1227 жылы Шыңғыс хан өлгеннен кейінгі Азия картасы.
Нәтижесінде бүкіл Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияның көптеген елдері Моңғол империясы билігіне өтіп, Құбылай Қытайда Юань әулетінің негізін қалады. Ол империя астанасын Қарақорымнан Кайпинге (Пекин) көшірді. 1271 ж. жаңа астана салғызып, оны “Хан қаласы” (Ханбалық) деп атады. Бірақ көшпелілердің ат жалында жүріп күшпен жаулап алынған қоғамдық, экон. даму дәрежесі әр түрлі елдер мен халықтарды бір орталықтан басқару оңай емес еді. Моңғолдар жаулап алған елдерінде өздерінің ұлыстық әскери-бюрократ. билік жүйесін орнатты. Осыған байланысты ұлыс билеушілері өздерін орталықтан дербес, жеке билік иесі ретінде сезіну үшін жергілікті ақсүйектермен жақындасып, солардың салт-дәстүрлерін қабылдады. Бұл өз кезегінде империяның ыдырауын тездетті. Дегенмен, Шыңғыс хан империясы арқылы Батыс пен Шығыс арасындағы қарым-қатынастар дамып,Ұлы Жібек жолы қайта жандана бастады. Сонда да жаулап алынған әрбір халық, әрбір аймақ мүдделерін бір орталықтан реттеп отыру мүмкін болмады. Империя астанасы Кайпинге көшірілгеннен кейін онда бір-бірімен терезесі тең үш ортаға: Юань, Жошы-Қыпшақ және Ирандағы ильхандар мемлекеттері пайда болды. Юань билігі 108 жылға, ильхандар билігі 120 жылға созылса, Жошы-Қыпшақ державасы 240 жылға жуық өмір сүрді. Кейіннен бұл державалардың орнында көптеген ұлттық мемлекеттер өсіп шықты. Солардың бірі Алтын Орда, Ақ Орданың тікелей мұрагері – Қазақ хандығы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |