Дәріс №10
Дәріс тақырыбы: С. Бегалин, М.Әлімбаев балалар әдебиетінде
Дәріс мақсаты: М.Әлімбаевтың балаларға арналған шығармаларының тағылымы, тіл көркемдігі, әсерлілігі. Өлеңдеріндегі юмор, сын-сықақ.С.Бегалиннің аңшылық-саятшылық тақырыбындағы туындылары
Дәріс жоспары:
М.Әлімбаевтың балаларға арналған өлеңдері
С.Бегалин шығармашылығы
Дәріс мазмұны: 1. Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, балалар ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан халық жазушысы М.Әлімбаевтың балалар поэзиясындағы орны ерекше. Оның “Менің ойыншықтарым” (1953), “Орақ-олақ” (1962), “Шынықсаң шымыр боласың” (1969), “Балдәурен, шіркін, балалық” (1973), “Ақсерек те, көксерек” (1977), “Аспандағы әпке” (1982), “Екі тақтай, бір көпір” (1992), “Қоянның құлағы неге ұзын” (1996) сияқты т.б жинақтары кішкентай оқырмандарының сүйікті кітаптарына, ұстаздардың, тәрбиешілердің балалар тәрбиесіне, олардың ой-өрісін дамытудағы көмекшісіне айналды. 1984 жылы “Аспандағы әпке” жинағы үшін М.Әлімбаев Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері болды.
Ақын шығармашылығы жөнінде ақын-жазушылар, әдебиетші ғалымдар тарапынан біршама құнда пікірлер айтылып келеді.
Белгілі әдебиетші-ғалым, сыншы, профессор Н.Ғабдуллин: “...Мұзафар Әлімбаев − қазақ балаалар поэзиясының өркендеп, дамуына үлкен еңбек сіңіріп келе жатыр. Ақынның балалар поэзиясының мазмұны мен түрін байытуға қосқан көп сапалық жаңалықтары, көркемдік үлгілері бар” - деп ақынның балаларға арналған шығармаларын жоғары бағалаған.
Ақынның еңбекке шақырған “Сыйға-сый” өлеңінде араның күнделікті зырлап ұшып, тыным таппай, еңбектенген тірлігімен бүлдіршіндерді таныстыра отырып, оларды да ара секілді тынбай еңбектенуге шақырады. Бүлдіршіндерге бал жегің келсе, гүл өсіріп, айналаңды көгалдандыр деген ой тастайды.
Оқырманның көз алдына төңіректі шарлап, гүлден-гүлге қонып, шырын жинаған еңбекқор жәндік, жайқалған көк майса елестейді. Ақын ойын жинақы әрі ұтымды берген, өз орнын таппаған басы артық сөз жоқ..
Н.Севостьянова өз мақаласында: “Егер сіздер М.Әлімбаев өлеңдерін мұқият оқысаңыздар, онда әрине, олардың балалар салған суретке ұқсайтындығын, солар сияқты көркем бейнелі, түрлі-түсті екендігін көресіздеp” - дейді.
Ақын балаларға арналған өлеңдерінде мүмкіндігінше ашық дауыстыларды қолданады. Мұның себебін ақын “... олақ ақындар бұл талаппен санаса бермейді, дауыссыз дыбыстарды қаптатып, өлеңді оқыған кіп-кішкентай баланы былдырлатып, тұтқыртып әуреге салады” - деген болатын. Оның шығармашылығы балалар өлеңіне қойылатын осы талаппен ұштасып жатыр. Демек, өлең сөздерінің дыбыстық , буындық жағынан дұрыс үйлесім табуы, оның бүлдіршіннің тіліне орамды, жүрегіне жылы тиюіне әсер етеді.
Мысалы, жоғарыда аталған “Сыйға-сый” өлеңінде:
Ара тынбайды,
Ұшып зырлайды.
Шарлап қырларды,
Шырын жинайды
Гүлдер өсірсең,
Балын сыйлайды деген алты-ақ жолдан тұратын өлеңінің 3-4-тармақтарындағы ш дыбысының сәйкестігі (аллитерация) де өлеңге ойнақылық, көркемдік дарытып тұр. Әр тармақ бес буынды болып келеді. Алғашқы төот тармақ пен соңғы тармақ өзара ұйқасады да, бесінші тармақ қалыс қалады. Мұның себебін, ақын өзі айтқандай “бірыңғай үйлесімдер жас бөбекті жалықтырып жібереді, жаттауға бөгет жасайды” деген пікірімен түсінуге болады. Осы қалыс қалған жол түйін міндетін атқарып, мағыналық жүк көтереді. Яғни, оқырманын еңбек етуге шақырады. Өлең көлемінің шағындығы балалар поэзиясының шарттарынан келіп туады. Өйткені, бүлдіршіндер зейіні өте құбылмалы. Сол себепті, ұзын-сонар баяндауларға қарағанда олар ойнақы да қызғылықты, шағын да көркем өлеңдерді тыңдауды ұнатады.
Ақын қаламынан туған “Күректің жыры” атты күректің монологы түрінде жазылған шағын өлеңі де еңбек тақырыбына арналған. Автор күрекке жан бітіре суреттей отырып, оны үнемі тынымсыз еңбек үстінде көрсетеді. Күрекше баланы қол қусырып отырмай, ауланың елгезек балалармен ғана дос екендігін айтады. Аталмыш өлеңі арқылы ақын балаларды шама-шарқынша еңбектенуге үндейді. Күректің кіп-кішкентай болуы оның бүлдіршіндерге арналғанын меңзейді.
Өлең небәрі алты жолдан тұрады. Әр тармақ, жеті буыннан құралған, егіз ұйқаспен жазылған. Бұл жөнінде қаламгердің өзі: “Бала өлеңінің ұйқастары бір-біріне таяу орналасқаны құлаққа жағымды. Меніңше, кішкентайлар егіз ұйқасты өлеңді ұйқасты тез жаттайды” деген болатын.
Өлеңдегі дыбыстық қайталаулар аллитерация (к, қ дыбыстарының тармақ басында, аралығында қайталанып келуі), ассонанс (е дыбыстарының сәйкестігі) өлеңге әуендік сыйлап тұр. Мұндай дыбыстық қайталаулар өлеңнің тез жатталуына өз септігін тигізеді.
М.Әлімбаевтың қазақ балалар әдебиетінің зерттеушісі екендігін, осы саладағы көп жылдық ізденістерін бір арнаға түсіріп, балалар әдебиетіне қойылар қағида, талап-ұстанымын былайша саралап көрсетуі дәлел:
“- Балалар поэзиясына тән қасиеттер қандай болмаққа керек?” - деген сауалға мен өз басым қалай жауап берер едім. Осы төңіректе толғанғанда тапқаным мынау (әрине, бұдан өзімнің де, өзгелердің де тәжірибесінен де түйген тұжырымдарым бар).
Біріншіден – балалар өлеңі шағын ба, шамалы ма, бәрібір тартысқа құрылуы шарт.
Екіншіден – балалар өлеңі оқиғалы, сюжетті яғни динамикалы құрылмаса тартпайды.
Үшіншіден – өлең оқушы уақытына қиянат етпестей, ықшам, тығыз болғаны абзал. Бостекі детальдан, басы артық қосалқыдан, шөп-шаламнан азда болса, ұтымды.
Төртіншіден – өлең тілі мейлінше дәл, бейнелі, мөлдір, таза болуы жас сәбидің болашақтағы бүкіл болмысына ықпал-әсер етеді. Олақ тілмен жазылған өлеңдердің тигізер қырсығын айтып болмастай. Әсіресе, балалар өлеңінде екі ұштылық немесе теріс қолданылған сөздер орын алса, жас зердеге орнаса, өмір бойы зардабын тигізерін ақындар күпірлік, күнә деп қараған жөн.
Бесіншіден – сәбилер өлеңі сазды, үнді, музыкалы болса, оқығанда ән тілеп тұрғандай әсер қалдырса құба-құп! Тілді күрмер тұтқырлық, жаңылтпашқа қарай сүйрейтін тіркестер жайсыздығы, екі сөздің үнднсуінен туатын тұрпайылықтар, құлаққа түрпідей тиетін дыбыстар қосындысы арам шөптей оталуы тиіс. Ақын осы өлеңді көпшілік алдында, радиодан не телевидениеден оқысам, құлаққа қалай естілер еді, әнге қосса, үйлесер ме еді, деп оңаша әлденеше мәрте оқып көруі керек.
Алтыншыдан – өлең ойнақы, ырғақты болса оңай жатталады. Балалар өлеңі көбінесе қысқа буынды (2,3,4,5,6,7 буынды) боп құрылса, нұр үстіне нұр.
Жетіншіден – өлең тексі сурет салуға лайық, көзбен елестетуге, көрініс беруге лайықталмаса, өлеңнің ұтылғаны.
Сегізінші – шынайы балалар өлеңі ересектерге де, ата-анаға да қызғылықты, құнды.
Тоғызыншыдан – балалар өлеңі ойнауға лайық, оның бойында ойын элементтері болуы да уәжіп.
Оныншыдан – баланың өз ойына, бойына ғана шақтайын деп, тізеңді бүгіп, төменшіктеп жазсаң, өлең ұсақтап кетеді. Оқырман баланың ойынан өлең ғибраты, идеясы, арқалар жүгі сәл-пәл биіктеу, әнтек алда болғаны игі.
Он біріншіден – нағыз балалар өлеңі нақышты нақтылыққа құрылады. Бұнда бұлдырлық, көмескілік, дерексіздік жанасса бүлдіреді.
Он екіншіден – балалар өлеңі куаныш сыйлауы тиіс, рахат сезімге бөлеуі парыз.
Он үшіншіден – күлдіргілі, әзіл-оспаққа негізделген өлең ұсынар тәлімін, уағыз соқпай, оңай жеткізеді.
Он төртіншіден – балалар өлеңінде танымдық қасиет болуы оқырманды қызықтыра түседі. Бұл тұрғыдан алғанда өлең ғылыми негізге сүйенгені дұрыс. Ендеше тақырып сонылығы, қажеттілігі. Бұрын басқалар қолға алмаған төңіректерде қарастыру шарттылығы туады.
Он бесіншіден – тәлімдік мәні жоғары өлең ғана идеялы, адамгершілік азамат баулитынын автор есінен екі елі шығармауға тиіс.
Он алтыншыдан – балалар поэзиясы әр кезде новаторлықты, жаңашылдықты, көркемдік тәсілдерді табуды талап етеді. Әлбетте, балалар ақыны өз сөзін мыңдарға, миллиондарға адрестейтін, бағыттайтынын ескергені - игілік».
Орыс балалар поэзиясында балаларға арнап өлең жазуда қолданылатын негізгі үш қағиданы атаған болса, М.Әлімбаев балалар поэзиясына қойылатын талаптарды ұлттық поэзия, таным тұрғысынан атап көрсетеді.
Баланың танымдық, қабылдау ерекшеліктері, оған тән балғын қылықтар М.Әлімбаев өлеңдерінде шынайы көрініс табады, сондықтан әр бала өлеңнен өзін, өз құрбысын таниды. Бала психологиясымен жете таныс ақын кейіпкерлерінің ой-өрісін, дүниетанымын, көңіл-күйін шебер әрі шынайы суреттей алған.
Жұмбақ жанрының бала тәрбиесіндегі алатын орнын және қажеттілігін ескере отырып, ақын баларға арнап, халық ауыз әдебиетінің ізімен заман талабына сай өмірдің сан алуан саласын қамтитын түрлі жұмбақтар шығарды.
М.Әлімбаев орыс, батыс әдебиеттерінде бар шарада, логогриф, метаграмма сынды сөздік ойындарды қазақ балалар поэзиясына көркемдігін жоғалтпай әдемі үйлесіммен енгізе білген. Логогрифтер дегеніміз – сөзге дыбыс, буын қосу арқылы немесе алу арқылы жаңа сөз жасайтын жұмбақтың түрі. Демек, логогрифте жұмбақтың шешуі кем дегенде екеу болады. Жұмбақтың алғашқы бөлігі бір сөзді, ал екінші бөлігі сол алғашқы бөліктің шешімі болатын сөзге дыбыс қосу арқылы жасалады. Логогрифті шешкенде, ең бастысы, алғашқы сөзді тауып алу, өйткені келесі жасырынып тұрған сөзді сол арқылы анықтауға болады.
Метаграмма – деген сөздік жұмбақтың түрі логогрифке ұқсайды. Мұнда да мағыналары әртүрлі болғанымен, дыбыстық құрамында ортақтық бар сөздер жасырынады. Егер логогрифке екінші жасырынған сөз алғашқы сөзге бір әріп немесе алу арқылы жасалса, метаграммада бірінші сөздегі бір әріп келесі сөзде басқа әріппен алмастырылады. Демек, метаграмма бір әріп немесе дыбыспен ғана ерекшеленетін сөздер. Метаграммалар көбіне атау септігінде тұрған зат есімдерді жұмбақтайды.
Ақын метеграммаларының алғашқы тармағы көбіне – «» - дан бастасаң» деген бағыныңқы сөйлемнен басталады. Келесі тармақта жасырынып тұрған заттың не екендігі айқындала түседі.
Мысалы:
«Т» - дан бастасаң,
Ағаштардың түрімін.
«З» - дан егер бастасаң,
Ұғымталдың бірімен
Бұл метаграммада терек пен зерек сөздері жасырынған. «Зерек» сапалық сын есімі заттық сын есімі заттық мағынаға көшіп, зерек баланы білдіріп отыр. Баланың өзін «ұғымталдың бірімін» деп атауы оны осы қасиетке жетуге талпындырады. Ең алдымен бала өзінің іс-әрекетіне бала логикасы мен дүниетанымы тұрғысынан іштей талдау жасап, зерек болуға тырысады, бойындағы зейінсіздіктен құтылғысы келеді. Яғни метаграмма да баланың ойлау қабілетін жаттықтырып, эрудициясын арттырады.
Ақын шарадалары кейде жалқы есімдерді де жұмбақтау нысанына айналдырады. Әрбір шарадада ақын баламен тығыз қарым-қатынаста болып отырады, мұның өзі бала зейінін берілген тапсырмаға, жұмбаққа шоғырландырады. М.Әлімбаев шарадаларында бала – сырт бақылаушы емес, құпияларды барлайтын, сырларды ашатын, жұмбаққа етене араласатын белсенді субъект ретінде қарау оны әрекетке жетелейді, баланың өз-өзіне деген сенімі артады.
Ақынның балаларға беретін сөздік тапсырмалары – адас атаулар. Балалар адас атауларды табу арқылы сөздік қорын молайтады және омоним, көп мағыналы сөздермен танысады, әрбіреуінің мағынасына жете мән беруге дағдыланады. Сөздік тапсырмалардың бұл түрі баланың ана тілін жетік меңгеруіне, оның тереңіне үңіліп, тұнығына бойлауына жәрдемдеседі.
М.Әлімбаев балаларға арналған өлеңдерді мазмұн, тақырып жағынан едәуір байытты. Балаларға арналған өлеңдер дәстүрлі тақырыптармен қоса жаңа, тың тақырыптармен толықты.
Қорыта келгенде, М. Әлімбаев өзі атап көрсеткен ұстанымдар негізінде балалар әдебиетінде өзіндік із, өнеге сала білген ақын.
