Ядро және клетканың бөліну жолдары. Клетканың бөлінуі, жаңа клеткалардың пайда болуы қазргі кезде ғылымда толық дәлелденгенімен бірден анықтала қойған жоқ. Бөліну процестері: 1) белгілі бір түрде тән ядро мен цитоплазаның арасындағы қалыпты көлемдік қатынастың бұзылып, цитоплазма мөлшерінің шамадан тыс артуынан клетка ішіндегі тіршілікке қажетті нәрселерді ядроның реттей алмайтындай жағдайға келуінен, 2) клетканың көлемі мен бетінің ара қатынасынан (клетка бетінің көлеміне қатынасы, оның мөлшеріне кері пропорционал, яғни оның көлемі бетіне қарағанда тезірек өседі. Егер клетканың диаметрі екі есе өссе, онда көлемі сегіз, ал беті тек төрт есе ғана өседі), 3) клетканың бөлінуге өз дайындығынан, яғни қажетті мөлшерде белок, нуклеин қышқылдары және энергетикалық материалдарды жинауынан болады. Клетканың бөлінуі әр уақытта ядроның бөлінуінен басталады. Мұның мынадай үш типі бар: амитоз, митоз және мейоз.
Амитоз. Бөлінудің бұл жолын алғаш рет 1840 жылы Н. Железнов сипаттап жазған. Амитоз кезінде аналық ядро, сол сияқты клетканың қалған органеллалары ешқандай құрылымдық өзгеріске ұшырамай, жай ғана екіге бөлінеді, нәтижесінде екі жас клетка пайда болады. Бұл клеткаға ядро заттарының бөлінуі тең қатынаста емес, сондықтан олардың биологиялық теңдігі қамтамасыз етілмейді. Амитоз жоғарғы сатыдағы өсімдіктерде сирек кездеседі.
Митоз. Ядро клетканың зат алмасуын басқаратын орталығы ғана емес, сонымен қатар ДНҚ молекулаларында оның тұқым қуалаушылық қасиетін қалыптастыратын әрі сақтайтын да орын болып табылады. Сондықтын да ол басқа органеллалардың бірінен жасалмайды және цитоплазмада пайдаболмайды. Жаңа ядролардың пайда болуы әрдайым бұрыннан бар ядроның бөлінуіне байланысты.
Митоз – (грекше митоз – жіп) ядроның бөлінуінің күрделі және әмбебап жолы.
Митоз жолымен вегетативтік және дамуының белгілі бір кезеңінде өсімдіктер мен жануарлардың генеративтік клеткалары да бөлінеді.
Митоздың негізгі биологиялық мәні: пайда болатын екі жас клеткаға тұқым қуалау хабарының теңдей бөлінуі және тұқым қуалаудың құрылымдық бірлігі, хромосомалардың санының, пішінінің, мөлшерінің аналық клеткамен бірдей болуы. Әдетте митозды шартты түрде: профаза, метафаза, анафаза және телофаза деп бөледі.
Достарыңызбен бөлісу: |