27
№ 2(135)/2021
ВЕСТНИК Евразийского национального университета имени Л.Н. Гумилева. Серия
Журналистика
BULLETIN of L.N. Gumilyov Eurasian National University. Journalism Series
А. Сайлауқызы
Атырау инженерлік-гуманитарлық институты, Нұр – сұлтан, Қазақстан
(E-mail: alma.sailaukyzy@gmail.com)
ХҒТАР 19. 01.09
«Оян, қазақ!» феномені: әлемдік ақпарат кеңістігінде
Аңдатпа.
Мақалада Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, Қазақ!» туындысы
және оның қоғам санасына тигізген ықпалы талданады. Алдымен феномен ұғымының
мән-маңызын аша отырып, автор бұл туынды не себепті қазақ қоғамының ұлттық,
азаттық санасына әсер еткен құбылыс ретінде бағалануға лайық екенін зерделейді. Со-
нымен қатар, тек қазақ қоғамына ғана емес, жаһандық сипаттағы феномендік құбылыс
сипаттарына дәлелдер келтіріледі. Әсіресе, түрік әлеміндегі туыстас ұлттардың са-
на-сезіміне тигізген ықпалына ғалымдар пікірімен сипаттама берілген. Бұл тақырып
ғылыми ортада феномендік ракурстан зерттеле қоймаған. Мақалада «Оян, қазақтың»
жапон дүниетанымына әсеріне қатысты айтылған кейбір күмәнді ғылыми пайымда-
улар нақты деректермен тексеріледі. Түркия еліне қатысты айтылған тұжырымдар
да сол елдің зерттеуші ғалымдарының пікірімен салыстырылады. Мақалада Міржақып
Дулатұлының «Оян қазағына» қоғамдық құбылыс ретіндегі феномендік қырына тәуел-
сіздік, азаттық санасымен байланыстыра отырып баға берілген.
Түйін сөздер:
Алаш, феномен, азаттық, қоғамдық сана, алаштану, ұлттық сана, тәу-
елсіздік, міржақыптану, ақпараттық кеңістік.
DOI: 10.32523/2616-7174-2021-135-2-27-33
Кіріспе
Алаш арыстарының қазақ қоғамындағы
рөлі туралы алаштану ғалымдары іргелі ең-
бектер жариялап келеді. Міржақып Дулатұлы
жар салған «Оян, қазақ!» ұранын неліктен фе-
номенге теңей аламыз? Ол «оятуды» ұлтымыз
қалай қабылдады?
Бұл феноменнің өз елінен
бөлек басқа да елдерге тигізген әсері туралы
не білеміз?
Туғанына былтыр 135 жыл толған Мір-
жақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» өлеңі
және сонымен
аттас басылып шыққан жыр
жинағы өз дәуірінде қазақ халқының санасын
дүр сілкіндіргенін білеміз. Араға жетпіс жыл
салып, Алаш арыстарының аты ақталып, тәу-
елсіздік алар алдындағы қайта түлеу кезінде
де жаңғырған ұран, ұлттық идея болып жа-
лындап тұрды.
Қоғам қайраткері, ағартушы,
саясаткер, журналист, публицист жазушы,
ақын, зерттеуші, аудармашы, елін сүйген арда
ұл Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағын»
не үшін феноменге теңей аламыз?
Феномен
дегеніміз– гректің «пайда болу» деген сөзінен
енген, қоғамдағы ерекше құбылыс десек, ан-
тикалық философияда оны тәжірибелі білім
пәнін анықтауда қолданған. [1] Саналарды сіл-
кінткен «Оян, қазақ!» ұранының ондай теңеу-
ге ие болуына бірнеше алғышарт бар дей ала-
мыз: 1) қоғамның санасына әсер етуі; 2)жалпы
халықтық сипатқа ие болуы; 3) ұлттық идеяға
айналуы; 4) ақпараттық кеңістікте кеңінен та-
ралуы; 5) өзектілігін жоймаған өміршеңдігі.
«Көзіңді аш, оян қазақ,
көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
28
№ 2(135)/2021
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ХАБАРШЫСЫ. Журналистика сериясы
ISSN: 2616-7174, eISSN:2663-2500
«Оян, қазақ!» феномені: әлемдік ақпарат кеңістігінде
Жер кетті, дін нашарлап,
хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты!..»
Туған елінің отарлау саясатының құрба-
ны болып, жері жұлмаланып, діні мен ділі
шатқаяқтап, рухани
катастрофаның алдында
тұрғанына қамығып, толғауы тоқсан қызыл тіл
арқылы Алаш арыстары өз үнін қосып жатты.
Ахмет Байтұрсынұлы «Масасы» арқылы ха-
лық санасын оятып, езгіге қарсы бас көтеруге
шақырса, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы:
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!» – деп, жарық
күн болып санаға сәуле түсіргісі келді. Ал 1909
жылы небәрі 25 жастағы Міржақыптың бүкіл
қазақ даласын оятқан «Оян, қазақ!» атты өлең-
дер жинағы шығады (Қазан қаласы, «Шарқ»
баспасы). Бұл қоғамдық санаға ерекше әсер
еткен ірі құбылыс болды.