Қалғандария – ауыл. Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай 1 км жерде, Сырдария өзенінің бойында.
Қараөзек – темір жол стансасы, ауылдық округтің орталығы. Қызылорда қаласынан солтүстік-батысқа қарай 18 км жерде, Сырдария өзеннің оң жағалық аңғарында, Талдыкөл көлінің оңтүстік жағындағы қамыс, құрақ, т.б. шөптесіндер өскен шалғынды сұр, шалғынды-саз топырақты өзен жайылмасында орналасқан. 1967-97 жылдары бау-бақша дақылдарын өсіретін Қызылорда тәжірибе шаруашылығының орталығы болған. Оның негізінде Қараөзекте және округке қарасты Айнакөл, №10 Қараөзек темір жол айырмасында ЖШС және шаруа қожалықтары ұйымдастырылды.
Қарауылтөбе – ауыл, Қосшыңырау ауылдық округі құрамында. Қызылорда қаласынан солтүсті–батысқа қарай 5 км жерде орналасқан. Бұл ауыл орналасқан жер әуел баста «қарауыл қарайтын биік төбе, шоқы» болғандықтан осылай аталуы мүмкін немесе «жан-жағы түгелдей көрінетін биік жар».
Қарауылтөбе– ауыл, өзімен аттас ауылдық округ орталығы. Іргесі 1932 жылы құрылып, «Интернационал» ұжымдық шаруашылығының құрамында болды. 1992-2005 жылдар аралығында Абай ауылдық кеңесінің құрамына енді. Қарауылтөбе ауылдық округі облыс әкімиятының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы «Қызылорда облысында ауылдық округтер құру туралы» №242 қаулысына және қала әкімиятының 2004 жылғы 30 қарашадағы «Қызылорда қаласында ауылдық округтер құру туралы» №671 қаулысына, сондай-ақ облыстық мәслихаттың 2004 жылғы 13 желтоқсандағы ХІІ сессиясының №120 шешіміне, қалалық мәслихаттың 2004 жылғы 30 қарашадағы ХІ сессиясының №11/5 шешіміне сәйкес өз алдына дербес ауылдық округ болып құрылды.
1932-1937 жылдар аралығында Қарауылтөбе елді –мекенінің шығыс бетінде саяси қуғын-сүргін құрбандары атылған. Осы жерге саяси қуғын -сүргін құрбандарын еске алу мақстаында ескерткіш белгі орнатылған.
Ауыл көкөніс өсіріп, сүт өндіретін Қызылорда совхоз - техникум орталығы болған. Оның негізінде Қарауылтөбеде ЖШС жұмыс істейді.