5. Ерте көктемгі ылғал жабудың маңызы және оның кешенді шараларының тиімділігі. Ерте көктемгі топырақ өңдеу күзгі кесек топырақты сүдігерде, жазық тілгішті технологиямен дайындалған сүрі жерлерде жүргізіледі және оның физикалық пісу кезеңінде басталады. Негізгі мақсаты –екпе дақылдар тұқымдарын біркелкі сіңіру үшін топырақ бетін тегістеу және қара сұлы тұқымын сіңіру. Тәжірибеде алғашқы көктемгі топырақ өңдеуі «ылғал жабумен» теңдестіреді. Бұл жұмысты жүргізуге творчестволықпен қарау керек: барлық сортаңдау топырақтарда, жаз аяғында немесе күзде терең қопсытудың нәтижесінде ірі топырақ кесектері пайда болған танаптарда ерте көктемгі топырақ өңдеу – қажетті агротехникалық шара. Ол үшін тісті тырмалармен топырақ 4-5 см тереңдікке өңделеді. Ықтырмалы сүрі танабында тырмалау ықтырма бағытымен жүргізіледі, өйткені тырмалардың бітісіп қалмауы және көктемгі қатты желден топырақ бетінің қорғалуы көзделеді. Тым ірі кесекті топырақ бетін тығыздағыштармен (каток) тығыздайды. Карбонатты оңтүстік қара топырағында бетін тегістеу қажеттігі болмаса және 10-12 см өңделген сүдігер де, сонымен қатар күзде ине тісті тырмалармен өңделген алқаптарда ерте көктемде тырмалауды жүргізудің керегі жоқ.
Аралық культивация қара сұлы мен қатты залалданған және триаллат, немесе авадекс енгізілмеген танаптарда жүргізіледі. Культивация қара сұлының жаппай көгі пайда болғанда (1м2 алаңда 50 өсімдік болғанда ) жасалады. Аралық культивациядан қорқудың қажеті жоқ, өйткені қара сұлының жиі көгі топырақты қопсытқаннан кем ылғал жұмсамайды. Жалғыз-ақ бұл жағдайда топырақты қосымша тығыздау қажет. Аралық культивация табанды КПС-4 культиваторымен жүргізіледі, СЗС-2,1 сепкішін және дискілі сыдыра жыртқыштарды да пайдалануға болады (соңынан тырмаланып тығыздалады).
Қара сұлымен жоғары дәрежеде ластанған танаптарға триаллат немесе авадекс қолдануға болады. Оларды себуге дейінгі кезеңнің кезкелген уақытында топыраққа 3-5 см тереңдікке сіңіреді. Ең дұрысы мұны бір агрегатпен іске асырған дұрыс: бүріккіш штангасы тісті тырма немесе сыдыра жыртқыш рамасына бекітіледі. Сонымен гербицид енгізу аралық немесе себу алдындағы культивациялаумен қабыстырып жүргізіледі. Бір есте ұстайтын жайт, қара сұлыға қарсы гербицид енгізілетін танаптарда алғашқы көктемгі өңдеу жұмысын сыдыра жыртқыштармен жүргізген жақсы, өйткені аңыз паясы мен сабан қалдықтары топыраққа сіңіріледі. Бұл енгізілетін гербицидтің тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Себу алдындағы культивация екі мақсатты көздейді: жаздық бидай тұқымы ылғалды қабат пен тығыз орынға орналастырылады және арамшөп көгі құртылады. Ластану дәрежесі және олардың тамырлануына қарай қара сұлыға қарсы дискілі сыдыра жыртқыштар қолданылады, қалуенді жазықтілгішпен кеседі, ал жатаған бидайықты ауыр культиваторлармен тарап құртады.
Себу алдындағы топырақ өңдеуді гербицидті өңдеумен алмастыруға да болады, бұл шара арамшөптерден тазартып қана қоймай, топырақтағы ылғал қорын да сақтауға жағдай жасайды. Себу алдындағы гербицидтік өңдеуді (раундап 36% с.е., 1,8-2,0 л/га) бидайдың кеш себілетін танаптарында себуден 7-8 тәулік бұрын жүргізген тиімді.