Сөз тіркесінің жалпы сипаттамасы



бет1/2
Дата17.02.2022
өлшемі23,9 Kb.
#132215
түріҚұрамы
  1   2
Байланысты:
2 лекция


Сөз тіркесінің жалпы сипаттамасы
ж о с п а р ы
1. Сөз тіркесі жайлы түсінік
2. Сөз тіркесінің құрамы мен құрылысы
3. Сөз тіркесінің түрлері
4. Сөз тіркесінің өзіндік белгілері
Тірек сөздер. Сөз және сөз тіркесі, сөз тіркесінің құрамы, басыңқы және бағыныңқы сыңары, сөз тіркесінің құрылысы, сатылы және ортақ байланысуы.

Тіл – қарым-қатынас жасаудың мықты құралы. Сол қызметін атқаруда ол жеке формалардан құралған, жалпыға ортақ жеке сөздерге негізделген сөйлеу тәсілдерін керек етеді. Сондай ойды айтудың ең басты тәсілі – сөйлем.


Кісі сөйлем арқылы біршама аяқталған ойын айтуға жеке сөздерді қатынастырады. Сөздер адамдардың айналасындағы обьективті шындықты тануының сана-сезіміне түскен сәулесі ретінде сөйлем құраудың материалы, ойлау процесінің тірегі болып есептеледі. Сөздер сөйлем құрамында жұмсалу үшін өзара мағыналық, әрі синтаксистік байланыста айтылады да, белгілі қарым-қатынасқа енеді.
Лексикалық мағыналары әр алуан негізгі сөздер ғана сөз тіркестерін құрай алады да, көмекші сөздер тек негізгі сөздердің жетегінде айтылып сөз тіркесінің құрамына кіреді. Сөздер әдетте, дараланған ұғымдарды, лексика- грамматикалық мағыналарды білдіреді. Олар сөйлем ішінде мағыналық үйлесімдіктеріне қарай, тілдің синтаксистік топ құрап тұрады. Сөздер тіркеске енбесе, сөйлем құраудың материалы бола алмайды. Сондықтан сөз бен сөздің тіркеске енуі – олардың ең басты грамматикалық қасиеттерінің бірі болып есептеледі. Өз ара тіркесетін сөздердің сапасы әр түрлі болғандықтан, олардан құралатын сөз топтарының да сапасы әр алуан болады; екі (кейде одан да көп) сөз тіркесінен кейде лексикалық, кейде синтаксистік тіркес жасалады. Синтаксистік тіркестің екі түрі бар: негізгі сөз бен көмекші сөздер тіркесіп, бірі-бірінің грамматикалық мағынасын толықтырады. (мыс: үйге таман, есіктің алды, оқи бастады, оқып кетіп бара жатыр еді), ал толық мағыналы екі сөз тіркесіп, жаңа грамматикалық мағына пайда болады. Мыс: ашық аспан, кең жайлау, бригадирдің көмегі, жолдасына көмектесу.
Осындай екі сөзді тіркестіріп жаңа сөз жасау үшін емес және де бір сөздің грамматикалық мағынасын дәлдеу, толықтыру үшін емес, қосымша, жаңа грамматикалық мағына тудыру үшін тіркескен сөздер тобы ғана сөз тіркесі деп есептеледі де, басқалары түйдекті тіркес деген топқа енеді. Сөз тіркесінің құрамындағы екі сөздің екеуінің де дербес лексика- грамматикалық мағыналары болады.
Бір сөз басқа сөзбен қарым-қатынасқа енбей жеке тұрған қалпында сөйлем мүшесі болмайды; тіркескен сөздердің қосымша мағыналары олардың құрамының лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Сөз тіркесінің бір белгісі – жаңа грамматикалық мағына тудыратын сөздер тобы болатындығы. Екінші белгісі – кемінде толық мағыналы екі сөзден құралып, оның бірі бағыныңқы, екіншісі басыңқы болады да, әр уақытта сабақтаса байланысады. Осыларды ескеріп сөз тіркесіне мынадай анықтама беруге болады. Синтаксистік қарым- қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан синтаксистік тобын сөз тіркесі дейміз.
Сөз тіркесінің құрамында екі компонент болады; бірі – басыңқы бөлегі – сөз тіркесін құраудың бас арқауы, екіншісі – бағыныңқы бөлегі – сөз тіркесінің желісі, оның басыңқымен сабақтасқан бөлегі. Cөз тіркесіне берген анықтамамызда оның кемінде толық мағыналы екі сөзден құралатыны айтылады. Сөздер сөз тіркесінің құрамына енгенде, жаңа лексикалық мағына тумайды, қосымша грамматикалық мағына, толық мағыналы сөздердің ғана тіркесінде пайда болу мүмкін. Сондықтан сөз тіркесінің құрамында толық мағыналы сөздер болуын сөз тіркестерін құраудың басты шарты деп қараймыз.
Көп құрамды сөз тіркесін күрделі сөз тіркесі дейміз. Күрделі сөз тіркесінің құрамында, әдетте түйдекті тіркес болады. Түйдекті былай бөлінеді;
1. Лексикалық. Екі, одан да көп сөз тіркесі бір заттың не оның сапасының атауы болса, оны лексикалық тіркес дейміз. Мыс; мысық құйрық, қара көк. Бұлар – сөздердің тіркескен топтары, бірақ сөз тіркестері емес, лексикалық түйдекті тіркестер. Олар сол түйдегімен сөз тіркесінің бір сыңары болады.
2. Грамматикалық. Екі не одан да көп сөздер тіркесу арқылы сөздердің бұрынғы грамматикалық мағыналары түрленуі мүмкін. Ол үшін толық мағыналы сөздердің шылауында көмекші сөздер айтылады. Мыс: жаза бастады, оқып кетіп бара жатыр еді. Бұлар да сөздердің тіркескен топтары, бірақ сөз тіркестері емес – түйдекті тіркестер.
Түйдекті тіркестер синтаксистік қарым-қатынасты білдіре алмайтындықтан, сол тіркескен тобымен сөз тіркесінің бір сыңары қызметінде айтылады. Мыс: кітап оқып кетіп бара жатыр еді. Мұның бәрі бір сөз тіркесі: бағыныңқысы – кітап, басыңқы сыңары – оқып кетіп бара жатыр еді – түйдекті тіркесі. Торы ат шапқан сайын үдей түседі. Мұнда екі сөз тіркесі бар; 1) торы ат; 2) шапқан үдей түседі. Соңғы сөз тіркесінің құрамында екі түйдекті тіркес бар; шапқан сайын – сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары, үдей түсті – сөз тіркесінің басыңқы сыңары. Осылардай, сөз тіркесінің құрамында түйдекті тіркестер болғанда ғана, олардың құрамындағы сөздердің саны екеуден артық болады да, сөз тіркесі күрделі деп есептелінеді.
Бірқатар лексикалық тіркестер құрамы еркін болмай, тиянақты берік болады. Мыс: жүрегі шайылу, қаһарын төгу, көз қырын салу. Синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін сөздер синтаксистік топ болып ұйысу арқылы сөйлем құрамына енетін болады.
Синтаксистік топтар сөздердің тіркесу қабілеттілігіне негізделіп жасалады. Ал, сөздердің тіркесу қабілеттілігі – сөз таптарының мағыналық және синтаксистік байланыстарына, олардың грамматикалық ерекшеліктеріне негізделетін құбылыс. Сөздердің бір-бірімен тіркесуінен құрылымы және сапасы жағынан әр текті синтаксистік топтар жасалады. Сөз тіркесінің құрамы деген мен құрылысы дегеннің мәні бір емес; құрамы дегенді айтқанда, олардың басыңқы, бағыныңқы сыңарларының қандай-қандай сөз таптарынан жасалғанын ескереміз; құрылысы дегенде, олардың орын тәртібі, сыртқы тұлғалық ерекшеліктерін ескереміз.
Сөз тіркесінің қазіргі жүйесі – тілдің ғасырлар бойы дамып жетілуінің жемісі. Ол тіліміздің даму барысында сөз қолдану тарихымен байланысты қалыптасқан. Лексикалық құрам байып, синтаксистік құрылыс жетілген сайын сөздердің тіркесу қабілеті де арта түседі. Тіркес құрауға сөз неғұрлым көп қатынасса, оның әлеуметтік мәні де соғұрлым арта түседі. Сөз тіркесі құрылымының ерекшелігі мынада; сөз тіркесінің қаңқасы – сөз. Сөздер сөз тіркесінің құрамына енгенде, олар оның не бағыныңқы, не басыңқы сыңары қызметінде жұмсалады. Бұлардың ара-қатынасы әр түрлі. Ол белгілі ұғымды білдіретін сол тіркестегі сөздердің мағыналық ерекшеліктерінен келіп шығады. Сөз тіркесінің ұйытқы бөлегі – оның басыңқы сыңары. Алайда басыңқы мүшенің грамматикалық тұлғасының сөз тіркесін жасауға тигізетін әсері орыс тіліндегідей емес; орыс тілінде есімді сөз тіркестерінің құрамындағы бағыныңқылар басыңқының тұлғасымен үйлесіп тұлғаланса, қазақ тілінде ол жоқ.