2. Сапарғали Бегалин – балалар әдебиетінде әңгіме жанрын дамытып, тамаша үлгілерін көрсеткен жазушы. Бегалиннің балаларға арналған «Қыран кегі» (1944), «Көксегеннің көргендері» (1947), «Тұңғыш» (1948), «Сәтжан» (1950), «Ермектің алмасы» (1951), «Көк бұтақ»(1953), «Ұрпақ» (1954), «Бақыт» (1956), деген шығармалары өз алдына жеке кітап болып басылды. 1960 жылы 21 баспа табақ «Жеткіншек» атты таңдамалы әңгімелерінің жинағын шығарып, баларға ұсынады. Бұл еңбек алған тақырыбы мен көтерген мәселесіне қарай бес бөлімнен тұрады, Бірінші бөлімде: «Күштің күші – ақыл, ақылдың иесі – адам», екінші бөлімде: «Малдың тілін баққан біледі, отынның тілін жаққан біледі», Үшінші бөлімде: «Қағажу көрмеген жүрек – жалынды достықтың айнасы», төртінші бөлімде «Ер еңбегі – ел мақтанышы», бесінші бөлімде «Аңдамай айтсаң алдыңнан апат кездеседі», – деген эпиграфтар берілген. Бұл эпиграфтардың бәрі де сол бөлімдердегі әңгімелердің мазмұны мен идеясына қарай орынды қолданылған. Жазушының Мәскеуде орыс тілінде екі рет басылып шыққан «Сәтжан» әңгімесі кезінде одақтық беделге ие болды.
Жазушының балаларға арнап жазған отыздан аса көлемді әңгімелері бар. Соның бәріг жинақтағанда алған тақырыбы мен көтерген мәселесіне қарай негізінен бес топқа бөлуге болады.Оның әрқайсысы өз алдына жеке жеке тоқталуды, зерттеуді қажет ететін еңбектер.
Бірінші топқа қамтылғаны: «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала мерген», «Алданған жолбарыс» деген әңгімелері. Мұның бәрі негізінен аңшылыққа арналған. Өзінің туған өлкесінде, көбіне ауылда жүріп қызмет еткен С.Бегалин жаратылыстың сан қилы көріністерімен танысып, жасөспірімдерге арналған әңгімелерінде оның әр алуан байлығы мен көркем көріністерін беруге көп еңбек еткен. «Күштінің күштісі – ақыл, ақылдың иесі – адам» дегенде дүниеде қандай жыртқыш, қандай күшті болса да, соның бәрін ақылмен игеретін де, жеңетін де адам екенін жазушы бірден қызықты дәлелдермен суреттеп, жас буындардың алдына ұсынды. Баланың не нәрсеге болса да ұмтылғыш талабымен әуесқойлығын, еш нәрсеге қынжылмайтын жақсы сапасын байқатады. Сәтжанның образы да дәл сондай талапты баланың іс-әрекетін көрсетуге арналған.
Сәтжан мектепте оқи жүре бір жағы колхоздың бұзауын бағып, әсіресе, бір жағы аңшы атасы Серікбайға еліктеп, құсбегі болуды армандайды. Жазушы Сәтжанды қынжылуды білмейтін, не нәрсеге болса да қызыға кірісіп, ойлаған мақсатына жетуді көбірек аңсайтын оптимист бала етіп көрсетеді. Ол өсірген қыран құс саршегір де «бір қаққан қабағынан барлық атырапты сүзіп көріп алғандай, иесіне мақтанғандай алыс төңірекке тәкаппар ерлікпен көз салып, құйқылып қарайды». Нағыз баукеспе алғырдың өзі болып шығады. Табиғат тағысы қыран құс ителгіні үйретіп алған Сәтжан оған қоянды да, қазды да, үйректі де, түлкіні де алдыра береді. Мұның өзі – бала үшін үлкен өнер, бұл оны іскерлікке, икемділікке, алғырлыққа үйретеді. Бұл бір жағы болса, екінші жағынан тау қыранымен аң аулай жүріп, Сәтжан өз өлкесінің барлық сыр-сипатымен оның байлығымен танысады. Өлкемен танысу Сәтжанға үлкен ой, жаңа қиял туғызады. Көре жүріп үйрену адамды үлкен іскерлікке баулитынын ол өз тәжірибесінен көреді. Жазушының шеберлігі аңшылықты өлкетану ісімен байланыстыруынан байқалады.
«Таңбалы тастағы» әр алуан суреттер мен әр түрлі тастардың табылуы жай нәрсе емес екендігі Сәтжанды үлкен ойға қалдырады.
Балалар үшін жазылған көркем әдебиеттегі ең құнды мәселе – өзінің оқушысын осы сияқты істерге баулып, өмір сүруге үйрететіндей, соған қызықтыратындай уытты болуында. Аңшылық өнеріне басында Сәтжан қанша құмарлықпен қызықса да, өсе келе, ойлана келе оны қомсына бастайды. Оны Сәтжанның қомсынып отырғаны одан да гөрі зор мақсаттың барлығы байқалады. Әңгіме оқиғасының өрістеуі мен дамуы Сәтжанның құлашын кең арнаға жаяды. Бала кезінде байқалған «Таңбалы тастағы» көріністер Сәтжанды зор арманға жетелейді. «Қиясына қыран ұялатқан, қыналы бетіне ертедегі бір қиын күндердің ізін сақтаған зәулім жартас Сәтжанға терең сыр, үлкен құпиясымен ыстық көрінеді. Ол жартастан ұзаған сайын қайта-қайта тастың сонау қиясынан көз алмай қарап келеді», – деп сүреттейді жазушы. Баланы зор болашаққа баулитын шығарманың осындай идеясы, оның тәрбиелік мақсаты неде екенін айқын көрсетіп, негізгі кейіпкерлерінің басқаларға үлгі боларлық моральдық бейнесін ашып береді. «Таңбалы тастағы» құпия Сәтжанның тау-кен институтына оқуға баруына, оның талантына жол ашуға зор себепкер болады.
Қорыта айтқанда, «Сәтжан» әңгімесінің барлық желісінен «Талапты ерге нұр жауар» деген халықтың даналық ойы көрініп тұрады.
Жасөспірімдер жазушының әңгімесін оқымас бұрын, ең алдымен оның тақырыбына қызығады. Мысалы, «Алданған жолбарыс» әңгімесін оқымастан бұрын-ақ, жолбарыс қалай алданды екен деген ойға қалады. Осы бір таңғаларлық қызықты ой әңгімені бастан-аяқ оқып шығуға мәжбүр етеді. Аң аулау қызығына шомып отырған бала оқиғаға өзі араласып отырғандай сезініп, кейде әңгіменің тез аяқталғанына өкініш білдіреді. Сонымен қатар, мергендер өмірін суреттеу балалар үшін ең қызықты, ең тамаша тақырып. Бұл жасөспірімдерді спорт жұмысының ең жақсы түріне үйретеді. Олардың шынығып өсуіне әсер етеді.
С.Бегалиннің аңшылық, мергендер өмірін суреттеген әңгімелерімен қатар, балалар әдебиеті саласында көтерген екінші күрделі тақырыбы мал шаруашылығыны байланысты өрістейді. «Шопан даңқы», «Төлбасылар», «Сұрапылда», «Керкиік», «Бұдан», «Қозышы Нұрман», «Жылқышы», деген әңгімелерінде мектеп ббалалары өз оқуын мал шаруашылығымен тығыз байланыстыра жүріп, өмір танығанын кқрсетеді.
Жазушы мал шаруашылығына байланысты жазылған әңгімелерін алдымен мал өрісін, жайлы қонысты суреттеуден бастайды. Мұның өзі табиғаттың мол байлығының көзін тауып, соны қалай пайдаланудың тетігін білуге үйретуді көздейді. «Шопан даңқы» әңгімесінің негізгі арқауы – малдың жайлы қонысын суреттеу. Отан соғысы жылдарында (мал азығын дайындайтын адам күші жетіспей жатқан уақыттарда) мал басын жұттан аман сақтауға жол тауып кеткен тәжірибелі шопандардың ерлік істерін көрсетеді.
Бастан кешкен ауыр күндердің қиындығынан қалай құтылғандығын суреттеу – жасөспірімдерге қиыншылықпен қалай күресудің жолдарын үйретеді. Тәжірибесі мол әкенің қолында өскен Ермек те көре жүріп көп нәрсеге үйренгенін, қолына құрық ұстап, қолқанат болып қалғанын білдіреді.
С.Бегалиннің балалар әдебиеті саласында көтерген үшінші күрделі тақырыбы мичуриндік агробиология ғылымы насихаттайтын әңгімелері. Бұған «Жас бұтақ», «Қант бұршақ», «Есеннің кірпісі», «Хат», «Мектеп бағында» деген әңгімелері жатады.
С.Бегалиннің балалар әдебиеті саласында көтерген тағы бір күрделі мәселесі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік істерге, отан қорғау тақырыбына арналған. Сонымен қатар, күн-түн демей үздіксіз еңбек еткен сол жылдардағы еңбек ерлерінің қаһармандық істерін көрсетуге, соны жасөспірімдерге үлгі етуге күш салған. Бұған жазушының: «Тағы кездесті», «Машинист», «Жеткіншектер», «Киіксор», «Жас шеберлер» деген әңгімелері жатады.
Сапарғали Бегалиннің балалар әдебиеті саласында көтерген тақырыбының бірі – есірткен еркелердің олпы-солпы ұрыншақ мінездерін әшкере етуге, өмірге икемсіздігін мінеуге, оны түзу жолға, жөнге салуға, жаман әдеттерден аулақ болуға шақыруға арналған. Бұған жазушының: «Ойламаған жүріс», «Ұрыншақ», «Жершіл шымшық», «Бес батыр», «Сымбатты Сима» атты әңгімелері жатады.
Автор баланың жас кезінен бұзылу себептерін негізінен ата-ананың өзіне байланысты екенін әлденеше мысалдармен дәлел еткен. Сондықтан да бұл тақырыптас әңгімелерінің басына: «Аңдамай аттасаң, алдыңнан апат кездеседі» деген эпиграфты бостан бос қоймағаны белгілі.
Мысалы, «Сымбатты Сима» деген әңгімеде Сима есімді қыз бала сырт көрінісі жинақы, тәп-тәуір болғанымен, ішкі мазмұны онысына сәйкеспейтін өзімшіл. Оның тәрбиесі жас кезінен-ақ ақылын ақша билеген дүниеқор, мақтаншақ шешенің қолына тиген соң Сима да еңбекке икемі жоқ, сабағына ат үсті қарайтын, бір ауыз сөз көтермейтін тәкаппар. Оған әрине, тікелей шешесі кінәлі. Жазушы Симаның неге бұлай болғанын әдемі суреттейді. Өзі бейғам болған соң, қызын да солай өсірген Гүлғайынның образы әңгімеде жақсы суреттелген. Оның барлық пейілі тек дүние-мүлікке ауып кеткен де, өз жанұясында не болып жатқанымен шаруасы, балаларының тәрбиесімен ісі болмай кетеді.
Жазушының «Ұрыншақ», «Ойламаған жүріс» тағы басқа әңгімелері де дәл осындай өз бетімен бақылаусыз кеткен ерке балалардың бейбастықтығын әшкере етуге арналған.
Қорыта айтқанда, балалар әдебиеті саласында Сапарғали Бегалин әңгіме жанрын дамытқан жазушы. Оның өмірді жақсы тани білетін мол тәжірибесі әңгімелерінен айқын көрініп отырады да, соның өзі балаларға үлгі-өнеге боларлықтай.
Достарыңызбен бөлісу: |