Семантика (көне грекше: σημαντικός - танбалаушы, білдіруші) — тіл және тіл бірліктері (сөз, грамматикалық тұлға, сөз тіркесі, сөйлем) арқылы білдірілетін хабарды, заттар мен құбылыстардың мән-мазмұның зерттейтін тіл білімінің саласы, семиотиканың негізгі бөлімдерінің бірі. Семантика сөз мағынасын, сөз құрамындағы элементтердің өзара мағыналық қарым-қатынасын, сөз мағынасы түрлерінің даму зандылықтарын зерттейді.
Семантиканың тіл білімінің дербес саласы, жеке ғылыми пән ретінде қалыптасуы француз ғалымы М. Бреаль есімімен байланысты. Ғалым «семантика» терминін 1897 жылы өз еңбегінде пайдаланып, ғылыми айналымға енгізеді.
Семантиканың ең негізгі категориясы – мағына. Сөз мағынасы және мағына түрлерінің даму заңдылықтары семантика саласында зерттеледі. Сондықтан лексикалық семантика семантика ілімінің басты саласы болып табылады.
Лексикалық семантикада сөздің лексикалық мағынасы семасиологиялық және ономасиологиялық аспектілерде қарастырылып, семасиологиялық аспектіде таңбадан мағынаға, ал ономасиологиялық аспектіде мағынадан таңбаға қарай бағыты негізге алынады. Бұл туралы Л.А. Новиков «Лингвистикалық семантика табиғи тіл бірліктерінің, яғни морфема, сөз, сөз тіркесі, фразеологиялық бірліктер мен сөйлемдердің мағыналарын қарастырады. Мұндай бірліктер грамматикалық және лексикалық қасиеттері жағынан да семантикалық талдау нысаны бола алады» деп жазады. Сонымен қатар зерттеуші «тілдік бірліктің экстенсионалы оның валенттілігі болып табылуының» лингвистикалық семантиканың теориясы үшін аса маңызды екенін айтады. Тіл білімінде экстенсионал, интенсионал ұғымдары бір-бірімен өзара байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |