7-Тақырып. Спорттық жаттықтырулардың құрылымы
Дәріс мақсаты: Спорттық жаттықтырулардың құрылымымен таныстыру
Тақырып сұрақтары
1. Спорттық жаттықтырулардың құрылымы
2. Спорттық жаттықтырулардың кезеңдері
Дәрістің қысқаша мазмұны (тезисі)
Жаттықтыру үрдісінің ұзақтығына байланысты жоспарлаудың үлкен кезеңдік (болашақтық) және кіші кезеңдік (жедел) деген екі түрі болады. Үлкен кезеңдік жоспарлау төрт жылға немесе бір жылға арналып жасалады. Ал кіші кезеңдік жоспарлау, айлық (мезоцикл), апталық (микроцикл) және жеке жаттықтыру сабақтарына арналып жасалады. Микроциклге спортшы қатысатын жарыстардың түрі, уақыты, сол жарыстарда спортшының орындайтын міндеті, оның дайындығындағы айлық кіші міндеттер және жыл көлемінде орындалатын үлкен міндеттер сипаты, жүктеменің көлемі кіргізіледі. Әдістемелік нұсқаулар беріледі. Бақылау түрлерінің және дәрігерлік бақылаудың өткізілу уақыты белгілінеді.
Жаттықтыру үрдісі үш кезеңдерден құрастырылады. Олар: дайындық, жарыс және қалпына келу кезеңдері деп аталады.
Дайындық кезеңі Дайындық кезеңі жылдық циклде 4-5 айға, жарты жылдық циклде 2-3 айға созылады. Бұл кезеңнің міндеті организмнің мүмкіншілігін жоғары деңгейге жеткізу. Дайындық кезеңі 2 бөлімге бөлінеді.
1 Жалпы дайындық бөлімінде спортшы ағзасының жалпы қызметтік мүмкіндіктерінің деңгейін көтеру, қозғалыс қасиеті мен қозғалыс шеберлігін, дағдысын жетілдіру мәселелері шешіледі. Жалпы дайындық бөлімі екі түрлі тарту және негіздеу деген орта циклдерден турады.
Тарту циклінің мақсаты – жүктеме қарқындылығы мен көлемін жайлап өсіру. Негіздеу немесе базалық циклінің мақсаты негізгі жаттықтыру жүктемесінің көлемін орындау.
2 Арнайы дайындық бөлімінің міндеті – спортшының өзі айналысқан спорт түріне керек дене қуаты қасиеттерін, техникасын, тактикасын дамыту.
Бұл бөлімде арнайы дайындыққа 60-70 пайыз уақыт бөлінеді. Жарыс жаттығуларына ұқсас жаттығулар, бақылау, тексеру, жаттықтыру амалдары қолданылады. Бұл бөлім тексеру, дайындау, шындау циклдерінен тұрады. Тексеру, дайындау циклінде жаттықтыру жұмыстары бақылау жарыстарына қатысуымен араласа жүргізіледі. Шындау циклінде тексеру жарыстарынан кейін анықталған техника, тактика кемшіліктерін жою, айла-әдістерін шындау жаттығулары жүргізіледі. Жүктеме қарқындылығын арттыру, жаттықтыру көлемін азайту түрінде қолданылады.
Жарыс кезеңі. Бұл кезде спортшы өзінің негізгі жарыстарына қатысады. Бұл кезеңнің басты міндеті – алдыңғы кезенде жақсы жаттыққан спортшы ағзасының жарысқа дейінгі күйін ұзақ уақытқа сақтау. Жарысқа қатысу жиілігі спорт түріне, спортшы дәрежесіне байланысты.
Жарыс алдындағы циклде спорттық бабына кіру және алдыңғы жарысқа дайындалу жаттығулары жүргізіледі. Жарыс циклдері негізгі жарысқа қатысу кезінде өтеді де бірнеше кіші циклдерге бөлінеді (микроциклдер). Олар: жарыс алдындағы, жарысқа қатысу және қалпына келу циклдері. Қалпына келу – көтермелеу циклі кезінде сипаты бір-біріне ұқсас жаттықтыру үрдістерінен спортшыларды жалықтырмау үшін басқа жаттығуларды пайдаланады. Сол жаттығулар көмегімен ағзаның қалпына келуін тездетеді.
Өтпелі кезең. Бұл кезеңнің міндеті – жаттықтыру мен жарыстардан алған әсерін жоғалтпау, ағзаны қинамай уақытында босаңсытып, қалпына келтіру. Бұл кезеңде арнайы дайындық жаттығулары азайтылып, жалпы дайындық жаттығулары көбейеді (спорт ойындары, табиғат аясында жүгіру т.б.). Көбінесе ағзаны тез қалпына келтіретін, спортшы ұнататын жаттығуларды пайдаланған тиімді. Өтпелі кезең 2-3 орта циклдерінен тұрады. Қалпына келтіру – көтермелеу және қалпына келтіру – дайындық циклдерінен біртіндеп, келесі үлкен жаттықтыру циклінің дайындық кезеңінің тарту мезоцикліне ауысады. Кейбір кездерде өтпелі кезеңнің орнына қысқа жеңілдету фазалары кіргізіледі. Ол «Қосақталған микроцикл» деп аталады да, жарыс кезеңінен кейін екінші дайындық, онан кейін екінші жарыс кезеңі, сонан соң ғана өтпелі кезең кіргізіледі (9 сурет).
Достарыңызбен бөлісу: |