11 бөлім. Зат алмасу.
Тақырып 11.1. Зат алмасуға сипаттама. Ақуыз, көмірсу алмасуы. Май алмасу. Су тұз алмасу.
Зат алмасу - тірі организмдерге тән қасиет. Қоршаған ортамен зат алмасу - барлық тірі организмдерге тән негізгі қасиеттердің бірі. Адам организмінің жасушаларында бір зат түзіліп, басқа зат ыдырайтын күрделі химиялық реакциялар үздіксіз жүреді. Мысалы, сыртқы ортадан тамақпен бірге түскен күрделі органикалық қосылыстар ас қорыту жолында жай қосылыстарға дейін ыдырайды. Нәруыздар аминқышқылдарына, көмірсулар - глюкозаға, майлар - глицерин мен май қышқылдарына дейін энергия бөліп ыдырайды. Олар қан мен лимфаға өтіп, біздің денеміздің мүшелерінің барлық жасушаларына жеткізіледі. Жасушаларда біздің организмімізге тән нәруыздар, майлар мен көмірсулар биосинтезінің химиялық реакциялары жүреді. Осы кезде биосинтезге күрделі органикалық қосылыстар ыдырағанда бөлінетін энергия жұмсалады. Яғни, биосинтезбен бірге бұрын синтезделген заттардың ыдырауы жүреді. Демек, бір процесс барысында энергия жұмсалады және жинақталады, ал басқа процесс барысында, керісінше бөлінеді.
Осылай организм сыртқы ортадан оттек, органикалық заттар, минералды тұздар мен су алады. Сыртқы ортаға зат алмасудың соңғы өнімдерін: көмірқышқыл газын, су мен минералды тұздардың артық мөлшерін, сондай-ақ несепнәр (мочевина), зәр қышқылының тұздары мен басқа заттарды бөледі. Осы алмасу процесінде біздің организміміз тірші-лігімізге қажет энергияны органикалық қосылыстардан алады. Бұл энергияның көп бөлігі біздің организмімізге қажет күрделі заттардың түзілуіне жұмсалады, ал бір бөлігі жылу түрінде қоршаған кеңістікке шығарылады. Демек, организм мен сыртқы орта арасында зат және энергия алмасу үздіксіз жүреді, оның негізінде өзара тығыз байланысты, бір-бірінен ажырағысыз екі процесс жатыр. Бұл - пластикалық алмасу және энергетикалық алмасу.
Достарыңызбен бөлісу: |