Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалалары туралы ойлағанымызда,біздің көзімізге ең алдымен шалынатыны - Әлиханның “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” мақаласы. Әлихан өзінің батырлар эпосындағы әйелдер бейнесін саралайтын бұл мақаласында, қазақтың бай ауыз әдебиетіне, олардың халық өміріндегі алатын орнын айта келіп, бірден-бір жарқын мысал ретінде "Қобыланды" жырына тоқталады. Автордың айтқысы келген негізгі ойы, жырдағы әйелдер бейнесі арқылы сол дәуірдегі қазақ халқының бойындағы ісләм мен ескіден келе жатқан "тәңіршілдік" белгілерді салыстыра отырып, ісләм дінін қабылдаса да, "тәңіршілдіктен" арыла алмай келе жатқан қазақ халқының діни сеніміне талдау жасауды мақсат етеді. Автор “Қобыланды” жыры арқылы қазақ халқының бойындағы “тәңіршілдік” пен ісләм діні қатар өмір сүріп жатқан кезде “тәңіршіл” қазақ әйелінің мұсылманға қалай айналғанын және “мұсылман қазақтың” “тәңіршіл” әйелге деген көзқарасын талдайды.Жырда бес әйелдің бейнесі суреттелген. Сол бесеудің бірі Қобыландының шешесі - Аналық.Діни сенімі бойынша мұсылман Аналық сырт көзге өте бақытты әйел. Өйткені Аналық - бүкіл халқы сыйлаған байдың бәйбішесі. Ол бәйбіше ретінде күйеуімен қатар ел ісіне араласуға толық құқылы. Бойында “тәңіршілдік” сенімі басым Аналықтың күйеуі Тоқтарбай балалары болмаса да, жары Аналықты шын сүйгендіктен тоқал алуға жан-тәнімен қарсы. Перзенті жоқ Аналықтың “тәңіршіл” күйеуі көп әйел алуға қарсы болса, мұсылман сеніміндегі Аналық, бәйбіше бола тұра күйеуінің ісіне араласпайды. Балалары болмағандықтан және көп әйел алуға болатын мұсылман заңы бойынша ол ерін тоқал алуға үгіттейді.Өз еңбегінде автор жырдағы Аналық пен оның ері Тоқтарбайдың діни сенімі мен мінездерін саралай келе, сол замандағы қазақ халқының “тәңіршілдік” пен ісләм сынды қос сенім-нанымды қатар ұстанғанына және осы ұстанымы қазақты қарама-қайшылықты психологияға душар ететініне назар аударады.Жырда Аналық пен Тоқтарбай тәңірден жалбарына перзент сұрайды. Әулиелерді аралаған зары арқасында, әулие Баба Түкті Шашты Әзиз түсіне кіріп, ерлі-зайыптыларда бір ұл, бір қыз бала болатынын айта отырып, болашақ перзенттерінің есімдеріне дейін атайды.Жырда суреттелетін тағы да бір әйел – Қобыландының қарындасы Қарлығаш. Әлиханның зерттеуі бойынша, Қарлығаш таза мұсылманша тәлім-тәрбиесімен бойжеткен қыз. Ол – өз шешесі мұсылман әйелі Аналықтың заңды жалғасы. Қобыланды да, Қарлығаш та Аналық пен Тоқтарбайдың құдайдан тілеп, әулие аралап сұрап алған перзенттері. Бірақ шариғат заңдарын өз білгенінше қатаң ұстанған ата-анасы Қарлығаштан Қобыландыны анағұрлым биік қояды. Себебі, Қобыланды – ұрпақ жалғасы, шаңырақ иесі, ұл бала.Әлиханның әйелдер бейнесі туралы зерттеуінің негізгі жетістігі – “Қобыланды” жырына ғылыми сараптама жасаған автордың, жырда суреттелетін оқиғалардың тарихи уақытына шамамен болса да болжам жасауы болса, екіншіден, автор жырда суреттелетін әйел бейнесі арқылы сол кезеңдегі қазақтың діни сенім-нанымына ғылыми талдау жасайды. Сондықтан да Әлиханның бұл еңбегі қазақ әдебиеті фольклортанудағы құнды еңбектің қатарына жатады деген ой қорытындысына келеміз.