* * *
Мерке жағынан лек-легімен құлаған аттыларды будақ-будақ
шаңның арасынан аңғарған шолғыншы биік терек басынан айқай
салды:
– Ойбай, кеп қалды! Қарақұрым, шегірткедей қаптап келеді! –
Шолғыншы-қарауылдың дауысы тарғыл-тарғыл, әлем-тапырық
шыққанына шын шошыған сарбаздар Ақкөз сардардың жарлығын
күтпей-ақ алаңқайда тұсаулы жүрген аттарына қарай ұмтылды.
Ерте ме, кеш пе, Меркеден, не Әулие-Атадан, не Пішпектен
әскер шығып, мына көтерілісшілермен қақтығысатыны айдан да
анық болатын. Бірақ дәл қазір шабуыл тұтқиылдан басталар деп
ешкім күтпеген.
Адамдар абыр-сабыр, айқай-шу, ызы-қызы болып жатқанда,
Ақкөз асықпастан ақжал сарыға мініп алды да, қазанатты тебініп
қалып, таяу төбенің басына ойнақтап шыға келді. Мұндағы
ылдидан Меркенің өрлеуіт тұсы онсыз да ап-анық көрінеді.
Ақкөз қолын көлегейлеп, өрге қарап еді, шынында да аунақшыған
бозала шаң әр тұстан шұбалаңдап келеді екен. Кәнігі кәрі көз
әлгілердің әскер емес екенін бірден аңдады. Әскер болса тәртіп
сақтап, шашырамай, берік қамалдай тұтасып келер еді. Ал мына
бытыраған аттылар кім сонда? Шотыр-шотыр, екеу-үшеу, бесеу-
алтау. Кейбірі шоқытып келе жатса, кейбірі тойға, көкпарға келе
жатқандай жайбарақат.
Меркеден бері қарай ылдилай түскен жап-жазық дала мына
шілденің ыстығына шыдай алмай, қураған күйрек қызыл изенін
өрт шалып, содан түйдек-түйдек түтін аспанға атылып жатқандай.
Ақкөз жау шаппағанына көзі жетсе де, «сақтықта қорлық жоқ»
деп, сарбаздарды сақтандырмақ болып, артына бұрыла беріп еді,
атқа қонып, қарақұрымдай қаптап тұрған қалың қолды көріп,
кенет қуаныш кернеген кеудесінен оқтай атылып:
– Айналайындар-ай! – деген сөздің қалай шығып кеткенін өзі
де аңғармай қалды.
Ойтал орманының жап-жасыл алаңқайы еді. Қазір сол алаңда
аттылы сарбаздардан ине шаншар жер қалмастан, жауынгерлер
иін тіресіп тұр екен.
Сардардың қуанышы қойнына сыймай, енді бір сөз бастайын
деп тұрғанда, оның көзі Ойтал орманының терістігінен шыға
жырылып бара жатқан бес-алты аттыға түсті де, түсі өзгеріп,
көңілі су сепкендей басыла берді.
– Халқымнан айналайын. Адалдығыңнан айналайын, – деді ол
ақжал сарының үстінен үзеңгіге аяғын тіреп түрегеп тұрып.
– Сендерге құдай анау опасыздардың жолын бермей-ақ
қойсын. Ана өрден түсіп келе жатқандар, мен білсем, жау емес.
Жаумен айқаспай жатып ана жүзіқаралар қашып барады. Жә,
бес-алты шіріген жұмыртқа мына тұрған бес-алты мың қолдың
садағасы босын!
Алты мың бас бұйрықсыз-ақ бұрылып, Ақкөз қамшысының
тобылғы сабы нұсқаған жаққа жапырыла қарады. Қашқындарды
олар тоғай арасынан көре алған жоқ. Шыдай алмағандары Ақкөз
тұрған төбеге шауып шығып, сардардың айтқанына өз көздері
жетті. Алты атты адам сары белді бетке алып, аңшылардан
қашқан бөрідей тұқшия түсіп, желе-жортып зытып барады екен.
– Мен Ойталға – әділдік туының астына ешкімді де күштеп,
зорлап жиған жоқпын! – деп Ақкөздің дауысы саңқылдап қайта
шықты. – Басына күн туған халық өзі келді. Әне, қараңдар,
тағы да келе жатыр. Біздің қолға қосылмаққа келе жатыр! –
Сардардың тобылғы қамшысы енді әрі жақты нұсқады. Ойдым-
ойдым ойнақшыған шаңдақ жақындап қалған екен, – Бұл жиын
– ерікті жиын. Жан баласына қиянат, зорлық жоқ. Шайқастан
қорқатындар араларыңда әлі де бар болса, алда риза, мен риза,
әне жолың ашық, бара берсін. Ойталға еріккендер келмейді, бұл
жиын – ас пен тойдың жиыны емес, тәуекелдің, көппен көргеннің
ұлы тойы. Одан тайсалғандар осы бастан тайып тұрсын!
– Дұрыс! Дұрыс!
– Тура сөз!
– Арамызда арамзалар болмасын!
– Қорқақтар қатындардың қасында отырсын!
Жасыл бұйра жағалаудың ортасындағы қара дария тасығандай:
аспанға найзалар мен ақ бақандар шаншылып, толқынның ақ шуда
жалындай желкілдейді. Көбісінің қаруы бақан мен уық, ақ сойыл.
Сол жабайы қару жабыла көтерілгенде мына аңызақ шілденің ақ
шелденген аспанын тіреп тұрғысы келгендей шаншылады.
Ойталдың жүз жылдық зау теректері қыркүйек түспей
жатып, осы тамыздың ішінде-ақ сары балақтана бастаған. Сонау
сәуірдегі сараң жаңбырдан соң бұл өңірге биыл тамшы тамбай
тұр. Жайылымы жұтаң, жайшылықта жайқалып тұратын күр
еңсе мен раң, бидайық пен беде тым ерте қурап, ұшып кеткен.
Тек тырбық жусан ғана сұп-сұр болып, сазарып алып, әлі де
болса аптаппен арпалысып, күн көзіне зәрлене қарап, ызасы
бетіне шығып тұрған сияқты.
Қасақана биыл Мерке мен Мықанның, Аспара мен Шалдуардың
суы да қысыр жыландай қымсынып, қылдырықтап ағады. Су
бұрынғыдай арнасынан асып тасымаған соң, ойдағы шалғын
тозған, үкілі нар қамыс биыл өрт шалғандай селкеу-селдір.
Мұндай аңызақ құрғақшылықта дала шаңдақ. Бұрқ етерге
желеу таппай жатқан кебір топырақ Меркеден құлаған
аттылардың жолын әйгілеп аспанға бүкіл даланың үстінен
бозбала ту көтергендей, сағым аралас тозаң тұтып алды.
Тозаңдатып, шаңдатып өрлеуіттен алғашқы аттылар да жетті.
Астына жабы тұқымдас бөрте жүнді мықыр ат мінген айыр
қалпақты адырлау бір кісі анадайдан айқай салып:
– Ассалаумалайкүм, Ақкөз батыр! Біз түге Аспараның арғы
бетіндегі Батыс қырғыз боламыз. Сен әділет туын көтерді дегенді
естіп, қазақ-қырғыз қашаннан бір туған, не көрсе де – бір көреді,
бұл заманда да бір болайық деп еле келдік. Мына менің ағаларым
мен аталарым кешегі Сыпатай батырдың сарбаздары болған. Оны
сен жақсы білесің батыр. Бүгін жолда біз Сыпатай батырдың
басына түсіп, дұға оқып, әділет үшін аттандық, ақ жол бер деп
бата тіледік. Аңнан мына аттың басын саған тіредік. Қабыл ал,
батыр! Менің ныспым – Атасақал, қасымда жиырма жігіт бар.
Ақкөз ақжал аттан түсіп, Атасақалға қарай төбеден төмен
жаяу беттей берді. Атасақал да мықыр аттан аунап түсіп, төбеге
қарай ентелей басты.
Ақкөз әуелі Тұрарды танымай тосырқап отырды. Орысша
киінген, көзіне алтын жиек көзілдірік тұтқан, дудардай шаш
қойған шомбал денелі жас жігіт бір жерде көрген адамындай
елес берсе де, қайда көргенін есіне түсіре алмады. Ұлықтардың
қасында осындай тілмаш, писарь қазақтар жүретін. «Біздің
арамызға кіріп кеткен жансыз біреу болып жүрмесін», – деп те
күдіктеніп қалды.
Тек Досмайыл алдына келіп, тізерлеп отыра беріп:
– Уа, батыр, мына бала сені іздеп келеді. Сені танимын
дейді. Өзі деймін тегін емес. Меркенің базарында пристав пен
Атамырзаның аузына құм құйып кетті, – деді.
– Кім боласың жарқыным? – деп Ақкөз енді Тұрарға бүкіл
тұлғасымен бұрыла қарап, төбеден төмен төне түсті.
«Танымады, – деді Тұрар ішінен. –Танымады. Біз сонау Бектен
тойынан бері көріспегелі алты жыл өтіпті. Екеуміз де өзгерген
екенбіз. Мұның басында бурылы көбейіпті. Реңі әлі таймаған
бірақ. Жарықтық әлі нарттай жүзінен нұр шашырап, екі көзі әлі
жайнап тұр. Осы келбетте адамды өзіне еріксіз артып алатын
магнит бар сияқты. Дәл қазір мына қалың қолдың мұның жанына
топтанғаны да тегін емес қой. Құдіретті қарт, енді сол құдірет
жолын дұрыс таба білсе болғаны...».
Тұрар төбеде отырған Ақкөзге тағы бір адым жақындай түсті:
– Ақа, танымай қалдыңыз ба? Мен Тұрармын ғой. Рысқұлдың...
– Болды, болды, бауырым, құлыным, болды, ар жағын айтпай-
ақ қой! – деп Ақкөз орнынан қопарыла көтеріліп, қорбаңдап
келіп жас жігітті бауырына басты.
– Ылғи бір сын сағатта сен кез келіп, қанатымен су бүріккен
қарлығаштай, дем бересің, құлыным. Сонау Бектен тойындағы
сойқанда шырылдап келіп ара түскеніңді әлі ұмытқан жоқпын,
қуатым. Әй, сондағы жүрек жұтқан ерлігің-ай. Содан кейін сенен
көз жазып қалдым. Сені оқуға кетті деді біреулер. Қанша жыл
болды? Алты жыл дейсің бе? Иә, алты жыл өтіп кетіпті-ау. Сен
осы қаншаға келдің, Тұраржан?
– Жиырмаға келдім, Ақа.
– Жиырмаға дейсің бе? Мен алпысқа шықтым. Сенің әкең
менен бірер жас кіші еді. Қазір қаншада болғаны?
– Тірі болса, елу алтыда ғой, Ақа. Айдауға кеткеніне он жылдан
асып барады, әлі дерек жоқ қой. Кесімі он жыл еді...
– Е, Тұраржан, кебін киген келмейді, кебенек киген келеді.
Тірі жүрсе, арыстан еді, азамат, бір айналып соғар, не бопты. Әй,
арыстан еді-ау, есіл ер...
Бұл әңгімені тыңдап отырғандар жағдаятқа енді-енді
түсінгендей.
Араларында Рысқұлды білетіндері өзгелеріне айқайлап айтып
жатыр.
– Оу, баяғы Шымыр Рысқұл ғой. Е, бәсе, мына Ақкөздің
ажырамас досы болатын.
– Мынау соның баласы болды ғой. Орнында бар оңалар деген
осы. Дардай кісі болыпты.
– Болайын деп тұрған бала ғой. Әйтпесе, елде мұндай жас аз
ба?
Осы тектес әңгімені растағандай, Ақкөз батыр мына жас
жігітпен дәрежесі теңдей сөйлесіп отыр. Көпшілікке бұл жігіттің
бітімі де ұнағандай: тебіндеп қалған қара мұрты, дөңестеу келген
ер мұрынды, шекелігі шығыңқы, көмірдей қара шашы қайратты,
жаспын деп жасқаншақтамай, бетіңе тура қарап сөйлейтін, көзі
тайқымайтын тік мінездеу, бірақ әдептен озбайтын, инабат иесі
екені көрініп тұр.
– Ақа, мен осы бетте сонау Ташкенттен келе жатырмын, – деді
Тұрар енді есен-саулықтан кейін негізгі әңгімеге көшпек оймен.
– Сені біреулер Ресейде оқып жүр деп еді-ау, Тұраржан.
– Оныңыз рас, Ақа. Ресейге Самар деген қалаға оқу іздеп
барғаным рас. Бірақ бастығы мені қабылдатпай қойды. Бұратана,
көшпенді киргизға оқу не керек деп жолатпайды. Содан
Ташкентте оқып жүр едім ғой. Осы өткен шілденің аяғын ала
Ескі Ташкентте көтеріліс шығып кетті. Шайхантау, Шынияз,
Тойтөбе деген аудандарда да дүмпу бұрқ-бұрқ ете қалды. Мен не
де болса елге жетейін, ел-жұртыммен бірге болайын деп Меркеге
тарттым. Енді, міне, сізбен біргемін.
– Әп бәрекелді, жарығым. Мына дауылдатқан заманда
үркектер үйінде тығылып отырады. Ел деп еңіреген ер көппен
бірге жорыққа шығады. Ер екенсің, Тұрар. Маған ақылшы бол.
Оқыған азаматсың. Мына біз оң мен солды ажырата бермейміз.
«Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген. Сен жас
та болсаң көпті көрдің. Тәңірі қолдаса, әруақтарға сыйынып,
шайқасқа шықпақшымыз. Мұнымыз қалай?
– Ақа, сұрағыңыз орынды, – деді Тұрар сәл ойланып. – Осы
сұрақ мына жұрттың бәрінің көкейінде тұрған сұрақ. Рұқсат
етсеңіз, мен жалғыз сізге емес, мына көпшілікке қазіргі жағдайды
айтып, уақытты шолып өтсем. Бұған қалай қарайсыз?
– Оның әбден дұрыс, балам. Онда мен қолды топтайын, –
деп отырған орнынан ауыр көтеріліп, еңгезердей тұлғасы төбе
басында тас мүсіндей қалшиып біраз тұрды.
–Уа, сарбаздарым! – деп қоңыр үн саңқ ете қалды. – Берірек
жиналып, сөз тыңда. Біздің осы қауымымыздың бір тұтқасы,
біздің досымыз, жас та болса бас болған, Рысқұлдың Тұрары сөз
айтады. Құлақ сал, кәне!
Үзеңгілер қатысып, ауыздықтар сылдырлап, төбешікті
жағалай аттар пысқырынып, адамдар сампылдап, біразға дейін
абыр-дабыр басылмай қойды.
Көптің алдында сөз сөйлеудің тұсауын Меркенің Төрткүл
базарында, қаһарлы да қауіпті шақта кескен Тұрар қазір қысылған
жоқ. Әлі ду-ду еткен халыққа қарап қолын көтеріп, саябыр тілеп,
үнсіз тұрып қалды. Әлі бір сөзі жоқ, тек қол көтеріп тұрған
Тұрарды көріп, жұрт бірте-бірте өзінен-өзі тына қалды.
– О, ағайын, араларыңызда ұста бар ма, ақын бар ма?
Әуелі не дерін білмей, сілтідей тынып қалған қалың қол кенет
бұзылған араның ұясындай гуілдеп ала жөнелді.
– Ақыны несі? Ақын не жейді бұл жерден? Соғыста ешкім
домбырамен соғыспайды. Не деп тұрсың, жарқыным? – деп тілін
безенген шақылдақ біреу шиқылдап күле беріп еді, біраз ел оны
қостап ха-халап кеп жөнелді. Тұрар тағы да қолын көтерді. Шу
тыйыла бергенде:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдан ерімей,
Алты малта ас болмай...
Тұрар сақпандай сартылдаған осы бір құдіретті сөздерді жорта
тыя қойып, жан-жағына көз салып еді, сарбаздардың көпшілігі
үзеңгіге аяқтарын тіреп, ұшатын құстай қомданып, көздері от
шаша бастаған екен.
– Оу, жарқыным, не боп қалды, айтсаңшы, ойбай, ар жағын! –
деп арт жақтан біреу сойылымен аспанды шанышқылап, ышқына
айқайлап жіберді.
– Ойбай, мынау өлең емес, өрт қой!
– ІІІулама,түге! Ар жағын айт, миятым, – деді Ақкөз де алға
ұмсынып.
Тұрар сонда бұрынғыдан бетер серпіліп, мына қауымды
біржолата қаулатпақ ниетпен саңқылдап ала жөнелді:
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай,
Aт үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шел көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей
Ұлы түске ұрынбай
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме? –
Аспара таудан теңіз төңкерілгендей, мына мың қолды бір
толқын, құдіретті толқын шарпып өтті де, әлгі өрт өлеңнің
әсерінен арыла алмай арбалып қалған халыққа Ақкөз сөз тастады.
– Апыр-ай, кеудесінде жаны бар адамды атқа қондырмай
қоймайтын жігерлі жыр ғой мынау!
– Егеулі найза, ереуіл ат! А құдай, қолда!
– Бұдан кейін «аттандамай» қалай шыдап тұрасың, құдай!
Сонда Тұрар Махамбеттің өлеңін жатқа білгеніне мың
тәубе айтып, сол өлеңмен таныстырған ташкенттік достарына,
ұстаздарына мың алғыс бағыштады. Көпірген көп сөзден гөрі,
бір ауыз отты өлеңмен мына топтың қанын қыздырып, жігерін
қайрап, бірден тіл табысқан тапқырлығына өзі де дән риза. Енді
Тұрар бойын еркін билеп, ойын түзеп, біржолата құлшынып
кетті.
– Міне, ағайын! Ақын деген осы! – деді Тұрар. – Ақынның сөзі
найзадан да, оқтан да өткір. Жаңағы мен айтқан жыр Махамбет
деген батыр ақындікі. Ол әрі жауынгер, әрі ақын болған. Осыдан
жетпіс-сексен жыл бұрын патша мен бай-сұлтандарға қарсы
көтерілісті бастаған кісі. Қалай, халайық, араларыңда ақын бар
ма деп сұрағаным енді түсінікті болды ма?
– Түсінікті болды, Тұрар шырағым. Мына мен Сауытбек деген
ақын ағаң боламын. Ана жаныңда тұрған Ақкөздің Мырзабай
деген баласы да ақын. Заман бейбітшілік, ел тоқшылықта
екеуміздің ептеп айтысқа түсетініміз де бар. Енді «көппен көрген
ұлы той» деп қолға қару ұстап тұрысымыз мынау.
Саңқылдаған, бидай өңді, мосқал кісі атын тебініп алға шықты.
– Рақмет, Сәуке! Жаңа біреу осы жиында «домбырамен
соғыспайды» деп қалды. Сол дұрыс па, Сәуке? Дұрыс болмаса,
сіз қолыңыздағы найзаға қоса домбыраны да тастамаңыз.
Мына халыққа кешегі Сыпатайдың ерлігін жырлаңыз. Өзіңіздің
Ақбөпеден қалай айрылғаныңызды айтыңыз. Не себепті
айырылдыңыз? «Мал бергені барады алып кетіп, кедейшілік
қолымды кесіп отыр», – демеп пе едіңіз? Мына халықтың
көтерілісін толғаңыз. Көтеріліс тек Меркеде ғана емес, сонау
өзбек, түрікмен елінде де, мына қырғызда да, анау Алматыда да,
сонау Сарыарқа, Торғай даласында да қаулап келе жатыр. Дауыл
тұрды, халайық! Бұл күллі қоқысты, ызғарды алып кететін
алтынкүрек дауылы. Біз мына жақта Жетісу көтерілісімен, мына
қырғыздағы Қарақол, Тоқпақ, Сусамыр көтерілісшілерімен, тіпті
сонау Торғай сарбаздарымен ұштасып, солармен ұрандасып
бір мезгілде қимылдауымыз керек. Әр жерде шашырап жүрсек,
патша бізді оп-оңай соғып алады. Бес саусақ жеке-жеке тұрғанда
әлсіз, ал бесеуі бірдей жұмылғанда – жұдырық. Жалғыз Мерке
көтерілгенмен біз қанша ер болсақ та жеңіске жету қиын. Мерке
ғана емес, ана Қордай, мына Шу, ар жағы Әулие-Ата, Сырдария,
Ырғыз...
– Әй, шырағым! – деп үлектей өңкиген біреу қабағынан күн
шілдеде қар жауып, жаяулап алға шықты. – Айтып тұрғаныңның
бәрі алтын сөз. Тым сылдыратып жібердің сол алтыныңды. Мына
маған анау Сырдарияңның, сонау Ырғыз бен Торғайыңның қанша
қажеті бар? Маған Күзменке керек, білдің бе? Күзменке! Яғни
Жылы-Бұлақ керек! Білдің бе! Ол менің ата-бабамның қонысы.
Менің кіндігімнің қаны тамған жер. Әне, сол жерді, сол Жылы-
Бұлақты пристав бастап, Бектен болыс қостап Кузьмин деген
орыс байына, соның сыбайластарына сатты. Ал бізді Бектеннің
таз басындай қылпықсыз тастақ қырқаға айдап тастады. Не
жаздық? Бізді құдай жаратпап па? Неге жерімізден, анамыздың
емшегінен айырады. Жылы-Бұлақтың суы анамыздың сүтіндей
емес пе еді? Әне, шырақ, шапсақ біз сол Күзменкені шабамыз да
жерімізді қайтарып аламыз, білдің бе?
– Ағатай, атыңыз кім? – деді Тұрар. – Осы сіз Тайлақ емессіз
бе?
– Иә, мен Тайлақпын. Мына тұрғандардың бәрі біледі. Осы
келісте мен ана Пахом деген орыс досыммен бірге Кузьмин
байдың малын айдап келдім.
– Мен сізді таныдым, ағатай, ана жылы үйіңізде болғанмын.
Қырғызбай атамның малын алып қайтқанмын.
– Ой, сондағы бала сенсің бе?! Қайтарып бер Кузминкені
ендеше!
– Кузьминнің малын айдап кеткеніңіз бекер болған, Тайлақ
ата. Енді Кузьмин қарап отырады деп ойлайсыз ба? Енді ол сіздің
ауылдағы малды сыпырып алады.
– Мал тапса – алады. Үрерге иті, сығарға биті жоқ ауылдан
несін алады?
Бұлардың сөзін естігендер қарқылдап күліп жіберді. Тайлақ
жан-жағына алара қарап:
– Несіне күлесіңдер! – деп гүр етті. – Ей, Ақкөз! – деді ол
енді төбе басында тұрған сардарға қарап. – Мен саған мына
әскерлеріңе азық болар деп Күзміннің малын айдап келдім.
Ана Пахом орыс екен деп жатырқама. О да мен сияқты жалшы.
Ал мен арызымды айттым: Жылы-Бұлақты бізге қайтарып бер.
Мынандай қолмен Күзмінкені ғана емес, жердің жүзін жаулап
алуға болады ғой. Күзмінге алдымен өзім шабамын.
– Ақа, рұқсат етсеңіз, жауабын мен берейін, – деп қалды Тұрар
қол көтеріп.
– Айта ғой, Тұрар, айт, қуатым.
– Айтсам, былай ағайын. Әуелгі мақсат: патшаға адам бермеу.
Барлығыңды осы жерге жетелеп келген – сол мақсат. Түркістан
мен Қазақстан даласында көтерілген мың-мың қолдың діттегені
осы. Ал бұл қарсылыққа патша қол қусырып отыра береді деп
ойлайсыз ба? Жоқ, ағайын, патша әсте қарап қалмас. Генерал-
губернатор Түркістан өлкесін соғыс жағдайында деп жариялады.
Бұл не деген сөз? Бұл – бүгін болмаса, ертең жер-жерге әскер
шығады деген сөз. Кеше Ташкенттен сол генерал-губернатордың
көмекшісі Приходько деген келді. Бүгінгі базарда болғандар
көрді оны. Ол енді Меркеге әскер шақыртады. Оны жазалаушы
отряд дейді. Міне, сол әскерге төтеп беру үшін бізге қол жию
керек, қолды мол жию керек және қарулану керек. Зеңбірекке
қарсы бақан алып шабу – көпе-көрнеу басты оққа байлап,
тектен-текке қырылу деген сөз. Бізге мылтық керек. Шама жетсе,
зеңбірек керек. Әне, әлгінде мен араларыңызда ұста бар ма деп
сұрағанымның сыры сол. Сөйтіп, біз патшаға адам бермейміз,
әрі патшаны ішінен әлсіретеміз. Майданға жіберетін әскер-
күшін көтерілісшілерге бөлуге мәжбүр болады. Ал біз болсақ,
Кузьминка сияқты бейбіт орыс селенін емес, Мерке сияқты
әкімшілік ордасын басып алуымыз керек. Біздің жауымыз
әсте орыс кедейі емес, біздің жауымыз – пристав және оның
урядниктері, жергілікті патша әкімшілігі, өзіміздің байлар мен
болыстар, патша әскері. Біз бүгін Кузьминканы орыстардан
тартып алсақ, ертең патша әскерлері қазақ-қырғыз отырған
жердің бәрін тартып алып, еліңнің күлін суырып, шаңын аспанға
ұшырады. Біз бүгін Кузьминканы жауласақ, ертең бүкіл орыс
шаруасының, орыс кедейлерінің сенімінен айрылып, оларды да
өзімізге қарсы қойып аламыз. Ал егер біз орыстың ұлықтарына
және қазақтың байларына қарсы күш жұмсасақ, онда ана Пахом
сияқты кедейлер біздің жағымызда болады. Осыны түсін, ағайын!
Аттылы қамалдың алдында жаяу тұрған жалғыз Тайлақтың
жұдырығы түйіліп, шықшыты бұлтылдап кетті. Түнеріп тұрып,
тағы да гүр-гүр етті:
– Сонда қалай, «таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі,
жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» болды ғой? Жылы-
Бұлақтан айрылған аз ел Маңырақ аңырап қала бер дейсің ғой?
III
Қанқұйлы соғыстар тарихта бұрыннан бар. Жендет атаулы
да бұл дүниеге жаңалық емес. Жаугершілік шапқынында тұтас
қалалар, тайпалар, ауыл-қыстақтар, жермен-жексен болып, тып-
типыл кеткенін кәрі тарих ежелден біледі.
Ал Маңырақ сойқаны дегенді... Мың-мың жылдық тарихта
жердің бет-жүзі топалаң төбелестен талай-талай көкала қойдай
дәл-дәлесі шыққан. Бір жарасы жазылып болмай жатып, екінші
жарақат пайда болып, шекесі ісіп шыға келеді. Сондықтан шығар,
әйтеуір Маңырақ сойқаны тарихтың назарынан таса қалған да,
еш жерде жазылмаған.
Бірақ Маңырақта шыжғырылған жас бала етінің иісі мұрнынан
кетпеген куәлер мұндағыға дейін тірі жүрді, ал енді бірен-саран
сексеннен асып селкілдеген көне қариялар – сол бір сойқанның
бүгін-ертең ғайып болар тірі куәлері ғана.
Бұл өзі басында күштілер мен қорқаулардың қаһарына
ұшыраған сорлы ауыл еді. Бәле бәлені шақыра келді де, ақыр
тауыс-тамам болып аяқталды.
Бұл жолғы бәлені Василий Кузьмин бастады. Малы өрістен
уақытында қайтпаған кулак дереу атқа мініп, ары-бері іздеу салып
еді, жаман хабар жатқан ба, жоғалғаны қолды болып шықты.
Жоқ іздеген кулакқа хабаршылар: «Малың бір тұяқ шашауы
жоқ, түп-түгел көтерілісшілердің қолында. Және оны ешкім
зорлап алған жоқ, малшыларың шашпай-төкпей өз еркімен, өз
қолдарымен апарып тапсырды. Тек мұсылмандар доңыз етін
жемейтін болғандықтан, шошқаларың Мықан қамысында қалып,
жабайыға айналатын түрі бар», – десті.
Кузьмин ызаға шыдай алмай өз шашын өзі жерден бір уыс көде
жұлғандай жұлып алып, шешесінен мықтап тұрып бір боқтады.
Кімнің шешесі екені құдайға ғана аян.
Бірақ шаш жұлып, шеше боқтаумен іс тынбайтынын әбден
білетін әккі, бір сәт те аялдамай Меркеге шапты. Пристав
Сокольский мырзаның үстіне рұқсатсыз кіріп келіп, сәлем сөзді
тағы да шешеден бастады.
– ... Отырысың оңды, пристав! Ал халқыңның күні қалай?
Ақырзаман! Бүлікшілер бізді тапа-тал түсте тонап жатыр!
Біздің патша сеніп қойған әкімдердің есінеп отырысы мынау?
Бүлікшілер мың-мың қол жинап, бәріміздің тамырымызға балта
шаппақшы, ал біздің сенген қожаларымыздың ұйқыдан көзі
ашылмайды! Мать твою...
Сокольский мырза өз дәрежесін бағалай білетін, беделіне
қылау түскенін қаламайтын, бағыныштылардан жан баласын
бетіне қаратпайтын айтулы алпауыт болатын. Бірақ мына тосын
тоқпақтан есеңгіреп қалғандай, орнынан атып тұрып, екі қолын
ербеңдетіп көзі ежірейіп:
– Құдай үшін, христос үшін, не болып қалды Василий
Терентьевич, айтып өлтірсеңші! – деп қалбалақтап қалды.
Кімге кекірейіп, кімге еңкеюді пристав білмейді емес. Василий
Кузьмин – Мерке участогіндегі ең беделді атамандардың бірі.
Керек десең, Мерке атырабындағы ірі селолардың бірі соның
атымен аталады. Ал өзі пристав бола тұра мұның атында
Сокольское дейтін село жоқ. Кузьминдермен санаспауға
болмайды.
Кузьминканың атаманы жай-жапсарды айтып болды да:
– Саған айтарым, пристав мырза, өз күшіңмен бізді бұл тағы
түземдерден қорғай алмайды екенсің, ендеше маған қару-жарақ
алдырып бер. Бүкіл селоның еркек кіндігін қаруландырып, ол
қарақшылардың сазайын өзім-ақ тарттырамын. Қару бер! – деп
үзілді-кесілді талап қойды.
– Бұндай патриоттық жалыныңа ризамын, – деп мырс
етті пристав. – Бірақ, Василий Терентьевич, село халқын
қаруландырып керегі жоқ. Онан соң орыстар мен киргиздардың
қырғыны туып кетеді. Істің мұндай ушыққаны бізге тиімсіз.
Халықты қырып аламыз.
– Сонда қалай, олар оң шекемізден ұрса, сол шекемізді тосып
отыра береміз бе?
– Жоқ, қымбатты атаман, сәл шыдасақ бүгін-ертең жазалаушы
отряд келіп жетеді. Генерал-губернатор Куропаткиннен әскер
сұрап, ротмистр Приходько екеуміз қол қойып телеграмма
соққанбыз. Ротмистр қазір Пішпекте. Сондағы гарнизоннан екі
жүз солдат, пулемет, зеңбірек алып шығады. Рас, Пішпекте де
жағдай мәз емес көрінеді.
Қаракиргиздар да көтеріліп жатыр. Тоқпақта үлкен ұрыс жүріп
жатыр. Әскер оған да керек. Тек Ташкенттен Әулие-Ата арқылы
келе жатқан күшке сеніп отырмыз, көгершінім. Ал әлгі сенің
киргиз-батырағың қай ауылдан еді, соны айтшы? – деп пристав
атаман Кузьминнің аптығын әрең басты.
Жалшы Тайлақ Маңырақ ауылынан екенін білген соң, пристав
Бектен болысқа шабарман жіберіп, – тез жетсін! – деп бұйырды.
Маңырақ – Аспара болысына қарайтын болғандықтан енді
Бектеннің өзі керек еді.
Приставқа бұрын онша ыға қоймайтын Бектен бұл күнде
бүгежектеу. Заман бұрынғыдай емес. Түркістан өлкесі соғыс
жағдайында деп жарияланды. Пристав әкіреңдесе – қақысы бар.
Аспара болысынан бес жүз адам майдан даласына жөнелтілуі тиіс
еді, ол әлі орындалған жоқ. Солдатқа деп тізілген жігіттерінің көбі
Ақкөздің қарамағына қашып кетті. Бұл бір. Екінші бір күмілжитін
жері – солдатқа алдырмайын деп, әркім-әркімнен, әрине ауқатты
адамдардан пара алғаны да бар. Приставтың үлесін Бектен әлі
бере қоймап еді. Бір жағы содан сескенді.
Осындай қобалжыған ойлармен келіп жеткен Бектен болысты
пристав мүлде басқа жағынан бопсалады.
– Тайлақ деген кім? Ата-тегі не?
– Ата-тегі, руы – маңырақ. Бұрынғы қонысы – қазіргі
Кузьминка. Маңырақтың жерін переселендерге алып бер деген
өзіңіз болатынсыз, мырза. Содан Маңырақ басқа жерге қоныс
аударылған. Ал Тайлақ дейтіні Маңырақтағы үй-жайын тастап,
ата-бабасының қонысындағы мына Кузьмин мырзаға жалшы
болып кеткен. Менің білетінім осы, пристав мырза. – Бектен
болыс қайдағы бір қаңғыбас Тайлаққа бола шақыртып, сұраққа
алғанына шамданған сияқты.
– Сенің сол Тайлағың менің бүкіл малымды қарақшылардың
қолына апарып берді. Сен управительсің, қайтарып бер малымды!
–деп Кузьмин желке шашын күдірейтіп, көзін ежірейтті.
– Е, тамыр, сол қарақшылар менің жылқымды да айдап әкетті.
Қолдарыңнан келсе, көмекті маған көрсетіңдер, – деп Бектен
жыларман бола қалды.
Тізімге іліккен жалшы, жылқышы жігіттер болыстың бірер
үйір жылқысын айдап ала кеткені рас еді.
– Көрдің бе, Василий Терентьевич, – деп пристав мұртын
ширатты. – Бұл бүлікте зардап шеккен тек сен ғана емес.
Сондықтан тізе қосып күш біріктіру керек. Ротмистр Приходько
келісімен есеп айырылысады. Сәл сабыр етіңдер, мырзалар. Ал,
Бектен мырза, сен осында бола тұр. Бізге керексің. Әуелгі әңгіме
Маңырақтан басталады. Бастап алып баратын сен боласың, –
деді.
Маңырақта не әңгіме басталмақ? Жар басында жәрбиген
жаман ауыл нендей әңгіменің түйіні болып жарытпақ? Бұл жағы
Бектен болысқа әлі беймәлім еді.
Достарыңызбен бөлісу: |