Елхан Абу Саид қайтыс бола салысымен державаның орталығындағы
Әзірбайжанда әмір Чобан іс жүзінде дербес билеушіге айналып, Чобанидтер
әулетінің негізін салды, бірақ көп ұзамай оларды жалайырлар әулеті
ауыстырды. Хорасанда күрділер, Оңтүстік және Орталық Иранда
Музаффаридтер биледі. Сөйтіп Елхандар мемлекеті өмір сүруін тоқтатты.
Елхандардың мұрасын иеленуге Алтын Орда мен Мәуреннаһр билеушілері
таласты.
Монғол жаулаушылығы, Иранның мәдениетіне көп зиян шектіртті.
Атақты Мерв кітапханасы жойылып кетті. Алайда Иран тарихындағы
елхандар дәуірі біржақты бағаланбауы тиіс. Ең бастысы Иран халқы
тарихтағы өз орны және мәдени бет-бейнесін сақтап қала алды. Монғолдар
тұсында, әсіресе Газан хан реформаларынан кейін әлеуметтік-экономикалық
өмірде едәуір алға жылжу орын алды.
Хулагуиттер державасы ыдырағаннан кейін Иран территориясының әр
түрлі бөліктерінде бірнеше дербес немесе жартылай дербес мемлекеттер
құрылды. Олардың бірқатарына түрік-моңғол шонжарлары бақылау орнатты,
яғни Хулагуиттер ұлысының ыдырауының тікелей өнімі болды, бірқатары
бұрын монғолдарға тәуелді болған, енді дербестігін алған жергілікті
әмірліктер болған еді.
Алағашқының қатарына жоғарыда айтылып кеткен Солтүстік Ирандағы
Чобанидтер (1356) және Жалайырлар мемлекеті (1340-1410) жатады.
Екіншіге мысал ретінде Оңтүстік және Орталық Ирандағы Музаффариттер
(1313-1393) және Күрттер мемлекетін (1245-1389) айтуға болады. Шығыс
Хорасанда Чобанидтерді жалаириттер құлатты, Музаффаридтер мен
Күрттерді Әмір Темір талқандады.
Достарыңызбен бөлісу: