Тақырыбы:Табиғат мүйісіндегі сабақ және сыныптан тысжұмыстар- білім берудің түрі
Лекцияның мақсаты: Студенттерге оқушылармен сыныптан тыс жұмыстар ұйымдастырудың жолдарын және әдістерін түсіндіру.
Лекцияға керекті құралдар: Сыныптан тыс жұмыстар түрлерін көрсететін сызба.
Жоспары:
Сыныптан тыс жұмыстар туралы жалпы түсінік.
Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері.
Қоршаған дүниемен таныстыруда сыныптан тыс жұмыстардың тиімділігі.
Лекцияның барысы:
²Қоршаған дүние² пәнінің мазмұны тек табиғатты ған қамтып қоймайды, ол үнемі адам мен табиғаттың, қоғамның байланыстыра оқытылуы арқылы жүзеге асады. Сондықтан да, білім берудің түрлеріне тоқтағанда осы сабақтас үш бөлімді қоса қамту жағы қаралады. Тірі табиғат пен өлі табиғаттың бір-бірімен байланысты дамитынын, осы тұтастық туралы берілетін ұғымды 1-сыныптан бастап табиғат бұрышында жүзеге асыру мүмкіндігі мол. Бірақ, өкінішке орай, жоғарыда келтірген әдістемелік еңбектерде табиғат бұрышында берілетін білім тек сынып-сабақ кезінде қолданылатын деректер жинаудың көзі ретінде қарастырылды.
Дүниетану пәнінің мазмұны тек табиғаттан ұғым беруді ғана қамтымайтынын сөз еткенбіз. Олай болса, табиғат мүйісі мазмұны жағынан да, мақсаты жағынан да біраз өзгеріске ұшырап, “дүниетану бұрышына” айналуға тиіс. Сөйтіп, мұнда тірі, өлі табиғат заттарымен қоса адам өмірін, тіршілігін, тарихи дамуын көрсететін материалдар, қоғамға байланысты деректер орналасуы керек. Дүниетану пәнінің кез келген тақырыбын табиғат бұрышында өткізуге болады. Бұл бұрышта білім беру кезінде оқушылардың бұрынғы білімдерін естеріне түсіріп, “актуалдау”, яғни тірек білімдерін әзірлеу, “...оқушылардың психологиялық әзірлігін” және “...эмоциялық көңіл күйін” дайындау керек,- деген пікірлер жүзеге асады. Табиғат бұрышында білім меңгеру барысында оқушы сынып-сабақтан және үлескідегі практикалық сабақ нәтижесінде алған ұғымдарын жаңғыртады. Табиғат бұрышындағы объектілермен танысып қана қоймай, олармен қарым-қатынас түрлерін (күту, бақылау) меңгереді. Бұрын алған базалық білімдері олардың жаңа ұғымды меңгеру кезінде тірек білімдік маңыз атқарады.
Табиғат бұрышындағы сабақта жыл мезгілдеріне байланысты берілген білімді жинақтау, тұжырымдау, табиғат заттарымен жақын таныстыру, тәжірибе қою, бақылау, ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асады. Табиғат бұрышындағы сабақтарды суық күзде, қыста, ерте көктемде ұйымдастыру арқылы табиғи ортадағы табиғат көрінісі мен қолдан күтілген ортадағы көріністі салыстыруға мүмкіндік туады.
Табиғат бұрышындағы сабақ берілетін білімнің ғылымилығын, нақтылығын, жергілікті табиғатпен байланыстылығын, оқушыларды дамыту, адамгершілікке, ізгіліктікке тәрбиелеу мақсатын жүзеге асырады. Оқушылардың алған ұғымдары басқа да білім беру формаларының барысындағы сабақтардың байланыстылығын қамтамасыз етеді.
Дүниетанудан білім берудің ерекше түрі (формасы) - сыныптан тыс жұмыс. Сыныптан тыс білім берудің түрі көп. Оған жататындар: үй жұмысын орындау, үлескідегі сабақтың жалғасы болып есептелетін күнделікті бақылаулар, табиғат бұрышындағы жұмыс пен бақылау. Бұл жұмыстардың ерекшелігі біріншіден, осының қай түрі болса да, сыныпта алған білімнің жалғасы ретінде өтеді де, білімнің байланыстылығы, саналы меңгеру, білімді жаңа ситуацияға қолдану, біліктену сияқты білімді игеру сатылары жүзеге асады. Екіншіден, сыныптан тыс білім алу формасы арқылы оқушылардың дербестігі, ақыл-ой белсенділігі, шығармашылығы дамиды. Шығармашылық оқушының ешкім білмейтін жаңалық ашуы деп түсінбеуіміз керек. Бұл баланың өз басы үшін “жаңалық”, белгілі бір проблеманы шешуде нәтижеге жетуі. Ол үшін білімін, білігін жаңа кездескен қиындықты шешуге қолданып, оны жаңа жағдайға тасымалдай білу. Шығармашылық әрекет баланың өз бетінше өзгеше шешуі, бұрынғы білімін пайдалана отырып, жаңа әдіс арқылы жаңа жол шешімге қолдану, тапқырлығы, оны пайдалану саналығы. Сонымен қатар бұл жұмыстар кейде қысқа уақытта күнделікті орындалса, кейде жыл бойына жалғасып созылатын жүйелілікті керек етеді.
Сыныптан тыс жұмыс мазмұны мен түрі оқушылардың меңгерген білім көлемі мен жас ерекшеліктеріне, жекебас дербестігіне қарай күрделеніп отырады.
Сыныптан тыс білім беруде үйге берілетін тапсырманың маңызы зор. Ол сыныпта меңгерген білімді тұжырымдауға, қорытуға, қайта жаңғырықтыруға жағдай жасайды. үй жұмысының құндылығы оқушылардың өздігінен атқаратын әрекеті арқылы орындалуында. үй тапсырмасының маңызы туралы айта келіп, М.И.Махмутов “Нақ ерікті табандылықты, еңбек сүйгіштікті, танымдық дербестікті тәрбиелеу және білімді өздігінен алуан түрлі деректерден алу іскерлігін қалыптастыру тұрғысынан алғанда үй тапсырмасының ролі өте- мөте зор” - дейді /56,б– 226/.
үй тапсырмасын орындауды дұрыс жүзеге асыру үшін мұғалім тапсырманы түсінікті, ұғымды етіп беруге тырысады. үй тапсырмасын орындаудың психологиялық маңызы жаңа алған ұғымды санада сақтауға, есте ұстауға көмектеседі. Жаңа ұғымды ұмытпай тұрып, іле артынша орындаған жұмыс арқылы материалды саналы меңгеру жүзеге асады. Жоғарыда аталған М.И.Махмутовтың еңбегінде алыс шетелдік психологтардың зерттеулерінен деректер келтірілген. Ол деректер бойынша ұғым жаңа меңгерілген кезде қайта қайталанып, еске түсірілмесе, тез ұмытылатынын күн өткен сайын, тіпті ұмытылып кететінін дәлелдейді /56,б–227/. Сондықтан әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін дер кезінде қайталау, тұжырымдау үй тапсырмасы арқылы жүзеге асады. Мұндай жұмыс барысында оқушылардың дербестік ерекшеліктері де ескеріледі.
Дүниетану пәнінен үйге берілетін тапсырма сабақтың түріне қарай әр түрлі болуы мүмкін. Соның ішінде ерекше қарауды керек ететіні - сынып- сабақ кезінде үйге берілетін тапсырма. Мұны көбіне оқулық пен оқу әдістемелік кешендерін пайдалану арқылы орындауға тура келеді. Осы тұста оқытуды ізгілендіру және дамыту мақсатындағы бастауыш сыныпқа арналған құралдарда берілген сұрақтар мен тапсырмаларды деңгейге бөліп, жеңілден ауырға қарай берілуі оқушылар мүмкіндігін айқындауға үлкен көмек көрсетеді.
Оқулықтың әрбір мәтінінен кейін берілген тапсырмалардың бірі тікелей сол оқыған, алған білімінің мазмұнына қатысты болса, екінші сол ұғымға өзінің өмір тәжірибесін, бақылауын байланыстыра алу мүмкіндігіне, ал қайсы бірі жалпы абстрактілі ойлау дәрежесін дамытуға бағытталған. Тапсырмаларды үйде орындау барысында оқушылар сыныпта алған білімдерін міндетті түрде естеріне түсіріп, қайта жаңғыртады. Бұл олардың ой қызметіне қозғау салады.
Үйге тапсырма беруді сабақтың қай кезеңінде жүзеге асырудың тиімділігін белгілеп алу өте орынды. Себебі, оқушыларға үй тапсырмасының мазмұнын, нені орындайтынын, қалай орындайтынын жете түсіндіріп беру арқылы ғана олардың жұмысты нәтижелі атқаруына жағдай жасалады. Сонымен қатар үй тапсырмасының түрі де өзгеріп отыруға тиіс. Әсіресе, оқушылардың ізденуін, шығармашылықпен орындауын керек ететін тапсырмаларға баса көңіл бөлінуге тиіс. Кейде үй тапсырмасының мазмұнын ғана түсіндіріп, ал оны орындау әдісін іздестіруді оқушылардың өздеріне жүктеу арқылы олардың шығармашылық мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсаты жүзеге асады.
Үй тапсырмасы тек оқулық, хрестоматия және үлестірме дидактикалық материалдарды пайдалану бойынша ғана орындалатын дәрежеде болмай, үлескідегі, табиғат бұрышындағы сабақтардың жалғасы ретінде түрлі тәжірибелер қоюды, оның қорытындысын жасауды,суретін салуды, сызуды, не мүсіндеуді қолданатындай дәрежеге көтерілуге тиіс.
Үй тапсырмасы шағын шығармалар жазуға арналып, оқушылардың қоршаған орта (табиғат, адам, қоғамға байланысты) туралы байқағандары мен бақылағандарын қорытып жазуы сияқты шығармашылықты дамытатын жұмыс түрлерімен де ерекшеленуі мүмкін.
Үй тапсырмасының білімдік маңызы мен бірге оқушылардың төзімділігі мен ізденушілігін тәрбиелеудегі мәні де өте жоғары. Мұғалім тапсырманы түсіндіріп, оның мазмұнын ашып беру арқылы оқулықтағы мәтінде не туралы айтылғанын, неге көңіл аудару керектігін, қорытындыда қандай мәселе шешілуге тиістігін айқындайды. Осыған орай оқушылар ойланып, ізденіп, түйінді мәселелерге жауап табу жағын қарастырады. Сондай жағдайда ғана үй тапсырмасы білім алудың көзіне айналады. “Домашнее задание только тогда достигает цели, когда оно активизирует мысль ученика, побуждает его к самостоятельной работе” /90,б–221/ деген пікірге толығымен қосылуға болады.
Үй тапсырмасының ұзақ мерзімдік түрі дүниетану пәнінің білімдік мазмұнымен байланысты. Ол - оқушыларға үлескідегі, табиғат бұрышындағы сабақтарға байланысты берілетін тапсырма түрлері. үй тапсырмасының оқулықпен, оқу құралдарын пайдалану арқылы қысқа мерзімде орындалатын түрімен қатар ұдайы үзілмейтін және оқу жылы бойына созылатын түрі үлескідегі және табиғат бұрышындағы еңбек. үлескі мен табиғат бұрышындағы сабақтар негізінде берілген тапсырма оқушылардың алған білімін онан әрі жалғастыра түседі. Бақылау жүргізу, өсімдік, жануарларды күту, тәжірибе қою сияқты оқу әрекеттері арқылы олардың ғылыми білімі толығып, тиянақталып, жүйеленіп отырылады.
Сыныптан тыс жұмыстар кезінде оқушылар өздерін қызықтырған объектілердің жиынтығын (өсімдіктер, бунақденелілер, пайдалы қазбалар) жинастырады. Оларды реттеп орналастыруды, өңдеуді, сақтауды мұғалімнің көмегімен орындайды.Оқушылардың сыныптан тыс жұмыстары олардың шығармашылық деңгейін көтеруге жәрдемдеседі.
Бастауыш сынып оқушыларының сенгіштік, қызыққыштық ерекшеліктері олардың маңайындағы адамдардан сұрап білу арқылы да талай ұғымдарға ие болуына жағдай жасайды. Оқушылар өздігінен меңгерген түсініктерін сыныпта ортаға салған кезде оны назардан тыс қалдырмай, ескеріп, тыңдап, тіпті сыныпта талқылап, жөн сілтеп отыру арқылы олардың ізденушілігін дамытып, шығармашылығын күшейтуге жағдай жасалады.
Оқушылар шығармашылығын қалай дамытуға болады деген мәселеге педагогика ғылымының докторы А.З.Рахимов мұғалімдердің үш түрлі мәселеде көңіл аударуы керектігін көрсетеді. Біріншіден балалардың шығармашылық белсенділігінің кез-келген көрінісін назардан тыс қалдырмай, сергек болу; екінші - оқушыға өзінің шығармашылық пікірін еркін айтуына мүмкіндік беру; үшінші - оқушының өзін-өзі түсінуіне және ата-аналарының баласының шығармашылық қабілетін түсінуіне көмектесу керек дейді.
4-сынып оқушылары сыныптан тыс жұмыстар барысында “дәрі-дәрмектік өсімдіктер”, “пайдалы бунақ денелілер”, “зиянды бунақ денелілер” жиынтығын да жасай алады. Бұлардың пайда, зиянын бақылап жүруге де дағдыланады. Сол сияқты “адам және табиғат”, “табиғат-қоғам” тақырыптарына плакаттар жасауға да мүмкіндіктері бар. үш сынып бойы осы аталған мазмұнда білім алған оқушыларға мұндай жұмыстарды атқару қиынға соқпайды. Бірақ, мұндай жұмыс түрлерін орындау мұғалімнің оқушыларға тиімді бағыт беруіне тікелей байланысты. Бастауыш сыныпта ұйымдастырылатын сыныптан тыс жұмыстар кейін жоғарғы сыныптарда оқылатын биологиялық пәндер бойынша орындалатын зерттеу әдістеріне негіз салып, жартылай ізденушілік әрекетке дағдыландырады.
Сыныптан тыс жұмыстар түрін орындағанда оқушылардың білім меңгерудегі дербестігімен қоса, ұйымдастырушылық дербестігі де көрнекті орын алады. Білімді өмірмен байланыстыру да осы жұмыстар негізінде жүзеге асады. Оқушы өз жұмысын қадағалап, жеткен нәтижесін сезінеді, оның өздігінен іс атқару қабілеті артады. Білімін басқарып, керекті жерінде қолдану шеберлігі жетіле түседі. Оқушылар үй жұмысын орындауда, не үлескіде, табиғат бұрышында бақылау жүргізуде тапсырмаларды түрі мен мазмұнына қарай талдауды, топтауды қолдана отырып, өздерінің білімді есте сақтау деңгейін көтереді. Сыныптан тыс жұмыстар кезінде білім меңгеру бірнеше кезеңнен өтеді:
Сыныптан алған білімін жалғастыру, тұжырымдау;
Алған білімдерін керекті жерінде қолдану;
Білікті қолдануға жаттығу (жаттығусыз біліктің дағдыға айналуы жүзеге аспайды).
Білім берудің қай түрін қолдансақ та казіргі таңда оқыту білімдендіру саласына қойылып отырған талаптарға сай жүзеге асырылуға тиіс. Біздіңше оқытудың мақсаты - өз бетімен дами алатын, әр түрлі өзгермелі жағдайда бағдар ұстай білетін, белсенді жеке тұлғаны, яғни қызымет субьектісін тәрбиелеп шығару.
Достарыңызбен бөлісу: |