Б.Нұржекеев прозасындағы замандас бейнесін сипаттаңыз.
Алғашқы романы «Күтумен кешкен ғұмырда» қазақ елінің дүрбелең дәуір – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында әнші Әтікенің тағдыр тәлкегіне түсіп, қилы ғұмыр кешкен кезеңінің оқиғалары көркем суреттелген. Арада қырық жыл өтсе де, өлі-тірісін біле алмай арманда ғұмыр кешкен әншінің әке-шешесінің, әсіресе ғашықжары Қайныкештің сағынып, сарғая күткен, өкініште өткен өмірінің естен кетпес ғажайып хикаясы оқырмандар жүрегін баурап алған айрықша, тамаша шығарма. Бұл роман таза, мөлдір махаббат жыры.
Ал «Бір өкініш, бір үміт» романы тұтас бір дәуір келбеті мен сол кездегі ұрпақтың өмір жолы, тағдыры, қуаныш-реніштері, мөлдір сезімдері көркем суреттелген, өмір шындығынан алынған шығарма. Роман замандастарымыздың өмірден өз жолын тауып, өнерге ұмтылыс-талпынысын, сол мақсатқа жетуге талаптанған ізденістерін, сондай-ақ, адамдар бойында адалдық, кісілік, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасу мәселелерін қозғаған таңдаулы туынды. Бір қарағанда, шығармадағы оқиғалар, әсіресе, алғашқы махаббат, адамдық пен аярлық хақындағы тақырыптың әдебиетте аз жазылмағаны аян. Алайда, Бексұлтан өз қолтаңбасын тауып, жаныңды толқытып, сезіміңді оятып, біржолата сөзінің сиқырымен баурап, алабөтен айшықты шығарма жазудың құпия кілтін тапқан-ақ. Қысқасы, бұл да заман, уақыт шындығы, замандастар бейнесі кемел кестеленген шоқтықты шығарма.
Бексұлтанның жазушылық абыройын асырған жұлдызды шығармасының бастысы «Күнәлі махаббат» екендігі даусыз. Бұл тұңғыш жазушылық тұсауын кесіп, «Жұлдызда» жарияланған әрі бірден көзге түсіп, жолын ашқан ұлпа сезімді ұлықтаған, оқырманын салған жерден жетелей жөнелетін тартымды шығармасы. Отанды да, отбасын да ойрандап, жанға жазылмас жара салған сұм соғыс туралы талай-талай өлең, поэма, повесть, романдар барын білеміз. Олардың көпшілігі сол қанқұйлы соғысқа қатысқан ақын-жазушылардың шығармалары. Ал соғысқа қатыспаса да, жетімдік пен жесірліктің зардабын шеккен орта буын қаламгерлер де қарап қалған жоқ. Соның бірі – Бексұлтан. Сол соғыста сүйіп қосылған күйеуінен – жігіттің төресі Нұржаннан айрылған Зерен сынды зипа мінез, сұлу да жас келіншектің тәлейі жоқ тағдырын жазушы өз жүрегінен өткізіп, өз көзқарасымен саралап, тереңнен сыр толғап, ойын келістіре кестелеп жазған-ақ қой. Повестің қарасөзбен жазылған жырдай оқылып, ойлантып, көңіліңді мұң-шерге бөлеуінің сыры – жазушының өмір шындығының шырайын шығарып жазғандығында. Жазушы жастығы, көріктілігі адастырып, екі бірдей еркектің етегінен ұстауға мәжбүр болған, олардан да бала туып, ақыр соңында Нұржанның әке-шешесiнiң отбасына оралуы әңгiмеленген. Жазушы да, ойлы оқырман да бейкүнә Зерендi жазғырмайды, қайта жандары ашып, кейіпкермен бірге қамығып, бірге жабығып күй кешеді. Қалам құдіреті мен шындықтың әсері деген осы болар. Осынау әйелдің жан сырын өзіне айтқызу әдісімен жазылған баянды жаның тебіренбей оқуың мүмкін емес. Романның аяғы: «Мен көп қателескен әйелмін. Кінәм да, күнәм да көп. Үлгі алатындай ештеңем жоқ. Бақыттымын деп те, бақытсызбен деп те кесіп айта алмаймын» деген Зереннің сөзін зерделей келіп, жаны таза, сезімі мөлдір, жастықпен жаза басса да адамгершілік қасиетінен айрылмаған кейіпкер жөніндегі пікіріміздің түйіні: Зерен өзін қанша кінәлі де, күнәлі санаса да оқырман оған теріс қарап кетпейді. Ол бар болғаны ақ, адал сезімнің, соғыстың құрбаны, бақытты ғұмыр кешуге талпынған уыздай жас, ажарлы, көрікті келіншек бәрібір сенің де қимас адамыңа айналып кететіні ақиқат. Келесі бір келісті роман «Жау жағадан алғанда». Бұл оқиғалары да, кейіпкерлері де нақты өмірден алынған, дәйек-деректі, өмір шындығымен шыңдалған көркем шығарма. Күні кешегі ел басынан кешірген қилы кезең, қым-қуыт тағдырлы адамдардың төңкерістен кейінгі ұжымдастыру, сол саяси науқанның қазақ елінің басына қасірет бұлтын үйірген тұстары, зорлық пен қорлыққа шыдамай ел ауған дүрбелең дүниенің суретін бар сорақы шындығымен мейлінше мөлдіретіп, жүрегіңді елжіретіп, көп жағдайда қайғыртып, қапаландырып, жаныңды жаралайтын осынау роман сол бір жаралы жылдарға, сол заманның басынан бағы тайған қарапайым адамдарына сөзбен сомдалған ескерткіш десек, еш қателеспейміз.
Тағы бір тоқтала кетпеске болмайтын роман «Ерлі-зайыптылар». Осынау отбасылық өмірдің бүгі-шігін тереңнен қозғап, сүйіспеншілік, сыйластық, адалдық, аярлық, ғашықтық, зұлымдық сынды адам баласына тән қасиеттердің сипаты, адамтанудың сәтті амалы көркем шығармада әдемі әдіптелген. Жазушының жан байлығына, ақыл-парасатына дән риза боласың. Жалпы, осы тақырыптас шығармалар Еуропа елдерінің атақты жазушыларының шығармашылығында ерекше орын алғаны белгілі. Ал мына роман таза қазақ отбасының өмір-тіршілігін ұлттық салт-дәстүр үлгісінде өрбіткен, жазылу мәнері жаңаша шығарма. Романда небір шиеленісті оқиғалар, қыз-келіншектердің бастарына түскен ауыртпалықтар – сыни сәттер әңгіме желісін жүйелей, қызықтыра баяндаумен ұштасып, қиюласа кетуі де жазушылық шеберлік пен тапқырлықтың нақты көрінісі. Қазақы түсініктегі тәлім-тәрбиенің жөн-жосығы, отбасы бірлігі мен бақытының баяндылығы турасындағы жазушының кең толғанысты, кемел ойлары оқырман жүрегіне жата қалады.
Достарыңызбен бөлісу: |