2.3. КСРО заманы мен қазіргі кезеңдегі туризмнің дамуы
Ғылыми әдебиетте КСРО туризмінің дамуы бірнеше кезеңге бөлінеді. Оның даму тарихын шартты түрде төрт үлкен кезеңге бөлуге болады: біріншісі – туризмнің ұйымдастырушылық құрылымының пайда болуы мен қалыптасуы (1917-1936 ж.); екіншісі – туризм мен экскурсияларды кәсіподақтар қарамағына өткізу және туризм индустриясының алғышарттарын қалыптастыру (1937-1969 ж.); үшіншісі – туризмнің қарқынды дамуы, оның халыққа қызмет көрсетудің ірі саласына айналуы, бірақ қызмет сапасының батыс елдер туризм индустриясы стандарттарынан артта қалуы ((1970-1990 ж.); төртіншісі – посткеңестік, ТМД туризмі дамуының өтпелі кезеңі (1991 жылдан қазіргі күнге дейін). Осы кезеңде КСРО-ның бұрынғы одақтас республикалары жүргізген экономикалық реформалар жағдайындағы туристік шаруашылық дамуының жаңа тенденциялары орын алды.
Бірінші кезең экскурсиялық және туристік қозғалыстың пайда болуымен, оның әлеуметтік-экономикалық алғышарттарының, және ұйымдастырушылық құрылымдарының қалыптасуымен сипатталады. Халық шаруашылығының қалпына келуі мен жаңартылуы, мәдени революциясы жағдайында еңбекшілердің бұқаралық демалысының белсендірілуі байқалады, Отанның мәдени құндылықтары мен табиғатын білу қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған пролетарлық туризмнің алғашқы мекемелері құрылады. Халықаралық туризм алдында КСРО достары мен шетелдік прогрессивті қозғалыстар өкілдеріне КСРО-дағы социалистік құрылысын көру мүмкіндігін беру және Кеңес Одағы еңбекшілерінің шетелдік сапарлары көлемін кеңейту мақсаты қойылған.
Сонымен бірге туризм мен экскурсиялардың жаңа ұйымдастырушылық формаларын іздестіру әрекеті жолға қойылды. Кейбір мекемелерде қаладан тыс жерге экскурсиялар мен туристік жорықтар өткізу мақсатында арнайы бөлімшелер құрылды.
Ең бірінші болып, осы жұмысты 1917 жылғы қараша айынан бастап Халық ағарту комиссариатының (Наркомпрос) мектептен тыс жұмысы бөлімі жүргізді. Оны Н.К.Крупская басқарды. 1918 жылы экскурсиялық станциялар және Халық ағарту комиссариатының Тәжірибелік-үлгілі экскурсиялық базасы құрылды.
1919 жылғы наурыз айында В.И.Ленин сауықтыру туризмі мен шипалы суларға экскурсияларды ұйымдастыру ісіне септігін тигізген «Жалпы мемлекеттік маңызды сауықтыру жерлері туралы» декретке қол қойды.
1920 жылы Халық ағарту комиссариатының жанында пролетарлық туризм мен экскурсияларды насихаттау мақсатында Біріккен дәрістік-экскурсиялық бюро – қазіргі туристік экскурсиялық мекемелердің болашақ үлгісі құрылды.
1920 жылдан бастап экскурсиялар мен туристік «шығуларды» кейбір ведомстволар мен мекемелер өткізе бастады. Жұмысшылар мен қызметкерлер үшін оларды кәсіподақтар ұйымдастырған. Оқушылар мен әскери қызметкерлерді Халық ағарту комиссариаты мен Ресей Жастарының Коммунистік Одағы (РЖКО) сапарға шығарған. Қоғамдық мамандарды даярлау мәселесін шешу үшін жаңа құрылған экскурсиялық станциялар штаттан тыс белсенділерді – топтық экскурсия жүргізушілері мен туризм ұйымдастырушыларын даярлай бастады.
20-жылдардың басында туризм географиясы қалыптасады. Егер 1918-1920 жылдары жорықтар мен сапарлар Мәскеу мен Петроград губернияларында ғана өтсе, 1921-1924 жылдары туристік сапарлар ауданы әлдеқайда кеңейді. Көршілес қалаларға сапар жасау саны артты. Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне бару алғашқы бүкілодақтық маршрутқа айналды.
Туризмді демалыстың прогрессивті формасы ретінде пайдаланған мекемелердің саны артты. Ұйымдастырушылар туризм болашақта тұрмыстың мызғымас бір бөлігі, әр адамның жеке қалауы ғана емес, бұқаралық қоғамдық-саяси қозғалыс болатынын пайымдаған.
Осы идеяларды алдында қоғамдық, кейін арнайы басылымдар: «На путях новой школы», «Вестник просвещения», «Экскурсионное дело» және басқалары да насихаттаған. Бұл іс-әрекетте «Комсомольская правда» газеті маңызды рөл атқарған. 1926 жылының желтоқсан айында газет редакциясының жанында штаб құрып, мақсаты мен мазмұны бойынша «пролетарлық» деп аталған бұқаралық туризмнің ұйымдастырушысы болды. Дәл осы мезетте БЛКЖО Орталық комитетінің (ЦК ВЛКСМ) жанында туризм бюросы құрылды, одан кейін «Комсомольская правда» пролетарлық туризмді ұйымдастыру бойынша бірінші сырттай мәжіліс өткізді.
Жаңа туған ұйым іс-әрекетінің мақсаты ретінде «жастар арасында бұқаралық туризмді дамыту» болып жарияланды. Комсомол бұл әрекетін таза парақтан бастаған жоқ: Бюро жұмысының негізінде ЖЭС-тың (Жаңа экономикалық саясат) алғашқы жылдарында өз жұмысын жалғастырған РОТ тәжірибесі жатқан. 1929 жылға қарай РОТ елдегі туризмді басқару орталығына айналады. Оның ондаған бөлімшелері құрылады. Зауыттарда, әскери бөлімшелерде, клубтарда туристік бастауыш ұйымдардың (ячейкалардың) саны көбейеді. Бұған, әрине, «Әрбір турист бастауыш ұйымға бір жыл ішінде оннан кем емес жолдастарын тартуға міндетті» деген ұран өз септігін тигізді.
Дегенмен, әртүрлі мамандықтағы тұлғалар үшін жүйесіз түрде туристік сапарларды өткізетін бірнеше мекемелер болса да, еңбекшілердің кең ауқымды көпшілігін қамтитын туризмді ұйымдастырушы арнайы ведомство әлі де ашылмаған еді. Ол кездегі Ресей туристік қоғамы (РОТ) мүшелері санының шамалы болуына және басқармасының революцияға дейінгі әдістерінен таймағандығына байланысты туристік қозғалысты басқаруға қабілеті жетіспеді.
Кәсіподақтар, БЛКЖО мен Халық ағарту комиссариаты 1924-1928 жылдары елдегі туристік-экскурсиялық жұмысты басқаратын болды. Алдында ұйымдастырушы формалары екі дербес бағытта дамыған: Бүкілодақтық орталық кәсіподақтар кеңесі (БОКОК) мен Халық ағарту комиссариаты бастауыш туристік ұйымдарын – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық кәсіпорындарындағы, оқу орындарындағы, клубтардағы топтарды құрумен айналысты; ал БЛКЖО комсомол комитеттерінің жанындағы туризм бюроларын құрған. Бюролардың алдында жергілікті «бұқаралық саяхаттар қоғамдарына» қолдау жасау, анықтамалық-инструкторлық жұмыс жүргізу мақсаттары қойылған. Бюролар жанында елтану, лагерлік, алыс және қала маңындағы туризм секциялары құрылған.
