«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы


«Сөйлеудің ұлттық мәдени ерекшелігі және оның аудармасы» пәні



бет12/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   32
Байланысты:
Аударма алеми
Аударма алеми

«Сөйлеудің ұлттық мәдени ерекшелігі және оның аудармасы» пәні




Аудармадағы ырғақ, интонация, әуез


Табиғаттағы әрбір жанды тіршілік әрекеті ырғаққа ие. Кез-келген сөз негізі ырғақсыз айтылмайды. Неміс ғалымы, жазушы Т. Манн: «Прозаның ең құпия әрі ең тартылыс күші оның ырғағына негізделгеніне мен сенімдімін, метрикалыққа қарағанда, оның заңы әлдақандай нәзік» деп жазды.


«Нағыз көркем шығарма өзіндік интонация, ырғақтық әуенге, әуезділікке ие болады. Оның ырғақтық кілтін таппай, әуезділігін сезінбей, аудармашы стилін дәл бере алмайды, демек ол көркем шығарманың шынайы негізі әрі мазмұнын да бере алмағаны». Г. Бельгер прозадағы ырғақ пен интонацияның орны жайлы осылай ой түйеді. Дионисий Галикарнасский мағына мен сөздің арасына тоқталып, сөйлеу түрлері сөздегі әуен, ырғақ туралы еңбегінде жазды. Көркем прозаның ырғақтылығы әлі жете зерттелінбеген. Аудармадағы ырғақтық мәселесіне ешкім көңіл бөліп жүрген жоқ. Сондықтанда аудармашылар стиль, мәтін мағынасы сәйкестігі, сөйлемдегі баламалылық, шығарма мазмұнының көркем тілмен берілуіне ықылас қойғанымен, шығарманың ырғақ-интонациясының аудармада сақталуына мән бермейді.
«Сөз – музыка ... Әртіс әріптің, сөздің, сөйлемнің, ойдың жанына бойлаған сәтте, ол мені өзінің жандүниесіне қарай баурап әкетеді. Ол қаншалықты дыбыспен боялған сайын, оның іші тіршілік ететін интонациямен айқындалған сайын, ол мені сол бейнелер мен суреттерге ішкі көзқараспен қарауға еріксіз бейімдетеді». Сахна өнерінің шебері К. Станиславский аудармашылық шығармада да аудармашы әр сөздің қыр-сырын айқын ұғынып, ырғақ, интонациясының нәзік иірімдеріне терең бойлау қажеттілігін еске салады. Б.Пастернак өзінің «Аудармашы жазбаларында» «сөздің музыкасы (әуезі) оның үнділігінен ғана тұрмайды, оның әуезділігі мен мағынасы арасындағы үйлесімнен тұрады» деп жазған.
«Сөздің интонациясы мен әуезділігіне аударма жасайтын тілдік құрылымды және оның ырғағы мен әуенділігін үйрену арқылы ғана жетуге болады. Аудармашыға тек қана көркемдік көзқарас ғана емес, көркемдік тыңдау қабілеті керек ... Аудармашыға түпнұсқамен бірге дыбысталатын интонацияны дәл таңдай білу маңызды».
Интонация сөзі грамматикалық реттегі көптеген сөздер тәрізді түрлі мағыналық қолданысқа ие. Интонация дыбыспен байланысты. Дыбысты санамен де естуге болады Б.Томашевский интонацияның басты элементтеріне дыбыстың күшін, екпінін, екіншіден, дыбысты көтеріп немесе бәсеңдетіп айтуға байланысты биіктігін, үшіншіден, оны жылдам немесе өте тез, яғни, созып немесе қысқартып айтуға қатысты дыбыс ұзақтығын жатқызады.
Интонация – әрі фонологиялық, әрі морфологиялық, синтаксистік, риторикалық, стилистикалық ұғым. Оның ауқымы кең де терең. «Интонация – жай ғана дүние емес, күрделі құбылыс, оған дауысты созу, дауысты күшейту, дауысты жылдамдату енеді» деп тиянақтайды. Кез-келген сөйлем айрықша интонациямен көріктендіріледі. Интонация сөйлемдерді өзара жіктеп, бөліп, мүшелеп отырады, осылай әртүрлі мүшеге бөліну мағыналық мазмұнды көркейтеді. Сөйлемнің көріктендірілуінің басты негізі – интонацияда. Сөйлемнің дұрыс, ретті орналасуы – интонациялық құрылымының мықтылығына байланысты.
«Аудармашы, менің ойымша, түпнұсқаның әуезіне өзін бейімдеуге міндетті» дейді Г. Бельгер. Олай болса, аудармашының әр сөздің мағыналық сәйкестігін беруден бөлек, оның ырғақ-әуенділігін, ішкі табиғи әуезін танып, талғаммен түйсіне білуі – психологиялық ерекшелік. Бұл аударма шығармашылығында түпнұсқаның түрі мен мазмұн бірлігін қайта жасап шығу мақсатында ескеріледі.
Интонация әркез тілдің грамматикалық құрылысымен, фонетикасымен тығыз байланысты әрі сөйлеу тіліне қарағанда тікелей тәуелді болып келеді. Автордың ойын түп негізіне дейін білу үшін тілдің әуездік құрылысын жақсы білу қажет. Зерттеуші В.Россельс интонацияны «көркем түрдің мейлінше маңызды қыры, сонымен бірге, ұлттық тілдің грамматикалық және фонетикалық құрылысымен анағұрлым тығыз байланысты» деп ұйғарады.
Грамматикалық құрылыспен тығыз байланысқандықтан да, ол ұлттық түрдің, көркемдік түрдің бөлінбес бөлшегі болып табылады. Интонациялық құрылыс – шығарманың маңызды элементі. Сөйлеу интонациясының ұлттық ерекшелігі тілдік синтаксисімен және сөздің өзара байланыстарына негізделген. Алдымен интонациялық құрылыстың ұлттық ерекшелігін анықтау маңызды. Әдеби тілдің айрықша мәнері мен стилінің қыр-сырын білу қажеттілігі зор.
Аудармашы шығарма мәтінінің эпикалық және баяндау сипатын есте жақсы сақтауы тиіс әрі басқа тілдегі оқырманға арналған аударма интонациясымен жеткізуге тырысқаны жөн. К. Россельс «түпнұсқалық интонациялық құрылысты жасау барысында аудармашы тіпті сөйлемнің өзіне, тіпті азат жолға сүйене алмайды, олай болу себебі сөйлем де, азат жол да тілдік элемент болып табылады, аудармашы аяқталған мәтін үзіндісіне сүйенеді. Өйткені, онда мағына мен бейнелеп жеткізу бірлігі жинақталады, осы бірлікке сәйкес ырғақ, қарқын, эмоционалдық кедергі тұтастық құрайды. Мұндай үзінді өзімен бірге «әдеби элементті ұсынады» деген ойда.
Проза ырғағы – бір жағынан тілдік материалды ұйымдастырудың белгілі түрі болса, екінші жағынан эстетикалық қызметін атқаратын құбылыс. Ырғақ – тілдік материалды ұйымдастырудың белгілі түрі, әсіресе оны лингвистикалық тұрғыдан талдауға үлкен мән беріледі. Мағына, интонация және ырғақ тілдің лингвистикалық құрылымында бейнеленеді. Осыдан барып олардың өзара байланысының маңызы айқындалады.
Проф. М. Морозов аудармашының жоғарғы шеберлігі түпнұсқаның интонациясын аңғарып, жеткізу қабілетінен танылады деп есептейді. С.Маршак аудармашыны әртүрлі дыбыс жиілігін таба алатын антеннаға орынды теңеген. Сондықтанда аудармаға кіріспес бұрын, шығарманың ырғағы мен интонациясын жақсы жеткізу үшін оған тереңдеп ену керек. Ол үшін түпнұсқаны қайталап бірнеше рет оқыған пайдалы. Г. Гачечиладзе анықтамасы «Жазушының ойы белгілі бір интонация мен ырғақтық құрылыс арқылы сөзбен бейнеленіп беріледі».
Аудармашының шығарма негізіне бойлауға арналған «стилистикалық кілтті» таба білуінің маңызы бар. Аудармашы түпнұсқа ырғағын, интонациясын, ойды жеткізу мәнерін және де басқаға осы бірліктердің шығарманың фабуласымен, сюжетімен, композициясымен байланысын, қысқасын айтқанда, стилдің жалпы және жекелеген жиынтығын, көркемдік бейнелеудің сипаттамалық тәсілдерін сезіне білгені дұрыс.
Көркем проза поэзияға қатысты қатал заңдарға бағына бермейді. Мысалы, поэзияда өлшем, ырғақ, ұйқас жүйесі, буын, бунақ т.б. орын алады. Проза аудармашысы өлең құрастырудың қатал шеңберіне шектеліп қалмайды, поэзия аудармашысына қарағанда өзінің тіл білімін, шығармашылық қабілетін еркін көрсеткенімен, тәржіма талаптарына сай түпнұсқаға қатысты дәлдік пен дұрыстық, сәйкестік жағынан еркіндікке бармайды. Аударманың бастапқы кезінен-ақ шығармашылық шабыт пен еңбектің техникасын ұштастыра білуі тиіс. Бұл бірлік аударма толық біткенге дейін бұзылмауы керек. Ең бастысы – аударманың стилистикалық кілтін табу. Аудармашы түпнұсқаның ырғағын, интонациясын терең тануы қажет.
Жазушы ойын сөзбен бейнелеу белгілі бір интонациямен, ырғақтық құрылыммен жүзеге асады. Әрбір сөйлем интонациялық-мағыналық топтан, ырғақтық-синтаксистік құрамнан немесе синтагмадан тұрады. Олардың мағыналық бірлігінен сөйлем құралады, әрбір тілдің қызметтік интонациясы, ырғағы мен синтаксистік құрылысы бар.
Мәселен, ең үздік орыс аудармашыларының бірі М.А. Шишмарева Ч. Диккенстің «Біздің ортақ үйіміз» («Наш общий дом») романын өте жақсы аударып шықты. Алайда аудармашы түпнұсқадағы ұзақ бір сөйлемді ықшамдап, қысқартып жеткізген.
«Вся их мебель, все их друзья, вся их прислуга их серебро, их карета была новая, их сбруя была новая, их лошади были новые, их картины были новые, они сами были новые»
Автор үшін тоғыз бірдей сын есімді зат есіммен байланыстырып қайталау белгілі бір мақсатқа сай жасалған. Аудармашы тоғыз рет қайталанған осынау «жаңа» сөзін сөйлем соңында ғана берген, сөйтіп сөйлемнің ырғағы бұзылған әрі стиліне нұқсан келген. Диккенс мұндай сөзбен салынған өрнекті өте жақсы көргені сондай, бір сөзді бірнеше рет қайталауға әуестенген. Оның болмысына тән тіркестің бірі мынау:
«Мы шли мимо лодочных верфей, корабельных верфей, конопатных верфей, ремонтных верфей ...» Аудармада былай оқылады: «Мы шли мимо лодочных и корабельных верфей...» (David Copperfield) «Дэвид Копперфилд» романынан).
Аудармашылардың орынсыз қысқартып, ықшамдап аударуы автордың интонациясын, ырғағын байқамауы – сөздің динамикалық рөлін түсінбегендік. Автор бұл сөзді сөйлемді толтыру үшін қолданып отырған жоқ. Кейіпкер түсінігін, ойын жеткізу мақсатында қолданғаны айқын. Нәтижесінде сөйлем ырғақтылығынан айырылды, өзгеріске түсті. Қанаты қырқылған құстай орынсыз қысқартылып, ықшамдалған түпнұсқадағы толыққанды мән-мағынасын солғындатты.
«Халықтың тіліне қиянат жасау, оның жүрегін жаралау» – депті Г. Паубе. Олай болса, бұл нақылды аудармаға негіздесек, жазушының түпнұсқадағы сөзіне, сөйлеміне, тіркесіне қиянат жасау – оның шығармасына жасалған қиянат, таланттың жеке басын сыйламау, құрметтемеу деп ұғынған жөн. «Артық қылам деп тыртық қылма» деп халқымыз айтпақшы, кейде түпнұсқаға жөнсіз килігіп, мәтін мағынасына мән берместен оны «түзеткісі» келетіндер немесе шығарманы құлпыртам деп ойдан қосып әрлеушілер аудармада жиі кездеседі. Олар автордың шымыр ойын бұзады, бейнелеу, баяндау шындығын көлеңкелейді. Аудармашы түпнұсқаны бірнеше қайталап оқу барысында шығармаға неғұрлым терең бойлап, бүкіл рухын, композициясын, идеясын, оқиғалар сабақтастығын, тіпті жекелеген эпизодтары мен фабуласын, бар көркемдік элементтерін ойға түйеді. Бұл аударманың көркемдік жағынан сапалы шығуына әзірлік.
Мысалы: Марк Твеннің «Геккльбери Финнің басынан кешкендерінде» мазасыз әйелдің өзінің үнемі бір жақты құрғақ ақыл беруінен баланы қалай жәбірлегенін белгілі бір интонациялық мағынаны ырғақтық қайталаумен жеткізген. Сондықтан да ол баланың есімін үш рет айтады:

– «Не болтай ногами, Геккльбери!


– Не скрючивайся так, Геккльбери!
– Не вытягивайся так, Геккльбери!»
Аудармашы аса бір ырғақты қайталаудың мағынасын түсінбей орыс тіліне былай аударған.

– Не болтай ногами, Финн!


– Не потягивайся, не ломайся, Геккльбери. Осы үзінді туралы К.Чуковский: «Үзіндінің бар психологиялық құндылығы жоғалып кетті» дейді. Аудармашы Н. Дарузес жоғарыдағы мәтінді мүлде басқаша бергенімен, қазақша аудармасында М.Дінішев оны сақтауға тырысқан, мағыналық дәлдікке жақындаған.
– Аяғыңды бұлғаңдатпай отыр, Геккльбери!
– Бүкіреймей, отыр, Геккльбери»
– Түзу отыр, Геккльбери!

Мысалы, қытай классик жазушысы Ляо Чжайдың таңдамалы әңгімелерін сәтті аударған В. Алекссев қытай тіліндегі бар сөздерді орыс сөзімен нақпа-нақ жеткізген.


«Однажды студент за воротами мельком увидел ее. Ребенок – он хотя и не имел понятия, но почуствовал высочайшую степень любви» деген жолма-жол аудармана құлпыртып, әдемілеп аударған. Орысша нұсқасы:
«Однажды наш студент заметил ее у ворот дома. Хотя это было всего только одно мгновение и хотя он, как ребенок, ничего еще не понимал, все-таки он ясно почуствовал, что полюбил ее до бесконечности»
Академик Н.И. Конрад аудармашының мәтінді қаншалықты терең түсінгендігін жоғарыдағы сөйлеммен дәлелдеп көрсетеді. Демек, бұл қарапайым тілмен жазылған қытай жазушысының шығармасын прозалық тілмен мәнерлеп жеткізген аудармашы таланты мен шеберлігінің көрінісі. Өйткені, қарапайым, қалыпты тілмен жазылған шығармада автордың дара стилі болмағандықтан да, аудармашы саналы түрде еркіндікке барған. Сәтті ізденіс жасаған.



  1. Мәтіндегі ырғақтық, интонация және әуезділік ерекшіеліктері.

  2. Интонация - қандай ұғым, Тіл заңдылықтарымен байланысы қандай?

  3. Ырғақтылықтың поэзия мен прозадағы қолданылу жүйесінің өзгешелігі неде?

  4. Мәтін әуезділігі және оның ырғақ, интонациямен үйлесімділігі.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет