Дәріс №13
Дәріс тақырыбы: Қазақ балалар әдебиетіндегі Қ.Мырза – Әлі, Қ.Баянбай шығармашылықтары.
Дәріс мақсаты: Қазақ балалар әдебиетінің қазіргі кезеңі, жанрлық түрлерінің дамуы, стиль жағынан күрделене түсуі, қазіргі балалар әдебиетінің зерттелу тарихы. Қазақ балалар әдебиетіндегі Қ.Мырза – Әлі, Қ.Баянбай шығармашылықтары.
Дәріс жоспары:
Қадыр Мырза – Әлі шығармашылығы
Қадыр Мырза – Әлінің «Сабақ» жинағының композициялық құрылысы.
Қастек Баянбай – балалар әдебиетінде
Пайдаланған әдебиеттер:
Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы. Қ.Мырза, Қ.Баянбай шығармалары, А-1993
Қ.Мырза. Сөз сиқыры.
Сөзстан.4 – кітап. Жас қаламгерлер кітапханасы.А-1983. 234-2462 беттер арал.
Жанаева Ш. «Қазақ балалар әдебиетінің қазыналы ақыны». Қазақ тілі мен әдебиеті. 2006. №1
Қазақ совет балалар әдебиетінің анықтамалығы. Алматы:Қазақсатан,1965
Әлімбаев М. Өлеңнен олжа салғандар. Қ.Мырза, Қ.Баянбай шығармалары, Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы. А-1993
Дәріс мазмұны: Қадыр Мырза – Әлі – сөз зергері, көрнекті балалар ақыны. Ақын қаламынан елу шақты кітап жарық көрді. Алпысыншы жылдары балалар поэзиясында ең өндіріп жазған ақындардың бірі – Қадыр Мырза–Әлі. Ол өзі туралы «Қазақ совет балалар әдебиетінің анықтамалығында», «Алғашқы өлеңдерім 1954 жылы республикалық «Пионер» журналына шықты. Осы уақыттан бастап мен, балалар сендерге арнап жазып келемін. Мен бүгінде бір топ кітап та жазып үлгердім» деп жазады.
Ақын қаламынан туған «Күміс қоңырау» (1970), «Көктем» (1959), «Ноян-қоян» (1962), «Шымыр жаңғақ» (1985), «Ғаламдағы ғажап» (1985), «Сабақ», «Алуан-палуан» (1963), «Тіл», «Хайуанаттар», «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене Қожанасырлар» (1961), «Инабат-виноват»(1962), «Омар мен Құмар» (1963), т.б. сандаған кітаптар сол кездегі балалар әдебиетін биік деңгейге көтерген еңбектер еді. Ақын өлеңдерінен бала ұғымына лайықталған тақпақтардан көркемдеу тәсілдерінің алуан түрі кезігеді. Оның баяндауының өзі астарлауға, елестетуге, әзіл-әжуаға бейімделгіш. Мысалы алты-ақ жолдан тұратын «Тілазар» деген өлеңінде ақын аз сөзбен көп мағына берді. Ақыл айтып көсілмей-ақ, іс-әрекетпен көрсетеді.
Ақын «Көктем» кітабында мысал жанрына ерекше көңіл бөлген. Кітапқа енген «Түлкінің сыны», «Калош пен бәтеңке», «Бұлт пен қаңбақ», «Доңыз бен сабын», «Түлкі мен маймыл», т.б. өлеңдері балаларды күлдіре отырып, ойландырады.
Ақын шығармашылығы мен оның бірнеше кітабы турасында кезінде Ә.Сәрсенбаев пен С.Мәуленов бірігіп жазған «Жас ақын жасамыс ақын атты мақаласында»: ...Қадыр жырлары оқушылардың жас деңгейіне, ұғым деңгейіне лайық келеді де, белгілі бір мақсатқа бағытталады. Әрине, құр беталды оңайлатамын деп ақын әдеміліктен, өрнек-бояудан, ұтымды теңеулерден де қашпайды. Ал, теңеу мен бояуды жас оқырмандардың өздеріне таныс ұғымдардан табады» деп оғары баға берген болатын.
Ақын «Кішкентай Қожанасырлар» атты кітабында балаға тән бал қылықтардың алуан түрін үлкен ақындық жүрекпен бейнелей білген. Жалпы Қ.Мырза-Әлінің мектепке дейінгі және бастауыш сыныптағы балалар түсінігіне арналған өлеңдерінің орны бір бөлек те, жоғары сынып оқушыларына арнаған өлеңдерінің сыр-сипаты бір бөлек. Екінші топқа ататын өлеңдер негізінен «Ноян-қоян» кітабынан бастау алады.
Мұнда бас сюжетті, көлемділеу өлеңдер берілген. Олар: «Аңдар неге араз?», «Киімдер қалай күйінді?», «Өтірік туралы шындық», «Балшықұлы Балшықбай», «Ноян-қоян». Аттары айтып тұрғандай осылардың қай-қайсысы да өте қызықты сюжеттерге құрылған. Мәселе тек қызықтылығында ғана емес, идеялық астарлары мен көркемдік ерекшеліктерінде.
Осы бес өлеңнен бір-біріне ұқсамайтын сыртқы сипаттары мен ішкі иірімдері кімді де болса тамсантарлық дәрежеде. Бұл өлеңдерде ішкі ырғақ, динамика, үдеу, екпін сияқты әдеби тәсілдердің баршасы еркін жымдасып, жарасым тапқан.
Ақын өлеңдерінде портрет, кейіптеу көп кездеседі. Халық ауыз әдебиетінен еркін сусындаған ақын ұсақ жәндіктер мен хайуанаттар портретін бере отырып, адамдарға тән түрлі мінездерді айна-қатесіз бейнелеп береді. Ол әсірелеуге де, кейіптеуге де барынша еркін барады. Мысалы, «Аңдар неге араз?» өлеңіндегі әрбір аңның өзіне тән мінездерімен қатар, ақын фантазиясынан туған қимыл-әрекеттер де жетерлік. Бұлардың барлығы адам мінезін ашып көрсетуге мейілінше қызмет етіп тұр.
Ертегілік сипатта жазылған «Балшықұлы Балшықбай» дастанының балалар үшін тәрбиелік мәні зор. Мұндағы қарапайым көркемдік үлгісі, ой-санаға жұғысты идеясы, жіпке тізгендей шумақтар жүйесі оқырман көңілінен толық шығарлықтай дәрежеде. Балшықтан жасалған Балшықбай баланың тентектік істерінің соңы оның аяғынан айырылып қалуына әкеп соғады. Ол сонда ғана ақылға келіп, тәртіпті бола бастайды. Ақын бұл өлеңінде ешқандай ақыл айтып әуреленбеген. Тек өлеңді Балшықбай әбден түзеліп, тәртіпке түссе ғана, Айбала деген досы сыннан өткізіп барып аяқ жасап бермекші ойы бар екенін айтумен аяқтайды.
Ақылы әлі толыспаған аңғал балаға, шалдуар мінездіге көңіліне ұялайтындай көрікті, қызықты етіп айтуға тапқырлық керек. Туралап маңдайдан соқпай, тұспалдап, мысқылдап, жанамалап, жанай еткізіп, жақсы ғибрат ұқтыру атын атағандардың бәрінің қолынан келе бермейді. Ал, Қ.Мырза мәселені басқаша, өзінше шешеді. Іс, жұмыс, еңбек сияқты атауларды аузына алмай-ақ, өлең тілімен үйіреді. Мысалы: «Кімге не артық?» деген өлеңінде нақылға жақындау соңғы шумақ қалаған ойын қапысыз жеткізген, баланы ойға қалдырады, жалқаулықтан жирендіреді. Ендеше, автор өз міндетін өрнекті кестеледі- шынайы шығарма тудырды. Ештеңе тындырмағанның елге қадірі жоқ деген ойды автор «жауа алмаған бұлтыңның несі мықты . . .» - деп бір-ақ түйеді. Көргенді боп өс, әдепті бол дегісі келсе: «Жаз келіп, көктем жылжып жүре берер, інідей орын берген ағасына»- деп жарқын ойды жарқ еткізеді.
Жұмбақ жазу саласында да Қ.Мырза ақындық өнерін оқырман, тыңдарман қауымға таныта түскен. «Жылға дер ем – ақпайды, жылан дер ем – шақпайды» (Арқан). «Көл бетінде керуен жол» (Құс жолы). «Қанатсыз құс манып барады, Көзінен жас тамып барады» (Бұлт).
