Биологиясындағы ерекшеліктер. Күздік бидай биологиясы бойынша жаздық бидайдан ерекшеленеді. Жаздық бидайдан айырмашылығы – оның вегетациялық кезеңі күзде басталады да, келесі жылы жазда аяқталады. Тіршілік үрдісінде күздік бидай өну, көктеу, түптену, түтікке шығу, масақтану, гүлдену және пісу (сүттене пісу, балауыздана және толық пісу) кезеңдерінен өтеді. Алғашқы үш кезеңдері күзде, қалғандары – келесі жылы көтемде және жазда өтеді. Осы кезеңдері бойынша оның биологиялық ерекшеліктерін қарастырайық.
Тұқымның өнуі – бұл тыныштық күйдегі тұқымның белсенді әрекетке көшуі, ол үшін жылу, ылғал және ауа қажет. Тұқымы өз массасының 45-50 % су сіңіргеннен кейін өне бастайды, топырақтың оңтайлы ылғалдылығы ТЫС-тың 60-70 % мөлшерінде болғаны дұрыс. Құрғақ-далалы аймақта алғы дақылды таңдағанда және дайындағанда бұл өте маңызды. Тұқымның суды сіңіруіне температура көп әсер етеді. Күздік бидай тұқмы 0оС-да суды сіңіре алады, бірақ мұндай жағдайда тұқым бөрткенімен физиологиялық өсу үрдісі тоқтап қалады. Топырақ ылғалдылығы ТЫС-тың 60 %-да және температура 4оС-да тұқым ылғалдылығы 50 %-ға жетінші тәулікте, ал температура 10оС-да – 3,5 тәулікте жетеді. Тұқымның өнуі үшін оңтайлы ауа температурасы 14-16оС. топырақ ылғалдылығы өте жоғары, қатты тығыздалып қалғанда немесе топырақ қабыршағы пайда болғанда анаэробты жағдайларда тұқым өнбейді немесе нашар өнеді.
Тұқымның өнуінің алғашқы күндерінде органогенездің бірінші кезеңі жалғасады - өсу конусының әртүрлі ткандерге дифференциясы (оқшаулануы) жүреді, ұрықтық тамыршалармен жапырақшалардың ұзара өсуі күшейеді, ұрықтық сабақ оқшауланады, жаңа жапырақтар ұрықтары қалыптасады. Тұқымның өну мерзімі топырақтың тығыздығы мен оны өңдеу түріне, тұқымның сіңіру тереңдігі мен топырақпен түйісуіне байланысты өзгереді. Құрғақ ірі кесекті нашар өңделген, арамшөптермен ластанған топырақтар күздік бидай тұқымының жаппай өнуіне жағдай жасамайды, мұны өсіру технологиясын жасағанда ескеру қажет.
Егін көгі (көктеу) кезеңі. Топырақ бетіне әуелі колеоптиле шығады, ол жарылады да бірінші нағыз жапырақ пайда болады, осы сәтті егін көктеді деп есептейді. Себуден өсімдіктердің көктеу кезеңінің ұзақтығы температураға, ылғалға ж.б. байланысты. Қостанай облысы жағдайында жақсы дайындалған ықтырмалы сүрі танабында 12-17оС жылылықта күздік бидай 6-9 – тәулікте, ал қуаңшылықты жылдары және сүрі танабы нашар өңделгенде – 10-16 – тәулікте көктеген. Ақмола облысының бұрынғы «Красный флаг» кеңшарында ылғалы бойынша қолайлы 1990 жылы орташа тәуліктік ауа температурасы 18,6оС болғанда күздік бидай 5-тәулікте көктеді, ал температура 15,9оС және 12,8оС болғанда (себу мерзіміне байланысты) тиісінше күздік бидай 6 және 8 – тәулікте егін көгін берді (Аринов К.К., Мусынов К.М., 1996).
Ассимиляция мүшелерінің қалыптасуы 4-тен 30оС-ға дейінгі аралықта жүреді, алайда оңтайлы мөлшері – 12-15оС. көктеу кезеңі жапырақтың пайда болуынан алғашқы үш жапырақтың өсу аралығын қамтиды және органогенездің екінші кезеңіне сәйкес келеді – ұрықтық түйіндер, сабақтар мен олардың буынаралықтары, негізгі гүл шоғырының бас бөлігі оқшауланады, масақ негізі түзіледі. Күздік бидайдың көктеу кезеңінің ұзақтығы өнімді ылғал қоры жеткілікті болғанда және температура ережесі қолайлы қалыптасқанда, әрі қалыпты себу мерзімінде 15 тәулікке дейін өзгереді.
А.И.Носатовский (1965) деректері бойынша қалыпты жағдайларда көктеу кезеңінің өтуіне қажетті оң температура жиынтығы 200оС шамасында.
Күздік бидайды сепкенде топырақтың 0-10 см қабатындағы сіңімді ылғал қорын ескерген дұрыс: егер ол 10 мм-ден жоғары болса – бұл өсімдік вегетациясының қолайлы жағдайларда басталуының сенімді көрсеткіші; 10мм-ден кем болса – егіннің көктеуі жауын-шашынға өте тәуелді; 5 мм-де – егін көгі сирек шығады және оның бастапқы даму кезеңінде өсімдіктердің опат болуы мүмкін.
Жапырақтарының өсуімен бір мезгілде тамыр жүйесінің дамуы жүреді. Үшінші және төртінші жапырақтардың қалыптасу уақытында ұрықтық тамырлар 27-28 см-ге дейін топыраққа бойлайды, бұл уақытта түптену түйіні қалыптаса бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |