2. Күтіп баптау жұмыстары (арамшөптермен күрес; аурулармен және зиянкестермен күрес; өсу реттегіштерді қолдану; дисикация жұмыстары). Адаммен өсірілмейтін, бірақ ауыл шаруашылық жерлерінде өсіп, мәдени дақылдардың өсуіне және дамуына қысым көрсететін, өнімнің өнімділігі мен сапасын кемітетін өсімдіктерді арамшөптер дейді. Міне, сондықтан егістікті арамшөптер басумен мақсатты кешенді күресу ауыл шаруашылық дақылдарының өнімдерін арттырудың және өндірімнің сапасын жақсартудың үлкен резерві болып саналады.
Жылдар бойы шоғырланған арамшөптер тұқымы диқандарды жаздық бидай егістітіктерінде арнаулы күресу шараларын жүргізуге мұқтаж етті. Солтүстік, сондай-ақ Орталық Қазақстанда бидай егістіктеріне ең мол зиянды көпжылдық атпа тамырлы және тамыр сабақты арамшөптер - егістік қалуен, егістік шырмауық, көген тамырлы бидайық және т.б., біржылдықтардан үлкен зиянды - қара сұлы, жасыл және сұр итқонақ, тауық тарысы және т.б. келтіруде. Егістікте арамшөптер шамалы болғанда астық өнімінің шығыны 5-7%, көп болғанда - 20-30%-ға жетеді.
Тек агротехникалық тәсілдермен арамшөптердің барлық түрлерін, әсіресе көпжылдықтарды, карантиндіктерді және төзімділерін жою мүмкін болмайды, сондықтан жаздық бидай егістіктерінде арамшөптермен кешенді күресу мәселесінде елеулі элементтердің бірі - гербицидтерді қолдану.
«Гербицид» атауы латынның «герба» шөп және «цид» жоямын деген сөзінен шыққан. Арамшөптерге және мәдени өсімдіктерге әсер ету сипаты бойынша гербицидтер әдетте 2 топқа бөлінеді: жаппай әсер ететіндер оларға «Раундап», «Ураган», «Глифосат» жатады және таңдаулық әсерлі гербицидтер. Соңғы топтың гербицидтері өсімдіктердің бір түрін жойса, екіншілеріне зиян келтірмейді, мысалы 2,4 Д тобының «Луварам», «Дезормон» дәрмектері даражарнақты өсімдіктерді зақымдамайды, ал қосжарнақтыларды толығымен жояды, «Пума-супер», «Барс», «Топик» дәрмектері біржылдықтарды (қара сұлы, сұлы , тары) жояды да, басқа өсімдіктерге зақым келтірмейді.
Гербицидтерді 1м2 қалуеннің 2 өсімдігі немесе 15- тен артық қара сұлы, 75 мысыққұйрық және 20-30 аз жылдық арамшөптер болғанда қолданады (58,59). Соңғы жылдары кейбір дақылдардың егістігінде арамшөптердің түрлік құрамының өзгергенін байқауға болады. Оның бір себебі – бір топтың гербицидтерін көп жыл бойы кеңінен қолдану. Гербицидке төзімді кейбір арамшөп түрлері көптеп жиналады да дақылды немесе егістікті негізгі ластаушыға айналады.