4. Адамға әсер ететін иондаушы сәулелену көздері. 4.1. Табиғи радиациялық фон (ТРФ) туралы түсінік Иондаушы сәулелену, бұл адам синтездеген көптеген химиялық заттар сияқты, бұрын табиғатта болмаған, адамға әсер ететін қандай да бір жаңа фактор емес.
Адамды қоса есептегенде, әрбір тірі ағза, жеке өмір сүруі кезінде (онтогенез) және бүкіл тірі табиғаттың дамуы барысында (яғни филогенез үрдісі) табиғи радиациялық фондеп аталатын, ИС әр түрлі табиғи көздерінен сәулеленуге ұшырайды. Табиғи радиациялық фон – бұл, қоршаған ортаның ажыратылмайтын бір бөлігі (фактор). Ғалымдардың ТРФ-ға қызығушылығының пайда болуына салыстырмалы түрде көп уақыт өткен жоқ, негізінен, адам атом энергиясын басқаруды үйренгеннен кейін пайда болды және ол кездейсоқ болған жоқ. Атом энергиясын пайдаланудың ауқымы кеңіген сайын, ИС-тің әр түрлі көздерінен сәулелену әсеріне ұшырайтын адамдар саны көбеюде. Сондықтан, ИС-тің қауіптілігін бағалау және сәулеленудің әсер ету шегін орнату кезінде, сәулеленудің әр түрлі табиғи көздерінен сәулеленуге ұшырау деңгейін және сипатын білу өте маңызды.
Бірақ, ТРФ тірі ағзалар тіршілігіндегі ролі әлі соңына дейін анықталаған жоқ. Кейбір зерттеушілер, аз дозаларда сәулеленуге ұшыраудың пайдалы рөлі туралы айтады, яғни оның өмір үшін маңызды үрдістерді ынталандыратын әсері (гормезис құбылысы) туралы айтады. Эксперименттік бақылауда әлі де жеткілікті дәрежеде дәлелденбеген бұл көзқарас, радиациялық фактордың адам денсаулығына да, басқа да жануарлар мен өсімдіктердің ағзасына да ешбір қолайлы әсері жоқ деген қазіргі кездегі көзқарасқа сәйкес келмейді. БҰҰ атом радиациясының әсері жөніндегі ғылыми комитеттің (АРӘҒК) және ХРҚК мәліметтері бойынша, радиациялық фактордың, тіпті фон деңгейінің өзінде, адам денсаулығы үшін аз да болса, қауіп-қатері бар екені көрсетілген. В.А. Книжниковтың айтуы бойынша, ТРФ есебінен қатерлі ісіктен өліммен аяқталу қауіп-қатері, шамамен 1% құрайды. Сол сияқты, обырдың спонтанды пайда болуы мен тұқым қуалайтын аурулардың бір бөлігі осы табиғи көздерден сәулеленуге ұшыраумен байланысты болуы мүмкін. Бұлардың барлығы оларды жете зерттеуді қажет ететіндігінің айғағы.
ТРФ ерекше айырмашылығы - жер бетіндегі барлық халыққа түгел әсері етуі және ұзақ уақыт бойына оның деңгейінің салыстырмалы түрде тұрақты болуы. Сонымен бірге, табиғи сәулеленудің әсер ету деңгейлерінің әр түрлі аймақтарда және теңіз деңгейінен әр түрлі биіктікте, бір-бірінен едәуір айырмашылығы бар.