ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті ұлы Абайдың ағартушылық, демократиялық дәстүрiн жалғастыра отырып, отаршылдыққа қарсы күрес пен тәуелсiздiктi аңсау идеясын ашық және батыл көтердi. Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов қазақ халқының тарихи-мәдени дамудан кенже қалып, қараңғылықта отырған күйiн суреттеп, елдi өнер-бiлiмге үгiттедi. Жаңалыққа енжар, ұйқыда жатқан қазақты бiрi «Маса» боп құлағына ызыңдап, бiрi «Оян, қазақ» деп, бар дауыспен жар салды. Ғасыр басында әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да осы дүбiрмен оянғандар едi. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ әдебиетін көркемдiк-эстетикалық тұрғыдан байытып, жаңа жырлардың туып, жетiлуiне үлес қосты. Оның «Қамар сұлу», «Кiм жазықты?» атты романдары, «Адасқан өмiр», «Кедей», «Таныстыру», «Қала ақыны мен дала ақынының айтысы» поэмалары, лирик. өлеңдерi, публицистик. мақалалары ақынның әр саладағы iзденiстерiн танытты. Әдебиеттегi сыншылдық бағытты дамытып, ағартушылық идеяны көркем сөз арқылы өрiстетуге Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетiлеуов, Тұрмағамбет Iзтiлеуов, Ғұмар Қараш, Нарманбет Орманбетұлы, Бернияз Күлеев, т.б. елеулi еңбек сiңiрдi. Олар ақындық өнердi әр жағынан жетiлдiрдi.