Соңғы құрылысы. Сабақтың соңғы құрылысы, тамырдағы секілді соңғы меристеманың – камбийдің пайда болуымен байланысты.
Сондықтан да ол жалаңаш тұқымдыларға және қосжарнақты жабық тұқымдыларға тән. Камбий орталық цилиндрде алғашқы флоэма мен алғашқы ксилеманың арасында түзіледі. Ол прокамбийден және алғашқы өзектік сәулелердің паренхимасынан пайда болады. Камбий сабақтың шетіне қарай соңғы қабықтың элементтерін бөліп шығарады. Соңғы қабықтың өзіне тән – гистологиялық элементтері – сүзгілі түтіктері, серіктік клеткалары, тіндік талшықтары, тіндік паренхималары және өзектік сәулелердіңпаренхималары бар, соңғы флоэмадан тұрады. Өзекке қарай камбий түтіктерден, трахеидтерден, сүректік талшықтан, сүректік паренхимадан және өзектік сәулелердің паренхимасынан тұратын соңғы ксилеманы бөліп шығарады.
Атап көрсеткен жөн, соңғы сүректің элементтері, әдетте соңғы қабықтың элементтерінен әлдеқайда көп бөлінеді. Камбийдің белсенділігінің нәтижесінде сабақ қалыңдап жуандайды. Соңғы құрылысқа ауысқанда сабақтың алғашқы қабығы тамырдағыдай бірден өлмей, тіршілігін жалғастыра береді. Сонымен сабақтың соңғы құрылысы эпидермистен немесе тоздан (пробка), алғашқы және соңғы қабақтан, камбийден, соңғы және алғашқы сүректен тұрады.
Сабақтың соңғы құрылысының алуан түрлілігі, оның алғашқы құрылысының алуан түрлілігіне, сонымен бірге камбийдің белсенділігіне байланысты болып келеді. Сабақтың соңғы құрылысының мынадай типтері ерекше кең таралған: шоқсыз, аралық, шоқты. Құрылысы шоқсыз болып келген жағдайда прокамбий цилиндрдің бойымен түзіліп қалыптасады да, көп ұзамай камбийге айналады. Яғни, сабақтың алғашқы және соңғы құрылысында да флоэма мен ксилеманың элементтері тұтас цилиндрдің бойымен орналасады. Сабақтың құрылысының бұл типі ағаштарға (қылқанжапырақтыларға және жалпақ жапырақтыларға), сонымен бірге кейбір шөптесін өсімдіктерге тән (қызыл бояу, шырмауықгүл, зығыр және басқалар).
Қарағайдың сабағының ортасында аздаған қабықшалары жұқа клеткалардың участогі - өзек орналасады. Өзектен шетке қарай сабақтың көп бөлігін сүрек қабаты (ксилема) алып жатады. Ол трахеидтерден тұратын шеңберлі қабаттар – жылдық сақиналар түзеді. Жылдық сақинаның түзілуін камбийдің жылдық маусымына қарай белгілі бір ырғақпен (ритммен) жұмыс жасауына байланысты болады. Камбийдің ең белсенділік көрсететін уақыты көктем. Осы кезде камбийден қабықшалары жұқа, қуысы кең өткізгіштік қызмет атқаратын түтіктер (трахеидтер) пайда болады. Жазда камбийдің белсенділігі біршама төмендейді де, қабықшалары қалың, қуыстары тар, негізінен арқаулық (беріктік) қызмет атқаратын түтіктер түзіледі. Қыста салқынға байланысты өсімдіктердің вегетативтік кезеңі үзіледі. Соған байланысты камбийдің жұмысы тоқтайды. Сондықтан да жазғы сүректен, көктемге өту күрт болғандықтан, жылдық сақиналар жақсы байқалады.
Сүректің барлық жерінде, әсіресе жылдық сақиналардың күздік участкесінде смола жолдары орналасады. Трахейдтердің сілемін (массив) радиус бойынша бірқатар паренхималық клеткалардан тұратын өзектік сәулелер қиып өтеді. Олар арқылы горизонталь бағытта әртүрлі заттардың жылжып ағуы жүзеге асады. Сонымен қарағайдың сүрегінің құрылысы басқа қылқанжапырақтылардағы секілді біртектес және соған байланысты қарапайым болып келеді: бұларда түтіктерде, сүректік талшықтарда жоқ, ал сүректік паренхимасы тек өзектік сәулелердің клеткаларынан және смола жолдарының эпителиалдық клеткаларынан тұрады.
Сүрекпен соңғы қабық қаабатының ортасында камбий орналасқан. Соңғы қабық алғашқы және соңғы флоэмадан және перициклдық зонадан тұрады. Електік түтіктерінің серіктік клеткалары болмайды. Олардың арасында біршама үлкен, дөңгелек болып келген тін паренхимасының клеткалары орналасады. Өзектік сәулелері флоэмада да бірқатар клеткалардан тұрады, бірақ та олар ксилемадағыларға қарағанда біршама үлкендеу болады. Флоэмадан сыртқа қарай алғашқы қабықтың үлкен паренхималық клеткалары орналасады, олардың ішінде үлкен смола жолдары байқалады. Тозды бір-бірімен алмасып келіп отыратын, қабырғалары жұқа сүректенген клеткалармен, қабырғалары қалың болып сүректенген (ағаштанған) клеткалардың қаабаттары түзеді.
Сонымен қылқанжапырақтылардың қабық қабатында екі структуралық ерекшелікті: електі түтіктерінде серіктік клеткалардың болмауын және алғашқы қабағында да, сүргінде де смола жолдарының болуын атап өтуге болады.
Жөкенің сабағының құрылысы қосжарнақты ағаштарға тән болып келеді. Сабақтың ортасында қабықшалары жұқа болып келетін клеткалардан тұратын өзектің аздаған участоктері орналасады. Өзекті қалың болып келген сүрек қабаты қоршап жатады. Сүрек қабатының өзекпен шектескен жерінде кішілеу төмпешіктер түзіледі. Бұлар негізінен сақиналы және спиральды түтікшелерден тұратын алғашқы сүректің участкелері. Соңғы сүректің қарағайдағы секілді жылдық сақиналары болады, олардың көктемгі учаскілері диаметрі үлкен түтіктерден, ал жазғы және күзгі учаскілері трахеидтері басым болып келетін, диаметрі кіші түтіктерден және сүректерден талшықтардан тұрады.
Сүректің айналасын камбий қоршап жатады, оның сыртында трапеция типтес болып флоэманың учаскілері орналасады. Бұл учаскелер серіктік клеткалары бар, електі түтіктердің қабаттарынан және тін талшықтарының қабаттарымен кезектесіп келіп отыратын тіндік паренхималардан тұрады. Флоэманың учаскелерінің арасында жалпақ өзектік сәулелер орналасады, олар сүрек қабатында бір қатар клеткаға дейін жіңішкереді. Флоэмамен өзектік сәулелерден кейін, шеңбердің бойымен кезектесіп келіп отыратын тін талшықтарының тобынан және паренхималық клеткалардан тұратын перициклдік зона орналасады. Флоэманың учаскелері, өзектік сәулелердің паренхимасы және перициклдік зона бірігіп соңғы қабық қабатын түзеді. Соңғы қабықтан сыртқа қарай алғашқы қабық орналасады. Перициклдік зонаға эндодерма жанасып жатады. Ол ағаштарда жақсы жетілген және өзінен кейін орналасқан, ішінде көп жағдайда қымыздық қышқылы кальцийдің кристалдары кездесетін үлкен паренхималық клеткалардан айырмашылығы жоқтың қасында болып келеді. Осы паренхималардың сыртында табақшалы колленхима мен перидерма орналасады. Кейбір өсімдіктердің жасы ұлғайған сайын, олардың сүрегінің ескі бөлігінде метаболизмнің өнімдері жиналады – илік заттар, смолалар, камедилер, тұздар, соған байланысты оның түсі қараяды. Бұл ядролық сүрек деп аталады. Сүректің қабыққа жақын жатқан ақшыл қабатын шел қабық деп атайды.
Зығырдың сабағының үстінде, сырты кутикуламен қапталған эпидермистің үлкен клеткалары орналасады. Эпидерманың астында ішінде хлорофилл дәндері бар қабықтың паренхималық клеткаларының аздаған қабаты жатады. алғашқы қабық Біршама үлкендеу клеткалардан тұратын эндодерманың толқынды қабатымен аяқталады. Эндодермадан өзекке қарай дөңгелек немесе көп бұрышты қабықшасы қалың болып келген үлкен клеткалардың тығыз тобы жатады.Бұл перициклден пайда болған тіл талшықтары. Зығырды негізінен сонысы үшін егеді.
Тін талшығынан өзекке қарай флоэманың жұқа қабаты, ал одан әрі қарай камбий орналасады. соңғы ксилема үлкен порлары бар түтіктерден, трахеидтерден және сүректік талшықтардан тұрады. Өзекпен шектескен жерде алғашқы ксилеманың ұсақ сақиналы және спиралды түтіктері орналасады.