Ақын өлеңдерінің басым көпшілігінде тартыс бар, жақсылық пен жамандықтың қаржалуы бар – оның жазғандары сонысымен тартымды, сонысымен де қызықты. Бұған кез-келген өлеңнен мысал алуға болады: «Калошым алды өшін». Бала күні-түні сырғанақ тебе берген соң калоштың мөрі әбден өшеді. Ақырында төзімді пақыр – калош өз иесін құлатады да, жылатады. Сөйтіп, өшін алады. Немесе жидек теруге жалаң аяқ барған баланың екі жол өлеңге сыйған арыз, шағымындағы тартыс сырына құлақ асылық : «Қолым теріп бүлдірген, шөңге терді аяғым».
2. Ақынның «Сабақ» атты жинағы оның ұрпақ ұстазы екендігін дәлелдей түседі. «Сабақтың» композициялық құрылымы кәдімгі сабақ өткізу жүйесіне негізделіп жасалған. Үзілістер түрлі-түрлі ойындар арқылы өтеді. Бірінші сабақ табиғат танутуралы. Жапалақтап жауған қардан, жаңа жылдан басталып, жаңа жылға дейінгі жылдың төрт маусымына тән ерекшеліктермен таныстырады. Содан соң бірінші үзіліс. Үзілісте балалар жұмбақ айтып ойнайды.
Біреу: - Тар шеңберді айналып,
Тұр қазықта байланып.
Қаға берер таңдайды,
Әдетінен тыңбайды, - десе,
-Қабырға сағат, - деп жауап береді тапқыр бала. Осы тәртіппен диван, магнит, велосипед, газ, шланг, компас, реактивті самолет, телефон секілді заттардың ерекшеліктері сипатталып, жұмбақталады. Сөйтіп, үзілісте де баланың қиял құсын ұшырады, тапқырлыққа жаттықтырады. Ежелгі құрал-сайманнан бүгінгі дамыған техникаға дейін жұмбақтай отырып, ауыл баласына қаланы, қала баласына ауылды білдіруді көздейді.
Екінші сабақ – хайуанаттар. Әрине, бұл түлік дегеннен көрі кең ұғым. Жер шарының басқа бір құрлығында тіршілік ететін, атын естімеген, көз көрмеген хайуандардың – кенгуру, зебра, түйеқұс – бала түгіл үлкендер біле білмейтін қасиеттермен таныстырады. Ол жалаң сипат, сурет емес, сол арқылы оқушыға өнегелі ой ұсынады. Мысалы, кенгурудың бауырында қабы болады. Балаларын соған салып таситынын автор да оқушылары сияқты кітаптан оқып, суретіне қарап, экраннан көріп білетіні анық. Алайда, ақын қиялы оған:
-Соны көрген кезімде,
Келеді бір ой қызық.
Қояр ма еді өзіне
Деймін мақта тергізіп,-
Деп образ арқылы қосымша міндет жүктейді. Мақта өспейтін аймақтағы немесе қалада туып өскен балалар үшін оның бабы, терілуі кенгуруден гөрі беймәлім, қараңғы. Сөйтіп, бір белгісізді екінші бір белгісіз арқылы түсіндіре отырып, оқушысын еңбекке баулиды. «Жапалақ», «Борсық», «Түйеқұс» , «Тоты» деп аталатын өлеңдері арқылы жыртқыштықты, жатып ішер арамтамақтықты, не ары не бері емес- дүбәралықты, жеңілдікке әуестікке сынайды.
Жапалақ жемін түнде аулап,күндіз ұшпайтын құс. Көзі қараңғыда көргіш-ақ. Ақын сөзімен айтқанда:
-Түнде олар істейтін
Қиянаттың шегі жоқ.
Күндіз
Елдің көзіне
Көрінуге беті жоқ.
Оның тіршілігіне сай келетін қылық-қипаттың түрі осы. Әңгіме құс туралы. Бірақ, өлеңдң оқып шыққаннан соң қалайда, қиянатынан беті күйіп, жұрт бетіне қарағысыз болған адам елестейді. Бұл – екінші сабақтың өмір танытқыштық, тәрбиелік қуаты.
Енді, екінші үзіліс те бос өтпейді. Балаларға жаңылтпаш айтқызады.
Ал, жаңылтпаш – қазақ балаларының ежелгі ойыны. Тіл оралымын ұстартып,кекештіктен, тұтықпалықтан сақтандырады. Мұнда сол ойын жаңарып, жаңғырған. Жаңылтпаштардан тілі мүдірген баланың беті қызарып, күлкіге қалмауға тырысады. Түсінікті , анық естілетіндей етіп сөйлеуге тырысады.
Үшінші сабақ – тіл.
Бұл сабақ: «Ана тілі» деген өлеңмен басталады. Жас ұрпақтың ар-намысын оятатын ойлы сабақ. Бұл өлең балаларға ғана емес, үлкендерге де арналған. Ана тілін сыйлай білмейтін дүбәраларға берілген соққы іспеттес.
Бұдан соң септеуді, одағайды, нүктені т.б тілдік терминдерді түсіндіреді.
Үшінщі үзілісте – «Ақылды тоқылдақ» атты ертегі айтылады. Көкекті сауысқан, сауысқанды қарға, қарғаны жапалақ, жапалақты көкқұтан жамандап – бір-бірімен қырқысып жатқанда, тоқылдақ топылдап еңбек етеді де бәрінен ақылды болып шығады.
Ертегі айту деген бос уақыттың үлесіне тиген ежелгі ойын. Тәрбиелі, мәнді ойын. Жастайынан ертегіге бала халықтың осы бір ақыл қазынасымен, рухани мұрасымен қоректенген бала әдебиетті, өнерді, өмірді сүйеді. Маңайындағы өзгерістерді жіті көреді, тез қабылдайды. Бұл үзілісте де ол өз міндетін атқарып тұр.
Төртінші сабақ – еңбек.
Бұған әр алуан мамандық иелері туралы – «Жылқышы», «Қайрақшы», «Үй қалаушы», «Наубай», «Шаштараз» т.б өлеңдер топтастырылған. Сабақтың көзделген мақсаты – адамды адам еткен еңбек екенін айту.
Төртінші үзіліс – диалогтар.
Мұнда аңғармай, ойламай сөйлей салатын жеңіл мінезді балалар қағытылған.
-Ағай, мен екінші болып келдім.
-Неден?
-Жаяу жарыстан.
-Неше бала жарысып едіңдер?
-Болат екеуміз ғана.
Қағытылып отырған жеңілтектің де көңілін ауыртпайды. Жеңіл юмор, тек қана езу тартқызады. Ағаттығын пайымдатып, аңдап сөйлеуге дағдыландырады.
Соңғысы – қосымша сабақ. Ғибрат деп аталған. Бұл әр жинақтағы қорытынды сабақ іспеттес. Мақсаты – үлгере алмаушылар мысалданып, соларға ғибрат боларлық ақыл-кеңестер, ойлар ұсыну.
Сабақтан қайтарда мазақтамалар басталады. Ерке, сотқар, маубас, жайбасар, мақтаншақ, жаңалақ, қомағай, күйгелек, салақ балаларды келемеждейді. Келемеждеу, мазақтауда ойынның бір түрі. Енді соған мысал келтіріп көрелік:
Санап тұрып ертесін
Сұрайтын қант,бөлкесін,
Сен бір жаман еркесің.
Әкеңнің де желкесін,
Көкеңнің де желкесін
Жауыр қылған еркесі! – деп ақын «Ерке» деп аталатын мазақтамасында. Осының түп төркінін ойлап отырсақ, бір ұшы ата – аналарға да тиіп жататын секілді.
Әсіресе, дәл қазіргедей әр үйде бір-бір ерке билеп бара жатқан тұста осындай мазақтамалардың түр-түрі қажет-ақ.
Осы тұрғыдан келгенде «Сабақтың» айтары мол, құрылысы өзгеше жинақ. Жұмбақ, жаңылтпаш, ертегі айту, бірін- бірі мазақтау да ойын. Демек, балалар әдебиетін шын мәнінде ойыннан бөліп қарауға болмайтындай.Өйткені, балардың кәсібі – ойын. Құрылыс туралы білімі жоқ автордың құрылысшының образын жасай алмайтыны сияқты, бала мінезін, ойынның түрлерін, оның әрқайсысының мәнін, шығу тегін терең түсініп білмейінше, балалар әдебиетіне барар жол берік, «Сабақ» жинағының композициясы өзгелерді осындай ойға меңзегені сезіліп тұр.
3. Қазақ балаларының сүйікті ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының лауреаты Қастек Баянбайдың таңдаулы туындылары мектеп пен балабақшаларда ән болып шырқалады,тақпақ болып айтылады. Оның кітаптар басқа мемлекет халықтарының ондаған тілдеріне аударылып тараған.
Кішкентай бүлдіршіндердің жүрегінен жол тауып, осы асыл адамгершілік қасиеттердің олардың бойында қалыптасуында өзінің өлең-жырларымен үлес қосқан Қастек Баянбаевтың еңбегі зор.
Ол адамгершілік тәлімді өзінің кішкентай оқырмандарына ұғымды әсермен, ұғынықты тілмен, олардың ой-өрісіне шақтаап ұсынады.
Бұған мысал ретінде «Әже туралы әңгіме» атты өлеңін айтуға болады.
Жүрерде жер тіреп таяғын,
Орнынан тұрады ол әрең.
Әттең,
Мен кішкентай баламын
Әйтпесе, арқалап алар-ем!
Осынау жолдардан бүлдіршіннің кішкетай жүрегінен шыққан әжесіне деген шексіз махаббатын көруге болады.
Шығарманың шырынды түйіні үлкен жүректі болашақ азаматтың бүгінгі баланың кейпін көз алдымызға елестеткендей.
Ақынның өлеңдері 60-шы жылдардан бастап үздіксіз баспа беттерінде жарияланып келген.Алғашқы тырнақ алды туындысы «Қазақстан пионері» газетінде жарық көреді.
«Арғымақ» атты тұңғыш жинағы 1962 жылы, одан кейін «Балаларға базарлық» (1964), «Алтай неге солақай» (1966), «Ильич пен аңшы», «Қолшатыр көтерген он батыр» (1970), «Тәтті сабақ» (1984), «Той» (1986), «Әсем әлем» (1976) тағы басқа балаларға арналған кітаптар басылып шықты. «Тәтті сабақ» жинағы үшін оған Қазақстан Жазушылар Одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлығы берілген.
1991 жылы Қастек Баянбай «Бір қоржын жаз» атты өлеңдер жинағын шығарады. Онда кітап аттас өлең де бар.
«Ақ боран уілдеп, әйнекті сабалаған қаңтардың бір күні қаладағы пәтерде кенет қоңырау сылдырлайды».
Үйге бір қоржын кіреді. Алма иісі аңқыған тамылжыған жазды үйге алып келген кім?
Қара ала қоржыннан
Сары ала хаз шықты
Жүгіріп қол жылдам
Алмаға асықты
Бұл қалада тұратын немересіне алма әкелген атасы.
Басқалар береді
Жай ғана базарлық
Атам келеді
Бір қоржын жаз алып,- деген немересі жалпы үлкендердің қамқорлығы үшін рақмет айтып жатқандай.
Осы томда ақынның екі топтамасы бар: «Балабақтағы күндер және жайлаудағы жаз», «Жайлаудағы жаз» 22 өлеңнен тұрады. «Ол жидек» атты өлеңінде ауыл тынысын шебер суреттейді.
Жалпы ауыл тірлігінің жай-жапсарын аша жырлауға ақын қаламы өзгелерден оңтайлырақ. Бұл тақырыптағы оның айшықты жырлары ауыл тірлігінен бейхабар өсіп жатқан шаһар балалары үшін кішігірім оқулық тәріздес.
Қазақ балалар поэзиясында әлі де публицистикалық серпін, кең құлаштылық игерілмей жатқан тұста, әлі де жалау ұраншылдық қиқулап тұрған кезде Қастек Баянбайдың бір топ өлең – жырлары биік идеясымен, азаматшылдығымен көп назарын аударды. Мәселен, «Белгісіз солдат зираты»
Деген тақпағы төменгі сынып оқушыларына сегіз тармақ арқылы ғана сыр шертеді, көп нәрсені аңғартады, ұқтырады, жүректерге отаншылдық ұшқынын тұтатады.
Сондай-ақ, ақын «Керек» деп аталатын төрт-ақ тармақтық дербес өлеңінде ұйқасқа үстеме ойды шебер қолданады.
Ие керек итке,
Ине керек жіпке,
Икем керек іске,
Иық керек жүкке.
Бұл-өзі нақыл-өлең. Сонымен қатар бұл өлең қосалқы міндетті де атқарып тұр. «И» дыбысын балабақша бөбегі құлағына сіңіруге, тіл жаттықтыруға септігін тигізіп тұр.
Автор баланың да атына сөйлеп біледі, бала құштарында жіті сезеді. Көптеген өлеңдерінде автор бірінші жақтан яғни бала болып сөйлесе де, нысанасынан көз жазбай, көңіліндегі діттегеніне жетеді. Мәселен, дастанға татырлық, бүгінгі күндер тынысын танытырлық «Қалау» атты ұзақ өлеңін алайық.
Әскердегі ағатайын сағынған кішкентай інісінің тосуы, қарсы алуы , қуануы, ағаға еліктеу сезімдері иланымды берілген. Тәсілі жаңа: қызғылықты ойынға ұқсайды. Үлкен болуға ұмтылу, азамат атануға ыетығу- өлеңінің түйіні осы. Ағасының шинелін қолпылдата киіп, белбеуін тарта буынғанымен, бірден жауынгер болмасын біртіндеп қана ұғынады.
Жалпы алғанда дазғандарында ылғи дерлік динамикаға , адамдарын, кейіпкерлерін ғибратты қимыл әрекет үстінде көрсетуге ұмтылған.
Ақын шығармаларының көпшілігі оқиғалы өлеңмен жазылған мөлтекфильмге ұқсайды. « Қол шатыр көтерген он батыр», «Өжет көжек», «Үш тышқанның ұрлығы», «Ұмытшақ ұлу мен қайсар құмырсқа», «Қоңыраулы қасқыр» т.б.
Автор «Кәрі бала» өлеңінде уайым, қайғысыз бал дәурен, балалық шақты- сенгіш, иланғыш,сәл нәрсеге қуанғыш, ақаусыз сәби жүрегін суреттеу арқылы жастық шақтың өзіндік қызығы мен шыжығын бейнелейді.
Қазақ халқы – қонақжай халық. «Қонақ өз несібесін ала келеді»- деп , келген қонақты құт санаған. Ертең ішер асы болмаса да, барын үйіп-төгіп қонағына қойған. Бұған Қастек Баянбайдың «Қонақ келгенде» өлеңі мысал болғандай.
Шебер суретшінің қылқаламынан өрілген дүниедей әсем табиғат көркі ақын өлеңдерінен де өз үйлестігін тауып жатады. Бұған мысал ретінде «Таң», «Шаңқай түс», « Сары бояу», «Өткінші», «Бұлтты күн» өлеңдерін атауға болады.
Ақын «Таң» өлеңінде ананың ыстық мейіріміндей бүкіл адамзат баласын өзінің жарығымен, жылуымен шомылдырып тұрған күн нұрын, таң шапағын шебер суретткйді.
Өтірік өлең, жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер бала санасын өрістетіп, заман талабына сай лайықты азамат болуына септігін тигізетіні ежелден-ақ белгілі. Жаңылтпашта айтылуы қиын белгілі бір сөздер қайталанып, сол тектес екінші бір сөздермен шатастырылады. Негізінен, жаңылтпаштарды айту баланың тіл ұстартуына, тілінің жаттығуына септігін тигізеді. Мұны қаламгер де жете түсінген. Оның жаңылтпаштары бала ойына орамды, тіліне жеңіл.
Бала ойын ширатып, дамуына септігін тигізуде жұмбақтың да алатын орны ерекше. Онда өмірде кездесетін заттар мен құбылыстар, тіршіліктің басты ұғымдары, аспан , жер әлемі жұмбақ күйінде аттары аталмай беріледі. Жұмбақ әрқашан баланы қызықтырып, ілгері жетелейді. Ақынның «Бір қоржын жаз» жинағына 100 жұмбақ енген. Онда жыл мезгілдерінен бастап, жан-жануарлар, еңбек құралдары, күнделікті тұрмыс тіршілікке қажетті заттар балалардың өй-өрісіне шақталып жұмбақ күйінде берілген.
Сондай-ақ бала қиялын қияға жетелеуде ертегілердің алатын орны ерекше атап өткен жөн. Бұл жинаққа «Көршілер», «Қаһарман қар», «Үш тышқанның ұрлығы», «Кірпі қалай ауырды», «Тәтті бала», «Қоңыраулы қасқыр», «Өжет көжек» - ертегілері енді. Мұның бәрі өзі ойлап тапқан ертектер, өзге ақындардың үрдісіне ұқсамайды.
Ақын шығармаларының бірталайы оқиғалы өлеңмен жазылған. Жалпы алғанда, жазғандарында ылғи дерлік, динамикаға, әрекет үстінде көрсетуге ұмтылған.
Достарыңызбен бөлісу: |