Сөз тіркестерінің сөйлемдегі құрылысы былай болады: 1. Сатылы. Сөз тіркестерінің бір сыңары екінші сөз тіркесінің құрамына еніп шиыршықтана береді. Мыс: үйдің терезесін ашып қарадым да, тұрдым дегенде,сөз тіркестері былай құрылған: үйдің терезесі,терезесін ашып қарадым да тұрдым. 2. Ортақ. Кейде бір сөйлемде бірнеше сөз тіркесі болса, солардың бағыныңқылары бір басыңқыға яки, керісінше, бірнеше басыңқы бір бағыныңқыға ортақтасып айтылады.Сізді сыртыңыздан бұрын да білуші едім.
Сөз тіркестерін құрастыру – сөздердің теңін тауып қиюластыру деген сөз. Өзара қиюласатын сөздер ғана сөз тіркестерін құрай алмайды, мыс: көрік сөзімен қыз, әйел, келіншек, адам сөздері тіркеседі; қыздың көркі, әйелдің көркі, келіншектің көркі, адам көркі. Ол сөз ауыспалы мағынада ағаш, жаз сөздерімен де тіркеседі; ағаш көркі (жапырақ), жаздың көркі. Соңғылар анау айтқан табиғи байланыстағы сөздер емес, поэтикалық талғам негізінде қолдан үйлестірілген сөздер тобы. Cөздердің өз ара тіркесу қабілеті бар-жоқтығы, осылай, логикалық талғамға, сөздердің тілде жұмсалу дәстүріне негізделеді. Мағыналық байланысы айқын сөз тіркестерін бұзып басқаша айтудағы қателер өз ара тіркесу қабілеті жоқ сөздерді зорлап тіркестіруден болады. Бақшада өсетін овощтарды бақта өседі деп айту қандай қате болса, тау толқыны, бұтақтың ағашы деп айтуда сондай қате; теңіз толқыны, радио толқыны деуге болады, ал тау толқыны үйлесімі жоқ сөздер. Көркем әдебиетте әшейінде өз ара тіркесу қабілеті жоқ сөздер тіркесіп бір-біріне көлеңкесін түсіріп тұра береді. мыс; бұйра толқын, тулаған толқын, асау терек, асау жүрек. Бұлар морфологиялық тіркестер ақын-жазушылардың шеберлік талғамынан туатын ерекше қызметі бар сөз. Бір сөз табына енетін лексикалық единицалардың басқа сөздермен синтаксистік топ құрау мүмкіншілігі бірдей емес. Әдетте, үстеулер мен көсемшелер етістіктермен тіркеседі. Көсемшенің есімдермен тіркесуі мүмкін емес. Ал, үстеулердің ішінде тек мезгіл үстеулерінің (бүгін, енді, биыл, бір күн) баяндауыш қызметіндегі есімдердің жетегінде айтылу мүмкін. Мыс; бүгін (ай) жарық. Биыл (оның жасы) отызда, (ол) бір күн ауру, бір күн сау.
Сын есім, сан есімдер, әдетте, зат есімдерге қатысты болғандықтан, оларға морфологияда берілген анықтамада заттың сапасын, сынын, санын білдіретін сөздер дегенді айтады. Осыдан ол есімдер те затқа қатысты, зат есімдермен ғана тіркеседі деген ұғым туады. Негізінде солай. Сонымен қатар сын, сан есімдер қимыл процесінің сапалық, есептік амалын білдіру үшін етістікті сөз тіркестерінің де бағыныңқы сыңары бола алады. Мыс: жақсы сөйледі, түсінікті сөйледі: екі айтты, қырық құбылды.
Сөйтіп, көсемше мен үстеулердің етістіктермен тіркесуі сын, сан есімдерден зат есімдермен тіркесуі – олардың сөздермен табиғи байланысы, тілдегі өз қызметтерін атқарғандағысы, тіркесу қабілеті күшті болғандағысы. үстеулердің кейде есімдерде, сын, сан есімдердің оқта-текте етістіктермен тіркесуі – олардың қосымша қызмет атқарғандағысы және тіркесу қабілетінің онша болмағандағысы.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Сөз тіркесіне түсінік бер?
2. Сөз тіркесінің құрамы қандай?
3. Сөз тіркесінің құрылысы қандай?
4. Сөз тіркесінің түрлері қандай?
5. Сөз тіркесінің өзіндік белгілері неде?
6. Күрделі сөз тіркесі дегеніміз не?
7. Басыңқы сыңар мен бағыныңқы сыңар туралы түсінік


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет