Қазақстан республикасының конституциялық кеңесі қазақСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ конституциялық кеңесі қаулыларының жинағы астана-2010


Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының



бет23/45
Дата29.01.2018
өлшемі7,99 Mb.
#35947
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   45

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының

1-тармағын ресми түсiндiру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2001 жылғы 21 желтоқсандағы N 18/2 қаулысы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелерi Н.I. Өкеев, Ж.Д. Бұсырманов,
А. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Ш.А. Оразалиновтiң қатысуымен, өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнiшiн қарады.

Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашылар Конституциялық Кеңестiң мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов пен


А.К. Котовты, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны
АНЫҚТАДЫ:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне
2001 жылғы 28 қарашада Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының
1-бабы 1-тармағын, "Қазақстан Республикасы өзiн ...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары", – деген сөздерi бөлiгiнде ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнiшi келiп түстi. 

Өтiнiште, "Қазақ КСР-iнде азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" Заңның талаптарын бұза отырып, Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi алқасының 1994 жылғы


23 қыркүйектегi N 5 қаулысымен зейнетақыны қайта есептеу үшiн төмендетiлген базалық көрсеткiш белгiленгенi, соның нәтижесiнде зейнетақының ең аз мөлшерi де, ең көп мөлшерi де едәуiр төмендетiлгенi айтылған. Бас прокуратураның талап-арызы бойынша Жоғарғы Сот бұл құжатты заңдарға қайшы келедi деп тапты. Соған қарамастан, Республика Үкiметi 1996 жылғы
12 шiлдеде N 899 қаулы қабылдап, базалық көрсеткiштi белгiлеу жөнiндегi мәселенi Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi қалай шешкен болса, бұл қаулыда да ол солай шешiлген болатын. Одан тыс, бұл нормалар Үкiмет актiсi шығардан анағұрлым бұрын туындаған құқықтық қатынастарды қамтитын, ал ол Республика Азаматтық кодексi 4-бабының азаматтық заң актiлерiнiң керi күшi туралы ережелерiне қайшы келетiн. 

Парламент депутаттарының пiкiрiнше, Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң және Үкiметтiң жоғарыда аталған қаулылары арқылы, экономикалық мақсатты көздей отырып заңдылық принциптерi бұзылған, соның нәтижесiнде зейнеткерлердiң конституциялық құқықтарына нұқсан келген.

Жоғарыда баяндалғанға орай депутаттар Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы 1-тармағына, "әлеуметтiк мемлекет, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары", – деген ұғымдары бөлiгiнде, Республика Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң және Үкiметiнiң жоғарыда аталған қаулыларына қатысты қолданыста түсiндiрме берудi сұрайды.

Өтiнiштi қарау кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны ескердi. 

1. Өтiнiштен келiп шығатыны, Республика Конституциясының 1-бабы 1-тармағын түсiндiруден тыс, Парламент депутаттары Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi алқасының 1994 жылғы 23 қыркүйектегi N 5 және Республика Үкiметiнiң
1996 жылғы 12 шiлдедегi N 899 қаулыларының конституциялылығы туралы мәселе қояды.

Парламент депутаттарының конституциялық нормаларды ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнiштерiн қарау Конституциялық Кеңестiң құзырына кiредi.

Нормативтiк құқықтық актiлердiң Конституцияға сәйкестiгi туралы мәселеге келер болсақ, Конституцияның 72-бабы
1-тармағына сай, Конституциялық Кеңес депутаттардың мұндай өтiнiштерiн қарай алмайды. Бұл аталған құқық Конституцияның
72-бабы 2-тармағымен соттарға берiлiп, ол Конституцияның
76-бабы 2-тармағының және 78-бабының ережелерi шеңберiнде жүзеге асырылады.

Республиканың Конституциясы, заңдары, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi мен халықаралық шарттары негiзiнде туындайтын барлық iстер мен даулар, Конституцияның 76-бабы 2-тармағымен сот билiгiнiң юрисдикциясына жатқызылған.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 1-бабына сай, Конституциялық Кеңес өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде саяси және өзге себептердi негiзге ала алмайды және соттардың немесе басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне жататын барлық жағдайларда өзге мәселелердi анықтау мен зерттеуден қалыс тұруға мiндеттi.

Атқарушы билiк органдарының зейнетақыны қайта есептеу үшiн базалық көрсеткiш есебiн жасауының заңдылығы туралы мәселе, Конституциялық Кеңестiң емес, соттардың және тиiстi өкiлеттi мемлекеттiк органдардың қарау нысаны болып табылып, олар Конституция нормаларының жоғары тұруы туралы принциптердi ескеруге тиiс.

2. Конституцияның 1-бабының 1-тармағы, "Қазақстан Республикасы өзiн ...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; ...", – деп жариялайды. Конституцияның I-бөлiмiнiң бұл жалпы ережесi, Қазақстан, мемлекеттiң мүмкiншiлiгiне қарай отырып, өзiнiң азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасау және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алатын мемлекет ретiнде дамуға ниет танытады дегендi бiлдiредi. Бұл ереже Негiзгi Заңның мынадай: азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға, тынығу, заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы (24-бап); жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiне, әлеуметтiк қамсыздандырылуға кепiлдiк берiлуi және ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуi (28-бап); азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмек көлемiн тегiн алуға құқығы (29-бап); тегiн орта бiлiм алуға, конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiлуi (30-бап); адамның өмiр сүруi мен Денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттiк қорғау (31-бап); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттiк қорғау (27-бап); мемлекеттiң азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасауы, тұрғын үйдi заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретiн ақыға беруi (25-бап), сияқты әртүрлi нормаларында ашылады.

Конституцияның 1-бабы 1-тармағының талданып отырған ережесiнде "өзiн орнықтырады" деген тiркес қолданылған, ол әлеуметтiк мемлекет ретiнде Қазақстан дамуының ырғақтылығын көрсетедi, оған сөзсiздiк және әлеуметтендiру процесiне бағытталғандық сипат бередi. Республиканың өзiн әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыруы, сондай-ақ Қазақстан қоғамында әлеуметтiк әрiптестiк пен оң қарсыластық дамуын көздейдi.

Қазақстан Республикасы үшiн, Конституцияның 1-бабының
1-тармағына сай, "адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына болып табылады". Конституцияның I-бөлiмiнiң бұл жалпы ережесi Қазақстан Республикасы үшiн жалпы адамзат құндылықтарының басымдығы болатынын айғақтайды.

Конституцияның II-бөлiмiнде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының тiзбесi берiледi. Конституцияның 12-бабы 2-тармағына сай, адам құқықтары мен бостандықтары оларға тумысынан жазылған, олар абсолюттi болып танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағын және 12-бабының


2-тармағын ресми түсiндiру туралы" 1996 жылғы 28 қазандағы қаулыда былай: "адам құқығы мен бостандығы, осы құқық пен бостандықтың жүзеге асырылуының жағдайлары мен тәртiбiн белгiлеушi заңдар жасаған және қабылдаған кезде Конституция жариялаған адам құқығы мен бостандығы негiз болады. Адам құқығы мен бостандығын белгiлеушi заңдарды, Конституцияның
39-бабының 3-тармағында келтiрiлгендердi қоспағанда, мемлекеттiң шынайы әлеуметтiк-экономикалық мүмкiндiктерiне қарай, белгiленген тәртiппен заң шығарушы орган өзгерте алады", – деп атап көрсеткен болатын. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын,


76-бабының 2-тармағын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 1-бабын,
17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағы, "Қазақстан Республикасы өзiн ... әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары." деген сөздерi бөлiгiнде, Қазақстан Республикасы мемлекеттiң шынайы мүмкiндiктерiне сәйкес әлеуметтiк мемлекет мiндетiн орындауға ұмтылады дегендi бiлдiредi. Қазақстанда Конституцияға сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

2. Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 12 шiлдедегi N 899 қаулысының және Қазақстан Республикасы Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi алқасының 1994 жылғы 23 қыркүйектегi N 5 қаулысының Конституцияға сәйкестiгiн, өтiнiш нысанына қатысты қолданыста қарауға хақылы емес.

Конституцияның 76-бабы 2-тармағына сәйкес, Конституцияның, заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзiнде туындайтын барлық iстер мен даулар сот билiгiнiң құзырына кiредi.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы


3-тармағына сәйкес осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын. 



"Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни

сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының конституциялылығын тексеру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2002 жылғы 4 сәуiрдегі N2 қаулысы

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев,
С.Ф. Бычкова, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:

Мемлекет басшысының өкiлi – Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк-құқық бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Н.В. Белоруковтың,

Республика Парламентi Сенатының депутаты Б.Ғ. Жүсiповтiң және Республика Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты А.Ә. Айталының,

Республика Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрi М.А. Құл-Мұхаммедтiң,

Республика Бас Прокурорының орынбасары
А.Қ. Дауылбаевтың,

Республика Үкiметi жанындағы Дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi кеңестiң хатшысы А.М. Мұқашовтың,

сарапшылар – Қазақ гуманитарлық-заң университетi азаматтық құқық және процесс кафедрасының меңгерушiсi, заң ғылымының кандидаты, доцент М.Қ. Өмiрқұловтың және
Е.Ә. Сапаровтың қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының конституциялылығын тексеру жөнiндегi өтiнiшiн қарады.

Қазақстан Республикасы Парламентi Палаталары, Үкiметi, Жоғарғы Соты, Бас прокуратурасы және ЕҚЫҰ/ДАҚБ-ның дiн мен дiни сенiм бостандығы жөнiндегi сарапшыларының консультативтiк комитетi ұсынған құжаттарды, сондай-ақ конституциялық iс жүргiзудiң өзге де материалдарын зерделеп, баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi Қ.Ә. Омархановтың баяндамасын, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны
АНЫҚТАДЫ:
1. "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Республика Парламентi 2002 жылғы
31 қаңтарда қабылдап, 2002 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына берген.

Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңеске жоғарыда аталған Заңның конституциялылығын тексеру туралы


өтiнiш жiберген.

2. "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заңды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi мәнiнде қарай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мына ережелердiң конституциялылығына назар аударды:

Заңның, дiни нанымдарды тарату бостандығын жүзеге асыру құқығы заң актiлерiмен шектелуi мүмкiн делiнетiн 3-тармағының
3) тармақшасы;

ислам дiни бiрлестiктерiн мемлекеттiк тiркеу Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының ұсынысы бойынша жүзеге асырылатындығы туралы 3-тармақтың 13) тармақшасы;

Заңның, мұсылмандық ғибадат үйлерi мен ғимараттарын салу және (немесе) ашу Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының рұқсатымен жүзеге асырылуын көздейтiн
3-тармағының 17) тармақшасы.

3. Дiни нанымдарды тарату бостандығын жүзеге асыру, Республика Конституциясы 20-бабы 2-тармағының: "Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат ... таратуға құқығы бар" деген нормасынан туындайды.

Конституцияның 39-бабы 1-тармағына сәйкес, бұл аталған құқық конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн. "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заңның 3-тармағы 3) тармақшасындағы, дiни нанымдарды тарату құқығы заң актiлерiмен шектелуi мүмкiн деген ереже, осы конституциялық талапқа қайшы келедi, себебi заңға немесе Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлығына қарағанда заңдық күшi аз нормативтiк құқықтық актi арқылы адамның және азаматтың құқықтарын шектеуге жол бередi, өйткенi, "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы Республика Заңының 1-бабына сай, Республика Парламентi мен оның Палаталарының қаулылары да нормативтiк құқықтық актiлер ұғымына кiредi.

4. Конституцияның 1-бабы 1-тармағымен көзделген, мемлекеттiң зайырлы сипаты, дiннiң мемлекеттен бөлiнуiн бiлдiредi.

Бұл аталған норма-принцип өзге конституциялық нормаларда нақтылана түседi. Конституция 5-бабының 1-тармағына сәйкес қоғамдық және мемлекеттiк институттардың бiрiгiп кетуiне жол берiлмейдi. Конституцияның 14-бабына сай заң алдында жұрттың бәрi тең, бұл, зерделеу нысанына қатысты қолданыста, барлық дiндер мен дiни бiрлестiктер заң алдында бiрдей екенiн, кейбiр дiндер мен дiни бiрлестiктерге басқаларға қарағанда қандай да бiр артықшылықтар жасалуына жол берiлмейтiнiн, дiнге көзқарасына, нанымына байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынатынын бiлдiредi.

Ал бұл орайда болса, "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заңның 3-тармағы 13) тармақшасымен, ислам дiни бiрлестiктерiн мемлекеттiк тiркеу Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының ұсынысымен жүзеге асырылады деп белгiленедi. Одан тыс, Заңның 3-тармағы 17) тармақшасының нормалары, мұсылмандық ғибадат үйлерi мен ғимараттарын салу және (немесе) ашу Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының рұқсатымен жүзеге асырылатынын көздейдi.

Осылайша, Заңмен, ислам дiни iлiмiн уағыздаушы азаматтардың дiни бiрлестiгi болып табылатын, Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасына (жарғысын 1996 жылғы
23 мамырда Алматы қаласында Республика Әдiлет министрлiгi қайта тiркеген), мемлекеттiң айрықша құзырына жататын, рұқсат беру сипатына ие өкiлеттiк берiледi.

Конституциялық Кеңес бұдан Республика Конституциясы


1-бабы 1-тармағының, 5-бабы 1-тармағының және 14-бабының ережелерiн бұзуды тауып отыр.

Баяндалғанның негiзiнде Республиканың Конституциялық Кеңесi, "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы


деп есептейдi.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы


1-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы
2-тармағының 1) тармақшасын, 31, 32, 33, 37, 38 және 39-баптарын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасының Парламентi 2002 жылғы
31 қаңтарда қабылдап, 2002 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына келiп түскен, "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылсын.

2. Аталған заңға, Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 1-тармағына сай, қол қойылмайды және ол күшiне енгiзiлмейдi.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының
3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.



"Саяси партиялар туралы" Заңның Қазақстан Республикасы

Конституциясына сәйкестiлiгiн тексеру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2002 жылғы 11 шiлдедегі N 6 қаулысы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев,
С.Ф. Бычкова, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:

Мемлекет басшысының өкiлi - Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк-құқық бөлiмi меңгерушiсiнiң бiрiншi орынбасары Т.С. Донақовтың

Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты мен Мәжiлiсiнiң депутаттары Е.Ж. Жұмабаев пен Р.Қ. Сәрпековтiң;

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесi В.К. Фоостың;

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевтың;

Әдiлет бiрiншi вице-министрi Б.Ғ. Рахымбековтiң, Әдiлет министрлiгiнiң Тiркеу қызметi комитетi төрағасының орынбасары Е.Ә. Сапаровтың;

Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi Iшкi саясат департаментi директорының орынбасары С.Ә. Қожкеновтiң қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Саяси партиялар туралы" Заңның Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiлiгiн тексеру туралы өтiнiшiн қарады.

Қазақстан Республикасының Парламентi Палаталары, Yкiметi, Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратурасы берген құжаттарды, сондай-ақ конституциялық iс жүргiзудiң өзге де материалдарын зерделеп, баяндамашыны – Конституциялық Кеңестiң мүшесi А.К. Котовты, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны
АНЫҚТАДЫ:
"Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Парламентi 2002 жылғы
26 маусымда қабылдап, 2002 жылғы 2 шiлдеде Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына ұсынды.

Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес мемлекет басшысы Конституциялық Кеңеске жоғарыда аталған Заңның конституциялылығын тексеру туралы


өтiнiш жолдады.

"Саяси партиялар туралы" Заңды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi мәнiнде қарай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны ескердi.

Конституцияның 12-бабы 1-тармағы, Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi деп белгiлейдi. Конституцияның 23-бабы 1) тармақшасына сай, Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар, бұл бiрлестiктердiң қызметi заңмен реттеледi. "Саяси партиялар туралы" Заңның 3-бабы 1-тармағында бекiтiлетiн, Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға еркiн бiрiгу құқығы, Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандылық танылатындығы туралы Конституция жалпы ережелерiнiң 5-бабы 1-тармағынан туындайды. Демек, азаматтардың саяси партияларға еркiн бiрiгу құқығы олардың бiрлесу бостандығы құқығына сәйкес келедi, бұл бiрлестiктердiң ерекше түрлерi жекелеген заңдармен реттелуi мүмкiн.

Саяси партияларға еркiн бiрiгу құқығы – ұжымдық құқық, оны Республика азаматтары бiрлесiп және олардың әрбiрiнiң жеке таңдауы бойынша iске асырады. Ол абсолюттi болып табылмайды және заң шығару арқылы шарттастырылуы мүмкiн. Мемлекет, саяси партиялардың, оның iшiнде заңды тұлғалар ретiнде, құқықтары мен заңды мүдделерi сақталуын қамтамасыз ете отырып, сонымен бiр мезгiлде олардың құрылу және қызмет iстеу жағдайлары мен тәртiбiн заң арқылы белгiлеуге хақылы, бұл адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық стандарттарға


жауап бередi.

"Саяси партиялар туралы" Заңның 5-бабы 8-тармағында, "азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi", - деп белгiленген. Заңның бұл ережесi Конституцияның әлеуметтiк теңдiк, қоғамдық келiсiм және Республиканың тұтастығы туралы жалпы ережелерiмен келiседi, мемлекет пен қоғамдық бiрлестiктердiң өзара қарым-қатынастарының конституциялық негiздерiне сәйкес келедi. Конституцияның 5-бабы 1-тармағына сай, Республикада қоғамдық және мемлекеттiк институттардың бiрiгiп кетуiне, мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.

Конституциялық Кеңес Заңның 4-бабы 6-тармағының, "саяси партиялардың тұрақты жұмыс iстейтiн органдарында қызмет атқаратын адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек, әлеуметтiк қорғау және әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдары қолданылады", деген ережесiне назар аударады. Саяси партиялар iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне саяси партиялардың араласпауын, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктердi мемлекеттiк қаржыландыруға конституциялық тыйым салуды (Конституцияның
5-бабы 2-тармағы), саяси партияларға бiрiккен және оның органдарында тұрақты жұмыс iстейтiн азаматтардың әлеуметтiк құқықтарын кемсiтуге жол берiлетiн мүмкiндiк деп түсiнбеу керек.

Саяси партиялардың қызметiне қатысу да, саяси партиялар қызметiнiң өзi де Конституциямен кепiлдiк берiлген адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға тиiс. Дәл сол сияқты, кез-келген саяси партияға мүше болу Республика азаматының конституциялық мiндеттерiн атқарудан босатпайды. Өз мiндеттерiн атқару кезiнде мемлекеттiк қызметкерлер мен депутаттар саяси партиялар мен олардың органдары шешiмдерiне тәуелдi болмайды.

Конституциялық Кеңес "Саяси партиялар туралы" Заңның
10-бабы 6-тармағының нормасын талдай келе, оның саяси партияны мемлекеттiк тiркеудiң шарты түрiнде сан өлшемiн белгiлейтiнiне назар аударады. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн, делiнген Заңда, оның құрамында "партияның Қазақстан Республикасының барлық облыстарындағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде жетi жүз партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде елу мың партия мүшесi болуға тиiс". Қазақстанда саяси партиялар құру және олардың қызмет iстеуi үшiн бұл тiркеу және өзге де сан өлшемдерi, атап айтқанда, "Саяси партиялар туралы" Заңның 6-бабы 1 және
3-тармақтарымен белгiленген өлшемдер, конституциялық реттеу нысаны болып табылмайды. Ол жөнiндегi мәселелер, тұтас алғанда, заңды және жеке тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiнiң түбегейлi принциптерi мен нормаларын анықтау сияқты, Конституцияның 61-бабы 3-тармағымен заңдар арқылы реттеу деңгейiне жатқызылған.

Өзге елдердiң партиялар туралы заңнамасында мұндай өлшемдердiң бар болуы, мемлекеттiң, саяси партияларға сайлау процесiне қатысу және парламенттерде бара-барлық өкiлдiк ету құқығын бере отырып, сонымен бiр мезгiлде оларға қажеттi талаптар қоятындығымен айқындалады, бұл талаптар саяси партияның қоғамда елеулi қолдауға ие екендiгiн айғақтап, сонымен бiр мезгiлде партиялық жүйенiң әлеуметтiк шарттастырылмай жiктелуiн тежеген болар едi.

"Саяси партиялар туралы" Заңның 10-бабы 6-тармағының және 6-бабы 1 және 3-тармақтарының талаптары жаңадан құрылып (қайта тiркелiп) жатқан барлық саяси партиялар үшiн жалпыға бiрдей және олар үшiн тең дәрежеде мiндеттi болып табылады. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуден заңды негiзде ғана бас тартуға және оған сотқа шағымдануға болады.

"Саяси партиялар туралы" бұл Заң өлшемдерiнiң сандық көрсеткiштерiне келер болсақ, олардың абсолюттiк түрлерiн орайлас айқындау мен белгiлеу Республика Парламентiнiң құзырына қарайтынын және оның заң шығарушылық қарауы аясында екенiн атап өту қажет. Сонымен бiрге Кеңес, партиялар туралы шетел заңнамасында саяси партияларды мемлекеттiк тiркеу үшiн, олардың сан мөлшерiне қойылатын, қаралып отырған "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы


6-тармағымен көзделген сандық талаптардан анағұрлым жоғары талаптардың бар болуын атайды.

Заңның 14-бабы 5-тармағының 6) тармақшасы, "саяси партияның Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi депутаттарының сайлауына қатарынан екi рет қатыспауын" соттың шешiмi бойынша саяси партияның таратылуына негiз ретiнде көздейдi. Конституциялық Кеңес оны Конституцияның жалпы ережелерi мен нормаларына қайшы деп таппайды және де, Заңның 14-бабы 5-тармағының 6) тармақшасы қоғам мен оның барлық жiктерi үшiн, олардың саяси мүддесiн бiлдiруге үмiткер партиялардың саяси қызметi тұрақты және белсендi болуына кепiлдiк жасауды өзiне мақсат етiп қояды деп есептейдi. Партиялар туралы заңнамадағы мұндай нормалар қоғамдағы шын мәнiндегi плюрализмдi қорғайды және ынталандырады деп танылады.

Заңның 21-бабында көзделген, бұрын құрылған саяси партияларды мемлекеттiк қайта тiркеу, Конституциялық Кеңестiң пiкiрiнше, оларды құрудың және қызметiнiң тәртiбiн, барлық саяси партиялар үшiн мiндеттi жаңа Заңның талаптарына сәйкес келтiруге бағытталған.

Қайта тiркеу туралы бұл норма қызмет iстеп жүрген барлық саяси партияларға қатысты қолданылады, яғни олардың заң алдындағы теңдiгi принципi сақталады. Бұрын құрылған және жаңадан құрылатын партиялар осы Заң арқылы тең құқықтық жағдайға қойылады.

Осылайша, "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелерiн Конституцияға сәйкестiгi мәнiнде қарау, депутаттардың бастамасы бойынша Парламент 2002 жылғы 26 маусымда қабылдаған бұл Заңның Конституцияның ережелерi мен нормаларына қайшы келмейтiнiн көрсеттi.

Заң, саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктердiң өзге де түрлерiнiң арасында елеулi айырмашылық бар деп танылуын ескере отырып, Конституцияның 23-бабында баянды етiлген азаматтардың бiрлесу бостандығына құқығын толықтырады. Саяси партиялардың құрылуы мен қызметi тәртiбiн және жағдайларын заңдық реттеудi мамандандыру, олардың жария-құқықтық мәртебесiн белгiлеу қазiргi заманғы конституционализмнiң жалпы үрдiсi болып табылады.

Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31, 32, 33, 37, 38 және 39-баптарын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет