Макроөңірлерді дамыту және ықпалдастыру көліктік, индустриялық, тұрғын үй, әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымдарды тиімді дамыту негізінде қамтамасыз етілетін болады.
Автожол, теміржол салаларында және энергетикада елдің ішкі нарығын кеңейтуге, транзиттік және экспорттық әлеуетті, туризмді ұлғайтуға, сондай-ақ ел макроөңірлерінің тұрақты, теңгерімді энергиямен қамтамасыз етілуін құруға бағытталған басым жобалар іске асырылатын болады.
Көлік-коммуникациялық, энергетикалық, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық салаларды дамыту құрылыс материалдарына, өнеркәсіп өніміне және жабдықтарға айтарлықтай сұраныс туындатады, бұл дамыған индустриялық инфрақұрылымның жұмыс істеуін талап етеді.
Макроөңірлерді қалыптастыру шеңберінде индустриялық инфрақұрылымды дамыту инвестициялардың өсуі мен экономиканы әртараптандыру, жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлік белсенділікті қамтамасыз ету үшін қосымша түрткі болады.
Макроөңірлерде хабтарды қалыптастыру халықтың біршама көшіп-қонуымен ұласатын болады, бұл еңбек нарығына және қалалардың инфрақұрылымына, оның ішінде тұрғын үй қорына жүк түсіреді. Сондықтан тұрғын үй инфрақұрылымы нығайтылады, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту қамтамасыз етіледі.
Макроөңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын (мектептер, балабақшалар, ЖОО) дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, өйткені адами капиталға инвестициялар экономика мен тұтас елдің орнықты дамуының түйінді факторы болып табылады.
Бағдарлама білім беру саласындағы – авариялық мектептер, үш ауысымдық оқыту, балабақшалардың тапшылығы сияқты өткір мәселені, ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасының проблемаларын шешуге бағытталған.
Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында өңдеуші өнеркәсіп саласында шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлікті қаржыландырудың қолжетімділігін ұлғайту бойынша қолдау жалғастырылатын болады.
Тұтастай алғанда, инфрақұрылым мен отандық бизнесті дамытуға мемлекеттік инвестицияларды ұлғайту арқылы Бағдарламаны іске асыру қысқа мерзімді перспективада ғана экономикалық өсуге ықпал етіп қоймай, ұзақ мерзімді перспективада орнықты өсу үшін алғышарт жасайды, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы конъюнктура нашарлаған жағдайда, қазіргі жұмыс орындарын сақтап, жаңаларын құруды қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |