Инженер болады-
Жол салады.
Агроном болады-
Егін алады.
Дәрігер болады –
Ауру жазады.
Есепші болады-
Есеп жүргізеді.
Капитан болады-
Пароходта жүреді.
Ұшқыш болады-
Аэроплан ұшырады.
Ғалым болады-
Кітап жазады.
Мұғалім болады-
Бәріне сабақ береді.
Пьеса тілі жеңіл, ойнақы әр бала түсінігіне сәйкес алынған. Мамандық туралы монологінің ұйқасы жаттауға ыңғайлы әрі автор осы монологты бірнеше рет қайталайды. «Мектеп» пъесасында өз заманына сәйкес сәтті шыққан туынды деуге болады.
Жасөспірімдер театрдың ашылуымен қарайлас жазылған Қ.Бадыров пен М.Ақынжановтың «Алтын сақа» пъесасы – халық ертегісінің ізімен жазылған. Драмадағы негізгі тартыс ізгілік пен жауыздықтың күресінен құралған. Кез келген халық ертегісіндегі сияқты соңында әділдік жеңеді. Шоң, Сарман, Алпамса сияқты жауыздық иелеріне қарсы батыр жігіт Нұржан мен жас қыз Күнбала сияқты әділдік, ізгілік иелері шығады.
«Алтын сақа» - жасөспірімдер мен балалар театырының репертуарынан әлі күнге дейін түспей келе жатқан өміршең пьесалардың бірі. Пьесаның негізгі идеясы әділеттік пен жауыздық, ізгілік пен қатыгездік тартысын арқау еткен.
Алғашқы көріністен бастап жағымсыз кейіпкерлердің әрекеттері өзіндік қырларымен таныла бастайды. Барлық жауыздықтың бастауы Алпамса мен Шоңның көрсеқызар, сараң, өз мақсатына жету үшін неден болса да тайынбайтын мінез қырларынан екені бірден байқалады. Алпамсаның қатал да, қатігез екенін бірінші көріністен бастап көрсетуі арқылы бірден көрермен оқиғаға тартуды мақсат еткен. Ен далада бір жұтым су таба алмай Алпамса бір тонаса Шоң олардың кішкене баласы Күнбаланы суға айырбастап екі тонайды. Шоңның да, Алпамсаның да ойлағаны өз қарабастарының қамы. «Төлемін тоғыз етіп қайтарамын деп, төрт тасақ алғаныңа бес жыл өтті. Есептеші өзің. Төрт жерде төрт-төрттен он алты, енесімен жиырма, төлінің төлі сегізден, үш жылда жүз алты. Келесі жылы бір қора қой емес пе? Өсімі өзінде қалысып, он басын неге бермейсің. Жоқ, аямаймын! Әй, аламын, алыңдар малын, талаңдар мүлкін!» деген сөздерінен кейін жас көрермен одан қайыр күтетін адам емес екенін бірден байқайды. Ал Шоң болса баланы суға айырбастап алғаннан кейін: «Бұл өскен сон байдың қызы болады, байдың қызына кім қызықпайды?! Маңырап тұрған мал болады», - деп өз пиғылын бірден білдірді. Пъесада осы екі жағымсыз кейіпкер айналасына басқада жағымсыз бейнелер топтаса келіп, өзіндік бір ұжым құралады. Және де бұл топ оңай топ емес екенін көреміз. Автор жағымды кейіпкерлер Нұржан мен Күнбаланың бейнесін ашу үшін, олардың мінез даралықтары мен ерекшеліктерін таныту үшін әдейі оқиғаның жағымсыз кейіпкерін күшті етіп көрсеткен. Тылсым күшті жеңу үшін Нұржан олардан да өткен ақылды, күшті болуы керек. Ертегідегі тартыстың өзі осыған байланысты өрбиді. Қиындықты жеңу үстінде кейіпкер мінезінің ерекшеліктері айқындалып, дараланады. Алпамса мен Шоңның қалыңмал туралы әңгімелері олардың ішкі жан дүниелерін айқындай түседі.
Әділдік, ізгілік үшін күреске түсетін қаһарман мақсатына жету үшін көп қиындықтан өтуі ертегілік шығармалардың бәріне ортақ. «Алтын сақа» пьесасында да Нұржан өз арман тілегінің – орындалуы үшін ақыл-айланы да білетін, күш те көрсете алатын болып көрінеді. Таусоғар мен Желаяққа қой апарып беру арқылы қиындықты бір жеңілдетсе, Мыстанды Күнбала берген шашбауды жылан деп алдап өлім тырнағынан құтылады. Автор пъесада Нұржанды жалғыз қалдырмайды. Оны жақтайтындар өзі сияқты қарапайым халық өкілдері. Мәселен, аңшы «құралайдың оң көзінен тиіп, сол көзінен шығатын» садақ сыйласа, ұста «ер киімі бір киім дүниенің табысына қалдырмас» деп алмас деп араластырып салып әкеліп береді. Ал Күнбала болса Тайбурылдай тұлпар сыйлайды. Халық өкілдері ретінде алынған қиялдар да Нұржанның жеңіске жетуін тілеп, бірі арқан, бірі шақпақ, бірі бет орамалдарын береді. Бұл көріністер Нұржанның халық арасынан шыққанын, оның халық өкілі екені байқалады.
Жалпы алғанда «Алтын сақа» пьесасы өз мақсатына толық жеткен туынды деп аламыз. 1946 жылы балалар театрының алғашқы репертуары болған туындының бүгінгі күнге дейін театр сахнасынан түспеуі осының айғағы. Негізгі тартыстың өрбуіне әр түрлі ертегілік кейіпкерлер әсер етеді. Әсіресе, мыстан кемпір мен Алпамыс бейнесі пъесадағы драмалық шиеленісті өрбітіп, кейіпкерлерді әр түрлі қиын жағдайларға қалдырады. Осы қиындықтарды жеңу үстінде Нұржан мен Күнбала бейнесі айқындалады.
Қазақ балалар әдебиетінің дамуында белгілі адамдар өміріне, олардың, бастан кешкен қиындықтарын көрсетуге бағытталған туындылардың көп кездесуі жеткіншек баланы тарихта болған ұлы адамдар өмірінен мәлімет алып, белгілі бір дәрежеде өздерін тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Қазақ драматургиясындағы «Абай», «Ақан сері-Ақтоқты», «Шоқан Уалиханов», «Майра», т.б. өзіндік орындары бар драмалық туындылардың балалар үшін берері мол. Осындай ғұламалардың тақырыпқа жазылған туындыларының бірі – М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» пъесасы. Ғалым Р.Нұрғалиев ғұмырнамалық туындылар жасауда, кейіпкер сомдауда жазушы үшін бірнеше қиындықтың болатынын «жалпы көркемдік шарттары, идиялық талаптар үстіне тарихи биографиялық объектіні қозғағанда факт пен қиял, документ пен шығарма арақатынасына байланысты қосалқы қиындықтар туады» - деп дұрыс болжайды.
Балалар әдебиеті дегенде, ең алдымен, бала тәрбиесінің мәселесі сөз болары белгілі. Сондықтан алғашқы драмалық шығармаларда да ерке балалар мінезі сыналып, еркелеткен ата-анада сынға түсіп жатты. Мәселен, С.Құсайыновтың «Есірткен ерке» пъесасында тәрбие мәселесіндегі олқылықтарды сөз етсе, Б.Тәжібаевтың «Әй, Әнипа-ай» туындысында баланың арасына түскен ата-аналар мен олардың балдарының достық әрекеті суреттеледі. Б.Тәжібаевтың тағы бір «Ойлау керек екен» деп аталады. Мұнда да еркелетіп өсірген Бөрібай деген баланың тәрбиесі жайлы сөз болған. Пъесада автор баласының тәрбиесінің жамандығын ата-ана тәрбиесінде де жатқанын көрсетеді.
Балалар мен ересектер байланысы туралы жазылған Ш. Ахметовтің «Қолқанат» пьесасы да өз дегеніне жете алмаған туындылардың қатарына жатқызылады. Негізгі тақырыбы еңбекке баулу мәселесін көтергенімен, кейіпкерлері характер жағынан ашылмаған.
М. Гумеровтің «Базарлық» пьесасында бала мінезі, бала әрекеті аздап болса да көрінген. Арыстан деген баланың өзіне әкелген көйлек, қолғап, кәмпит сияқты базарлыққа емес, ағасы Кәрімге әкелген оқулық кітапқа қызыққанын көреміз. Баланың үлкендердің заттарына қызығып, тез есейгісі келетін ішкі психологиясын автор осылайша береді. Бала тәрбиесінің мәселесін көтеретін Н. Ғабдуллиннің «Немерелер», Қ. Мұқышевтің «Аликтің әлегі», М. Гумеровтің «Жалғыз терек», Б. Ысқақовтың «Түймедейден түйедей», «Маржан мен Сәрсен», т.б. көптеген пьесалар осы кезде дүниеге келді.
Қазақ балалар драматургиясының қалыптасуына үлкен үлес қосқан жазушы –
Бүркіт Ысқақов. Оның қаламынан туған пьесалар бала бойындағы зеректік, еңбек сүйгіштік, адалдық сияқты асыл қасиеттерді көрсетіп, тентектік, өтірікшілік сияқты жағымсыз қылықтарды әшкерелейтін туындылар. «Түймедейден түйедей» пьесасында «4» алғанын «5» деп анасын алдаған Әлім деген баланың өтірігінің ұлғайып, артынан өзінің ұялғанын көрсетеді. Шығарма бала ұғымына сай жеңіл жазылған. Алғашқыдағы өтірігінен кейінгі Әлімнің монологі баланың ішкі психологиясын дәл ашқан.
Автор бала жан дүниесін, оның ішкі тебіренісін, қарама-қайшы ой топшылауларын жақсы көрсете білген. Анасына бестік алдым деп өтірік айтқаннан кейін оның ұялуы, алайда алғашқы жалған сөзден кейінгі өтіріктердің тууын байқамай қалуы – бәрі-бәрі табиғи түрде бірінен кейін бірі туып, бір-бірін толықтыратын сюжеттер. Шығарманың сәттілігі — осы табиғилығында. Б.Ысқақовтың «Екі оқушы», кейіннен «Маржан мен Сәрсен» деп аталған пьесасында да бала мінезіндегі қиялшыл, арманшыл әрекеттер суреттеледі. Сәрсен деген баланың кітап оқымай, тек армандап қана мақсатына жетпек болғаны туралы айтылады. Сәрсен балалық қиялымен жаңа кеме ойлап таппақшы болып ол сырын Маржанға айтады.
«Маржан: Ол қандай кеме?
Сәрсен: Кәдімгідей кеме! Ол ешбір отынсыз-ақ, күн сәулесінің күшімен суда жүзетін болады».
Байқағанымыздай, Сәрсеннің алғашқы арманы, тілегі өте орынды. Алайда, сол арманына жету үшін оған білім керек екенін ол кейінірек түсінеді. Сәрсеннің ойлап тапқан кемесінің құрылысы да ерекше: «Кеменің ішінде су толтырылған үлкен қазан тұрады. Оның түбіне затты үлкейтетін шыны орнатылады. Ол шыны Күн сәулесін өзі тартады. Ал қазанның үстіне затты кішірейтіп көрсететін шыны орнатылады. Ол суды суытып тұрады. Демек, қазандағы су астыңғы жағынан қайнап, буға айналып, жоғары көтеріледі. Онда барып суып, суға айналып, қайта төмен түседі», — дейді. Маржан мен Сәрсеннің диалогі арқылы Сәрсеннің білім мен ғылымнан хабары нашар тек құр арманшыл екеніне көз жеткізеді. Оқу мен білім кітапта екенін автор туралап айтпай, екі оқушы әңгімесі арқылы жақсы түсіндірген. Ал «Ағалық ақыл» («Ұстаздық ақыл») пьесасында мектеп оқушылары өздері таңдаған болашақ мамандықтары туралы дауласады. Аман деген бала қолөнер шебері болуды армандаса, Айдар ақын болуды қалайды, Ахмет қолбасшы, яғни әскери адам болсам деп қиялдайды. Үшеуінің дауын Мұқан мұғалім келіп шешеді. Ол балаларға таңдаған өнерлерінің бәрі де жақсы, жұртқа пайдасы бар екенін түсіндіреді. Б.Ысқақовты зерттей келе Ш.Ахметов былай деп баға береді: «Автордың бұл пьесаларының қайсысы болса да қызықты сюжет, тартымды оқиғаларға құрылған. Оларда балалар бойындағы зеректік, тәртіптілік, еңбексүйгіштік, адалдық, адамгершілік, ұйымшылдық сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі, ал кейбір балалардың бойында кездесетін тентектік, өтірікшілік, жалқаушылық, дөрекілік, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қылықтар әшкереленеді....
Қазақ балалар драматургиясында оқушы балалардың өмірі ғана суреттеліп қойған жоқ. Балаларға арналған шығармаларда тақырыптағы пьесалар да көптеп жазыла бастады. Ертегі сарынымен жазылған С.Бегалиннің «Тапқыр бала» пьесасының оқиғасы қызықты, тілі орамды болып келеді.
Ертегілік тақырыпқа жазылған пьесалардың бірі – С.Жүнісовтің «Бәсеке» деген шығармасы. Пьеса жаңа жыл кешіне арналған. Жануарлардың жыл басына таласуларындағы сияқты. Бірақ мұнда құстар таласқа түседі. Адам баласына ең пайдалы құс қайсысы деген сұрақ төңірегінен үлкен бәсеке өрбиді. Әр құс өз жетістіктеріне тоқталып, өздерінің ерекшеліктерін айтады. Көрермен бала үшін пьесаның құндылығы, оны әр түрлі қүстардың мінезімен, мекенімен, тіршілігімен таныстыруында.
Жалпы, қазақ драматургиясындағы үздік туындылардың барлығы ауыз әдебиетімен байланысты болып келетінін Ә. Тәжібаев өз еңбегінде атап өткен. Дәлел ретінде М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан» пьесаларын, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», т.б. ауыз әдебиеті мұрасымен байланысты жазылған үздік пъесаларды көптеп атауға болады. Олай болса, тамыры терең халық ауыз әдебиеті бүгінгі қазақ драмасының негізі, бастау көзі деп нық айта аламыз. Қазақ балалар драматургиясында да төрт аяғын тең басқан туындылар ауыз әдебиетімен байланысты туған дүниелер болды. Мәселен, М. Ақынжановтың «Алтын сақа» пьесасы, С. Бегалиннің «Тапқыр бала», Ә. Тәжібаевтың «Жомарттың кілемі», Б. Соқпақбаевтың «Тапқыр Қожанасыр», С. Жүнісовтің «Бәсеке», т.б. пьесалардың ғұмырларының ұзақ болуы асыл мұра ауыз әдебиетімен байланыстылығында.
Қазақ балалар драматургиясындағы тың тақырыптардың бірі балаларды мектепке тарту, оқуға шақыру болды. Бұған I.Жансүгіровтің «Мектеп» атты пьесасын жатқызамыз. Одан кейінгі кездердегі мектептегі бала өмірі, олардың өзара қарым-қатынасы Б. Ысқақовтың, Б.Тәжібаевтың, М.Гумеровтің, Н.Ғабдуллиннің С. Балғабаевтың, Ә. Боранбаевтың, М. Қабанбаевтың және т.б. балалар жазушыларының туындыларынан көреміз. 1960 жылдарда қазақ балалар драматургиясының қалыптасу кезеңі аяқталып, оның даму кезеңі басталды. Осы жылдардан бастап драматургияда бала мінезін, психологиясын көрсетуге тырысқан тың тақырыптар дүниеге келе бастады. Кеңестік идеология құрығынан, цензурадан асып кете алмаса да бала жан дүниееін, оның ішкі сезімін көрсету аздап болса да дами түсті. Мәселен, Е.Елубаевтың, Ә.Табылдиевтің пьесаларында аталған тақырыптар сөз бола бастады. Е.Елубаевтың «Саған күшік керек пе?», «Өжет» пьсаларында бала мінезі, бала психологиясы сөз болса, Ә.Табылдиевтің шағын драмалық шығармаларында балаларға адамгершілік қағидаларын сөз етіп, тәрбие мәселесін көтереді. С.Балғабаевтың «Жымбала, Мико және қасқыр» пьесасы балаларды оқуға, білім алуга ынталандырса, М.Қабанбайдың «Жиһанкез Ти-Ти» пьесасы бүлдіршіндерге қайырымдылық туралы сыр шертеді. Балаларға арналған драмалық шығармаларды жанрлық жағынан жіктесек комедиялық, драмалық туындылар екеніне көз жеткіземіз. Трагедиялық шығармаларды ересек балаларға арналған туындылардан байқаймыз. Ересек балалар үшін «Күшігінен таланған», «Сталинге хат», «Қараторғай» сияқты трагедиялық туындылардың берері мол.
Алайда, қазақ балалар драматургиясындагы шығармалардың көбінің жас оқырман мен көрерменнің көңілінен шыға алмағаны рас. Ең алдымен, идеология, цензура қуғыны әсер етсе, екеншіден көп туындылардағы ұлттық белгінің болмауы, ұлттық ерекшеліктің болмауының себебі еді. Қ.Ергөбеков 1920-30 жылдардағы әдебиетке баға бере келе: «Орыс әдебиетінде бар үлгіні пайдалана отырып, кейіпкер ( тіліне, автор баяндауына орыс сөздерін тоғыта мол кірістіру - қазақ ақын жазушыларының әсершіл, бала жайының көрінісі» — деген. Алдымен, осындай әсершілдікпен, кейіннен ұранмен жазылған туындылардың балалар үшін берері аз болды. Балалар әдебиеті, әрине тәрбиелік те мақсатты көздейді. Дегенмен, болашақ ұрпақтың рухани-эстетикалық талғамына, әсері болар туындының көп болғаны дұрыс.
Қазақ балалар драматургиясы зерттелмей жатқан сала болғандықтан, ең алдымен, балалар үшін жазылған пьесаларды жинақтап, кезеңге бөліп, жас ерекшелігіне байланысты саралауды жөн көрдік. Сонымен бірге, зерттеу барысында балаларға арналған пьесаларды тақырып бойынша жіктеп және де әр пьесаның жазылған уақытына қарап әділ талдау жасауды мақсат еттік. Кеңестік идеология тұсында белгілі идеяға бағынып жазылған пьесалардың өздерінен де бала жан дүниесіне әсері болар тұстарын көрсетуге тырыстық. Ғалым А.Сейдімбековтің жалпы әдебиет дамуы туралы: «Жалпы, өнер табиғатына тән даму, толысу жағдайы бүгінгі қазақ әдебиетінде өзекті-өзекті екі сипатымен тұлға танытып отыр. Бірі - бұрыннан қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, сол дәстүрді алтын тұғыр ете отырып, жаңа өрістерге шығуы. Екіншісі - қалыптасқан дәстүрді саналы түрде орай өтіп, белгілі дәрежеде жаңашылдық өрнектердің бой көрсетуі. Мұның екеуі де ұдайы даму, тынымсыз іздену үстіндегі әдебиет пен өнердің бойында болатын игі қасиет», - деген сөзін балалар драматургиясының дамуы мен толысуына байланысты да айтуға болады.
Қазақ балалар драматургиясы бүгінгі күні өз арнасы, өз дәстүрі мен жаңалығы бар үлкен сала дегіміз келеді. Қазақ балалар драматургиясының туу, қалыптасу жолы дегенде, халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілері балалар драматургиясының алғашқы негізі. Халықтық туындылар мен драматургиялық шығармалардың арасындағы өзара ерекше байланыс бар. Белгілі ғалымдар (М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиев, т.б.) еңбектеріне ғылыми ой-тұжырымдар дәлелденген.
Балаларға арналған драмалық туындылардың қазіргі таңдағы қалыптасуына негіз болған, рухани уызы ауыз әдебиетіндегі балалар айтысы, ертегілер, ойындық фольклоры, мақал-мәтелдері, шешендік сөздердегі диалогтар мен монологтар екені белгілі. Қазақ балалар драматургиясының үздік деген туындылары да халықтық үлгідегі шығармалар негізінде туған. Мәселен, М.Ақынжановтың «Алтын сақа» пьесасы халық ертегісінің ізімен жазылса, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе», Б.Соқпақбаевтың «Тапқыр Қожанасыр» туындылары аңыз-әңгімелер желісімен туған пьесалар. Бүлдіршіндер үшін жазылған аңдар туралы ертегілік сарында дүниеге келген көптеген пьесалар, ертегілердің исценировкалары да жоғарыда айтқан пікірлерді дәлелдей түспек. Әлем әдебиеті дамуындағы озық дәстүрлерді игере отырып, халық рухымен сабақтас туындылардың дүниеге келуі заңды қүбылыс. Әдебиет - үнемі қозғалыста, даму үстінде күрделеніп, жаңа сапаға ие болып отыратынын балаларға арналған драмалық туындылардың тууы мен қалыптасуынан байқадық. Қоғам өміріндегі әр түрлі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер әдебиеттің дамуына әсер ететіні белгілі. Осы ретте, ғалым Р.Нұрғалиевтің «Әдебиет аса сезімтал прибор тәрізді, халық өміріндегі титтей өзгерістің өзі оның айнасына түспей қалмайды» /5,35/ деген ойын балалар драматургиясы мәселесіне де байланысты дей аламыз. Әдебиет қоғамдық сананың нақтылы бейнеленуі десек, сол сананың дамуы белгілі бір кезеңдегі қоғамның ілгерілеуіне, қарқынды өсуіне байланысты. Олай болса, қайнар көзін ауыз әдебиетінен алған қазақ балалар драматургиясының да дамуы, ілгерілеуі белгілі қоғамда өмір сүрген жекелеген жазушылардың шығармашылық ізденісімен сабақтасып жатады. Балалар драматургиясының қалыптасуының басы болған I.Жансүгіров, М.Ақынжанов, Ш.Құсайынов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бадыров, т.б. шығармалары кейінгі жазушыларға бағыт алуға мүмкіндік тудырды дей аламыз. 1960-70 жылдардағы балалар драматургиясының дамуы Қ.Мұқышев, Б.Тәжібаев, Б.Ысқақов, Қ.Ыдырысов, М.Гумеров, Н.Ғабдуллин еңбектерімен байланысты болып, өз кезеңінің мәселелерін көтеріп, бала бейнесін, бала үлгі алатын үлкендер бейнесін көрсете алды. 1980 жылдардың бір ерекшелігі — бала мінезін, психологиялық, ішкі жан дүниесін көрсету десек, осы орайда, шығарма жазған Ә.Табылдиев, Е.Елубаев, Р.Жәшиев, т.б. жазушылардың еңбектері елеулі дегіміз келеді. 1990 жылдардағы ел төуелсіздігімен бірге жаңа сипат, жаңа мазмұн алған балалар драматургиясы Б.Тайжан, Т.Ахметжан, С.Әуелбекова, К.Оразбекұлы, Д.Исабеков, А.Ақпанбетұлы, т.б. жазушылардың елеулі еңбектерінің арқасында дамудың белгілі бір сатысына көтерілгенін байқаймыз. Ол, әсіресе балалар драматургиясында ұлттық реңк, ұлттық сипат мәселесіне байланысты көтерілген баспалдағы екенін баса айтқымыз келеді. «Кейіпкер таңдау, сюжет қалау, өмір материалдарын сұрыптау проблемаларына келгенде қазақ драматургтері екі арнаны қатар алып жүрген: бірі – эпостың ізі, тарихи аңыздар, биографиялық сюжеттер, екіншісі – заман проблемасы, өмірдің көкейкесті күйлері деген тұжырымға балалар драматургиясындағы пьесаларды талдай отырып, толық қосыламыз. Қазақ балалар драматургиясының туу, қалыптасу, даму жолы осыны дәлелдейді.
3. Қандай да болмасын жанр өз ішінен шығармада суреттелген өмір шындығыныңмазмұны мен ауқатына қарай ішкі түрлерге жіктеледі. Осындай табиғи процесс балалар драматургиясынанда жатады. Жалпы драмаға қарағанда, балалар драматургиясында шағын түрлері едәуір орынға ие болады. Бұл, тұтастай алғанда, балалар әдебиетінің төл ерекшеліктерінен туындап жатады. Сол себепті де қазақ балалар драматургиясының дамуы көлемді пьесалармен бірге, шағын түрлерінің тууына әкелді. Қазақ балалар драматургиясының интермедия, скетч, бір актілі пьесалар, әдеби-музыкалық қойылымдар сияқты ұсақ драмалық шығармалардың көптеп тууына себеп болды.
Кейінгі кезде мектеп сахналарында көркем шығармалардың инсценировкалары да көбірек қоданыла бастады. «Инсценировка- прозалық немесе поэзиялық туындыны сахнаға, теледидар, радио қойылымдары үшін арнап, қолайлап, шығарманың мазмұнын, идеялық мәнін, көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, драмалық формада автордың өзі яки өзге қаламгердің қайта жазып шығу түрі» - деп инсценировкаға әдебиеттану терминдерінің сөздігінде анықтама жазылған.
Қазақ әдебиетінде М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Абай», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер», Ш. Айтматовтың «Ана - Жер-Ана» инсценеровкалары кейіннен таңдаулы пьесаларға айналды. Жазушы Ә. Табылдиев мектеп бағдарламасындағы эпостық жырлардың инсценировкаларының үлгісін өз еңбектерінде көрсетіп жүр. Инсценировкалар арқылы эпостық шығармалардың эстетикалық-этикалық, тарихи және көркемдік мәнін ашу құр оқығаннан әсерлірек болмақ. Ә.Табылдиев мектеп сахнасына арналған инсценировкалары туралы былай деп ой бөліседі: «Орта мектеп сахнасына арнап эпостық шығармалардың инсценировкаларын көркемдеп қою керекті нәрсе. Мектепте эпостық шығармалардың инсценировкаларын толық түрінде және үзінді ретінде қуыршақ театры арқылы көркемдеп көрсетудің тәрбиелік, ұйымдастырушылық мәні зор». Бүлдіршін жасындағылар үшін ертегілер мен шағын әңгімелердің инсценировкалары да бала бақшаларында қолданылады.
Шағын, драмалық қойылымдарда бүлдіршін баланың ой-санасын дамытумен қатар, оның белгілі бір ұғым төңірегінде кеңірек мәлімет алуына жағдай жасалады. 1990 жылы жарық көрген «Мектеп кеші көңілді» деген кітапқа жинақталған сценарийлер мен әдеби-музыкалық қойылымдарда да, негізінен алында, осындай мақсат көзделген. Жинақты тұтастырушы кітаптың алғы сөзінде өз мақсатын былай деп көрсетеді. «Әсіресе, төменгі класс оқушыларының өмірінде мектеп ертеңгіліктері ерекше орын алады. Бұл жаста балаларға сезімталдық, әсерленгіштік қасиеттері тән. Кездесуге ардагер келген екен, олардың жадында ерлік ұғымын берік сақталады. Ал жолда жүру ережелеріне арналған танымдық ойыннан сол ережелерді тікелей жаттатқаннан гөрі көбірек ұғынып, жадында сақтайды.
Кештерді әзірлеу барысында балалар өз беттерімен ізденуге, шығармашылық қабілетін танытуға мүмкіндік алады. Өнерпаздық, білімпаздық қасиеттері ұшталады, арман, қиялдарына қанат бітеді. Аталған кітапта «Қош бол, сүйікті «Әліппем», «Айналайын, ақ мамам», «Жасыл шырша жанында», «Жол тәртібін жадығда ұста», «Кім болам?», «Сыңғырла, соңғы қоңырау» сияқты мектеп дәстүрліндегі әр түрлі мерекелерге арналған әдеби-музыкалық қойылымдар мен Т.Дәуренбековтің «Қонбаған ем», Ә.Шынбатыровтың «Жұлдызды түн» пьесалары жинақталған. «Қонбаған ем» пьесасы өтірік балгер болып жүрген Бибі деген кемпірдің іс-әрекетін әшкерлеуге құрылған. Оның бал ашып жүрген кітабы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырының ескі нұсқасы болып шығады. Пьеса мақсаты – діни уағыздарды өз пайдасын үшін, олжа табу үшін арам пиғылда пайдаланатын адамдарды сынау.
Балаларға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі - бір актілі шығармалар. Шағын пьесалардың ерекшелігі – олардың ойды нақтылы, тез жеткізунде және де оқиғаның тез басталып, жедел өрбуінде. Драматургия- әдебиет жанрларының ең қиыны. Сөйлеу тілімен ғана сомдалатын көркем шындықты көрерменнің жас ерекшелігіне бағындыра отыру талабы тағы да бар. Бала жасы кіші болған сайын оған арналған драмалық шығармаларға қойылатын талап та күшейе түседі. Ересек адамдар үшін екі-үш жастың айырмашылығы ескерілмесе, балалар үшін маңызы зор. Сондықтан да балаларға арналған драмалық шығармаларды жас ерекшелігіне сәйкес жіктеуді жөн санаймыз. Бүлдіршін жасындағылар үшін көбінесе бір актілі шағын пьесалар арналуы да, сайып келгенде, олардың жас ерекшеліктерімен байланысты. Шағын пьесалардың оқырмандар мен көрермендерге жол табуы балалар газет-журналдары арқылы болып отырады. Әсіресе, «Балдырған», «Қазақстан пионері» кейіннен «Ұлан», «Пионер», «Ақжелкен», басылымдарының беттеріне шыққан шағын пьесалар оқушы балалар үшін маңызы зор болды. Осындай алғашқы шағын пьесалардың бірі- А. Сатаевтың «Айға сапар» деп аталатын шығармасы. Пьеса 1960 жылы «Балдырған» журналында жарық көрді. «Айға сапар» пьесасына балалардың ойын кезіндегі шағын тартыстары негіз болған. Ойынға келген Сәуле түйіншекке нан, май, колбаса салып ала келеді. Асқар оған: «Күнге жақындағанда еріп кетеді, майды нанға жағып жеп алайық»,- деуі бала психологиясына сай шыққан сөздер болуымен әсерлі. Сәулені өздерімен бірге «айға» ала барғысы келмей, онысын білдірмегенсіген Асқардың: «Басыңда шлемің жоқ, аспанда жел қатты болады, құлағыңа жел тиеді»,- деуі де бала ұғымына сай сөздер. Төкен деген баланың дүрбісін қызғанған Асқар: «Дүрбі керек, бірақ ауыр болады»,- деуі, Төкеннің: «Мұның салмағы түспейді, мойнымнан тастамаймын»,- деп жауап қайтаруы бала мінезінің аңқаулығын көрсетеді. Соңында айға бара жатқан балалардың қызыл ту ала кетулері де сол кездегі кеңестік идеологияға нанымнан шыққан. Жалпы бұл пьесада алып-ұшып бара жатқан өткір тартыстың жоқтығы шығарма кейіпкерлерінің толығымен ашылмай, тек сипатталып өтуіне әкелген. Жанұядағы бала мінезін, оның өзіндік психологиясын көрсетуге талпынған пьесалардың бірі «Жез қоңырау» деп аталады. Авторы – Ж. Молдағалиев. Пьеса әкесіне өкпелеп үйден кетіп қалған баланың монологымен басталады. Өзімен-өзі қалған Жақып әкесінің мінезін түсінбей былай дейді: «Әкемнің мінезі қызық. Апама ұрса береді. Бүйте берсе мен оны жақсы көрмеймін. Бүгін жылқыдан келді де, шай неге қойылмаған деп айғай салды. Ал мамамның қолы тиді ме?». Осылайша, әкесіне ренжіген бала мамасын жақтап: «Түске дейін кір жуды, сиырды өріске айдады, жүгіріп ләпкеге барды, ферманың ыдыстарын жуды»,- дейді. Әкесі: «Мамаң кетем деп отыр. Сен кіммен қаласың?»- дегенде, Жақып: «Мамаммен қаламын»,- деп жауап береді. Әкесі: «Онда қалағаныңды ал»,- дейді. Жақып әкесі әперген жаңа бәтеңкесі мен жез қоңырауын алып кетіп қалады. Алайда, бақша ішінде жатып әрі үйге қайтқысы келіп ол қоңырауын қағып-қағып қалады. Әкесі тауып алып, екеуі мәре-сәре болады. Іздеп жүрген әкесіне оның бірден шықпауы, қоңырау үні арқылы «хабар» беруі баланың мінезіне, бала психологиясына сай шыққан. Автор пьеса кейіпкерлері арқылы шағын болса да, психологиялық портрет жасауға тырысқан. Шығармадағы тартыс та бала жан дүниесінің ішкі тартысы ретінде көрінген. Ал С. Қасимановтың қуыршақ театрына арналған «Ұзын құлақ» пьесасы ертегілік тақырыпта жазылған. Автор оқиғаның балаларға түсінікті болуын көздеп, бастаушы кейіпкер алған.
Аңдар туралы пьесаның бірі – Ә. Ақпанбетұлының «Қайырымды қасқыр» туындысы. Пьеса қуыршақ театрында да, драмалық театрында да қоюға ыңғайлы. Кейіпкерлері шағын, тілі жатық әрі түсінікті.
Пьесаның ең ұтымды жері- оның қазақ ұлтына тән сөздерді көп пайдаланып, ұлттық реңкке баса назар аударып отыруында. Балаларды ұлттық рухта тәрбиелеу, осындай ұлттық сөздерді көп пайдаланудан басталады. Мәселен, «әпеке», « айналайындар-ай», « Ой, сорым бар, құдай-ай», « Бір ашуыңызды маған беріңізші», « Көңіл сыйса, бәрі сыяды» деген сияқты сөздер мен сөз тіркестері қазақ ұлтына, қазақ ұғымына тән сөздер. Ә. Ақпанбетұлының « Ақсақ көжек» пьесасы да қайырымдылық, бірлік достық мәселесін көтереді. Жалпы, халықтық түсініктегі қасқырдың озбырлық, жауыздық, қаскүнемдік бейнесін автор аталған екі пьесада да өзінше көрсетеді.
Туындының бала ұғымына түсінікті әрі сенімді шығуы автор пайдаланған сөздерінде. Өзінен әлсіз Көжек, Түлкішек, Қодық үшеуіне келгенде ол айбарланып сөйлесе, орға түсіп кеткенде «ағайындар» деп жалынады. Ә.Ақпанбетұлының шығармаларының ерекшелігі – ұлттық бояудың молдығында. Қазіргі кезде ұлттық нақыштың мол болуы, әсіресе керек. Сондықтан Ә. Ақпанбетұлының балаларға арналған шағын пьесаларын қазақ балалар драматургиясындағы жақсы туындылардың қатарына жатқызамыз. С. Әуелбаеваның «Оюхан мен Жоюхан» атты шағын пьесасының тақырыбы жақсылық пен жамандық, ізгілік пен жауыздық күресіне құралған. Жақсылық пен жамандық бір-біріне қарама-қарсы күштер болғандықтан, пьесадағы тартыс та нақты көрінеді. Көрермен балаларға оқиғаның басталуы, барысы түсінікті болу үшін автор баяндаушы бейнесін кіргізген. Жоюхан Оюханның елін басып алуға келгенде оның қызғаншақтығы, көрсеқызарлығы бірден көрінеді.
«Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», т.б. пьесалардың халық жүрегіне жол тауып, көптің көңілінен шығуы да ең алдымен осы ұлттық рухын, қазақи қалпын жоғалтпауында болатын. С.Әуелбаеваның, С.Қасимановтың, Ә.Ақпанбетұлының пьесаларында аздап болса да көрінген ұлттық реңк пен қазақи ұғым қазіргі балалар драматургиясының бір жерде тұрмай, үнемі даму үстінде екенінің айғағы. 1920-30 жылдардағы әдебиетке баға бере келе ғалым Р.Нұрғалиев былай дейді: «Қазақ драматургиясының төркінін іздегенде, ең алдымен, ұлттық әдебиет үлгілеріне ден қою қажет. Жанрдың жалпы заңдылықтарын, драматургия сабақтарын Еуропа нұсқаларынан үйренген қаламгерлер, өмірлік матеиалдарды сұрыптап, шығарма мақсатына орай пайдалануға келгенде – ана топырағындағы дәстүрлерді ілгері жалғады». Аты аталып, талданған ертегілік тақырыпта жазылған балаларға арналған туындылардың сол кездегі басқа да балаларға арналған пьесалардан биік тұруы ұлттық ерекшеліктің сақталуында. Ал мектеп өмірі, мектептегі бала әрекеті сияқты тақырыпты қозғайтын туындылардан ұлттық реңк белгісінің көрінуі аздау болды. Көбі газет-журналдарға аударылып басылған орыс әдебиетіндегі пьесалар жолымен кетіп, орыстық рухта сөз қозғап, орыстық тәрбиені насихаттады.
Мәселен, Ш.Ахметовтың «Қолқанат», С.Омаровтың «Портрет», Б.Тәжібаевтың «Ойлану керек екен» пьесаларындағы бала мінезінен ұлттық белгі көрінбейді. 1960-70 жылдарда жазылған шығрмаларға тән ортақ белгі – шығармаларда міндетті түрде орыс өкілінің болуы бұл пьесаларда да бар. «Қолқанатта» Аркаша мен Борис Николаевич басшы болса, «Портретте» - Агафонцев пен оның ұлы оқиға желісінің негізі. Зерттеуші Б. Ыбырайым бұл туралы өз еңбегінде былай деген: «Жер жүзінде ұлттардың өзара қарым-қатынасы үдемелі түрде өркендеп жатқан қазіргі кезеңде біраз аймақтарда, аудандарда, жергілікті, байырғы ұлттың азаюына байланысты олардың тарихи, төл ерекшелігі азая беретіні белгілі. Мұның бәрі сезімтал әдебиетте бейнеленбей қалмайтыны түсінікті. Мәселен, М.Қабанбаевтың «Арыстан мен виолончель және қасапхана», Н.Мұраталиевтің «Жасылкөлдің құпия тұрғыны» деген повестеріндегі кейіпкерлері қазақ емес, басқа ұлт балаларының, мәселен орыс, украин, белорусь балаларының есімін қоя салуға болады».
Балаларға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі бүлдіршін жасындағылар мен төменгі сынып оқушыларына арналған. 1970 жылдары жазылған осындай шығармалардың бірі – С. Омаровтың «Ақымақ арыстан» деп аталатын пьесасы. Пьесаның тақырыбы бір қарағанда бірлік, ынтымақ, жауыздық, сатқындық тартысына құрылғандай көрінеді. Автор аталған күштердің қақтығысы арқылы бейбіт өмір идеясын алға шығарады.
4.Қазақ балалар драматургиясының ұсақ жанрларын топтасақ, Қ.Ыдырысовтың 1963 жылы шыққан «Ойнайық та, ойлайық» жинағына кірген интермедиялары мен инсценировкалары алғаш болып көзге түседі. Қ.Ыдырысовтың шағын шығармаларындағы негізгі кейіпкерлері: мектеп оқушылары Болат, Орақ, Маржан, Сәрсен және үнемі ақылшы ретінде көрінетін Жұмбақбай атай (кейде жай ғана «атай» аталады). Интермедия дегеніміз – концерттік қойылымдардың арасында көрсетілген шағын күлкілі пьеса немесе көрініс. Қ.Ыдырысовтың аталған кітабына кірген алғашқы интермедия «Танысу» деп аталады. Бұл шағын қойылымда Болат Орақты дұрыс сөйлеуге, ұқыпты киінуге, таза жүруге баулиды. Орақтың сахнаға алқам-салқам киімімен қалай болса солай келуі, сөзін ұмытып қалуы салақ балаларда жиі кездесетін сипаттар болуымен ерекшеленеді. Ал «Ешкімді де бермейміз» интермедиясы халық ойыны «Айгөлек» негізімен жазылған. Мұнда балалар екіге бөлініп, өз жетісіктерін ортаға салады. Шағын көріністе ойын элементерімен бірге айтыс та қамтылды. Бірінші топ балалары қарсылас топтан жақсы оқитын баланы сұрайды. Ал Жаннұрдың топтастары жақсы оқитын жолдастарын қимай, орынына нашар оқитын баланы өтірік мақтап алуды ұсынады. Осы арада өзінше шағын тартыс туады. Нашар үлгеретін Сәкен мен жақсы оқитын Жаннұрдың топтастары қайсысын жібергісі келмейтіні және еңбексүйгішті неліктен өздеріне қалдырғылары келуі, еңбексүйгіштік дәріптеліп, әскрлі жеткізілуін негізделген. Енді Сәкен мен Жаннұрдың топтастары өнер көрсетіп, сатып алулары керек болды. Бірақ топтастары нашар оқушы ретінде Сәкенді қалдырмайды, ол үшін де өнер көрсетеді. Риза болған Сәкен бір ән бастайды. Қ.Ыдырысовтың аталған кітабына енген интермедиялардың көбі жұмбақ шешу түрінде, ойын түрінде келеді. Мәселен, «Ертіс бойын жағалап» интермедиясында Жұмбақбай атай Ертіс өзені бойындағы қалаларды жұмбақтап жасырады. Бұл балалардың географиялық білімді толықтырса, «Көктем келді күлімдеп», «Алатау аясында» сияқты шаңын қойылымдарды көру арқылытабиғат құбылыстарын дұрыс бағалауға үйренеді. Өлең жолдарымен берілген тұстары жаттап алуға жеңіл, айтуға ыңғайлы. Кітапқа кірген «Кім қалай демалады?», «Кім тауып қояды?», «Әрқашан күн сөнбесін» және т.б. интермедиялардың жас көрерменге берері мол. «Еркін қандай бала екен?» интермедиясында Қ.Ыдырысов негізгі кейіпкер ретінде мектепте озат, тәртіпті, үлгілі баланың жиналыста қаралғаны туралы айтады. Негізгі тартыс Еркін деген баланың үйдегі әрекеті мен мектептегі өзін ұстауының қарама-қайшылығынан шығады. Баланың үйдегі қылығын көршісінің аузынан естісек, мектептегі өзгерген қалпын сыныптас досының айтқанынан білеміз. Екі суреттеуге бір кейіпкер екі түрлі, екі бала сияқты көрінеді. Мектептегі Еркін мен үйдегі Еркіннің іс-әрекеттері бір-біріне мүлдем сай келмейді. Осы арқылы автор жұрт көзіне дұрыс көрініп, оңашада басқаша күй кешетіндерін алдамшы қылығын сипаттайды. Балаларды ондай әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелейді.
Балаларға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі ойнақы, жеңіл қалжынға құрылып, тәрбиелік мақсатты орындауға бағытталған. Жазушы ұстаз Ә.Табылдиевтің мектеп өміріне арналған интермедиялары көбінесе эстетикалық-этикалық, дүниетанымдық, тәрбиелік мақсаттарды қамтиды. Ә.Табылдиевтің интермедияларындағы кейіпкерлер тұрақты: Күлдірген мен Бүлдірген. Кейіпкерлердің тұрақтылығы ұсақ драмалық шығармаларда жиі кездесетін құбылыс. Автор екі тұрақты кейіпкерлердің көмегі арқылы әдеп, әдет, адамгершілік, экология, эстетика-этика, дүниетанымдық және т.б. көптеген тақырыптарда әңгіме өрбітеді. Ә.Табылдиевтің «Бір үзім нан» интермедиясында балаларға нанды қадірлеу,оны аяққа баспау керектігін көрсетеді. Шығармада,сонымен бірге, нанның қасиеті туралы тақпақтардан үзінді келтірілген. Бұл өлең жолдары көрермен жас баланың есінде тез қалу мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Бала үлкеннің өсиет қып айтқан ақылынан гөрі, өзі сияқты баланың шынайы сөзін тезірек қабылдайды.
Ә.Табылдиев шығармаларында пьеса кейіпкерлері сахна төрінен көпшілікке ой тастап,оларды да әңгімеге тартып отырады. Орыс балалар әдебиетінде мұндай пьесалардың кейінен пайда болып,көрермендерді баурап алғандығы туралы айтылған пікірлерге көңіл бөлейік. Мәселен, орыс балалар әдебиеті оқулығында алғашқы «көрерменмен сөйлескен»пьесалар ретінде В.Розовтың «Қыстағы кемірқосақ», Р.Погодиннің «Көк қарға», В.Дашкованың «Олар және біз» пьесалары аталады. Сахнадан балаларды әңгімеге тартып, көрерменді ойландыратындай жағдай тудырудың мәні зор. Белгілі бір ұғымның мәнін ашып, түсіндіретін шағын шығармалар Ә.Табылдиевтің «Тағылым» жинаған «Тыныштық» интермедиясында Күлдірген мен Бүлдірген тыныштық деген сөздің мәнін түсіндіреді.
Жалпы мектеп сахнасында арналып жазылған интермедиялардық көбі юмормен көмкеріліп, тәрбиелік дүниетанымдық мақсатты көздейді. «Тағылым» жинағына кірген интермедияларда әділдік, экологиялық, тәлімдік, дүниетанымдық мәселелрді көтеріп, оқырман көрермен балалардық білімі кеңейе түсуіне мүмкіндік тудырады деп айта аламыз.
Кейінгі кезде мектеп cахнасына араналып жазылған скетчтер де шағын драма түрі де дамып келеді. Скетчтер – сатиралық ойын-сауық кештерінде қойлатын шағын көріністі шығармалар. Белгілі бір рөлді ойнаушы баланың юморлық қабілетін скетч дамытып, оның сөйлеу тілінің ұшқырлығн нығайтады, ой-санасын, психологиясын өрбітуге қызмет етеді. Қазақ балалар драматургиясында скетчтердің туып, қалыптасуына Қ.Ыдырысов, Ә.Табылдиев сияқты жазушы-педагогтар үлкен үлес қосты.
Кейінгі кезде мектеп сахналарында көркем шығармалардың инсценировкалары да көбірек қолданыла бастады. «Инсценировка – прозалық немесе поэзиялық туындыны сахнаға, теледидар, радио қойылымдары үшін арнап, қолайлап, шығарманың мазмұнын, идеялық мәнін, көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, драмалық формада автордың өзі яки өзге қаламгердің қайта жазып шығу түрі» - деп инсценировкаға әдебиеттану терминдерінің сөздігінде анықтама жазылған.
Достарыңызбен бөлісу: |