Сүдігерде изен ызыңдайды
– Қайдағы тыныштық? – деп Бұзаубақ Жалаудың
бетін қайтарып тастады.
Қозы қарны шығып, жасына жетпей əукесі салбырай
бастаған Жалау не дерін білмей тұғжыңдап қалды.
Шалдың көзі құтырына қызарып, қайыстай беті
түтігіп, кезерген ерні қақ-қақ айырылып, қаны шығып
тұр.
Айтса айтқандай, іші қабысып солықтаған қаракөл
қой машинаны айнала қоршап алып, ып-ыссы темірдің
өзін жалап, тілі қарылып жатыр екен.
Шопыр бала цистернадағы жылып кеткен суды
шлангімен науаға құйған кезде, ындыны кепкен мал
бірін-бірі таптап, ылғалға лап қойды.
Ит-құстың
ашқарақтығы
мына
қойдың
қомағайлығының ширегінен де келмейді екен. Бірінің
қанын бірі ішетін түрі бар.
Киіз үйдің іргесіндегі бидонды қаңғырлата сүйретіп
Биғайша келеді.
– Әй-оу, шырағым, таусылып қалмай тұрып мынаған
да құй. Әдірəм қалғыр, мал-мал деп өзіміз өлеміз бе.
Шофер бала шлангіні бидонға бұра бергені сол
еді, астауға басы жетпей жатқан шетқақпа қой атаулы
енді бұған тап берді. Бидонды құлатып, аяқбасты етіп,
Биғайшаны таптап кете жаздады.
– Құдай сыйлады ғой, мына топалаң келгірді! – деп
шопанның əйелі қоршаудан əрең шықты.
– Ана құдық қурап қалды, – деді Бұзаубақ
зоотехникке көк цемент құбырдың үстінде үнсіз қалған
моторды нұсқап. – Бұл жерден қоныс аудармасақ
болмас.
73
Сүдігерде изен ызыңдайды
– Басқа жер мəз боп тұрған жоқ, – деді Жалау жүдеу
жауап қайырып. Өзге отарларға да су тасып жеткізе
алмай машақат болдық қой.
– Апыр-ау, Асау тартылғалы бері жердің пейілі
де тарылды. Бір тамбай қойған құдайдың күні мынау.
Бұлты түскір төніп-төніп келеді де, жаумай безеріп
тұрып алады. Піскен сыздауық сияқты пəлені жуалдыз
сұғып, жарып жібергің келеді.
– Тіліңді тигізбе-ей, байғұс, құдайдың құдіретінде
нең бар, – деді Биғайша бидонды сүйреп келе жатып.
– Шілде түспей жатып шөлге тап болдық. Алты
ай жаз осылай арысақ, қыстың қаһарына қайтып
шыдаймыз? Мұны ойладыңдар ма? – деп, Бұзаубақ
зоотехникке ажырая қарады. – Су құрдым болды. Асау
қайда бұл? Қай жалмауыз жұтып қойды? Адам-ата,
Хауа-ана жаралғалы бері ағып жатқан өзен өртеніп
кетті ме, не зауал келді? Айтсаңшы, оқыған күшіксің
ғой.
– Ой, Бұзеке-ай! Соноу Сарқыраудың тұсынан тоған
салып буып тастаған жоқ па? Соны да білмейсіз бе?
– Е, буып тастағаны несі? Құдая құдауанда
құдіретіңе құлдық! Жотаның елі ол тоғанға қой тоғыта
ма сонда?
– Жоқ, қызылша суарады, ойбай, темекі! – деді
Жалау да күйініп.
– Қызылша бұрын да өскен. Асаудың суы жотаға
да, ылдиға да жеткен. Ендігінің қызылшасы обыр боп
кетпесе, осыдан он – жиырма жыл бұрын жотаның елі
қызылшадан алдына жан салмаған. Бірақ ылдиды судан
жұтатпаған.
– Қайдам, – деп күңк етті зоотехник көзі кіртиіп.
74
Сүдігерде изен ызыңдайды
– Сонда қойдан қызылша қымбат болғаны ма? – деп
Бұзаубақ тыйылмады, – Айтшы, сен оқыған күшіксің
ғой. Ана директордан сұрайын десем, көре алмай
жүрмін. Біздің жаққа ат ізін салғанды қойды. Мүмкін,
сол білер!.. Айта бар оған: не тауға, не құмға көшпесек,
мұнда отырып көңіміз қурап қалар. Адамың да, малың
да тулақ болар.
Бұрынғыдай желтоқсанда туған қозыны сойғызып,
көлеңкеде шəниіп жатар жағдай жоқ. «Отыр, қазан
көтерейік» деп үй иесі ниет білдірмеді.
– Мекебайдың отарына да су жеткізбесек, олар да
қаңсып отыр, біз қайтайық, – деді Жалау.
– Мына бала бізге кешке дейін тағы бір қатынамаса,
əлгі əкелгендерің ана жұт келгірлердің жұмырына
жұқта болған жоқ, – деп қалды Биғайша.
Машина бұралаңдап, өлген арыстанның терісіндей
сардаланың жолына түсті. Киіз үйдің іргесінде тілі
салақтап, бүйірі солқылдап жатқан Сырттан бұрынғыдай
арсылдап, машинаны əудем жерге шығарып салуға
жараған жоқ.
Киіз үйдің туырлығынан қаңсық иісі шығады.
Бұзаубақ іргеде отырып, бидоннан құйып алған бір
шəугім суды шүмегінен ұзақ сіміреді. Көзінің алдынан
өзен тасып келе жатқандай көңілі алаң.
* * *
Бұзаубақтың түсіне түнімен су кіріп шықты.
Бірде телегей-теңізге батып бара жатады. Батып
бара жатса да қорықпай əлгі судан іше береді. Не су
таусылмайды, не мұның шөлі қанбайды.
Бірде айдын көлдің жағасына жығылып, суға мойнын
қанша созса да, жете алмай ындыны құрыды.
|