Фонетика бойынша берілетін білімнің мүмкіндік деңгейіне қойылатын талаптар:
- дыбыстардың фонемалық қасиеттерін білу, сөздің лексикалық мағынасы мен дыбыстардың өзара байланысын түсіну;
фонетикалық терминдерді дұрыс пайдаланып, тілдік категориялардың мәнін ұғу;
дауысты, дауыссыз дыбыстардың іштей жіктелуін білу, оларды артикуляциясына қарай айыра білу;
қазақ тілінің халықтық сипатын танытатын тілдегі дыбыстық үйлесім мен үндестіктің (сингармонизм) тіл мәдениетімен байланыстылығын ұғыну және орынды пайдалану;
қазақ әліпбиінің құрамындағы төл дыбыстар мен орыс тілінен енген дыбыстардың өзара қарым-қатынасын меңгеру;
ауызекі сөйлеу және жазба тілдеріндегі сөздерді әдеби тіл нормаларына сай қолдана білу, орфоэпиялық, орфографиялық заңдылықтарды түсініп, оның коммуникативтік біліктілікпен байланысын тану.
Фонетика оқып біткеннен кейін, оқушыларда мынадай дағдылар қалыптасады:
- дауысты, дауыссыз дыбыстардың негізгі белгілерін, құрамын игереді;
кейбір сөздердің айтылуындағы және жазуындағы ұқсастықтарын ажыратып, тілдің орфографиялық, орфоэпиялық өзіндік ерекшеліктерін танып, өз ойын дәлелдеуге икемденеді;
дыбыстардың акустикалық, артикуляциялық ерекшелігін түсіне біледі;
термин сөздерді орфоэпиялық жақтан дұрыс айтылуына ерекше назар аударып, оқушының дұрыс сөйлеу дағдысы қалыптасады, сөз екпінін қоя біледі;
сөздің айтылуындағы және жазылудағы буындық ерекшелігін ажырата алады;
сөздің графикалық таңбасы мен айтылудағы айырмашылығын, сондай-ақ әдеби тіліміздегі сөздердің кез келгеніне әрі дыбыстық, әрі әріптік талдау жасайды;
буын мен тасымалдың арақатынасын жақсы ажыратумен қатар, өзінің сауатты жаза білуіне де, дағдыланады;
алфавит тәртібін дұрыс меңгеру арқылы түрлі сөздіктер мен анықтағыштарды пайдалануға да дағдыланады;
дыбыс заңдылықтарын жақсы білген оқушы кез келген поэзиялық, прозалық шығармаларды дұрыс мәнерлеп оқи алады.
3. Фонетиканы оқыту ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері. Фонетиканы оқыту әдістемелік әдістемесінде, оқыту принциптері мен оқыту әдістері әр тақырыптың ерекшелігіне сәйкес кеңінен қолданылады. Мысалы, жүйелілік, бірізділік, оңайдан қиынға, т.с.с.
Дыбыстар жүйесі жайында бастауыш кластарда әріп танытуға, сауатты жазуға, дұрыс сөйлеу, тексті дұрыс оқуға байланысты біраз мағлұматтар беріледі. V, VІ сыныпта әрі қарай тереңдетіледі. V сыныпта тіл дыбыстарына және олардың әріптеріне байланысты мынадай тақырыптар бар: Тіл дыбыстары және фонетика, Тіл дыбыстарының жасалуы, Дыбыс пен әріп, Алфавит, Бас әріптің қолданылуы; Дауысты дыбыстар және олардың түрлері, Жуан және жіңішке дауыстылар, Ашық және қысаң дауыстылар, Еріндік және езулік дыбыстар, Дауыссыз дыбыстар және олардың түрлері. Сонымен қатар әр дыбыс әріп емлесіне байланысты мынадай тақырыптар бар: Дауыстылардың емлесі, А, ә әріптерінің емлесі, О, ө әріптерінің емлесі, Ұ, у әріптерінің емлесі, Ы, і әріптерінің емлесі, И әріпінің емлесі, Я, ю әріпінің емлесі, Ә, е әріпінің емлесі. Дауыссыздардың емлесі, Қ, к, ғ, г, х әріптерінің емлесі, Қосарлы в, г, д әріптерінің Ф, ц, ч, щ әріптерінің емлесі, Қосарлы дауыссыздардың емлесі, Жуандық (ъ) және жіңішкелік (ь) белгілердің қолданылуы. Дауысты және дауыссыз әріптерінің емлесі орфография әдістемесінде арнаулы сөз болғандықтан, бұл жолы тек фонетикадан дауысты және дауыссыз дыбыстарды оқыту, буын оның түрлері, V сыныпта үндестік заңы, екпін, ал графика бойынша дыбыс пен әріп, алфавит тақырыптарын оқыту керек. Фонетика мен грамматиканың әдістемесіне арналған екі сағаттық лекция барлық тақырыптың әдістемесін баяндау мүмкін емес, сондықтан бәріне ортақ жалпы заңдылықтар ескеріледі. Әр тақырыпты оқыту әдістемесі мен студенттер практикалық сабақтарда, арнаулы еңбектерді өздігінен оқуға байланысты танысады.
Дауысты дыбыстарды оқыту әдістемесі. Дауысты дыбыстардан білім беру бастауыш сыныпта алынған білім мен дағдыларға негізделеді. Ол үшін дауысты дыбыстарды жеке сөзден, сөйлем ішіндегі сөздерден тапқызып, әуелі астын сыздырады да, соңынан дауыстылар тақтаға бөлек топталып жазылады. Дауыстының анықтамасы беріледі, оның дұрыстығына көз жеткізу үшін әр дауысты дыбысты оқушылар жеке де, хормен де айтатын болады. Бұл жолы оның ауыз қуысында кедергісіз еркін шығатындығы, сондықтан да ұзақ айтуға болатындығына тәжірибе жасалады. Бұдан соң дауыстылардың іштей қанша түрге бөлетіні сұралады. Оқушы жауап береді. Соңынан оларға қосымша мынандай сұрақ қояды. «Дауысты дыбыстар неге әр түрлі болып айтылады?», «Оның себебі неде?», «Дауысты дыбыстар неше түрге бөлінеді?». Бірінші сұраққа оқушылар жауап бере алмауы мүмкін. Бірақ бұл сұрақ оларды ойландырады, себебін білуге құмартады. Сол кезде мұғалім оның әр түрлі болу себебін өзі түсіндіреді. Бұл үшін сөйлеу мүшелерін естеріне салып, дауысты дыбыстың әр түрлі айтылуына тілдің, еріннің, жақтың қызметтері себеп болатындығын, сондықтан оларды үш топқа бөлетінін хабарлап, терминдерін естеріне түсіреді. Жуан және жіңішке дауыстыларды оқыту. Бұларға түсінік бергенде, мұғалім жеке дыбыстардың өзін топтап кестеге түсіре салмай, әуелі тақтаға бірнеше сөз жазады немесе көрнекі құралға жазып әкеледі де, қайсысы жуан, қайсысы жіңішке айтылып тұрғанын ауызша айтқызады және себебі сұралады. Оқушы бұл сөздердің жуан жіңішке айтылуы дауысты дыбысқа байланысты деп жауап беруі мүмкін. Егер ондай жауап болмаса, мұғалім өзі айтып, дауыстылардың астын сызғызады. Тақтадағыны оқушылар дәптерлеріне мына түрде жазып алады: жуан сөздер жіңішке сөздер қар, құр, саз, сыз, көр, төр, сөз, сіз тұр, тар, сөз тұр, тер Бұдан соң дауыстылардың асты сызылып, тек дауыстылар жазылады: Жуан дауыстылар Жіңішке дауыстылар а, ұ, ы, о ө, і, ү, е Бұл амал дауысты дыбыстарды табиғи жағдайда (сөз құрамында) тұрғанда, байқату әдісімен жүзеге асады. Бірақ оқушылар бір дауыстының жуан, екіншісінің жіңішке айтылу себебін білмейді. Оның себебі тілдің қызметіне, қозғалысына байланысты екенін мұғалім айтып түсіндіреді. Бұдан мағлұмат алып болғаннан кейін, әр дауыстыны оқушы әуелі іштей айтып, тілінің қозғалу қалпына бақылау жасайды. Ол үшін жуан-жіңішке дыбыстар салыстырылып айтылу керек. Мысалы: а – ә, о – ө, ұ – ү, ы – і т.б. Бұған біраз уақыт беріледі, содан біртіндеп сұрай бастайды. Оқушы өзінің байқағанын айтуға тиісті. А дыбысын айтқанда, тіл артқа тартылып, соңғы жағы дөңістенеді; ә-ні айтқанда, керісінше, тіл ілгері жылжып, соңғы жағы тегістеледі т.б. Бұдан соң мұғалім жіңішке дауыстыларды оқушыларға хормен айтқызады. Ол үшін мұғалім: «әр дауыстыны дұрыс әрі ашық айтуға тырысыңдар» деп ескерту жасайды. Бұл оқушының дыбысты анық айтуына мүмкіндік береді. Ең соңында жуан және жіңішке дауыстыларға арнап, тақтаға кесте сызылады, оны оқушы өзі байқай отырып толтырады. Алғашқы екі дыбысты мұғалім көрсетіп береді. Жуан а Жіңішке ә Ол үшін тақтаның бір жағында дауысты дыбыстар түгел жазылып тұруы керек. Әйтпесе оқушы дауыстыны түгел естеріне түсіре алмай уақыт жіберіп алуы мүмкін. Бұл кестені бір оқушы тақтаға жазады, қалғандары орындарында отырып орындайды. Кесте толтырып біткеннен кейін, жуан дауыстылар бір бөлек, жіңішке дауыстылар бір бөлек айтқызылады.
Жаттығу жұмыстарынла бір буынды сөздерді оқушыларға таптыртады. ЖУАН 1. Ақ-ық-оқ-ұқ; аз-ыс-он-ұл; ай-ыз-оз-ұн; ат-ым-ой; аш-ық-ол; ар-ұр-ор ЖІҢІШКЕ 2. Үн-ін-ен-өн; үк-іс-ем-ор; үш-іш-ең-ес; үз-іл-ес-ел; и(і+й)-еш-ек; үй-із-ек-өт-өш-өз. Сонымен дауыстылардың жуан және жіңішке түрлерін меңгертуде мына сияқты әдіс-тәсілдер қолданылады: байқату; тәжірибе; кітаппен жұмыс істеу; салыстыру; кесте арқылы топтау; жаттығу, мұның өзінде сөздігін дамыту, т.с.с.
4. Қазақ тіліндегі дыбыстардың айтылуы мен жазылуын үйрету мұғалімнің шеберлігін ғана емес, бірнеше тәсілді қатар меңгерген әуесқойлығын да қажет етеді. Өйткені сабақта оқытушы тек дыбыстардың айтылуымен шектелсе, сөйлеуді үйрету мақсатына жетпейді. Сондықтан ұстаз дыбыстардың ерекшеліктерін сөз ішінде, буын құрамында, сөйлем арасында меңгерте отырып, жалпы тілдік қатынастың қағидаларын естен шығармайды және тілді үйретудің жинақтық әдісін пайдаланады. Фонетикалық тұлғалардың естілуі дыбыс ырғағы, күші, созылыңқылығы, әуені сияқты ерекшеліктерімен ажыратылады. Олар лингвистикалық әдебиеттерде талданып көрсетілген.
Қазақ тілінен жүргізілетін жұмыстардың ішінде граматикалық талдауға біршама ұқсас, онымен жанаса жүргізілетін жұмыстардың бірі – фонетикалық талдау. Фонетикалық талдау граматикалық талдау емес, сондықтан оны фонетикалық талдау деп өз атымен атаған жөн.
Фонетиканы өту барысында сабақта талдау жасалады.Талдауда сөздің дұрыс жазылуына ғана көңіл бөлініп қоймай, сонымен қатар сөздің дұрыс айтылуына да талдау жасап отыру керек. Себебі фонетиканы өту арқылы оқушыларға сауаттылықпен қатар дұрыс сөйлеуді де, яғни орфоэпиялық норманы меңгертеміз.
Фонетикалық талдау мазмұнына қарай дыбыс жүйесі бойынша талдау, үндестік заңы бойынша талдау болып екіге бөлінеді.
Фонетикалық талдау көлеміне қарай жай талдау, күрделі талдау болып бөлінеді.
Фонетикалық талдау орындалу орнына қарай тақтада талдау, орнында отырып талдау болады.
Жеке сөзді фонетикалық талдау жасап көрейік. Қазық қағылды деген сөз тіркесіндегі қазық сөзін алайық.
Достарыңызбен бөлісу: |