Унифицирленген дәріс


Ауыз қуысының ішін тексеруде



бет4/11
Дата26.12.2021
өлшемі187,46 Kb.
#105604
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
add2a74d-60e0-4fd8-ac18-db5f7ac1b9cb-Тіс-пен-ауыз-куысы-ауруларын-алдын-алу-және-емдеу-Стом-301-218863

Ауыз қуысының ішін тексеруде оның кілегей қабаты мен қызыл ерінге, тіл мен тістерге көңіл бөледі. Қызыл еріннің бетінен ақ дақтар, жарылған жерлер, жаралар мен эпителийдің қабыршықтануын тексереді.

Ауыздың кілегей қабаты қалыпты жағдайда беті тегіс, жылтыр, ылғал, ашық күлгін түсті болады. Тексеруді алдымен ауыздың кіреберісінен бастайды. Стоматологиялық айнамен езу мен ерінді тарта отырып, тістер тістесіп тұрған жағдайда ерін, ұрт, өтпелі қатпар, қызыл иектің жағдайын байқайды. Өзгеріс байқалған жағдайда оны сипаттап жазу керек: жалпы кілегей қабаттың жағдайы, табылған патологиялық элементтердің орналасқан орны, сипаты (біреу, бірнеше, топталған, шашылып орналасқан, мономорфты, полиморфты: дақ, эрозия, ойық жара, папула), ағымы (жедел, созылмалы), өсуі (орталықтан, шет жағынан), ауыруы, элементтің түсі, пішіні, көлемі, жиегі, түбінің тығыздығы, тереңдігі, даму сатысы, бөлінетін сұйықтығы т.б. Онда мынадай өзгерістер болуы мүмкін:

а) түсінің өзгеруі, пигменттік дақ, сұр немесе қоңырқай түсті дақтар (организмге қорғасын, сынап түскен жағдайда) және қабыну процестерінің әсерінен қан кернеп қызаруы;

б) шырышты қабықтың құрылысының өзгеруі - папула, дөңес, гиперкератоздың пайда болуынан;

в) шектелген сұйықтықтың жиналуы - пустула, іріңдік, сарысулы ісік;

г) шырышты қабық бүтіндігінің бұзылуы - эрозия, жара, жыланкөз болуы.

Сонымен бірге шырышты қабықтың кеуіп, солғанын да байқауға болады. Науқастың аузы құрғақ болған жағдайда сілекей бездерін тексерген жөн: құлақ маңы сілекей безінің шығарушы өзегін құрғақ мақтамен сүртіп, безді сыртынан сипап, сілекейдің бөлінуін байқайды. Ауру табылған кезде сілекеймен бірге ірің ағуы немесе сілекей аз бөлінуі мүмкін.



Тілді тексергенде оның жалпы мөлшеріне, түсіне, ылғалдылығына, жара, эрозия, афта және тыртықтың бар жоғына, қалыңдығына, бүйір бетінде тістердің ізіне, арқасында қақтың жиналуына көңіл бөледі (қалыпты жағдайда аталғандар болмайды).Туа біткен патологияларда, қабыну процестерінде тілдің құрылысы өзгеріп, салмағы артуы мүмкін, ал тіласты нервінің салдануында, керісінше тіл кішірейеді. Тілді тексерудің негізгі тәсілі – сипап көру (пальпация). Оны жүргізу үшін сол қолдың екі саусағымен тілді сыртқа тартып ұстап тұрады да, оң қолдың екі саусағымен сипап көреді.

Меншікті ауыз қуысының жұмсақ тіндерін пальпация арқылы тексереді, оны оң қолдың сұқ саусағымен жасайды. Бұл кезде ісінген жердің ауыру сезімін, консистенциясын, жайылу көлемін анықтайды. Ауыз қуысының кілегей қабатында түрлі өзгерістер ешқандай ауыру сезімінсіз тез арада пайда болып жатса, ажырату (дифференциалды) диагностикасын қолдана отырып, қатерлі ісікті анықтауға болады. Сондай-ақ, тері (қызыл жалпақ теміреткі (красный плоский лишай), қызыл жегі(красная волчанка)) және венерологиялық (мерез, гонорея) ауруларда, туберкулез, қан, ішек ауруларында да кілегей қабатта алғашқы белгілер көрінуі мүмкін. Ол үшін қосымша тексеру (лабораториялық) әдістері жүргізіледі.

Тістерді тексеруде барлық тістің жағдайын бір шолып шығады. Тісті тексеру үшін науқасты стоматологиялық креслоға отырғызып, аузына жарық түсіреді. Төменгі жақсүйектің тістерін тексеру үшін креслоны төмен түсіріп, науқасты тік отырғызады (басы мен денесі бір жазықтықта болуы керек). Жоғарғы тістерді тексеру үшін науқастың аузы дәрігердің иық белдеуінің тұсында тұратындай етіп креслоны жоғары көтереді, басы артқа шалқаяды.

Дәрігер науқастың оң жағында тұрады, қисаймай, тік отырып, емін-еркін қозғала алатындай жұмыс атқарады.

Тістерді тексеру үшін стоматологиялық айна, пинцет, бұрыштық зонд қолданады. Сол қолға - айна, оң қолға зонд ұстайды. Айнаның көмегімен ерін мен ұртты итере отырып, ауызға жарық түсіреді. Зондпен тістердің көзге оңай көрінетін де, көрінбейтін де беттерін шұқылап, қатты тіндерінде ақау бар-жоқтығын тексереді.

Тістерді қарау төменгі жақсүйектің оң жағының соңғы тісінен басталып, алдыңғы тістерге, одан сол жақтағы тістерге өтеді. Жоғарғы жақсүйектің тістері де осы тәртіп бойынша қаралады.

Алдымен тістің түсіне көңіл бөледі. Тістің түсінің өзгеру себебін науқастың анамнезін мұқият сұрау және қосымша тексерулер арқылы анықтауға болады. Қалыпты жағдайда тіс мөлдір аппақ жылтыр болады. Тістің түсінің өзгеру себебін жалпы және жергілікті деп бөлуге болады.

Жалпы себептердің әсерінен:

- тісжегінің нәтижесінде тіс шектеулі аймақта бор сияқты жылтыры жоқ ақ түстен қоңыр-сұр түске дейін өзгереді;

-пульпасы өлген тістің түсі толық сұрланып, жылтыры жоғалады;

- тиф, жедел экзантема, холера сияқты жалпы ауруларда тістің пульпасына қан толып, тістің түсі күлгінденеді;

- сары ауру, флюороз кезінде тістің түсі сарыдан қоңырға дейін боялады.

Жергілікті себептердің әсерінен:

- хромогенді саңырауқұлақпен (Пристли қағы) зақымданған тістердің мойыны жасыл түске боялады;

- темекі шегетіндер мен металл өңдеушілердің (марганец, никель т.б.) тістері қоңырдан қара түске дейін боялады;

- тісті күмістеу тәсілімен емдеген кезде қара түске боялады;

- галоидтардың (йод, бром) буын жұтқан жұмысшылардың тістері сары түске боялады.

Тіспен бірге оның маңайындағы қызыл иектің жағдайын да тексеру қажет. Қалыпты жағдайда қызыл иек жиегі жұқа, күлгін түсті, тістің мойнына тығыз жабысып жатады. Пародонтопатия кезінде қызыл иектің жиегі қалыңдап, ашық қызыл не көкшілденіп, тіске жабыспай тұрады. Созылмалы периодонтит кезінде қызыл иек пен беттің терісінде жыланкөздер пайда болады. Жыланкөздің тесігінің айналасы көгеріп, грануляциялық тін шығып тұрады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет