Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесін қай ғылымның қатарына жатқызуға болады, заңдылық немесе педагогикалық? Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесін ғылыми пән ретінде оқытудың сипатын анықтау осы мәселені дұрыс шешуге байланысты. Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі психология және педагогика ғылымдарына сүйене отырып құқық және экономиканың негізгі жағдайларын қолдануда нақты мәселелерді шешеді. Психология мұғалімге оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты психикалық ерекшеліктері мен заңдылықтырын ұғынуға көмектеседі. Сонымен бірге психология мұғалімге өте қажетті , негізгі ғылыми мынандай мәселелерге көңіл бөлуге әсерін тигізеді: оқушылардың ойлауы мен сөйлеуін, есте сақтауы мен елестетуін дамыту. Бұл мәселені шетте қалдыру мұғалімнің оқушылар тарапынан дұрыс жауаптар алуын қиындатады. Мысалы: мұғалімнің оқу материалдарын таңдап алуы, көрнекі құралдарды жасап, қолдануы, заңдылық актілерді есте сақтауы, сабақ барысында сөйлеуі,оның ұзақтығы т.б. мәселелер оның жас өспірімдер психологиясының жалпы және ерекше бөлімдерін меңгеріп алмай мүмкін емес.
Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесін оқытуда педагогика ғылымының алатын рөлі өте зор. Педагогика психология ғылымына сүйене отырып мектепте тәрбие және оқыту мәселесін қоғамдық – саяси және ұйымдасу – педагогикалық жағдайға негіздеп қарастырады. Құқықтық және экономикалық тәрбие берудің маңыздылығының артуына мән берілуінің де ерекшелігі бар, сондықтан Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі пәні педагогикасыз өзінің оқыту жүйесін құра алмайды. Ол мектептің негізгі міндеттеріне сәйкес оқу – тәрбие жұмыстарының жалпы қааағидаттары мен жалпы әдістерін жасап береді. Атап айтсақ сабақтың қойылуына, оқу құралдарына талаптар қояды. Бірыңғай жүйе шеңберінде Қазақстан Республикасы мемлекеті және құқығы негізін оқыту әдістемесінің өз орнын, өзінің қызметін анықтайды. Өз алдына құқықтық оқыту мен құқықтық тәрбиені қоя отырып Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі өзін педагогика ғылымдарының бір бөлігі ретінде қарастырады.
Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі – құқықтық білімдерді игеру арқылы жастарды оқыту және тәрбиелеуді мақсат етіп қойған жоғарыда аталған ғылымдардың мазмұны мен қағидаттарына сүйене отырып мемлекет пен құқықтың пайда болып, экономикалық даму заңдылықтарын оқытатын педагогикалық ғылым болып табылады. Бірақ, Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі педагогикаға сүйене отырып мемлекет пен құқықтың жалпы мазмұнын зерттеу арқылы өз оқыту үрдісін құрады.
Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесінің негізгі міндеті – заң ғылымдарының негізінде оқушыларды терең құқықтық біліммен қамтамасыз ету және құқықтық, экономикалық саналы, мәдениетті адамдарды тәрбиелеу.
Аталмыш мәселелер сәтті шешілу үшін құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі заң және экономика ғылымдарының мазмұнын талдайды, одан мәнді айғақтарды, ұғымдарды, негізгі заңдылықтарды аталмыш ғылымдардың жинақтылық негізі ретінде қарастырады. Мемлекет көлемінде шығарылып жатқан құқықтық – нормативті актілерді, келеңді көзқарастарды басшылыққа ала отырып құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі мектеп оқушыларын ең алдыңғы қатарлы технологиямен, құқықтық біліммен қаруландыруды көздейді. Осы көзқарас бойынша алып қарар болсақ, құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесін құқықтық және экономикалық пән ретінде де қарастырылады және ол әрқашан қазіргі құқықтық және экономикалық жағдайлардың деңгейінде болады.
«Құқық», «Экономика» ұғымдары «мемлекет» ұғымымен әрқашан қатар аталады, себебі олар бір – бірімен өте тығыз байланыста, біз оларды бір бірінен бөліп алып қарастыра алмаймыз. Қоғамдық қатынастардың барлық саласынан «мемлекет», «құқық», «экономика» терминдерін жиі кездестіреміз. Бұл салада құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесін қоғамдық ғылымдардың қатарына жатқызсақ та қателеспейміз.
Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі курсының пәні болып оның зерттейтін аясы табылады, яғни мемлекет пен құқықтың және экономиканың пайда болу, даму заңдылықтары, ерекшеліктері.
Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі курсының атқаратын қызметтері: азаматтылығы жоғары адамды қалыптастыру, оның жалпы құқықтық және экономикалық мәдениеті мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, жастарға арнайы құқықтық, экономикалық білім беру, құқық бұзушылықтың алдын –алу шараларын жүргізу, жастарды нарықтық экономикаға бейімдеу.
Қазақстан Республикасы мемлекеті және құқығы негіздері әдістемесі курсының атқаратын қызметтері: азаматтылығы жоғары адамды қалыптастыру, оның жалпы құқықтық мәдениеті мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, жастарға арнай құқықтық білім беру, құқық бұзушылықтың алдын –алу шараларын жүргізу.
Қазақстандағы экономикалық реформа бұған дейін қалыптасқан экономика ғылымы, экономикалық білім мен практика арасындағы қарым- қатынас жүйесін өзгертті. Нарықтық экономиканың қалыптасуына байланысты экономикалық білімге деген сұраныс күшейді. Экономикалық білім тек экономика мен басқарудың түрлі саласында қызмет істейтіндірге, ғылым экономистерге немесе экономика пәнін оқытатындарға ғана керек емес, сонымен қатар экономикалық білім күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешуде қоғамның әрбір мүшесіне қажеттілігін бүгінгі өмір талабы көрсетіп отыр.
Экономикалық білім беру мен тәрбиелеу жүйесінің ХХІ ғасыр басындағы өзектілігін белгілей отырып бұл жүйенің басты жағдайларына тоқтала кеткен жөн. Бастауыш мектеп оқушыларына экономикалық білім берудің басты мақсаты – қоршаған экономикалық өмір жағдайлары және қоршаған адамдардың қызметі туралы бастапқы ұғымдарды қалыптастыру. Мұндай білім адамның жалпы мәдениетінің маңызды бөлігі. Орташа сыныптың оқушылары өз құқықтары мен бостандықтарын ерекше сезініп, оларды жауапкершіліктен тыс қараумен ерекшеленеді. Бұл кезеңдегі оқу танымы үрдісінің бірнеше ерекшелігі бар, негізгі мектеп оқушыларының психологиялық – физиологиялық сипаттамалары оларға көбінде бейнелі ойлау мүмкіндігін береді. Қазіргі кезеңнің адамгершілік құндылықтары кедейлік пен байлықтың сыйластықта өмір сүру мәселесін шешуге, жеке адам мен бүкіл ел мүдделерінің бірлігін түйсінуге бағытталған сындарлы экономикалық талдауды қажет етеді және ол тәрбиелеудің басты құралы болып саналады.
Қазақстандағы экономиканың дамуын, сондай-ақ экономикалық теорияның негіздерін зерттеген ғалым-экономист, экономика ғылымының кадидаты, доцент Ұ.Мәмбетов болды. Бірақ, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін экномикалық білім беру қоғамдық тәрбиенің дербес бағытына айналған жоқ. Себебі әміршілдік экономика жағдайларында ол қажет деп табылған жоқ. Ал, Қазақстанда мектеп оқушыларына экономикалық білім беру проблемаларына қатысты бірнеше еңбекті атауға болады. Мысалы, 1985 жылдары академик С.Сатыбалдиннің мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған «Экономика» сынақ оқулығы шығарылып, бұрынғы Орал облысы мектептерінде факультативтік сабақтарда пайдаланылады. Сонымен бірге Л.Ш.Лысенкер, Э.М. Лысенкер «Бизнес – математика», «Основы экономических знаний» (Алматы, 1997 ж. ), М.А.Құдайқұлов «Основы предпринимательства и бизнеса» (Алматы, 1998 ж.) еңбектері дайындалып әр мектеп, бастапқы білім беру мекемелері өз мүмкіндіктеріне қарай пайдаланылған.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мектептерде экономикалық білім беру ісіне үлкен көңіл бөлуде. 2000 жылдың 24 ақпанында ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республиасы мектептерінде «Экономика білімдерінің негізі» курсын оқыту туралы бұйрығы шықты. Осы бұйрық негізінде Қазақстан Республикасы мектептерінде «Экономика білім негіздері» курсын факультативтік негізде жүйелі түрде оқыту мақсатында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерде 2000-2001 оқу жылынан бастап «Экономикалық білім негіздері» курсын сатылап енгізу қамтамасыз етіле бастады.
2. Жалпы алып қарайтын болсақ, аталмыш пәннің негізгі мәселелері мемлекет, құқық, экономика ұғымдарының шеңберінде қарастырылып, шешіледі. Мемлекет пен құқықтың және экономиканың пайда болуы, типтері, нысаны, құқықтық және экономикалық қатынастар, құқық нормасы, құқықтық мемлекет т.б. мәселелер қоғамдық ғылым салалары болып табылатын философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану ғылымдарымен тығыз байланыста дамиды.
Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі пәні ғылыми - әдістемелік пән болып табылғандықтан педагогика ғылымының дидактика саласымен де тығыз байланысты. Себебі, әрбір әдістемелік пән мектептерде қолданылып жүрген оқытудың көрнекілік, жүйелілік, бірізділік, ғылымилық, түсініктілік қағидаттарын қолданады. Бұл қағидаттарды негізге ала отырып әдістемелік пән оқытудың барлық нысандарын қарастырады. Дидактика кез келген пәннің оқыту әдістемесінің негізі. Ол оқудың білім мазмұнын, оны ұйымлдастырудың түрлерін, оқытудың заңды ұстанымдарын баяндайды. Демек, әдістеме жеке пәндерді оқытудың ерекшеліктерін баяндайтын болса, дидактика оқытудың барлық пәндерге ортақ жалпы заңдылықтарын ашып береді.
Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі (ары қарай ҚжЭНОӘ) пәнінің оқушыларға құқықтық және экономикалық тәрбие беруде маңызы зор. Бұл салада оқушылардың құқықтықжәне экономикалық тәрбиесінің әдіс, тәсілдеріне, оларды қолданудың тиімді жолдарын анықтауға баса назар аударылады. Міне осы саладағы атқарылатын істің бәрі педагогика ғылымын басшылыққа алады.
ҚжЭНОӘ пәні қоғамдық ғылымдардың бірі саясаттану ғылымымен де тығыз байланысты. Бұл екі ғылымның зерттейтін нысандарында ұқсастық бар. Атап айтсақ, мемлекетті қоғамның саяси жүйесі ретінде саясаттану пәні өз қырларынан қарастырса, оның қоғамдағы саяси жүйесі ретіндегі саясаттану ғылымы зерттеп, көрсетіп берген теорияларын ҚжЭНОӘ пәні басшылыққа алады.
ҚжЭНОӘ пәні өз пәнін зерттеу саласында тарих ғылымын да басшылыққа алады. Мемлекет, құқық және экономика саласындағы құбылыстардың тарихи зерттелуі негізінде, ол құбылыстарды оқушылар санасына жеткізеді. Басқа қоғамдық ғылымдарға қарағанда тарих ғылымының зерттеу аясы әдістемелік пәнге біршама жуық. Құқық, экономика туралы ой негізін қалаған жекелеген тұлғаларды бейнелеуде тарих ғылымының алатын орны ерекше.
ҚжЭНОӘ пәнін оқытуда физиология ғылымының да алатын өз орны бар. Кез келген пәнді оқытуда оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру мұғалімге өте қажет. Жалпы мектеп оқушыларын жас шамаларына қарай үш топқа бөлуге болады. Олар кіші буын – 7 – 11жас, орта буын – 11 – 14 жас , жоғары буын – 14 – 18 жас. Құқық және экономика негіздерін оқытуда мұғалім бала бойындағы өзгерістерге мән беріп отыруы керек. Демек, физиология ғылымының ҚжЭНОӘ пәнінің мазмұнын толықтыруда маңызы зор. Бұл жөнінде Т.Тұрлығұл тарих пәнін оқытуда мұғалімдердің физиология ғылымымен қарулануының қажеттігі туралы айтқан. Бұл оймен толық келісуге болады, себебі физиология ғылымын қалыс қалдыру мұғалімді өзінің тура жолынан тайдыруы да мүмкін. Бұл салада орыс физиологы И.М.Сеченовтың «Ми» атты еңбегін басшылыққа алудың еш артығы болмас. Аталмыш еңбекте рефлекстік құбылыстар туралы айтылады, яғни мұғалім мектеп оқушыларының бойындағы ойлау, сөйлеу, оқу, жазу сияқты дағдыларын қалыптастырған жағдайда, оның еңбегі нәтижелі болатындығы сөзсіз.
Айтылған ойды қорытындылайтын болсақ, ҚжЭНОӘ пәнін оқыту өз алдына жеке жүргізілмейді, оны оқытуда мұғалім жоғарыда аталған ғылымдармен мықтап қарулануы қажет.
Талқылау сұрақтары:
Құқық және экономика негіздері пәнінің атқаратын қызметтері қандай?
«Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәнінің мазмұны мен міндеттерін атап көрсетіңіз?
«Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәнінің құрылымы неден тұрады?
Құқық және экономика негіздері бойынша мектептің оқу жоспарлары және оқулықтарының аталмыш пәндегі орны мен ролін анықтаңыз?
Ұсынылған әдебиеттер:
Білім туралы. – Об образовании: Қазақстан Республикасының Заңы. Алматы. «Литера», 2012ж.
Жарықбаев Қ. Психология.Алматы: Білім, 1993.
Жұмабаев М.Педагогика. Алматы: Ана тілі, 1992.
Газизова Н.С. Азаматтық білім – құқықтық мемлекет болудың кепілі. // Қазақстан мектебі, №3, 2004.
Газизова Г.С. Құқық дегеніміз не? // Қазақстан мектебі, №4, 2004.
ДӘРІС 2
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ
Мақсаты: Студенттерге еліміздегі құқықтық және экономикалық білім беру туралы жалпы мағлұмат беру, оның қалыптасып дамуындағы негізгі мәселелерді анықтауды үйрету.
Жоспар:
Құқықтық білім берудің қажеттілігі.
ҚР экономикалық білім берудің қалыптасуы және маңызы.
1. Мемлекетте құқықтық тәртіпті орнату, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу және оны реттеу өзекті де маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Жалпы мемлекетіміздің мызғымастығын сақтап, үйлесімді дамытумен бірге мемлекеттік мұқтаждықтарды қанағаттандыру мақсатында заң жүзінде қадағалау үшін құқықтық мемлекетті дамыту басты рөл атқарады. Ата Заңның тұрақтылығы, конституциялық заңдылықтардың дамуы, демократияның орын алуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының баянды болуы еліміздің ең басты мақсаты болып табылады . Ғылыми тұрғыдан қарастыратын болсақ, бүкіл әлемде демократия дегеніміздің өзі заңдылықтың сақталуымен өлшенеді. Демократия мен заңды сақтау ажырамас бөлшектер. Заң талаптары сақталған жерде ғана демократияның заңды күші бар. Біздің еліміз демократиялық, құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында.
Жалпы алып қарағанда құқықтық мемлекетті құру жолындағы мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттерінің бірі ол құқықтық саясатты дамыту, яғни азаматтардың құқықтарын қорғайтын және олардың жүзеге асырылуына жағдай жасайтын заңдарды жетілдіру болып табылады. Сонымен қатар құқықтық мемлекет саяси билікті ұйымдастырудың формасы ретінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында құқықтың үстемдігі принципінен аса күрделі ұштасуына, биліктің бөлінуіне, заңдардың үстемдігіне, заңдылықтың жүзеге асуына, халық егемендігінің қамтамсыз етілуіне, азаматтардың құқықтары мен бостанықтарының, жалпы азаматтық құндылықтарды және әлемдік практиканы заңды түрде бекітілуіне негізделеді. Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру – педагогика ғылымының негізгі категориялары. Біз осы екі ұғымды бір-бірінен ажыратпай, бірге алып қарастырғанда ғана өздерінің толық мәнін, мақсатын айқын аша алады. Себебі, осы екі категорияның басты нышаны – Адам. Білім мен тәрбиенің өзара үйлесімді жүргізілуі нәтижесінде ғана оқушыны білімді, тағылымы мол, ақыл-парасаты биік азамат етіп қалыптастырудың басты шарты болмақ.
Атақты психолог Л.С.Выгодский: «... балалар мен жасөспірімдердің көбінесе мақсатты дұрыс қоя алмайтындығын жиі кездестіреміз. Балалардың белгілі бір істе нәтижеге қол жете алмауы қолынан келмегендіктен емес, қайта не үшін жасау керектігінің өмірлік маңызын түсінбегендігінен болады» деген екен.
Құқықтық сананың дамуы – адамның барлық өмірін дерлік қамтитын ұзақ, күрделі және қарама-қайшылықты үрдіс. Бірақ көптеген көзқарастар, өмірлік ұстаным, мінез-құлық мотивтері балалық шақта қалыптасады. Жеке тұлғаның қалыптасуы кезінде құқықты түсіну және оған қарым-қатынас қалай дамиды, кейін адамның құқықтық ортада өзін ұстау көбіне осыған байланысты. Жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесінің алғашқы буыны отбасы болып табылады. Бұл болашақ жеке тұлғаның тәрбиесін жанұяның негізгі міндеті етіп көрсететін қазақтың дәстүрлерінен бастау алады. Бұл туралы халық ауыз әдебиеті де айтады, осыған көптеген өткен ғасыр ойшылдары да көңіл бөлген.
Бала тәрбиесіндегі отбасы ролі жайында Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-ші бабының бірінші тармағында: «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады», ал екінші тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» деп атап көрсетілген.
Отбасында баланың мінез-құлқының негіздері, оның қажеттіліктері, қызығушылығы қалыптасады. Сондай-ақ Отанға, ата-анаға деген махаббат, үлкендерге құрмет, азаматтық, патриоттық, ұжымшылдық, жоғары сезімталдық, құықтық тәрбиенің ымырсыздық сияқты рухани құндылықтары дамиды. Жанұяның жасөспірімдерге тәрбиелік әсері тікелей және жанама түрдегі сипаттарда болады. Балаға құқықтық тәрбие берудегі жанұяның жанама түрдегі әсер етуі мыналардан көрінеді:
Жанұяның сандық құрамы;
Ата-анасының білім және мәдени деңгейі;
Ата-анасының бір-бірімен және жанұяның басқа да мүшелерімен өзара қарым-қатынасының қалыптасу деңгейі;
Ата-ананың жұмысбастылығы.
Құқық бұзушы жасөспірімдер баласы аз және толық емес жанұяларда тәрбиеленген. Жанұя – бұл ұжым. Жанұя ұжымдық белгілерін жоғалтса, өзінің тәрбиелік рөлінің көп бөлігінен айырылады.
Жастар арасында заң бұзушы әрекеттердің деңгейі ата-аналардың білімі мен мәдениет деңгейлеріне тікелей байланысты. Мәдениеті төмен жанұяларда балалар қылмысы мәдениеті жоғары жанұялармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Балалар үлкендерге, ең алдымен өз ата-аналарына еліктейді, сондықтан олардың мінез-құлық тәртібі балалардың тәртібін қалыптастыратын маңызды фактор.
Құқықтық тәрбие мақсаты – оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет-қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу. Оқушыларға білім беруді, оның ішінде құқықтық білім беруді қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымынан, мәдени құндылықтарынан, ұлттық дәстүр, рухани негізден бөліп қарастыруға болмайды.
Заңды білу – заман талабы. Өйткені, құқықтық білім берудің маңыздылығы күн артқан сайын арта түсуде. Оқушыларға қазіргі өмірдегі қоғамның қарым-қатынас заңдылықтарын терең қарастырып ажырататын құқықтық сана, құқықтық мәдениет қажет. Тәлім-тәрбиелік мәселелердің барлық табиғатына үңілсек, тіршіліктегі сан алуан қолданбалы мәні зор әлеуметтік нормалары – тарихи құқықтық жүйенің қайнар көзі немесе құқық ғылымының негізі деуге болады.
Оқушыларға құқықтық тәрбие беру, қоғамдық қарым-қатынастағы заңдық және әлеуметтік мәселелердің құқықтық мәнін терең әрі жан-жақты түсінуге негіз жасайды. Оқушылардың заңдық негіздегі құқықтық сауаттылығын ашу үшін, арнаулы оқу-әдістемелік құралдарын мектеп жасынан 6-7 сыныптардан бастап, мектеп бітіргенше оқыту қажет екенін қазіргі өмірде орын алып отырған әр алуан келеңсіз қоғамдық құбылыстар-ақ көрсетіп отыр, бұған кейбір жастарымыздың мемлекетіміз қабылдап, бекіткен заңдардағы өз құқықтарын дұрыс пайдалана білмеуі дәлел болады.
Оқушылардың құқықтық мәдениетін көтеру, ол оқушылардың қоғамдық саяси және мәдени жағынан өсіп жетілуін, олардың санасында жоғары адамгершілік қағидаларының орнығуын әлеуметтік белсенділігінің артуын және рухани жағынан байып, жан-жақты қалыптасуын көздейді. Оқушылардың құқықтық мәдениетін көтерудің негізгі міндеті – тұтас алғанда, құқықтық тәрбие процесінде жалпыға бірдей заңдылықты белгілі мақсатпен және принциппен жүргізу. Бұл жерде ең алдымен, тәрбие процесі білім мен сенімділікті қалыптастыруды ғана емес, сонымен қатар жас азаматтардың құқық саласындағы белсенді өмір позициясын қалыптастыруды, оларды өз құқықтары мен міндеттерін сауаттылықпен пайдалана білуге ұмтылдыруды атап көрсету керек. Оқушылар өсе келе қоғамдық белсенділігі артады, сана-сезімі өсіп, психикасы нығая түседі. Өзін қоршаған ортаға сыни көзқараспен қарап, қоғамнан өз орнын табуға тырысады. Бұл жастағылар өзін-өзі бағалауға ынталану, рухани өмірге қызығу, қоғам мен жеке бас турасындағы ойлар адамгершілік идеялар кемеліне келе бастайды. Осы кезде мұның өзі адамның күшті, епті, ширақ, оңтайлы болып өсуіне және оның түрлі әдіс-тәсілдерді, арнаулы құқықтық ережелерді бұзбай, кедергілерді жеңіп үйренумен де тығыз байланысты.
Адамгершілік-құқықтық нормаларды заң нормаларымен ұштастыра біліп, құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы қалыптастырудың осы міндеттерін жүзеге асырудың мынадай педагогикалық шарттарын атап көрсетуге болады:
Қарқынды педагогикалық технологияны қолдану. Мұндағы басты талап: өткізілген іс-шаралар мен сабақтың саны емес, онда интенсивті технология қолдану арқылы тиімділігін арттыру көзделеді. Өйткені, ХХ1 ғасыр – технологиялар заманы. Әр түрлі сценарийлермен өтетін, ән-күй, дискотека мен көмкерілген іс-шаралар студенттерге құқықтық мәдениет қалыптастырмайды. Демек санаға, сезімге ұтымды ықпал ететін тәсілдер қолдану қажет. Осыған орай қазіргі кезде оқу үрдісінде қолданып келе жатқан «белсенді әдістер», «жаңа технология» дегендерді тәрбие жұмыстарында да мүмкіндігінше кең пайдалануды қарастыру керек.
Құқықтық ағарту немесе құқықтық білім қалыптастыру – заң ережелерін білу, оны насихаттап, күнделіктк тұрмыста ұстана алатын дәрежеге жеткізу. Бұл іргелі білім қалыптастыру, оны жүйелі түрде жүзеге асыру, студенттер алған білімінің күнделікті тұрмыс талаптарына сәйкестігі мен адамгершілік нормаларына сабақтастығы оның негізділігінің белгісі ретінде қарастырылады. Барлық педагогикалық жоғары оқу орындарындағы «Құқықтану» пәні студенттердің құқықтық мәдениеттілігін қалыптастыруға бағытталуы оларда құқықтық сана қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар жастар және балалармен жұмыс істейтін мамандықтардың барлығында құқықтық әлеуметтендіру жұмыстарына даярлық осы құқықтық мәдениет қалыптастыру аясында болуы керек.
Құқықтық тәрбие – студент жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы аса маңызды мәселе. Студенттер арасында жүргізілген алдын ала сауалнамаға қарағанда олардың құқық білімі, тәрбиелілігі мен құықтық мәдениет төмендігі, заң мен құқық арасындағы байланысты, заң мен құқық және адамгершілік тәрбие арасындағы байланысты көре алмайтыны, құқықтық сезімнің дамымағаны анықталды. Қазіргі кезде құқық тәрбиесі аса маңызды орын алуы, құқық мәдениетін қалыптастырудың басты жолдарының бірі екені даусыз. Жалпы студенттермен жүргізілетін барлық тәрбиелік іс-шаралар олардың құқық мәдениетін қалыптастыруға арналуы тиіс. Қалай болған күнде де құқық тәрбиесі құқықтық білім және мәдениет қалыптастыруға бағытталып, онда педагогиканың тиімді тәсілдерін қолданған күнде ғана нәтижелі болмақ. Құқық білімі мен тәрбиесінің күнделікті іс-әрекетінде, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысында құқықтық әдет дағдыларға айналуының мотивтері, қажеттенуі секілді психологиялық тұстары мен оның педагогикалық тектері әлі күнге жеткілікті зерттелмегені белгілі. Сондықтан осы бағытта жүргізілген кейбір іс-шаралар пайдалы болғанымен, түпкі нәтижелілігі белгісіз.
Құқықтық насихат арқылы құықтық мәдениет қалыптастыру жұмыстарының мақсатты, жүйелі, бірізділікпен жүргізілмей келк жатқаны, бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдегі секілді «Суд идет», «Час суда», «Громкие преступления мира», т.б. көрсетілулердің жеткіліксіздігі, осы жұмыстарға білікті заң қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының араласуының жеткіліксіздігі байқалады. Қазіргі кезде мерзімді басылымдарда жарияланып жатқан материалдардың педагогикалық тиімділігі ескерілмеуі тек мәлімет түрінде болып отырғаны да белгілі.
4. Құқықтық үгіт – бұл сөздің мәні адамды нақты бір іске жетелеу, түрткі беріп, қозғау салу. Студенттердің құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында арнайы жүргізілетін нақты жұмыс түрлері олардың күнделікті іс-әрекетінде құқықтық нормаларын сақтаудан бастап осындай іс-шараларға белсенді араласуын талап етеді. Болашақ педагогтер үшін бұл мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары арасында жүргізілетін жұмыстар болып табылады. Оның тағы бір түрі: құқық қорғау органдарының жұмыстарына көмектесу. Мәселен, кешқұрым кезекшіліктер ұйымдастырып, ойын автоматтары мен дискотекаларда жүрген жеткіншек балаларды үйлеріне қайтару, топтасып отырған жерлерінен таратып жіберу секілді басқа да жұмыстарды ұйымдастыруға болады.
Құқық мәдениетін қалыптастырудың басты құралы ретінде балалар мен жастарды құқықтық нигелизмі (құқық нормаларын жоққа шығару), салғырттық, осындай белсенді жұмыстарға араласудан бас тарту, құқық бұзушылықты көре отырып оған немқұрайдылық мәміле, қылмыскерлерді көрсе де көрмеу секілді кері әрекеттерді болдырмаудың өзі де құқық мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді. Қазіргі кезде құқықтық насихат жұмыстарын жүргізу, әсіресе, педагогикалық оқу орындарында ескерілмей келеді. Сол себепті студенттердің (болашақ педагогтердің) құқықтық білімі жеткіліксіз, құқықтық мәдениеті өте төмен. Демек, бұл жұмыстың педагогикалық ықпалын, психологиялық түрткілерін, тәрбиелік әсерін толыққанды пайдалану жолдарын қарастыру, студенттердің нақтыіс-әрекет белсенділігн арттыру қажеттілігін туғызады.
5. Студенттерді құқықтық қорғау жұмыстарына араластыру тәжірибесі барлық педагог мамандығын беруді көздеген оқу орындарында жүргізілуі керек. Өйткені, олар – болашақ мектеп мұғалімдері. Ал, мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылықтың сан алуан түрлері кең таралып, ол күннен күнге көбеймесе, азаймай отырғаны рас. Бұның маңыздылығы, сөз түріндегі, ой-пікір, идея түріндегі құқық нормаларының іс жүзінде орындалуын талап ету, олай болмаған күнде нақты істермен тосқауыл қою керек.
Ең бастысы, осы жұмыстарды орындау олардың құқық қорғауға болған көзқарасын, іс-әрекетін реттейді, құқық мәдениетінің қалыптасуына ұтымды ықпал етеді. Мұнда студенттің тек осы жұмысқа араласуы ғана емес, сонымен қатар оған қатысу мотивтеріне, осы жұмыстың мазмұнына тереңдейді, өмірлік маңызын ұғынады, жұмыс формалары мен әдістеріне қанық болады. Сондықтан бұндай жұмыстарға студенттерді араластыру, құқықтық тәрбие жұмыстарын жүргізудің әдіс-тәсілдері, формалары, мазмұнымен қамтамасыз ету - аса маңызды шаралардың бірі.
Бағалау-бақылау актісіне үшінші бір үрдісті де қосуымыз керек. Ол – үйретушілік үрдісі. Өйткені, оқушы білімін, икем-дағдыларын, тіпті жеке қасиеттерін бағалауда мұғалім қажет деп тапқан жағдайларда үйлестіру-түзету мақсатындағы жұмыстарды қоса жүргізуге мәжбүр болады. Мәселен, оқушыларға дербес тапсырмалар беру, оған басқа оқушы-кеңесші бекіту т.б. үлгіде болуы мүмкін. Сонымен, бақылау-бағалау актісі екі үрдістен емес, өзара байланысты үш үрдістен тұрады. Олар бақылау, бағалау және үйлестіру.
Бұдан бақылау-бағалау актісі өзінің құрылымы жөнінен төмендегідей элементтерден тұрады:
Бақылау-бағалау актінің мақсаты;
Бақылау, бағалау және үйлестіру нысаны;
Нысанмен салыстырылатын, теңестірілетін эталон;
Бақылау нәтижесі;
Баға критерийі;
Таңдап алынған критерий тұрғысынан қарағандағы бақылаудың кең көлемдегі мазмұнының бағасы;
Қойылған баға;
Үйлестіру амалдары;
Бақылау-бағалау қызметінің жаңа нысаны ретіндегі үйлестірудің нәтижесі.
Бұл элементтер бір-бірімен өзара байланысты. Бәсекеге қабілетті білім беру реформасы бағыттарының бірі мектептің жоғары сатысында бағдарлы оқыту. 2006-2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының орта білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес жоғары сыныптарда бағдарлы оқытуға көшірілді. Оқытуды бағдарлау қоғамдық-гуманитарлық бағытты жүзеге асырылды. Кез келген бағдарда құқықққа және оның қолданыстарына ынталанған оқушыларға қолданбалы курстарды ұйымдастыру арқылы құқыққы бөлінген сағат санын арттыруға болады. Құқықтық бағдарлы оқыту оқушылар үшін олардың қызығушылықтарын ескере отырып ұйымдастырылады. Құқықты оқыту кезінде оқушыларға құқықты белгілі бір деңгейде меңгеруін талап ететін кез келген оқу орындарында таңдаған мамандықтары бойынша білімдерін жалғастыруға қажетті мүмкіндіктермен қамтамасыз етілу қажет. Сонымен 9-10-11 сынып оқушыларының қабілеті, қажеттілігі мен ата-аналарының сұранысын, мектептің оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыздандырылған жағдайын ескере отырып құқықтық бағыт бекітіледі. Үш құрылымнан тұратын оқу жоспары құрастырылады:
І. Базалық бөлім
ІІ. Мектеп бөлімі
ІІІ. Оқушы бөлімі
Жоғары сыныптарда құықты оқыту кезінде мектептің оқу жоспарының вариативті бөлігіне таңдалған бағдарға сәйкес қолданбалы курстарды еңгізу қажет. Ондай курстарды мына тақырыптарда ұйымдастыруға болады:
«Сен өз құқығыңды білесің бе?», «Азамат, билік, демократия», «Барлығымыз заңдардың құлымыз», «Құқықтық қоғамда өмір сүруге дайындық» т.б. курстар.
Қолданбалы курстар оқушылардың құқық пәні бойынша қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталады. Қолданбалы курс бағдарламасын құру жолдары мынадай болмақ:
Таңдалып алынған бағдарламаға сәйкес тақырып таңдалып алынады;
Курстың білім мазмұны құрылымындағы орны анықталады;
Бағдарламаның түсінік хаты дайындалады және онда мыналар қамтылады:
Курстың мақсаты
Курстың міндеті
Кәсіпке бағдарлау
Курстық тақырыптар бойынша сағаттарға бөлінген мазмұны таңдалады;
Курсты ұйымдастыру формасы анықталады;
Курсты оқытуды аяқтау формасы (реферат, баяндама, жоба т.б.) анықталады;
Ұсынылған әдебиеттер тізімі беріледі.
Мектеп мұғалімдері даярлаған қолданбалы және таңдау курстарының бағдарламалары облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының сәйкес кабинеттерінде талқыланып, бекітілгеннен кейін ғана қолданылады. Мектепішілік бақылауда бағдарлы сыныптағы оқу-тәрбие жұмысы үнемі назарда болады. Жыл бойы ұйымдастырылған «дөңгелек үстел», іскерлік ойындар т.б. бағдарлы оқу-тәрбие жұмыстары қаралып, нәтижесі жан-жақты талданады.
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енудің негізгі стратегиялық міндеттерінің қатарына бүгінгі заманғы, бағдарлы білім беруді дамыту және болашақ білікті жұмысшы кадрларды даярлау жөніндегі міндеттер де кіреді.
Шығыстың ғұлама ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деген екен. Яғни жалпы орта білім берудің жаңа жүйесі – бағдарлы оқыту педагог кадрлардың кәсіби дайындығының мақсатын, мазмұнын айқындап, біздерге, педагогтарға мәдениетті, жауапкершілігі, азаматтық-құқықтық сана-сезімі жоғары, болашақ мамндығын сенімді таңдаған жеке тұлғаны, жас жеткіншекті қалыптастыруды жүктейді.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейін білім беруді дамыту тұжырымдамасы білім беруді жалпы ұлттық басымдық ретінде белгілейді және мемлекеттік Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімге арналған білім беру саясатын дамытудың негізін қалайды, әрі заңнамаға, қаржыландыру жүйесіне, кадрлық және әлеуметтік саясатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін негіз болып табылады.
Қазіргі таңда білім беру саласында озық технологияларды тиімді қолданудың маңызы артуда.
Технология – өнім алу үшін керекті материалдарды өңдеу әдістері мен өнім шығаруға керекті жүйелі процесс.
Кез келген технологияның негізгісі – түпкі нәтижені мұқият анықтау және оған жетуболып табылады. Осыған сәйкес технологияның артықшылықтары төмендегідей:
Түпкі нәтиже дәл анықталады.
Мақсат диагностикаға сүйеніп қойылғандықтан, оған жету үшін істелетін жұмыстардың нәтижесі объективтік әдістер арқылы тексеріледі.
Мұғалім алдын ала дайындықсыз оқыту процесін жүзеге асыра алмайды.
Оқушылардың оқу іс-әрекетінің түрлері және мазмұны көрсетілген жоба жасалады, яғни сабақта оқушылардың іс-әрекеті түрліше ұйымдастырылады.
Технологияның кезеңдері:
Оқытудың мақсатын диагностика арқылы қайта тұжырымдау;
Жаңа мақсатқа жету кезеңдерін белгілеу;
Диагностика негізінде оқытудың жаңа мақсатын қою.
Тексеру құралдары арқылы оқушының сапасы, қажеттіліктері, іскерліктері, даму, қалыптасу деңгейлері анықталады.
Оқыту технологиясының ерекшеліктері:
Түрлі құралдар арқылы оқушылардың білім, іскерліктерін жиі тексеру.
Үлгермеушіліктерді анықтау және іріктеу.
Үлгермегендермен қосымша жұмыстар өткізу, материалдарды қайталау. Осы жұмыстардан кейін оқушылардың білім, іскерліктерін тағы тексеру.
Оқушылардың жаңа материалды меңгермеу себептерін анықтау және зерттеу.
Интенсивті оқыту технологиясын зерттеуде Абсатова М.А. оқытудың жалпыланған технологияларын былайша топтатырады:
Бағдарламаланған оқыту (Н.Краудер, Л.Н.Лнанда, А.Г.Молибог, Б.Ф.Скиннер т.б.);
Проблемдік оқыту (Т.В.Кудрявцев, И.Л.Лернер, А.М.Матюшкин т.б.);
Оқушылардың танымдық қызығушылықтарын жүйелі түрде қалыптастыру (Н.Г.Морозова, Г.И.Щукина т.б.).
Соңында педагогикалық технологияға мынандай анықтама береді: «Педагогикалық технология – қайта өңделген арнайы білім мазмұнының, кепілді және ұдайы жасалынатын жоспардың педагогикалық нәтижелілігінің педагогикалық және экономикалық негізделу процесі.
Қазіргі білім беру мақсаты: әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық молделін қалыптастыру. Білім беруді дамытудағы стратегиялық басымдықтарды белгілеу, жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.
Осыдан келіп мынандай міндеттер туындайды:
Азаматтыққа, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауға, елжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу;
Білім сапасын түпкілікті бағалаудың субъективтік факторларының әсерін азайту;
Оқушылардың сапалы білім алуға, функционалдық сауаттылыққа, ал мұғалімдердің біліктілігі мен педагогикалық шеберлігін ұдайы арттыруға деген уәждемелерін арттыру;
Білім алушылардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттігін қамтамасы ету үшін кәсіптік дағдылар алуына жағдай жасау;
Денсаулық сақтайтын және ақпараттық технологияларды енгізу;
Даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға жағдай жасау.
Аталған міндеттерді іске асыру үшін:
Білім берудің мазмұнын орталық білімнен біліктілік мазмұнына қарай өзгерту;
Білім берудің мазмұнын дүниені тұтастай қабылдауды қамтамасыз ететін, тіл мен әдебиет, қоғамтану, математика, информатика, жаратылыстану, өнер, технология т.б. сияқты білім беру салалары арқылы іске асыру;
Оқушылардың жеке қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес жоғары сатыдағы бейімділік және кәсіптік бағдарлы оқыту жүйесін құру;
Білікті жұмысшы кадрларын, техникалық және қызмет көрсету еңбегінің мамндарын даярлаудың кәсіптік білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын жаңарту;
Техникалық және кәсіптік білім беруді сапалы ұйымдастыру үшін ынталандырудың және жұмыс берушілердің қаражаттарын таратудың нормативтік-құқықтық тетіктерін әзірлеу.
Оқушының өзін-өзі жетілдіру, алға жылжыту, өз орнын анықтау істерінің негізгі құрамы болып, нәтижесінде – өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру, жұмыс істеудің жаңа эвристикалық тәсілдерін игеру мақсатын негізге ала отырып, жеке тұлғаға бағытталған оқыту – оқушының барлық мүмкіндіктері мен қабілеттерін ескере отрып, оның жеке ерекшеліктерін дамытуға қажетті жағдай жасау дегенді білдіреді. Білімділіктің, адамгершіліктің, кәсіби шеберліктің және іс-әрекетке икемділіктің жаңаша түсінігі алдыңғы шепке оқушылардың әрекеттері мен қатарымен араласудағы өз орнын анықтау, өзін-өзі жетілдіру, адамның табиғи мүмкіндіктерін ашу, ойлау қабілетін жетілдіру, сөйлеу, әрекет ету сияқты қасиеттерін ашып, осылардың нәтижесіндегі өмірдегі өз орнын табуға көмектеседі.
Білім мазмұнын мектеп қабырғасында тиімді оқытып, оның басты мақсатын жүзеге асыру оқытуды оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда білім беру жүйесін бағдарлы, дамыта оқытуды оқу технологиясына ыңғайлау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |