Убайдуллаева Г.Ж.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік универсиетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к.
Оспанова Ф. А.
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік универсиетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к.
Резюме: В статье фразеологизмы казахского и янглийского языков рассматриваются с когнитивной позиции, и их роль в описании языковой картины мира. Характеризуется метафорический образ фразеологизмов сопоставляемых языков.
Аңдатпа: Мақалада фразеологизмдер ұлттық таным, когнитивтік лингвистика тұрғысынан сипатталады. Мақалада қазақ және ағылшын тілдері фразеологизмдерінің әлемнің тілдік бейнесін сипаттауы қарастырылады. Қос тілдегі деректерден мысалдар келтіріле отырып, тірек сөз, тілдік бейне, метафоралық образдың ашылу жолдары сөз болады. Әр ұлттың тілінде, бейнелеу сөздер болатыны және сол бейнені беру үшін тірек сөздер қолданылатыны туралы айтылып, қазақ, ағылшын тілінен келтірілген мысалдар арқылы осы екі тілдің фразеологизмдеріндегі тілдің бейнелілігі салыстырылады.
Кілт сөздер: танымдық тіл білімі, әлемнің тілдік бейнесі,тірек сөз, тілдік бейне, тұрақты тіркес, тура және ауыспалы мағына, когнитивизм, фразеологизм, ұлттық сипат т.б.
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРІНІҢ ӘЛЕМНІҢ ТІЛДІК БЕЙНЕСІН СИПАТТАУЫ
Қазақ фразеологиясындағы антропоцентристік бағыт – фразеологиялық бірліктерді когнитивтік, этнолингвистикалық, лингвомәденитанымдық, психолингвистикалық аспектіде қарастыру бағыты. Бұл бағыт фразеологизмдерді ұлттық дүниетанымдық, мәдени, тарихи, материалдық құндылықтарымен сабақтастыра зерттеуге айрықша мән береді. Академик Ә.Т.Қайдар, Ж.Манкеева, С.Сәтенова, Б.Ақбердиева, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, С.Жапақов сияқты тілші мамандардың зерттеулері белгілі бір этногенетикалық қауымдастықтың ақиқат турасындағы таным, түсінігін, ментальді әлемін, ғасырлар бойы үзіліссіз жалғасқан ұжымдық тәжірибесін, рухани және материалдық мәдениетін тіл арқылы танып білуде аса маңызды.
Қазақ фразеологизмдерін когнитивтік, этнолингвистикалық, лингвомәденитанымдық, психолингвистикалық аспектіде зерттеуге бағытталған үшінші бағыт – жиырма бірінші ғасыр тіл білімінің басты парадигмасы – антрпоцетризмнің жемісі, жаңа ғасыр талап етіп отырған ғылыми интеграцияның нәтижесі.
Әр халық әр сөзді өзінше қабылдайды, әр ұлттың өзіндік наным-сенімдері болады. Біз қарастырғалы отырған қазақ, ағылшын тілдері арасындағы ұлттық танымдық байланыс, әсіресе, фразеологизмдерден көрінеді. Тіліміздегі фразеологизмдер халықтың өзімен бірге туып, бірге жасасып келе жатқан көне дүниелер. Сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай, даяр қалпында қолдану жағынан мақал-мәтелдер фразеологизмдерге ұқсайды. Мақалдар негізінен екі бөлімді болып келеді де, алдыңғысында іс -әрекеттің шарты мен жағдайы айтылып, соңынан сол пікірді түйіндеп қорытындылайды. Мысалы, жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа. Сұлу-сұлу емес сүйген сұлу т.б. Мақал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі. Мақалдардың фразеологизмдерге жуықтайтын жері тек тілдегі даяр тұрған материал болғандығында емес, мақал-мәтелдердің көпшілігінде кейде тұжырым оймен қатар бейнелі ишарат жатады. Мысалы, құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады, дегенде біз құстың ұшып-қонуын ойламаймыз, ең алдымен адам туралы, күнделікті өмір тіршілік туралы ойлаймыз. Фразеологизмдердегі сөздің ауыс мағынасы затқа тікелей бағышталмайды, басқа заттар арқылы соған салыстырма ретінде қолданылады. Сонымен қатар фразеологизмдерде қолданылған сөздердің тура және ауыс мағыналары әр халықтың өзінің ұлттық танымына байланысты болады.
Әлемнің ұлттық тілдік бейнесі туралы В.фон Гумбольд пен Э.Сепирдің пікірлерін келтіре отырып: «Тілдегі лексика өзі қызмет етіп отырған мәдениетті өз қалпында көрсетеді»,- дейді зерттеушілер. Сонымен, әлемнің тілдік бейнесі деп белгілі концептілердің жүйелі де кешенді жиынтығын айтамыз. Ұлттың, адамның тіршілігі, өмірі, шаруашылығы, эстетикалық талғамы, мифологиялық, діни, этикалық ұғымдары, әлеуметтік тәжірибесі тіл айналасында, яғни лексикалық қорда, фразелогиялық оралымдарда тайға таңба басқандай өшпес өз ізін қалдырады. Ол іздер тек тілдік іздер емес, сонымен қатар таным іздері де бар.
Ал фразеологизмдерді ұлттық таным тұрғысынан алып әлемнің ұлттық тілдік бейнесін зерттейтін болсақ, тілдің фразеологиялық қабатында әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, мінез-құлқы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жақсы сақталғанын көруге болады. Төмендегі фразеологизмдердің қазақша, ағылшынша нұсқаларының салғастырылған қатарын қарастырып көрелік.
Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір.
The least said, the soonest mended.
Бір оқпен екі қоянды атып алу.
To kill two birds with one stone.
Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық,
Ерте тұрған еркектің ырысы артық.
The early bird catches the worm.
Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.
A bird may be known by its song.
Бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кету.
In one car and out the other. (Ағылшында құлақ деген сөз жоқ.)
Тайға таңба басқандай.
As sure as aggs is eggs.
Денсаулық – зор байлық.
Health is better than wealth. Better - лучше, ал қазақшада зор.
Әр нәрсенің өз уақыты бар.
Everything is good in its season.
Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді.
If you run after two hares, (two hares – екі қоян, қазақшада кеме.)
You will catch neither.
Өз үйім, өлең төсегім.
With friends one is fine, but at home it’s dirine.
Өз үйім, кең сарайдай боз үйім.
East or West, home is best.
Фразеологиялық қабаттың басым көпшілігі сөйлеу құбылысының болмысына қарай отыра, адамның, яғни белгілі бір ұлттың өзі тіршілік ететін, соған бейімделетін қоршаған табиғат әлемі туралы мағлұматтарға бой салуынан пайда болады. Мәселен, «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген қазақ мақалында тірек сөз ретінде жел сөзі қолданылған. Ал ағылшын тілінде түтін («there is no smoke without fire») сөзі қолданылғандығын көреміз.
Көптеген фразеологизмдерің сөз астарында халықтың тұрмысымен, шаруашылығымен байланысты когнитивизм байқалады. Мәселен, көшпелі мәдениеттің өркениетін меңгерген қазақ халқында мал шаруашылығы кеңінен дамығандықтан қазақ тіліндегі фразеологизмдерде түйе, қой, өгіз, бұзау т.с.с. мал атаулары жиі кездеседі. Ортақ өгізден оңаша бұзау артық. Бұл мақал ағылшын тілінде a bird in the hand is worth two in the bush деп, ойдағы екі құстан, қолдағы бір құс артық деген мағынада құс сөзі ғана қолданылады.
Қойшы көп болса, қой арам өледі.
Great cry and little wool. (Сөзбе-сөз: бақташысы зор болса, қойы арық.)
Әр ұлтта өмірдегі нақтылы заттарға, тіршілік иелеріне, құбылыстарға есім беруі, яғни, ат қойып, айдар тағуы сол елдің өз таным-түйсігіндегі қабылдауымен тікелей байланысты болып келеді. Мәселен,
Сөз сүйектен өтер.
Many words hurt more than swords.
(Қазақшасында сүйек сөзі келтірілсе, ағылшыншасында swords – қылыш сөзі келтірілген).
Өзге елде сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол.
A cock is valiant on his own dunghill. Cock – қораз сөзі келтірілген.
Сонымен, фразеологизмдердің ұлттық танымға тікелей қатысты екендігіне көзіміз жетті.
Этностың (бүгінгі ұлыстың, халықтың не ұлттың» тілінде оның басып өткен бүкіл ұзақ өмірінің өрнегі жатыр… Халықтың, яғни этностың шын мәніндегі болмысы мен дүниетаным оның тек тілінде ғана сақталады. Әртүрлі заттың, құбылыстың аты-жөні, сыр сипаты, қоғамдық қатынастар, әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүр жайлы мағлұматтардың бәрі де кейінгі буындарға тек тіл фактілері арқылы ғана, яғни тілдегі сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер арқылы ғана келіп жетуі мүмкін. Этнос атаулының жалпы рухани ескіліктері, жеке сөз түрінде әуелі оның тілінде тіркеледі. Тіл сондықтан этномәдени үдерістің де ең ежелгі көне көрінісі болып табылады. Ұлттық дүниетанымдық ақпарат тілдің фразеологизмдік қабатында айқын көрінетіндіктен қазақ тілі фразеологизмдерін дүниежүзілік бірінші тіл ретінде мойындалып отырған ағылшын тілінің фразеологизмдерімен салыстырдық. Болашақ қазақ азаматтарына үштілділік қасиет дарыту – уақыт талабы.
Жоғарыдағы мысалдардан байқап отырғанымыздай, тілді қоршаған ортамен, адаммен, оның санасы мен жан дүниесімен қатар, етене жақын байланыста қарастыру ғана әлемнің ұлттық тілдік бейнесін кеңінен сөз етуге мүмкіндік жасай алады.
Сонымен, әлемнің тілдік бейнесі деп, белгілі концептілердің жүйелі де кешенді жиынтығын айтамыз. Ұлттың, адамның тіршілігі, өмірі, шаруашылығы, эстетикалық талғамы, мифологиялық, діни, этикалық ұғымдары, әлеуметтік тәжірибесі тіл айналасында, яғни лексикалық қорда, фразелогиялық оралымдарда тайға таңба басқандай өшпес өз ізін қалдырады. Ол іздер қатарында тек тілдік іздер емес, сонымен қатар таным іздері де бар.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Маслова В.А. Введение в когнитивную лингвистику / В.А.Маслова. – Москва: Наука, 2004. – 296 стр.
Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология / Б.Сағындықұлы. – Алматы: ҚазҰУ, 2003. – І б. – 101 бет.
Смағұлова А. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық мәдени аспектілері. – / А.Смағұлова. – Алматы: Ғылым, 1998.–143бет.
Сәтенова С. Қазақ тіліндегі қостағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты: Филол. ғыл. докторы. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясының авторефераты / С. Сәтенова. – Алматы, 1997. – 52 бет.
Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері. / Ж. Манкеева.// Тілтаным, 2001, № 4. – 39-43 бб.
Достарыңызбен бөлісу: |