4
ОРЫС КЛАССИКАЛЫҚ ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ
АУДАРЫЛУ ТАРИХЫ
Қарастырылатын мәселелер:
1. Қазақ-орыс әдеби байланыстары мен өзара ықпалдастық мәселесі.
2. Қазақ жеріндегі аударма өнерінің дамуындағы мерзімді баспасөздердің
қызметі.
3. Аудармадағы Абай дәстүрі.
4. Ф.М. Достоевский шығармаларының аударылуы.
Жетекші ұғымдар мен тірек сөздер:
әдеби байланыс, көркем аударма,
қазақ-орыс әдеби байланысы, сатылы аударма, орыс классикалық туындылары,
компаративистика, ішкі және сыртқы байланыстар, әдеби байланыстағы ауыс-
түйістер, сентиментальды роман, психологиялық талдау әдісі.
Әдеби байланыстар, сондай-ақ қазақ және басқа ұлттық әдебиеттердің
өзара ықпалдастығы – бұл әдебиеттің дамуындағы маңызды заңдылықтардың
бірі десек, аудармашылардың өз оқырмандарын әлемдік мәдениеттің
жауһарларымен таныстыру ісі қазақ әдеби байланыстары мен көркем
аударманың жандануына ықпал етті.
Аударма өнерінің арқасында әлемдік әдебиет классиктерінің шығармалары
қазақ тіліне аударылып, оның ажырамас бір бөлігіне айналды. Аудармашы әрі
аударма тарихын зерттеген ғалым С. Талжанов өз еңбегінде былай деп атап
өткен: «Аударма төл әдебиеттің егіз туған сыңары, бұлар қатар өседі. Орыс
әдебиетінің тарихы да, қазақ әдебиетінің тарихы да осыған айғақ бола алады»
(2, 145). Зерттеуші еңбегінде қазақ әдебиетіндегі аударма өнерінің әріден келе
жатқан тарихы мен дәстүріне жан-жақты талдау жүргізген. Оның зерттеуі
бойынша қазақ әдебиетіндегі аударманың тарихы әріден басталып, түрлі
кезеңді құрайды.
Осы кезеңге дейін көркем аударма тарихында орыс классиктерінің
шығармаларын аударуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Зерттеушілер
А. Құнанбаевты қазақ-орыс әдеби байланыстарының негізін қалаушы екендігін
бірауыздан мойындайды. Абайтанумен арнайы айналысқан М. Әуезов ХІХ
ғасырдан бастап қазақ әдебиеті әлемдік көркемдік дәстүрді жинақтай
бастағанын және бұл жерде Абай рөлінің басымдығын атап өткен.
Абай Құнанбаев – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, әрі орыс-қазақ
әдеби байланысын нығайтушы ірі қайраткер. Ол араб, парсы тілдеріндегі
Фирдоуси, Хафиз, Саади, Омар Хайям шығармаларынан нәр алды. Шығыс
мәдениеті оның шыңдалуына ықпал етті. Әсіресе, ол сол кездегі орыстың озық
әдебиеті мен мәдениетін ерекше бағалады. Өз халқын орыстың озық
мәдениетімен таныстырып, сол арқылы әлемдік мәдениетке жақындатуды
арман етті. Қазақ және орыс әдеби байланыстарын нығайту мақсатында ол
36
аудармашылық өнерге сүйенді және оны үлкен деңгейге көтерді.
Достарыңызбен бөлісу: |