Илеубай – құдық. Арал теңізінің солтүстік шығысында, Баршақұм өңірінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Изендіарал – мүйіс. Құланды түбегінің оңтүстік-шығыс бөлігінде. Өсімдік атынан аталған атау.
Кенділібауыр – бұлақ. Қаратүп түбегінде. Бұлақ маңайында, баурайында кендір өсімдігі көп өсетіндіктен қойылған атау.
Кенжембай – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Кердері мазары – Арал теңізінің табанындағы нысан. 2001 жылы «Арал – 2001 жыл» археологиялық экспедициясының (жетекшісі археолог Т. Мәмиев) зерттеуі барысында Қаратерең қыстағынан 75 км оңтүстік-батыстан табылған. Археологиялық барлаудың нәтижесінде жәдігер – мавзолей екендігі анықталды.
Кержығылған – жер атауы. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Ерте заманда бәйгеге қосқан кері аттың жығылған жері. Сондықтан осы жер «Кержығылған» деп аталып кеткен.
Керішқұдық –құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршықұм өңірінде. «Қатты тас грунттан қазылған құдық» мәніндегі атау.
Кесеқұм – төбе. Арал қаласынан солтүстікке қарай 83 км жерде, Баршақұмның батыс бөлігінде. Абс. биіктігі - 106 м. «Төңкерілген кесеге ұқсас құм төбе» мәніндегі атау.