Туризм бюролары туристік-экскурсиялық жұмысты одан әрі кеңейту үшін қаржы жинаған. Ол үшін әртүрлі лотереялар, әуесқойлық спектакльдер, макулатура мен металл сынықтарын жинау жексенбіліктер ұйымдастырылған, әртүрлі жұмыстар орындалған.
1927 жылы Бұқаралық туризмнің орталық бюросы еңбекшілерге елдің алты аймақтары: Солтүстік-Батыс, Орталық өнеркәсіптік, Орта-Еділ, Орал, Қырым, Кавказ бойынша 39 үлгілі маршрут ұсынып, туризм мен экскурсиялар географиясын кеңейтті.
Кәсіподақтар мен комсомолдың біріккен әрекеті нәтижесінде маршрут бойынша теміржол билеттеріне жеңілдіктерді енгізу, туристік лагерьлер үшін үйлерді (ғимараттарды) жалдау, құрал-жабдықтарды жинақтау, яғни еңбекшілерге кәсіподақтар бір бөлігін өтейтін туристік қызмет көрсету мүмкіндігі пайда болды.
1927 жылы Мәскеуде революцияға дейін 500 мүшесі бар Орыс туристер қоғамы (РОТ) өз іс-әрекетін қайта жалғастырды. Әлеуметтік құрылымы бойынша қоғам мүшелері толығымен дерлік интеллигенция мен бұрынғы бай азаматтардан тұрған, арасында біреуі ғана жұмысшы болған. БЛКЖО жанындағы Туризм бюросының нұсқауымен РОТ-қа 1500 жас турист жіберілді, олар кезектен тыс конференциясын шақыру талабын қойды. Осы конференцияда ескі басқарма жұмысын қанағаттанарлық емес деп бағалап, жаңа басқарма сайланды. Қоғамның атын Пролетарлық туризм қоғамы (ПТҚ) деп өзгертті.
Сөйтіп, 1928 жылдың шілде айынан бастап, ең алдымен еңбекшілердің қажеттіліктерін өтеуді көздеп, ОПТ туристік-экскурсиялық жұмысына кірісті. Бірінші жылының өзінде Қоғам 300 мың адамға қызмет көрсетті. 1929 жылы ПТҚ Жарғысы қабылданды.
Ведомстволық туризмнің басқа ұйымдарына қарағанда, Пролетарлық туризм қоғамы бірден-ақ еңбекшілердің қалауы мен жұмыс көлемі бойынша бірінші орынға шықты. Қоғам елдегі туристік-экскурсиялық жұмыстың 90 %-ын орындаған.
ПТҚ іс-әрекеті тек ересектерді ғана қамтыған жоқ. 1929 жылдан бастап қоғамның жанында туристік-экскурсиялық балалар станциялары ашылды. Пролетарлық туризм қоғамының бөлімшелері Украина, Беларусь, Әзірбайжан мен басқа республикаларда дамып, туризм географиясын бүкіл Кеңес Одағына таратты.
ПТҚ-мен бірге 1928 жылы Халық ағарту комиссариаты құрған «Советский турист» мемлекеттік экскурсиялық қоғамы ашылды. Осы қоғамның әрбір мүшесі акциялардың иесі аталған. Бір акцияның бағасы бір сом болған. Мұндай баға ол кезде айтатындағыдай, «турлау» (турировать) еткісі келген кез келген азаматқа қол жетерлік ақша болған. Бірақ 100 акциядан кем емес иелер ғана дауыс құқығына ие болған.
«Советский турист» бүкіл Кеңес Одағы аумағын қамтыған 30 жақын маршрут, тіпті, Памир бойынша маршруттар да ұсынған. Жұмысшы мен қызметкерлердің көпшілігінің кезекті демалысы екі аптадай болғандықтан турлардың ұзақтығы да соған сәйкестендірген.
ПТҚ мен Совтур іс-әрекетінің айырмашылығы мынадай болған: ПТҚ өз еркімен жасалатын жорықтарды ұйымдастырса, Совтур көбінесе, жалпы ағартушылық және өлкетану сипаттағы күні бұрын анықталған маршруттар бойынша демалушыларға қызмет көрсеткен.
Коммерциялық ұйым болғандығынан Совтур кең қалталы жұртқа қызмет көрсетуге бағытталған. Совтур өте жайлы қонақүйлер мен демалыс базаларын салған. Бірақ кәсіподақтар Совтурға өз базаларында жеңілдік бағалармен ОПТ топтарына да қызмет етуді міндет қылған, сөйтіп, Совтур үшін жайсыз, бәсекелестік қағидасына жатпайтын жағдай туған. Соңында 1930 жылдың наурыз айында КСРО тоталитарлық мемлекетінде туризмнің біртұтас ұйымы құрылған.
Халық комиссарлар кеңесінің қаулысына сәйкес, Совтур мен ПТҚ бір ұйымға – Пролетарлық туризм мен экскурсиялардың бүкілодақтық ерікті қоғамына (ПТЭҚ) біріктірілді. Оны бұрынғы ПТҚ төрағасы Н.В.Крыленко басқарды. Совтур әрекетінің ең көзге түсетін қыры – туризмнің релаксациялық сипатын сынау науқаны тағы бірнеше жыл бойы жалғаса берсе де, ғылыми тұрғыдан дәлелденген демалыс қажеттілігі мәселесі күн тәртібінен түспеген.
30-жылдардың басында Денсаулық сақтау халық комиссариаты, Авиация мен химияға қолдау жасау қоғамы (Осоавиахим), Дене шынықтыру мен спорт бойынша бүкілодақтық үлкен кеңес өтті. Онда туристің жас мөлшері мен денсаулығына байланысты туристік маршруттардың үш дәрежесі ұсынылды. Бұл нормативтер 70-жылдардың соңына дейін пайдаланылды.
Құрылған жылы ПТЭҚ 300 мың адам үшін саяхат ұйымдастырса, келесі жылдың өзінде бұл көрсеткішті 3 миллионға жеткізді. 1931 жылға қарай қоғам мүшелерінің саны 500 мыңға дейін, 1932 жылы 800 мыңға дейін өсті. Туристердің кәсіби құрамы да өзгерді: 1930 жылдың соңына қарай жұмысшылар саны 49 % болса, келесі жылы 52 %-ға жетті, қызметкерлер – 19 %-ға, оқушылар – 23 %-ға, колхозшылар мен шаруалар – 6 %-ға жетті.
Қоғам жұмысы бастауыш туристік ұйымдарға сүйеніп жүргізілген. Бастауыш ұйым (ячейка) қағидасын 1930 жылдың қыркүйек айында өткен туристердің Бүкілодақтық жиналысы жариялады.
Туризмнің бұқаралық сипатының нығаюы оған сәйкес материалдық базасының дамуын қажет етті, ал ол үшін қосымша материалдық құралдар мен ақшалай қаржы іздестіруге тура келді.
Пролетарлық туризм мен экскурсиялардың бүкілодақтық ерікті қоғамына (ПТЭҚ) Совтур мен басқа ұйымдардан еншілік ретінде бірнеше материалдық өндіріс пен тұрмыстағы қызмет көрсету кәсіпорындары (туристік құрал-жабдықтарын өндіру мен жөндеу шеберханалары, қайық станциялары, шаңғы жалдау нүктелері, Қырым мен Кавказдағы базалар және т.с.с.) кірді, ал қоғам бюджеті екі-ақ мың сом болған. Сондықтан ПТЭҚ бірнеше бағытта қаржы қорын жинақтау жұмысын жүргізді. Қордың негізгі көзі – ұжымдық және жекелік мүшелердің жарналарынан түскен.
Қолға түскен қаржы туризмнің материалдық-техникалық базасын дамытуға жұмсалды. Туристік лагерлер, кемпингтер, базалар, баспаналар, тау лашықтары, шатыр лагерлері, туристік материалдық өндіріс кәсіпорындары салынды және әртүрлі ұйымдардан жалға алынды. Екінші бесжылдық басталғанда ПТЭҚ жүйесінде өз меншігіндегі және жалға алынған 300 база, фабрика, жөндеу шеберханалары мен туристік құрал-жабдықтар дүкендері, фотоателье, жалдау пункттері мен басқа кәсіпорындары болған.
30-жылдары туризмнің материалдық-техникалық базасының бекігендігі соншалық, оның бюджетке түсірген пайдасы үлкен сомаға жетті. Орталандырылған және жеке түрде ПТЭҚ бөлімшелері мен бастауыш ұйымдары жергілікті өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына, мәдениеттік құрылысқа, мемлекеттің қорғанысына ақшалай үлесін қосып отырды. Ақшаның бір бөлігі одақтық маңыздағы туристік объектілерді салуға жұмсалған. Қаржы жинағының бір бөлігін ПТЭҚ туристік-экскурсиялық қозғалыстың қоғамдық мінбесі – бұқаралық ақпараттық құралдарына жұмсаған. 1930-жылдарының басынан бастап, ПТЭҚ мерзімдік баспаларын: «Всемирный турист», «На суше и на море» (алдында ай сайын, кейін айына екі рет) және ұйымдастырушылық-әдістемелік «Турист-активист» айлық журналын шығарды. «На суше и на море» журналының қосымшасы ретінде «Библиотека туриста» (жылына 12 брошюра) атты шағын кітапшалары жарық көрді. Бұл кітапша авторлары – туристер ғылыми-зерттеу экспедициялары мен жорықтары, халыққа қоғамдық еңбек ету мен маршруттар жолдары жөнінде әңгімелеген. 1929 жылдан Бүкілодақтық орталық кәсіподақтар кеңесінің (ВЦСПС) органы – «Турист» журналы шыға бастады. Сонымен қатар Мәскеуде туризм түрлері әдістемеліктері мен техникасы жөніндегі кітаптарды, туристік аудандар мен саяхаттарды суреттейтін басылымдарды шығаратын «Физкультура и туризм» мемлекеттік баспасы құрылды.
Мәскеу мен кейбір басқа қалаларда қоғам мүшелеріне шағын жеңілдіктерін жасайтын «Турист» дүкендері ашылды.
Ұйымдастыру-басқару негізін құру (туризмнің аудандық, қалалық, облыстық, республикалық Орталық бөлімшелері, бастауыш ұйымдар жүйесі), материалдық-техникалық базаның дамуы, халықтың туристік қызмет сұранысының өсуі туризм географиясын әлдеқайда кеңейтті. Батыс Сібір, Алтай, Кузбасс, Орта Азия, Заполярье сияқты жаңа аудандарға бағытталған саяхаттар мен жорықтар жиі өткізілетін болды.
Шетелдік туризм дамуы шетелдік қонақтарды КСРО-да қабылдауын реттеу шараларын қажет етті. 1929 жылғы мамыр айында Еңбек пен қорғаныс кеңесінің шешімімен «Интурист» Бүкілодақтық акционерлік қоғамы құрылды. Делегациялар мен туристік топтарды қабылдау және оларға қызмет көрсетумен бірге, «Интурист» отандастардың шетелдерге баруын жолға қойды. 1930-1931 жылдары бірінші бесжылдық еңбек озықтарының «Абхазия» мен «Украина» кемелерінде Еуропаны айналып шыққан алғашқы бұқаралық круиз саяхаттары ұйымдастырылды. Қатысушыларды Германия, Италия мен Түркияда (Англия мен Франция өз жеріне кіруге рұқсат бермеді) кеңес өкілдері қарсы алған. Неапольде «Абхазия» тұрған кезде оған жазушы М.Горький арнайы келіп кеткен. Саяхатты бірнеше кітап пен кинофильм бейнелейді.
30-жылдардың ортасында туристерге өлкетану, индустрия, ауыл шаруашылық және басқа тақырыптар бойынша 200-ден астам теміржол, жаяу және құрамалы маршруттар ұсынылған. Туристер мен экскурсанттар саны көбейген. Екінші бесжылдық басталуына қарай ПТЭҚ-ның өзі жылына бір жарым миллион еңбекшіге туристік қызмет көрсеткен.
Осы жетістік себептерінің бірі халыққа қызмет көрсету бағасының төмендеуі болған. Туристік топтар үшін теміржолмен жүруге, туристік базаларда ПТЭҚ мүшелеріне жеңілдіктер жасалған.
Іс-әрекет көлемінің, туристік ұйымдар мен бастауыш ұйымдар санының өсуі (аудандық кеңес санының өзі 1 мыңға жуық болған), жаңа маршруттардың әзірленуі, материалдық-техникалық базаның жақсаруы мамандарды даярлау мәселесін шешуді қажет етті. Туристік басқару қызметкерлерін, қызмет көрсету кәсіпорындарының мамандарын, білікті гид-экскурсия жүргізушілерін, жетекшілерді, қоғамдық ұйымдастырушыларды даярлау қажет болды.
Жергілікті туристік ұйымдарда штаттық басқару аппараттары құрылды. Оқыту мен біліктілікті арттыру және мамандар резервін даярлау мақсатында ПТЭҚ белсенділер үшін қысқа мерзімді орталық туристік курстарды ашқан. Бірнеше жылда оқытудың осындай түрінен 10 мың адамнан астам өтті. Осымен бірге саяси ағарту ЖОО (политпросветвуз) мен техникумдарда туризм мен экскурсиялар бөлімшелері мен циклдарды ашу, бірқатар жоғары оқу орындарының география және этнография факультеттерінде туризм бойынша факультативтік курстарды енгізу мәселелері талқыланды.
Дегенмен, туризм мен экскурсия аясында қиыншылықтар мен шешілмеген мәселелер қаптап кеткен. Материалдық база туристік-экскурсиялық қозғалыстың өсуіне үйлеспеген, туризм мамандары жетіспеген. Бұл кезде ұлттық туризмнің екі негізгі бағыты: еңбекшілердің, әсіресе, жастардың өз еркімен жасайтын жорықтары және жоспарланған маршруттар бойынша өткізілетін туристік-экскурсиялық сапарлар мен саяхаттар қалыптасып орнықты.
Туризм дамуының екінші кезеңі (1937-1969 ж.) – басқарудың жаңа формаларының енгізілу кезеңі. 1936 жылдың сәуір айында КСРО Орталық атқару комитеті туризмнің ерікті қоғам шеңберіндегі дамуы мақсатына сәйкес емес деп қоғамды жою шешімін қабылдады. ПТЭҚ барлық меншігі (турбазалар, фабрикалар және т.б.) БОКОК-не берілді. БОКОК-де Туристік-экскурсиялық басқарма (ТЭБ, орысшасы – ТЭУ ВЦСПС) құрылып, оған бүкілодақтық маңызды туристік маршруттарды басқару және туризм мен экскурсиялар аясындағы іс-әрекет жүргізу міндеті артылған. БОКОК жоспарлы тапсырмалары бойынша шаруашылық-есептік негізінде ісін атқарған аумақтық ТЭБ функцияларының ішінде туризмді насихаттау, жұртқа кеңес беру, жолдағы мәдени-көпшілік және шаруашылық қызмет көрсету, маршруттарды әзірлеу, сонымен қатар, Туристер үйлерінің, тау лашықтарының, лагерлердің құрылысы, құрал-жабдықтарды шығару болған. 1937 жылдың қараша айында БОКОК ТЭБ Жарғысы бекітілді.
Әуесқойлық туризмді басқару міндеті ОАК (ЦИК) жанындағы Бүкілодақтық дене шынықтыру кеңесіне жүктелді және альпинизм туризмнен бөлінді.
ПТЭҚ-ның жойылуы туризм дамуына өте үлкен зиян келтірді. 30-жылдарының ортасында ОПТЭ-мен бірге «Друг детей», «Автодор», «Долой неграмотность», «Техника – массам» және басқа бұқаралық ерікті қоғамның көпшілігі жойылды.
Бұл дәуірде елде әкімшілік-бұйрықтық жүйе біржолата қалыптасып үлгерді; оған мыңдаған жұртты біріктірген ерікті қоғамдық ұйымдардың қажеті болмаған. Олардың орнын ешқашан қарсы болмайтын шенеуніктер алды. Ерікті қоғамдар келешекте қауіпті болуы ықтимал, «халық жаулары» үшін қолайлы «маңдайшасы» болатын «ұялар» ретінде қарастырылды.
1937-1938 жылдары жойылған қоғамдардың қызметкерлеріне қарсы репрессиялар басталды. ПТЭҚ ОК Президиумы мүшелерінің көбі, ОК мүшелері, жергілікті ұйымдар қызметкерлері мен бастауыш ұйымдардың белсенділері қамалды. Олардың барлығы Сталин түрмелері мен лагерьлерінде қамауда, айдауда болды.
Дегенмен, әкімшілік-бұйрық жүйесіне бағынған туризмнің дамуы жалғаса берген. 1939 жылдың наурыз айында ОАК жанындағы Бүкілодақтық дене шынықтыру мен спорт шаруалары комитеті «КСРО турисі» белгісі туралы Ережелерді енгізгенінен кейін спорттық туризм қарқынды дами бастады.
Біліктілікті растайтын осы белгіні алу комплексінің нормативтерін орындау науқаны басталды. Нәтижесінде, 1941 жылдың наурыз айында КСРО-да «КСРО турисі» белгісі 5000 туриске берілді.
Ұлы Отан соғысы кезінде туристік-экскурсиялық іс-әрекет толығымен тоқтатылды. Туризмнің материалдық-техникалық базасы неміс-фашистер жаулап алған аудандарында тоналды, қиратылды. Соғыс жылдары туристік-экскурсиялық мамандардың саны әлдеқайда азайды, барлық деңгейдегі мамандарды даярлау жүйесі тоқтатылды.
Соғыстан кейін, халық шаруашылығының қалпына келтірілуімен бірге туристік-экскурсиялық мекемелер жүйесі де қайта құрыла бастады. Бірақ әлеуметтік сфераны екінші кезекте ғана қаржыландыру қағидасына орай, бұл үрдіс шапшаң түрде өте алмаған. Оның үстіне туризм мен экскурсияларды басқарған органдар билік жағынан қысу, мамандарды бір орнынан екіншісіне ауыстыра беру, жалған, «косметикалық» реформалар саясатын жүргізген.
Дегенмен, жылдан жылға халықтың әртүрлі топтарының: еңбекшілердің, мектеп оқушыларының, студенттердің туризмге деген қызығуы өсе берді. Туризмге қойылатын талаптардың көбеюіне байланысты, 1949 жылы туризм спорт түрі ретінде Бірыңғай спорттық квалификациясына енгізілді. Туризмің белсенді түрлері: жаяу, су, шаңғы және велосипед туризмі үшін спорттық дәрежелік талаптар және туризм бойынша «КСРО спорт шебері» атағын орындауға қойылатын талаптар орнатылды.
1950 жылы Мәскеу туризм клубы ашылды, келешекте ол елдің әуесқойлық туристер орталығына айналды.
1962 жылы ТЭБ негізінде БОКОК туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңесі басқаратын туризм мен экскурсиялар кеңестерінің жүйесі құрылды. 1965 жылға қарай барлық одақтас республикаларында, автономиялық республикаларының, өлкелер мен облыстарының көбінде жаңа маршруттарды әзірлеп игеретін туризм мен экскурсиялар бойынша кеңестер ұйымдастырылды.
Туристік саяхаттар кеңес одағы азаматтары демалысының ең сүйікті формаларының бірі болды. Жоспарланған туристік саяхаттардың дамуымен Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңесі айналысқан. Ол бүкілодақтық деп тіркелген маршруттарға жолдамалар берген. Туризм мен экскурсиялар бойынша республикалық, өлкелік және облыстық кеңестерінің қарамағындағы қалған маршруттар жергілікті маршруттар болып есептелген.
60-жылдары кәсіподақтардың туристік-экскурсиялық мекемелері 13 мыңнан астам сызықтық, айналмалы және радиалдық маршруттарды әзірледі. Бүкілодақтық және жергілікті маршруттар бүкіл ел аумағын қамтыған және Кеңес Одағының ең қызықты қалалары мен Камчатка, Курил аралдары, Франц-Иосиф Жері, Кавказ, Қырым, Тянь-Шань, Памир, Алтай сияқты көрікті жерлерін көру мүмкіндігін берген.
Бүкілодақтық жоспарланған маршруттардың 50 %-дан астамы Кеңес Одағының бес аймағында: Солтүстік Кавказ, Закавказье, Қырым, Карпат және Кавказдың Қара теңіз жағалауында өткен. Осы аймақтарда елдің туристік базаларының, кемпингтерінің, туристік қонақүйлерінің жартысы шоғырланған.
Жылдан жылға бүкілодақтық маршруттар географиясы кеңейген. Олардың ішінде елу бесі белсенді қозғалыс: жаяу, шаңғы, су (байдарка, қайық, үрмелі сал қолдануымен), велосипед, атты маршруттарына жатқан. Осы маршруттарға қатысқандар «КСРО турисі» белгісін алу құқығына ие болған, ал турист 9 маршруттың бірінен (№ 22 «Таулы Қырым бойынша», № 59 «Белая өзенімен сал қолданып» (Оңтүстік Орал), № 71 «Днестр каньонында сал үстінде», № 72 «Псёл өзенінде қайықпен» Полтава облысы), «Телецкое көлі мен Алтай тайгасы», № 187 «Карпат ормандары», № 433 «Гиссар жотасымен» («Маргузор көлдері» турбазасы – «Искандер-Куль» турбазасы), № 434 «Гиссар жотасымен» («Искандер-Куль» турбазасы – «Маргузор көлдері» турбазасы) өткен соң, қолында «КСРО турисі» белгісі болса, аталған маршруттар бірінші қиындық дәрежелі туристік жорықтарына жатқандықтан қатысушысына туризм бойынша үшінші спорттық дәреже берілген.
Халықаралық жастар алмасуы мәселелерін шешу үшін 1958 жылдың маусым айында шетел жастары топтарын қабылдау және Кеңес Одағы жастарын шетелге жіберумен бірге жастардың ел ішіндегі саяхаттары және жастар лагерлеріндегі демалыс мәселелерімен айналысқан «Спутник» Халықаралық жастар туризмінің бюросы (БММТ) құрылды.
60- жылдары КСРО-да туризмнің бір-біріне тәуелсіз бес дербес:
кәсіподақтық туризм (БОКОК жанындағы туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңес);
шетелдік туризм (КСРО Министрлер кеңесінің жанындағы шетелдік туризм бойынша Мемлекеттік комитет);
жастар туризмі (БЛКЖО ОК жанындағы «Спутник»);
әскери туризм (КСРО Қорғаныс министрлігінің туризм мен экскурсиялар басқармасы);
мектептік туризм (КСРО Ағарту министрлігі) бағыты болған.
Әртүрлі жарнаманы әзірлеп шығару, пресса, радио, теледидар мен кинода туристік-экскурсиялық ұйымдар өткізетін шараларды насихаттау мен жарнамалау мақсатында «Турист» жарнамалық-ақпараттық бюросын ашу шешімі қабылданды. Ол 1971 жылы ашылып, өз жұмысын шаруашылық-есептік негізде жүргізді.
Ұлы Отан соғысына дейін ЖОО-нда туризм мамандарын даярлаған жоқ. 50-жылдардың ортасынан бастап туризм пәні «Дене шынықтыру («Физическая культура») мамандығы бойынша оқыған педагогикалық ЖОО студенттері үшін міндетті болып саналды (70-жылдарының соңында туризмге жергілікті жерде бағдарлауды қосты). 60-жылдардың басында дене шынықтыру институттарында «Туризм» пәні енгізіле бастады. Студенттер туризм теориясы әліппесімен танысып, 5 күндік жорыққа қатысу міндеттелген. Алғаш Әзірбайжан КСР-да «Туризм» пәнін дене шынықтыру институттарының барлық студенттері оқуға міндетті болған. Жоғары туристік білімді мамандар 1978 жылы алғашқы рет шығарылды. Осы уақыттан бастап, КСРО Жоғары білім министрлігі мен КСРО Спорткомитеті келісіміне орай, барлық дене шынықтыру ЖОО-нда «Бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру жұмысы мен туризм» («Массовая физкультурно-оздоровительная работа и туризм») мамандығы енгізіледі.
БОКОК ОК «Кәсіподақтық және туристік-экскурсиялық ұйымдар жұмысы туралы» (1962 ж.) қаулысында «туризм кеңестері мен кәсіподақтар кеңестеріне туристік басқару мамандарын, инструкторларды, экскурсия жүргізушілерін, туристік-экскурсиялық шаруашылық қызметшілерін таңдау, орналастыру мен тәрбиелеу, олардың біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру ісін ойдағыдай жетілдіру бойынша шараларды әзірлеп, іске асыру» ұсынылды. Туризм бойынша Орталық кеңес алдында Мәскеуде басқару мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында Орталық туристік курстарды, онда оқитындар санын жылына мың адамға жеткізіп, ашу; туристік қызметкерлер мен белсенділерді оқытатын оқытушылар мен инструкторлардың біліктілігін көтеру мақсатында жүйелі түрде зоналдық семинарлар (жиналыстар) өткізу міндеттері қойылды.
Республикалық, өлкелік және облыстық туризм кеңестері туризм инструкторларының, экскурсия жүргізушілерінің, туристік-экскурсиялық шаруашылық қызметшілерінің біліктілігін арттыру бойынша әр адамды екі жылына бір реттен кем емес оқытатын оқу пункттарын ашуға тиісті болды.
БОКОК ОК жанындағы Кәсіподақтық қозғалыстың жоғары мектебі (КОҚЖМ) санаторлық-курорттық және туристік-экскурсиялық мекемелер факультетінде туристік-экскурсиялық жұмыс мақсатында экономистерді даярлай бастады.
1970-1980-жылдар шегінде «Экскурсиятану» мамандығын екінші мамандық ретінде елдің көптеген ЖОО даярлады.
1964 жылы Абхазияда Туризм бойынша ғылыми-зерттеу институты ашылды. Оның Ғылыми кеңесіне халық шаруашылығы, ғылым және мәдениеттің әртүрлі салаларының 47 маманы кірді. Олар спелеологтар мен альпинистер, өнертанушылар мен тарихшылар, сәулетшілер мен экономистер және тағы да басқалары тұғын.
Үшінші – туризмнің қарқынды даму кезеңнің басталуы (1970-1990 ж.) КОКП ОК, КСРО Министрлер Кеңесі мен БОКОК «Елдегі туризм мен экскурсияларды одан әрі дамыту шаралары туралы» (1969 жылдың мамыр айы) қаулысының шығуына байланысты өрбіді. Қаулыда еңбекшілердің, әсіресе, жастардың туристік-экскурсиялық қызметтер қажеттілігі толығымен қанағаттандырылмайды деп белгіленген. Материалдық хал-күйінің жоғарылауы, бес күндік еңбек аптасына көшкеннен кейін бос уақыттың әлдеқайда көбеюі ондаған миллион жас адамдар алдында жаңа мүмкіншіліктер ашты.
Қала маңының жаңа демалыс зоналарын, туристік-сауықтыру лагерлерін ашу қажеті туындады. 1971-1975 жылдары жаңа туристік базалар мен қонақүйлерінің, кемпингтер мен автопансионаттардың құрылысы жоспарланды. Бұл жұмыста КСРО Мемлекеттік жоспарлау мен КСРО мемлекеттік құрылыс басқармаларына үлкен жауапкершілік артылды. Жергілікті ұйымдар аудандық және қалалық туристік клубтар, туристік құрал-жабдықтарды жалдау пункттері үшін орын беру міндеттелді.
Осындай жоғары дәрежедегі қаулыда алғашқы рет КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы геодезия мен картографияның Бас басқармасына берілген «БОКОК келісілуімен 1970 жылдан бастап жыл сайын карталарды, туристік маршруттар сұлбаларын, туризм зоналарының карталарын шығару» нұсқауы берілді.
Сонымен, жалпы осы құжат туризм елдің қоғамдық-экономикалық тұрмыс жағдайына лайықты болып, қажетті индустриялық фундаментке ие болуы қажет екенін бекітті.
Қаулы қабылданғаннан кейін ұзақ уақыт өтпей, туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңес пленумында туризмнің 1971-1975 жылдардағы даму бағдарламасы жарияланды. Саяхаттар индустриясының сенімді іргетасы қажет етілді. Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңес Президиумы Мәскеу облысы Сходня қаласында Орталық туристік курстарды ашу шешімін қабылдады. Оқу мерзімі бір айға жоспарланған. Мұнда кеңестер төрағаларынан бастап аспаз бен турбазаның шаруашылық меңгерушісіне дейін барлық қызметкерлер өз біліктілігін арттыруға міндетті болды. Сонымен қатар, онда бүкіл ел үшін туризм бойынша әралуан әдістемелік және оқулық құралдарын даярлайтын әдістемелік кабинет ашылған. Қазіргі кезде бұл оқу орны Ресейдің халықаралық туризм академиясы (РХТА, орысшасы – РМАТ) деп аталады.
Әралуан туристік жүйелерінің мекемелері мен ұйымдарының мамандарын Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңесінің Орталық және зоналдық курстары (1973 жылдан бастап – БОКОК Кәсіподақтық қозғалыстың жоғары мектебінің (КОҚЖМ) кәсіподақтар мекемелерінің санаторлық-курорттық және туристік-экскурсиялық мамандарын даярлау факультеті), көптеген университеттердің география факультеттері*, бірқатар педагогикалық ЖОО-дың қоғамдық мамандық факультеттері, 1981 жылдан бастап – Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңестің Туристік-экскурсиялық ұйымдар қызметкерлерінің біліктілігін жоғарту институты, шетел тілдерінің ЖОО-нда аудармашы бөлімшелері даярлай бастады. 1982 жылдан бастап, елдің бірқатар дене шынықтыру институттары «Туризм ұйымдастырушысы және инструкторы» мамандығын енгізді.
Туризм саласындағы ғылыми зерттеулерді КСРО ҒА География институты, БОКОК КОҚЖМ, БОКОК Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңесінің туризм мен экскурсиялардың Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу зертханасы, КСРО Шетелдік туризм бойынша Мемлекеттік комитетінің (Госкоминтурист СССР) шетелдік туризм бойынша Ғылыми-зерттеу зертханасы, КСРО ҒА Сібір бөлімшесі және т.б. жүргізді.
Кеңес одақтық туризм тәжірибесі «Турист» (БОКОК), «Путешествие в СССР» (орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінде), «Бюллетень туристской информации» (КСРО Шетелдік туризм бойынша Мемлекеттік комитеті), «Информационный бюллетень Комитета молодежных организаций СССР» (КСРО Жастар қоғамдарының комитеті) журналдарында және мерзімді емес түрде шығатын «Информационный бюллетень Бюро международного молодежного туризма «Спутник» ЦК ВЛКСМ» сияқты басылымдарда көрініс тапты.
Өз еркімен өткізілетін туристік саяхаттардың жаңа маршруттары іздестірілді. Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңес Президиумы 1969 жылы ОК шешіміне орай Саян, Байкал маңы, Шығыс Кавказ бен Памирде өткен алты экспедицияның жұмысын қолдады.
Экспедициялардың жұмысы нәтижесінде 1-V қиындық дәрежедегі 60 жаяу, су және құрамалы маршрут анықталып әзірленді.
__________
*70-жылдардың ортасынан бастап Белорус, Ростов, Симферополь және т.б. университеттердің география факультеттерінің негізінде «Өлкетану, туристік-экскурсиялық кәсіптің әдістемелігі және ұйымдастырылуы» мамандығы бойынша студенттер даярланды.
1969 жылдың 14 наурызда БОКОК Президиумы «Туристік маршруттарда балалар мен ата-аналарын қабылдау туралы» қаулысын шығарды. Қаулы бойынша, Туризм мен экскурсиялар Орталық кеңесі алдында, қолында ересектегідей жолдама болса, 12 және одан үлкен жасқа толған балалары бар туристерге қызмет көрсету міндеті жүктелген. Бұл құжат кеңес одақтық туризмнің отбасылық туризм бағытын бекітті.
БОКОК Президиумының 1971 жылдың 9 шілдесіндегі «Экскурсиялық жұмысты одан әрі жақсарту туралы» қаулысы ата-аналары мен балаларының туристік-экскурсиялық демалысының дамуына жаңа ықпал берді, Осы қаулы бойынша кәсіподақтық комитеттер кәсіподақ бюджеті қаржысы есебінен ұйымдастырылған екі күннен аспайтын демалыс күнгі жергілікті маршруттардың ақшасын отбасыдан жолдама бағасының 30 % алып өтеуге рұқсат берген. Одақтық кәсіподақтардың осы және басқа да шараларының нәтижесінде ата-аналар мен балаларының саяхат жасау әрекетінің дамуы артты. Сонымен қатар бірталай туристік-экскурсиялық мекемелер мен ұйымдар жұмыстың жаңа түрлері мен формаларын ұсынды.
Туризмді басқару құрылымының маңызды өзгерістері 1976 жылы енгізілді: туризм мен экскурсиялар кеңестерінің жанында істеген туризм түрлері бойынша басқару органдары – орталық, республикалық, өлкелік, облыстық және қалалық секциялар – біртұтас қоғамдық органдарға – туризм федерацияларына бірікті.
Кәсіпорынның, мекеменің, оқу орнының Туристер клубының, туризм мен экскурсиялар кеңесінің қалалық (аудандық) туристік клубтарының типтік қағидалары бекітілді.
Жаяу туризм – өзіндік саяхаттарының бұқаралық түрі, елде 3,5 миллионнан астам адам жаяу саяхаттарын жасаған.
1977 жылдың қыркүйек айында БОКОК Президиумы «Еңбекшілердің жергілікті туризмі мен экскурсияларын дамыту шаралары туралы» қаулысын қабылдады. Онда жаяу туризм комиссияларының алдында туризм мен экскурсиялар кеңестеріне жергілікті маршруттарды әзірлеп, оларды жергілікті жерде белгілеуге, жаяу туризм туралы материалдарды баспадан шығаруға, әдістемелік және кеңес беру жұмысына жәрдем беру міндеті артылды.
Халықаралық туризмнің де белсенді дамуы байқалған. Халықаралық туристік қатынастарының құқықтық негізін қалыптастыруда көп жақтық келісімдер маңызды орын алған. Елдің туризм басқарушылары туризм мәселелеріне арналған барлық ірі халықаралық конференцияларға белсене қатысқан. КСРО Халықаралық туристік ұйымының (ХТҰ) белсенді мүшесі болды, ал елдің туристік ұйымдары беделді халықаралық ұйымдарға мүше ретінде кірді. КСРО Туристер үшін кедендік жеңілдіктер Конвенциясына қосылды.
КСРО 1980 жылы Манилада өткен Бүкіләлемдік туризм бойынша конференциясының белсенді қатысушысы болды. 1982 жылы Акапулькода (Мексика) өткен Бүкіләлемдік туризм бойынша жиналысында кеңесодақтық делегация Манила конференциясы шешімдерінің іске асырылуына баға берген баяндама жасады.
1979 жылы 7 мамыр күні Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңес Президиумы «Туристік қоғамдық кадрлар туралы» жаңа қаулысын бекітті. Инструкторлық атақтар: туризмнің бір түрінің кіші инструкторы, туризмнің бір немесе бірнеше түрлерінің инструкторы және аға инструкторы, аға инструктор-методист (әдістемеші) енгізілді. Туристік маршруттардағы жайсыз оқиғаларды алдын алу міндеті Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңесі жүйесінің бақылау-құтқару қызметінің (БҚҚ, орысшасы – КСС) алдына қойылды. БҚҚ жергілікті денсаулықты сақтау, ішкі істер, гидрометеорологиялық қызмет, орман шаруашылығы, азаматтық авиация, байланыс, Қызыл Крест пен Қызыл Ай бөлімшелері және басқа органдарымен өзара әрекеттесті.
1980 жылдың соңында Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңесі өзіндік туризм үшін өте маңызды қаулы шығарды: 1981 жылдан бастап, жыл сайын туризм бойынша КСРО чемпионатын өткізу шешімі қабылданды. Бұл оқиға қоғам белсенділерінің, туристік, спорттық, кәсіподақтық ұйымдар қызметкерлерінің көп жылдық мұқият жұмысының нәтижесінде ғана мүмкін болды.
1980 жылдың 16 желтоқсанында КОКП ОК, КСРО Министрлер Кеңесі мен БОКОК «Елдегі туристік-экскурсиялық іс-әрекетінің одан әрі дамуы туралы» қаулысын жариялады. Онда жаңа міндеттер қойылды, туризм мен экскурсия аясы қызметкерлері үшін жаңа даму сатылары белгіленді.
Материалдық-техникалық база саланың негізі болып табылды. 1970-1980 жылдардың ішінде жаңа туристік кешендер мен қонақүйлер, турбазалар мен кемпингтер, аспалы жолдар салынды. Сервис қызметі қуатты автошаруашылықтармен, қоғамдық тамақтандыру, мәдени және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындармен, жобалау шеберханаларымен, жөндеу-құрылыс ұйымдарымен толықтырылды. Түнеу орындарының жалпы саны 1980 жылдың соңына қарай 360 мыңға жетті.
80-жылдары туризм жүйесі одан әрі жетілдірілді. 80-жылдардың бірінші жартысында кәсіпорындар туристік-экскурсиялық іс-әрекеттің ойдағыдай даму жағдайын жасау үшін үлкен жұмыс атқарды. Оның 1990 жылға дейінгі Бас сұлбасының негізі қаланды. Онда материалдық-техникалық базаның қайта жабдықталуы, туристік және экскурсиялық мекемелер торының одан әрі құрылымдық кеңеюі, мамандарды даярлау, туризм мен экскурсиялардың тиімділігінің артуы жоспарланған.
Туризм демалыстың ең сүйікті түріне айналды. Жұмысшылар, қызметкерлер, колхозшылар, оқушылар кәсіподақтар комитеттерінде жолдаманы жеңілдікпен немесе әлеуметтік сақтандыру, кәсіподақ бюджеті, әлеуметтік-мәдени шаралары қорының есебінен тегін алды. Сөйтіп кез келген отбасының туризм мен экскурсияларға қолы жетті.
Қалың бұқараның жорықтарға, саяхаттарға, сапарлар мен экскурсияларға қатысуы туризмнің әдістемелігін, әлеуметтік мазмұнын, жабдықталуын, географиялық ареалын әлдеқайда өзгертті.
Туризм шынында да бұқаралық құбылысқа айналды. 80-90-жылдар шегінде КСРО-да 800 астам туристік клуб, 40 мыңнан астам қоғамдық комиссия істеген, олардың жұмысына 700 мыңға жуық турист қатысқан. Спорттық жорықтарға 250-300 мың турист шыққан.
80-жылдары ата-аналар мен балалары жасайтын жорықтардың саны өсті. Мысалы, 1985 жылы ата-аналар мен балалары № 413 «Закарпатский» (бес жасынан бастап), Мәскеу, Кавказдың Қара теңіз жағалауында, Азов теңізі мен Балтық маңындағы 20 маршрутпен (7 жасар және одан үлкен балаларымен) және 12 жасынан бастап – 29 маршрут бойынша дем алуға мүмкіншілігі болған.
Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңесі автотуристер үшін бүкілодақтық маршруттарды ұйымдастырған. Осындай маршрут жолдамаларына ие болғандардың туристік кемпинг пен қонақүйінде тұруға, тегін автотұрақты пайдалануға, тамақтануға және экскурсиялық қызметке құқығы болған. 1985 жылы: Дондағы Ростовтан Әскери-Грузин жолымен Гаграға дейін, Смоленск – Киев – Львов – Каролино-Бугаз; Мәскеу – Харьков – Алушта; Новгород – Псков – Пярну; Дондағы Ростов – Нальчик – Махачкала – Дербент сияқты бес маршрут жұмыс істеген.
Бүкілодақтық маршруттарға қарағанда республикалық, өлкелік және облыстық туризм мен экскурсиялар кеңестері ұйымдастырған жергілікті жоспарланған туристік маршруттар желісі әлдеқайда тығыз орналасып, КСРО аймағын қамтыған. Олар көбінесе, жақын аймақ жұртына арналған болса да, бірақ осындай маршрут жолдамаларын елдің кез келген жерінде азаматтардың сатып алу мүмкіндігі болған, ол үшін тиісті кеңеске өтінішін жіберсе жеткілікті тұғын.
Республикалық, өлкелік және облыстық туризм мен экскурсиялар кеңестері жоспарланған туризм үшін дәстүрлі емес саяхат түрлерін белсенді дамытқан. Мысалы, Украинада елдегі алғашқы, үңгірлерге баруымен бірге алты күндік «Тернопольщина үнгірлері және өзендері бойымен» («По пещерам и рекам Тернопольщины») спелеомаршруты жасалған. 1985 жылы Кеңес Одағында Алтай, Оңтүстік Орал, Солтүстік Кавказ, Закавказье мен басқа аймақтарда 17 атты маршрут жұмыс істеген. Кейбір жерлерде веломаршруттар да жолға қойылған. Иркутск кеңесі Ольхон аралы, Ленинградтық – Карел мойнағы көлдері, Қазақ кеңесі – Қарқаралы таулы-орманды оазисі бойымен велосипедтік маршрут ұйымдастырған. Пенза, Пермь, Түрікмен, басқа да кеңестер жоспарланған велосипедтік туризмді дамытқан.
Жергілікті жоспарланған маршруттар санына көлік саяхаттары: жылу кемелерімен (өзен және теңіз кемелері), теміржол мен авиациялық саяхаттар жатқан.
Өзен кемелеріндегі саяхаттар Кеңес Одағының барлық ірі өзендерінде: Еділ мен салалары Кама мен Ока, Солтүстік Двина мен Сухона, Онежское, Ладожское көлдері мен Нева өзені, Төменгі Дон, Днепр Киевтен төмен қарай, Обь бойымен Новосибирскіден бастап және Ертіс пен Омбыдан бастап, Енисей бойымен Красноярскіден Диксонға дейін, Лена бойымен Усть-Куттан Лаптевых теңізіне құйған жеріне дейін және Амур бойымен Благовещенскіден Амурдағы Николаевскіге дейін жүргізілген. Еділ және оның салалары бойымен ең ұзақ маршрут Астрахань – Ленинград – Астрахань және біршама ұзақ емес (3-5 күнгі), мысалы, Астрахань – Волгоград – Астрахань немесе Мәскеу – Углич – Мәскеу сияқты маршруттар өткен. 40-қа жуық КСРО еуропалық бөлігі облыстарымен бірге, Әзірбайжан, Армян, Молдавия, Қазақ және т.б. туризм мен экскурсиялар кеңестері, кемелерді жалдап, өз азаматтары үшін Ресейдің басты су жолы бойымен саяхаттарды ұйымдастырған. Еділ бойымен саяхат жасаған туристер үшін негізгі экскурсиялық орталықтары Волгоград, Саратов, Куйбышев, Ульяновск, Қазан, Горький, Мәскеу болған. 20 күн ішінде туристер көптеген қызықтыратын жерлерді көріп шыққан.
Қара теңізде, шығыста Жапон және Охот теңіздерінде, солтүстікте Ақ, Баренц және Карское теңіздерінде теңіз саяхаттары да ұйымдастырылған.
80- жылдары 150-ден астам өзен және теңіз кемелері жыл сайын туристік мақсатта пайдаланған.
Жоспарланған теміржол саяхаттары 60-жылдардың басынан бастап, жақсы дамып келіп, 80-жылдардың соңына қарай барлық республикалық, өлкелік және облыстық туризм мен экскурсиялар кеңестерінің теміржол көлігін пайдаланатын туристік маршруттары ұйымдастырылған. Осы мақсатта арнайы туристік-экскурсиялық пойыздар мен «денсаулық пойыздары» құрылған. 1986 жылы 2600 туристік-экскурсиялық пойыз болған.
Теміржол туристік маршруттар бағдарламалары экскурсиялық орталықтар арасындағы жол түнгі уақытқа сәйкес келетіндей жасалған. Орал, Сібір, Қазақстан мен Қиыр Шығыс тұрғындары үшін одақтық республикалары астаналары мен ең қызықты экскурсиялық орталықтары үстімен өтетін төрт айналмалы: Мәскеу – Минск – Вильнюс – Таллин – Ленинград – Мәскеу; Мәскеу – Киев – Одесса – Херсон – Севастополь – Мәскеу; Мәскеу – Смоленск – Псков – Новгород – Ленинград – Мәскеу; Алматы – Фрунзе – Ферғана – Самарқан – Душанбе – Ашхабад – Бұхара – Ташкент – Алматы маршруты құрастырылған.
80-жылдары авиациялық туристік маршруттар кең тараған. Статистикалық мәліметтер бойынша, ірі қалалар мен аудан орталықтарының 160-тан астам саяхаттар мен экскурсиялар бюролары авиацияны жоспарланған туристік саяхаттарды ұйымдастыру үшін пайдаланған.
Жоспарланған туризммен бірге өзіндік туризм де дамыған. Туризмнің осындай формасы туристік топтің өзі жасаған маршрут бойынша өткізілген, демалыс күнгі қарапайым демалыстан бастап, ең жоғарғы спорттық қиындық дәрежесіндегі жорықтарға дейінгі маршруттарды қамтыған. Статистикаға сүйенсек, 80- жылдары демалыс күнгі жорықтар мен көп күндік саяхаттарға 20 миллионнан астам кеңес одағы азаматтары қатысқан.
80-жылдардың орта тұсында КСРО-да өзіндік туризммен 20-дан 30 миллионға дейін адам шұғылданған [28].
1960-1980 жылдары туризм соғысқа дейінгі жылдардағыдай зорлықпен енгізілген идеологиялық сипатта болған жоқ. Оның материалдық базасы салыстыруға келмейтін мөлшерге өсті. Әртүрлі туристік ұйымдар формасы, ұзақтығы, қиындығы және жайлылығы бойынша неше түрлі мыңдаған маршруттарды даярлады. Туризм одақтық тұрмыстың үйренішті салтына айналып кетті. Дегенмен, туризмнің әлеуметтік сипаты басым болғандықтан, туристік қызмет сұранысы ұсыныстан әлдеқайда асып түскен, ал көптеген туристік-экскурсиялық бюролар барлық қажет еткендерді жолдамалармен қамтамасыз ете алмаған.
1990 жылы «КСРО турисі» белгісін 250 мың турист алған, туризм спорттық дәрежелері 80 мың туристерге берілген, ал 124 турист спорт шебері атағына ие болған. Миллионнан астам мектеп оқушылары туристік жорықтарға қатысқан.
1990 жылдың 24 тамыз күні Туризм мен экскурсиялар бойынша Орталық кеңесінің Коллегиясы «Шаруашылық жүргізудің жаңа жағдайларындағы өзіндік туризмді ұйымдастыруын дамыту және жетілдіру» жайлы «революциялық» қаулы қабылдады.
Туризм мен экскурсиялар бойынша, Орталық кеңес Бүкілодақтық туризм федерациясы мен Өзіндік туризм басқармасына қоғамдық ұйым – КСРО туристік-спорттық одақ құруын ұсынды.
КСРО туристік-спорттық одағы жарғысын талқылап қабылдау үшін құрылтай съезін 14-16 желтоқсанда Мәскеде өткізу шешімі қабылданды. Делегаттардың өкілділігі аумақтық бөліну мен 1989 жылы спорттық дәрежелі жорықтарға қатысқан туристер санына байланысты қарастырылды. Ұйымдастырушы комитет КСРО туристік-спорттық одағының құрылуы туралы Декларацияны әзірледі. Оның негізгі міндеті оған ерікті түрде кірген туристік-спорттық және басқа ұйымдардың жұмыс орындауы үшін барлық жағдай жасау болды.
Құрылтайда Одақтың жарғысы қабылданды, онда Одақ демократиялық қоғамдық ұйым болып табылады деп айтылған. Президенті мен оның төрт орынбасары сайланды. Одақтың Атқару комитетінің бюросы 11 адамнан тұрған. Осындай Одақтар аймақтарда да құрылды. КСРО туристік-спорттық одағының тарихы ұзаққа созылмады.
1991 жылдан бастап КСРО туризмінің даму тарихының жаңа, посткеңестік кезеңі басталды. 80-жылдардың екінші жартысындағы Горбачевтің қайта құру саясаты КСРО-ның құлауына және оның салдары ретінде, Кеңес Одағының біртұтас туристік-экскурсиялық жүйесінің ыдырауына әкеліп соқты. Бұрынғы одақтық республикалардың орнына саяси тәуелсіз мемлекеттердің және ұлттық туристік-экскурсиялық ұйымдардың пайда болу үрдісі басталды.
КСРО ыдырауымен бірге туризм басқару жүйесі де жойылды. Кәсіподақтық туризм өмірі де үзілді. Өзіндік туризм мемлекеттік саясат қарауынан шығып бар мен жоқтың арасында ілініп қалды. Мемлекеттік бюджеттен «туризм» бабы тіпті, жоғалып кетті. Жұрт табысының төмендеуімен бірге ішкі туризм күрт қысқарды. Оның материалдық базасы жоққа айнала бастады.
Жағдайды қалай да болса түзеп, құрылымды сақтап қалу үшін 1992 жылы шілде айында І құрылтай конгресінде Халықаралық туристік-спорттық одақ құрылды. Оның құрушылары Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан, Армения, Молдова, Литва, Мәскеу мен Санкт-Петербург туристік-спорттық ұйымдары болды. Бұрынғы КСРО-ның өзіндік және спорттық туризмнің көптеген жылдар бойы жинақтаған жақсылықтары мен құндылықтарын сақтап қалу шешімі қабылданды.
Осы мезеттен туризм тарихының жаңа кезеңі басталды деп айтуға болады. Қазіргі таңда туристік фирмалардың көпшілігі басқа елдерге бағытталған шығу туризмімен айналысады, ал өз аумағында «қозғалыстың белсенді әдістерін қолданып жасалатын» саяхаттарды, яғни спорттық сауықтыру туризмді ұйымдастыратын фирмалар санаулы болып тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |