы оқуда бала тек мәтін мазмұнымен ғана танысып қоймайды. Ол осы шығармадан өзіне керекті рухани азықты ала білуі керек. Ертеңгі күні өміріне тірек болар, өзі үлгі алар тұлғаны таба білуі керек. Осы тұрғыдан қарағанда «Маңғыстау әдебиеті» факультативтік курсының оқушыға берері мол. Ол өлке әдебиетіменен ғана танысып қоймайды, сонымен бірге Маңғыстаудың маң даласында өмір кешкен өзіндік ерекшелігі бар қарапайым халықтың тұрмыс тіршілігімен, әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен, бостандық аңсаған жалынды жырларымен, басқаларға ұқсамайтын кәсібінің дамуымен т.б. терең танысады. Бала бойында еліне, туған жеріне, оның жасампаз еңбек адамдарына деген мақтаныш сезімі дамиды. Ертеңгі күнге деген үлкен сенім өз халқыңның кешегі тарихын, тыныс-тіршілігін танып білуден бастау алары сөзсіз. Өз елінің тарихын, бай рухани дүниесін бойына сіңіріп өскен баланың өз халқын мақтаныш ете білетін, отаншыл азамат болары белгілі.
Каталог: upload -> iblock
iblock -> Сабақтың тақырыбы: «Әліппенің атасы»
iblock -> М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат
iblock -> Өзі де, сөзі де бөлек дара тұлға Ауызша журнал: Талғампаз өнер иесі
iblock -> №4 қалалық кітапхана Құрастырған
iblock -> Аты-жөні Марапаттау кезіндегі қызметі
iblock -> Абай Құнанбаев- қазақ жазба әдебиетінің
iblock -> Абай Құнанбаев қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Мақсаты
iblock -> Составитель: библиограф цгб
iblock -> Сабақтың тақырыбы: Шортанбай Қанайұлы
iblock -> Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет