Бастауыш сыныптардағы оқу сабағының түбегейлі мақсаты – оқушыладың жеке басын қалыптастыра отырып, әдеби мұраларға деген талғамын тәрбиелеу, рухани дүниесін кеңейту, ақыл-ойы мен ұлттық сана-сезімін дамытуға ықпал ету, кітап оқуға деген мұқтаждығын қалыптастыру.
Осы мақсатты орындауға келгенде оқу сабағының алдына мынадай міндеттер жүктеледі:
оқушылардың оқу дағдысын қалыптастыру және жетілдіру;
көркем шығармаларға деген қызығушылықтарын арттыру;
шығарманың түпкі мән-мазмұнын түсінуін, эмоциялық қабылдауын қамтамасыз ету,
мәтіндегі сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлем мен сөйлеу дағдыларын үйрете отырып, ана тіліміздегі сөз мағыналарының түрленуіне көңіл аударту.;
шығармадағы көркем бейнелердің ерекшеліктерін аша білуге бағыттау;
ауызекі және жазба тілде байланыстырып сөйлеуін дамыту;
өзіндік ой-пікірін айта білуге үйрету;
оқушылардың бойында ізгілік пен имандылық, адалдық пен мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттерді дарыту.
Бағдарламаның мазмұны осы міндеттерді орындауға бағытталады.
Мектепте білім берудің мазмұны оқу жоспарында, оку бағдарламаларында және оқулықтарда өз көрінісін табады.
Оқу жоспары дегеніміз оқу пәндерінің құрамын, оқу жылы бойынша бүларды оқытып-үйретудің тәртібі мен рет-жөнін, әрбір пәнге бөлінген сабақ санын анықтайды, сондай-ақ оқу жылының құрылымын белгілейтін мемлекеттік құжат.
Оқу жоспарына сәйкес оқу бағдарламасы жасалады.
Бағдарлама – оқытудың мақсаты мен міндеттерін жүзеге асырудың, пәннен білім берудің стратегиялық бағыттарының тактикалық шешілуі жолдарын нақтылы көрсететін біртұтас әдістемелік жүйе.
Бастауыш сыныптардағы оқыту үдерісінде әр алуан оқыту құралдары пайдаланылады. Олардың ішіндегі негізгісі оқулық болып табылады.
Оқулық мазмұны мен құрылымы «Әдебиеттік оқу» пәнінің мемлекеттік стандартына сәйкес дайындалған «Әдебиеттік оқу» бағдарламалары (2-4 сынып) құрылымына сәйкес жүйеленген. «Әдебиеттік оқу» пәні аптасына 4 сағаттан жылына 136 сағат болып белгіленген. Соған орай пән бойынша сабақтың күнтізбелік жоспары жасалып, сабақ тақырыптарының көлемі мен мазмұнына сай сағаттар көрсетілген. Оқу материалдары баланың жас ерекшеліктеріне сай таңдалып алынған..
Жаңа оқулықтардағы материалдар жүйеленуі жағынан дәстүрлік-тақырыптық ұстанымдарға негізделген, яғни бірнеше материал бір тақырыпқа жинақталып, топталып беріледі. Мұндағы мақсат − белгілі бір тақырып бойынша оқушыларға түрлі уақиғаларды суреттейтін сан алуан материалдарды оқыту арқылы жан-жақты ұғым, кең мағлұмат беру.
Оқулықтарға енген материалдарды тақырыбы мен мазмұны жағынан топтасақ, екі үлкен бөлімнен тұрады: көркем мәтіндер және ғылыми-танымдық мәтіндер.
Бұл бөлімдердің әрқайсысының мазмұнында да, оқу әдістемесінде де өзіне тән ерекшеліктер бар.
Көркем шығармалар ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті үлгілерін қамтиды.
Ауыз әдебиетінің мынандай үлгілері: балаларға арналған ойын өлеңдері, төрт түлік жырлары, ертегілер мен аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар, шешендік сөздер мен билер сөздері, нақыл сөздер мен мысалдар, батырлар жырларының үлгілері, өтірік өлеңдер мен айтыс өлеңдері кең орын алады.
Жазба әдебиет үлгілерінен ақын-жазушылардың балаларға арналған таңдамалы шығармалары қамтылды.
Білім мазмұнын мектепте тиімді оқытып, оның басты мақсатын жүзеге асыру оқытуды оқу–әдістемелік кешен жасаумен тығыз байланысты жүзеге асады.
Бастауыш мектепке арналған әдебиеттік оқу топтамасы:
«Ана тілі» оқулығы (2-4 сыныптар);
Ана тілін оқыту әдістемесі (2-4 сыныптар);
Ана тілінен оқу хрестоматиясы (2-4 сыныптар);
Ана тіліне арналған үлестірмелі-дидактикалық материалдар (2-4 сыныптар);
Ана тілінен мазмұндамалар мен шығармалар жинағы (2-4 сыныптар);
Ана тілі бойынша сюжетті-иллюстративті суреттер.
Білім беруде мұғалімнің рөлі білім беру, біліктіліктер мен дағдыларды сіңіруде ғана емес, оқушы өзінің жеке әлеуетіне сүйенетін және оқытудың жаңа технологияларын пайдаланатын тиісті білім беру ортасын құруда болып табылады. Бүгінде ізденгіш мұғалімдер «Әдебиеттік оқу» пәнінен шығармашылық әдістерді тиімді пайдаланып жүр. Солардың бірі «Миға шабуыл» әдісі:
1. Бұл әдіс бойынша ұйымдастырылған сабақта басшы, бағыныштылар жоқ. Жүргізушілер мен қатысушылар бар.
2. «Миға шабуыл» үлгімен ойлауды қажет етпейді. Қалыптасқан дәстүрден тыс өзін еркін ұстайды.
3. Қиялыңды қанаттандыр. Қатысушылардың біреуінің идеясы қиял-ғажайып, орындалмайтын болса да, оны қолда.
4. Жаныңдағыларды қолдап отыр, қойған сұрақтарына толық жауап бер.
5. Талқылау кезінде ештеңені алып тастауға болмайды. Өзара сыни пікірлерге, бағалауға тыйым салынады.
6. Өз ойыңды қысқа да нұсқа жеткіз. Идеялардың неғұрлым көп болғаны тиімді.
7. Ынта мен сенімділік адамның ойлау энергиясын(қуатын) нығайтады.
Соңғы жылдары бастауыш саты оқушыларына мұғалімдер пікірсайыс, пікірталас әдістерін де тиімді пайдаланып, оқушылардың тілін байыту, сөз өнеріне баулу әрекеттерінде нәтижелі жұмыстар атқарып жүр. Пікірсайыс белгілі шешім, қаулы қабылдауды талап етпейді,
1.«Дәлелденген эссе» стратегиясы – белгілі бір тақырып бойынша екі оқушы шығып, пікірталас өткізеді.
Эссе жазу тәсілі – француз тілінен аударғанда «шағын көлемдегі ойталқы жазу», яғни белгілі бір көріністен алған әсерін, белгілі бір сұрақ төңірегіндегі ойға түйгенін қағаз бетіне түсіру.
2. Insert - «Түртіп алу жүйесі» стратегиясы − мәтінмен жұмыс кезінде орындаған жөн. Бұл стратегияны пайдалану үшін мәтіннің талдануға ыңғайлы, баланың түсінігіне лайық, жете меңгере алатындай бірнеше мәліметтері болуы керек. Оқушы мәтінді оқу кезінде бірнеше белгілер қойып отырады.
«!»- білемін
«-»- келіспеймін
«+»- мен үшін жаңа
«?»- таң қалдым, сұрақ туды
Оқып, белгілеп болғаннан кейін оқушы жеке отырып кестені мәліметтермен жоғарыдағы үлгі бойынша толтырады. Артынан жұппен, топпен талқылау өткізеді.
3. «Әдеби үйірме» стратегиясы − берілген мәтінді оқу, талдау жұмыстарын өткізгеннен кейін сыныпты топтарға бөлу.
1-топ. Сілтеме табушылар (Мәтіннің қызықты жерлерін табады.)
2-топ. Сұрақ қоюшылар (Мәтіннің желісі бойынша топты ойландыратын сұрақ қойады.)
3-топ. Баяндаушы (Мәтін бойынша, топта өткен ой талқысы туралы баяндама жасайды.)
4-топ. Ізденуші (Қосымша ақпарат, мәлімет жинақтайды.)
5-топ. Реттеуші. (Ой талқысына қатысады, кезекпен сөйлейді, тәртіпті, бәрінің қатысуын қадағалайды.)
Бұл тарауларды сабақтың тақырыбы бойынша өзгертуге болады.
4. «Биопоэма» стратегиясы − сынып оқушыларын екі-екіден жұптап отырғызу. Төмендегі сұрақтарды тірек ете отырып, бір-біріне сауалнама өткізеді. Сол арқылы бір-бірін жақынырақ танып, көршісі туралы поэма жазады.
|