Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде



бет35/53
Дата06.02.2022
өлшемі1,05 Mb.
#37498
түріДиссертация
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   53
6. «ХVІ – ХVІІІ ғғ. Отырар» деп аталатын тарауда қаланың соңғы үш ғасырдағы тіршілігі баяндалады. 6.1 «Отырардың Қазақ хандығы құрамына өтуі» деп аталатын бөлімде жазба деректер негізінде қала тарихы қарастырылады. 6.2 «Кейінгі ортағасырлық Отырар қаласының сипаттамасы» деп аталатын бөлімде қала халқының саны жөнінде түрлі есептеулер берілген. Қазба нәтижелерін есепке ала отырып жасалған соңғы есеп бойынша ХVІ ғ. Отырарда 761 үй болып, онда 5212 халық мекен еткен болып шығады [39, с. 53-58]. 6.3 «Қолөнері, ирригация және егіншілік» деп аталатын бөлімде К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзаковичтің енбектеріндегі Отырардың қолөнері жөніндегі мәліметтермен қоса [43, с. 157-166] 1981 ж. бергі жаңа материалдар баяндалады. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қорына Л.Б. Ерзакович Отырартөбенің ІV қазба орнынан табылған келсап тәрізді темір зат өткізген болатын. Оның құрал екеніне күмән жоқ. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қорындағы ХІХ ғ. жергілікті етікшілердің құралдарымен салыстырғанда олардың арасында «қоба» атты бұйымдармен (саны 4, біреуі қола, үшеуі темір) ұқсастық бары байқалады. Келсап тәрізді осы құралдардың жоғарғы ұшы жұмыр етіп сомдалған, ол ұстап соғуға оңтайландырылып ыңғайлы етіп жасалған. Құралдың астыңғы жағы кеңейе, жалпая түскен. Олардың асты бірде тегіс, бірде біршама жұмырлана келген. К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзаковичтің 1981 ж. монографиясында қоладан жасалған «келсап» жарияланды. Біздің пікірімізше, осы зат та етікшінің құралы. Оның бойының биіктігі 17 см. Үстіңгі бөлігінің диаметрі 1 см, табан диаметрі 2,5 см. Құралдың ортасы өрілген, үстіңгі мен төменгі бөлігі қырлы етіп жасалған [43, с. 170, рис. 93]. Қазақтардың ішінде осы кәсіпті меңгерген шеберлер көп болған. Баянауыл мен Көкшетау етікшілерінің өнімдері Ташкент пен Бұқара шеберлерінен асып түспесе кем түспейтінін М. Шорманов жазған. ОМАҚМ қорында ХІХ ғ. жататын қоладан жасаған осындай етікші құралдары бар. Отырардағы тоқыма өнеріне байланысты әдебиетте керамика сынықтарынан жасалған ұршықбастар, ши тоқитын өрмек, тоқыма өрмегінің ауыртпалығы аталады [43, с. 172, рис. 106-108]. Осы зерттеудің 111 суретінің 6 санмен көрсетілген өнделген сүйекті біз тоқыма құралы деп санаймыз. Осы арада С. Қасимановтың жазғанына назар салмақпыз: «бұрынғы кезде шұлық тоқу үшін ағаштан, не сүйектен ұзындығы 12-15 сантиметрлік, сымнан 18-20 сантиметрлік қармақты біз жасайтын. Қазақтың халықтық өнерінде қармақ біз кәрі жіліктің шыбық сүйегінен, жарып алған жіліншіктің қыр сүйегінен егеліп істелетін» [44, 62–63-бб.]. Кейінгі қазба барысында мата тоқитын өрмектің бір құралы – ірі қара малдың қабырғасынан жасалған бір қыры ара тістері сияқты етіп жасалған құрал табылды. Ол Пенджикент қазбасынан табылған тоқыма өрмегінің құралына жақын [45, с. 98]. Отырарда кейінгі қазбалар барысында тігуде қолданылатын құрал – оймақ табылды. Оны кесте, көркемдеп тігуде қолданғаны белгілі.
Отырар егіншіліктің орталығы болды. Отырарлықтар бидай, арпа, тары екті. Алма, өрік, жүзім, мақта өсірді. Қауын, қарбыз дәйнектері қазбада жиі кездеседі [43, с. 185-186]. Орта есеппен алғанда, әрбір орташа үшінші үйде 5-8 тоннадан 13 тоннаға дейін бидай сақтайтын қамбалар болған. Бұл Отырар халқының негізгі бөлігінің егіншілікпен айналысқандығын дәлелдейді. Сонымен қатар көп бөлмелі үйлерде мал ұстауға арналған қоралардың болғаны анықталып отыр. Отырар қазбалары барысында ХVІ ғ.-ХVІІ ғ. жататын жер жыртатын құралдың тісі, орақтар, кетпен табылды [43, рис. 83-85].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет