Сүдігерде изен ызыңдайды
маңырағандай болды. Ду-думан, ызы-қызы дауыстың
арасынан қара ешкінің үні құлағына анық шалынды.
«Тұқымың құрымағыр, лағын жоқтап құдай сыйлап
тұр-ау, – деп қойды Әбдібек. – Айтпақшы, Сейтқұл
құрдас соны мал ғұрлы көрмеді-ау осы. Сойқан салсам
ба екен, тұқымың құрымағырды. Ешкі мал емес пе екен?
Ойбай-ау, құдайлардың құдайы Зевстің өзін ана сүтінің
орнына ешкінің сүтін беріп асырапты. Сенбесең, біздің
Серіктен сұра» деп оқудағы баласын еске алды.
...Окоптың боз-ботана суы сіңген оң аяғын снаряд
жұлып кетті. Әлгіде бір тамшы тиіп жарылған шамдай
көзінің алды жарқ ете қалды да, сол шамның үңірейген
ұңғысындай меңіреу қараңғылық құшағында құлап
жатты. Сонан соң мына балдақ пайда болды.
Әбдібек үстелге сүйеулі тұрған балдағын сипалап
қойды. Балдақ та бұған сүйенгісі келгендей, шолақ
аяғының тұқылына құлай беріп еді, Әбдібек үстелге
қайта сүйей салды.
Сөз сөйлеп, тост айтушылар таусылар емес. Толассыз
сөз. «Ау, бұл колхоздың есеп беру – сайлау жиналысы
ма, əлде той ма? – деді Әбдібек. – Тойдан құр қайтқанша
өлеңіңді айт, жаудан құр қайтқанша жаралы қайт. Неге
өлең айтпайды мына жұрт?»
– Келесі сөз күйеу бала Әзімбайдың нағашысы
Шынайдарға беріледі, – деді микрофон.
Әбдібек селк ете қалды.
– Шнайдер дей ме? Неміс пе? – деп орнынан
атып тұра жаздап, балдақсыз екені есіне түсіп, қайта
басылды.
– Шынайдар дейді, ақсақал, Шынайдар. Күйеу
баланын нағашысы, – деп түсіндірді қарсысындағы
жездекей. Сонан соң көршісіне бұрылып сыбырлады: –
69
Сүдігерде изен ызыңдайды
Ақсақал мас болып қалды. Қайдағы неміс есіне түскені
несі?
«Менің аяғымды алып қалған Шнайдердің оғы,
– деді Әбдібек сигарет сорып отырып. – Екі елі
жоғарырақ кесілгенде екінші группа беретін екен.
Отыз жылдан асты, үшінші группадағы мүгедекпін.
Екі сантиметрдің арысы не, берісі не? Ал пенсиядағы
айырмашылық алшақ... Жарайды, аштан өліп, көштен
қалып жатқан жоқпын. Әгəркім, оқ жұлған аяқпен бірге
өзім толайым қалсам қайтер едім. Адамға шүкіршілік
керек. Мына тұқымың құрымағыр, Сейтқұл ғой, мен
соғысып жүргенде, бір көзінің ағы арқасында колхозға
бастық болды. Енді осы ауылдың молдасы. Үш жүз
адам шақырып, қызын ұзатып отыр. Менің қара ешкімді
қомсынды-ау осы. Сойқан салсам ба екен?»
– Келесі сөз – ауылымыздың қадірлі ақсақалы, Ұлы
Отан соғысының ардагері Әбекеңе, Әбдібекке беріледі...
Әбдібек орнынан көтеріле қоймады. Оны біреу
аңғарды, біреу аңғармады. Меймандар қызған кез
болатын. Әбдібек екі жұдырығына маңдайын тіреген
күйі ұйықтап кеткен.
– Әбекең сəл шаршаса керек, – деп айқайлады
көршісі жездекей той ағасына.
– Бəсе, бағана жаңбырдан қорықпай жалғыз өзі
сілтеп отырысы қиын еді, деп қалды біреу барқырай
күліп. Келесі сөз...
* * *
Ол қараторғайдың əнінен оянды. Қолының екі қары
ұйып қалыпты. Мойны да сірескендей. Басын көтеріп
жан-жаққа қараса – жым-жырт. Болар-болмас шырай
шалған бозала, уыз таң. Аспан қылаусыз. Аулақта
70
Сүдігерде изен ызыңдайды
түсі қуарған ай қалтырап тұр. Тал-дарақ басындағы
құстар оянып, құйқылжыта əнге басты. Күйеу жігіт
пен қалыңдық тұсына тұтылған қызыл кілем орнында
екен. Әбекеңнің іші жылып қалды. Майдан даласында
құламаған ту сияқты көрінді қырмызы мүлік.
Әбдібек сипалап, балдағын тауып алды. Жерге құлап
қалған екен. Балдақ оны тастап кетпес. Өле-өлгенше,
ақырғы дем таусылғанша бұл балдақ адал серік.
Бір-бір басып, қызыл кілемнің тұсына барды
– Ту жығылған жоқ, мен жеңілген жоқпын! – деп
айқайлағысы келді.
Шарбақ жақтан кешегі өзі байлап кеткен қара ешкі
қақсап қоя берді.
71
СУСАМЫР
Су таситын сары машинаның əлі қарасы көрінбей,
тек даусы естілуі мұң екен, қой біткен қосаяқтап,
ұлардай шулап, əлгі көліктің алдынан жамырай шықты.
Дөңгелектің астына түсіп кете жаздап, кес-кестеп
машинаға жол берер емес.
Осындай
сұмдықты
Бұзаубақ
сонау
бір
«ақмылтықтың» қысында көрген. Ақ тажалдың
ортасында азықсыз қалған малға самолетпен шөп
тасып, аспаннан дестелерді құмалақтатып тастаған кез
болған. Сонда қой баласы самолеттің даусын адамнан
бұрын естіп, аспаннан түсетін азыққа ауыздарын тосып,
аңырап тұратын.
Қазір қыс емес, көктемнің соңы, жаздың басы. Соның
өзі «ақмылтықтан» кем соғып тұрған жоқ...
Су таситын машинадан зоотехник Жалау қамалаған
қойдың үстінен секіріп əрең түсті. Бұзаубақ бұрын
ұдайы алдынан шығып, жарқылдап амандасып,
зоотехник жігіттің келгеніне қуанып қалушы еді. Бұл
жолы бұлттай аунақшып бөтен мінез танытты. Киіз
үйдің ту сыртына шығып алып кетпеннің сабына
сүйеніп, түстікке қарап қатыпты да қалыпты.
Әдеттегі ізетті жоқтағандай зоотехник аңырып
біраз тұрды да, ақыры Бұзекеңе қарай беттеген. Таяққа
сүйенгеннен секем алып: «үй-іші аман ба екен» деп те
шошыды.
– Бұзеке, тыныштық па?
|