3.1.5. Астрофизиканың әдістері мен аспаптары
Астрофизика аспан денелерінің физикалық табиғатын зерттейді. Осы кезде аспан денелері жайында толып жатқан қызық мәліметтер жиналды. Мысалы, Күннің, планетаның, тіпті жұлдыздардың да атмосферасынды қандай элементтер бар, тіпті қандай мөлшерде бар деген сұрауларға сенімді жауап алуға болады.
Күннен, жұлдыздырдан, тұмандықтардан шығып тараған сәулелер (электромагниттік толқындар) мен бөлшектер ұдайы Жерге түсіп, біздің көзімізге, құралдарымызға әсер етеді. Алыстағы жұлдыздардан келетін сәулелердің энергиясы өте аз. Сонда да осы аспан денелерінен бізге хабар әкелетін жарық толқындары мен бөлшектерді талдау арқылы, біз олардың физикалық табиғатын зерттеп біле аламыз, өйткені толқындар мен бөлшектерді заттың атомдары мен молекулалары шығарады. Ал, Жердегі лабораторияда істелген зерттеулерден, атомдар мен молекулалар қандай күйде, қандай толқындар мен бөлшектерді шығара алатыны және жұта алатыны бізге белгілі.
Жер бетінде адам шам, электр лампасы, электр доғасы сияқты жарық көздерін жасағанмен олардың шығаратын жарығының құрамы дәл Күндікіндей емес. Бірақ, соңғы жылдарда адам баласы дәл Күннен келіп түсетін жарықтың құрамындай жарықты қолдан шығарып алатын болды. Мысалы, ядролық реакциялар кезінде шығатын жарықтың күштілігі де, құрамы да Күннің және жұлдыздардың шығаратын жарығындай.
Күннен, жұлдыздардан келетін космостық сәуледегі бөлшектердің энергиясындай энергиясы бар протон, нейтрон т.т. деген бөлшектерді ғалымдар синхротон, синхрофазотрон деген үдеткіш машиналар арқылы шығарып алатын болды.
Ал, соңғы жылдарда ғана радиотелескоп арқылы қабылдап зерттей бастаған, аспан денелерінің шығаратын радиотолқындары сияқты, толқындарды ғалымдар (Герц, Попов т.т.) әлдеқашан Жер бетінде құралдар арқылы қолдан шығарып, оларды тұрмыста пайдаланып жүрміз.
Осының бәрі аспан денелерінің қасиеті Жердегі өзімізге таныс заттардың қасиетіне ұқсас екендігін және жердегі заттарда болатын сияқты процестер аспан денелерінде де болатынын дәлелдейді. Ендеше Жердегі тағайындалған заңдылықтарды аспан денелеріне де қолдануға болады.
Табиғаттағы заттардың таңғажайып қызық, өзара байланысты қасиеттерін талдап білу арқылы, әлемнің материялық бірлігіне көзіміз жетеді.
Астрофизиканың ең күшті әдісі спектрлік талдау деуге болады. Шексіз әлемнің сондай алыс түкпірлеріндегі аспан денелерінен келген болымсыз аз сәулені талдау арқылы ол денеде қандай элементтер бар екенін, оның температурасын, ол дененің қозғалыс жылдамдығын білуге – адам баласының дарынды ойының, оның шебер қолының әлемді танудағы тамаша мүмкіндіктерінің шексіз екендігін дәлелдейді. Әлем жөніндегі білімді молайтып, тереңдетуде адамның толып жатқан таңғажайып табыстарының бірі фотографияның маңызы да осы кезде өте үлкен болды. Телескоп пен фотографияның бірлескен көмегінің арқасында жарық миллиондаған жылдарда жүріп келетін қашық объектілер де бар екенін білдік. Ғылым мен техника өскен сайын алыстағы ірі объектілерді (макрокосмосты), жақындағы ұсақ (микро) объектілерді тереңірек танып біле алатын болып келеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |