ЗАМАНАУИ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Мырзабаева Б.Ж. - аға оқытушы, филология магистрі,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қаласы,
тел: 87475947234, элек.почта: balbalmira@gmail.com
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 3-тарауы «Білім беру жүйесінің» 11-бабында «Білім беру жүйесінің міндеттерінде» оқытудың жаңа технологиялары туралы анық жазылған: «Оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану». Осыған байланысты оқытудың түрлі технологияларын, әдіс-тәсілдерін пайдаланып, сабақты түрлендіріп оқыту – бүгінгі күнің талабына айналды. Бұл әр педагогтың басты міндеті. Соған орай біз, лектор мен ассистент екеуміз «Қазіргі қазақ тілінің жаңа бағыттағы лексикологиясы және фразеологиясы» пәнінен аралас форматта лекция-практикалық сабақ өткіздік. Екі оқытушының бір пәнді аралас форматта жүргізу технологиясы жалпы әлемдік оқыту үрдісінде бар нәрсе. Ол тек жоғарғы оқу орындарында ғана емес, сондай-ақ колледждер мен мектептерде де қолданылады. Бұл технологиядағы сабақтың түрі жүйеленген, тіпті бинарлық немесе біріктірілген сабақ түрлері түрінде өтеді. 2-3 оқытушыға дейін сабақ беру технологиясы дамыған.
«Ал, Қазақстандық мектептер мен ЖОО-дарында бұл технология қолданылады ма? Қолданылса, қандай Ережеге сүйенеді? Қаншалықты дәрежеде?» деген заңды сұрақтар тууы мүмкін. Әрине, қолданылады. Тек сирек және олардың ашық жариялымы нашар дамыған. Мәселен, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Білім беру және ақпараттық жаңашыл технологиялардың ғылыми-зерттеу орталығында даярланып шығарылған Асхат Әлімовтың «Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері» атты оқулығында «Екі лектордың сабақ жүргізу әдісі» көрсетілген. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де «5.2 Оқу үрдісін ұйымдастыру мен жоспарлау» Ережесінде «35. Университетте пәннің екі түрлі форматы қабылданған: үлкен формат – 30-дан 100-ге дейінгі студент санын қамтитын аудиториядағы дәріс сабағы, ал практикалық сабақ топтар бойынша бөлек жүргізіледі, аралас формат - бір топта саны 30 студентке дейін жететін дәріс-практикалық сабақтың түрі» деп анық жазылған.
Жалпы жоғары оқу орындарында бір топқа бір пәннен екі оқытушы(лектор-ассистент) сабақ беру үрдісі әбден орныққан. Бірі дәрісті жүргізсе, екінші практикалық сабақты өткізеді. Енді осы пәннің аралас форматы ретінде бір сабақтың үстінде екі оқытушының сабақты жүргізу технологиясын жүзеге асыруда «Қазіргі қазақ тілінің жаңа бағыттағы лексикологиясы және фразеологиясы» пәнінен лекция-практикалық сабақ өттік. Мұндай сабақтың студент пен екі оқытушыға (лектор мен ассистенке) беретін маңызы зор. Нәтижесіндей мынандай көрсеткіштерге қол жеткізуге болады:
Оқытудың дидактикалық принципіне сәйкес өтілген тақырып бойынша теория мен практика ұштасады;
Сабақты түрлендіру арқылы студенттердің қызығушылығын арттырады;
Лектор мен ассистент арасындағы тығыз байланыс, тәжірибе алмасу, ассистенті сол пән бойынша білім мен біліктілігін арттыру, тіл мәдениетіндегі коммуникативтік қатынас ортақтасады;
Лингвистикалық терминдерді қолданудағы ортақ нақты білім мен дағдылар қалыптасады;
Сабақты екі оқытушы жүргізгендіктен, аудиториямен жұмыс толық қамтылады;
Студент оқытушыларды салыстырмалы түрде бағалайды.
Осы қағидалар мен оқытудың конструктивтік түрін ескеріп, аралас форматтағы екі оқытушының сабақты жүргізу технологиясын пайдалана отырып, интербелсенді әдістерді қолданып, лекция-практикалық сабақты өткіздік.
Сабақтың тақырыбы: Көркем шығармадағы мысалдарға лексикалық сатылай толық талдау жасау. Қорытынды сабақ.
Сабақтың мақсаты: Қазақ тілінің лексикологиясы және фразеологиясы туралы теорияны практикамен ұштастыру, лексикалық мағына түрлері мен фразеологизмдер бойынша толық сатылай лексикалық талдау білім дағдысын қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесінің биіктеуіне үлес қосуға, оны сүюге, отансүйгіштікке баулу; сөздік қорын молайту, еркін, айшықты сөйлеу, шығармашылық қабілеттерін арттыру;
Сабақ барысы: Бұл қорытынды-бақылау сабағы болғандықтан, жалпы сабақты үш бөлікке бөлдік:
Бірінші бөлім - теориялық блиц сұрақтар. Лектор сұрақ-жауап-талдау әдісін пайдаланып, интербелсенді тақтада берілген ұяшықтардағы сұрақтар бойынша студенттердің теориялық білімдерін тексеріп, талдап, толықтырды. Жоғары оқу орнында бір сабақтың өту уақыты 75 минут. Соның шамамен алғашқы 20-25 минуты теориялық сабаққа беріледі. Алғашқы бөлімде лектордың белсенділігін көреміз. Оның сабақ беру әдісі мен шеберлігі байқалады.
Екінші бөлім - лексикалық талдау. Ассистент осы бөлімде теорияны практикамен ұштастырады. Ол үшін лексикалық толық сатылай талдау үлгісін интербелсенді тақта арқылы көрсетіп, жай тақта мен интербелсенді тақтаға берілген мысалдар бойынша сөздерге талдау жасатады. Интербелсенді тақтадағы актив-студио программасының мүмкіндіктерін пайдаланып, аудио-видео материалдарын көрсете отырып, мысалдарды талдатады. Жеке жұмыс әдісі бойынша партадағы 4-5 студентке жеке карточкалар таратады. Бақылаушы екі оқытушы болғандықтан талдау кезінде тақтаға 2-3 студентке дейін шығарылды. Осы екі бөлімнен кейін студенттердің ойын сергіту үшін, ойсергек әдісі бойынша студенттерге ребус шешкізеді. Бұл бөлімде практикалық сабақты жүргізетін ассистентің белсенділігі мен оның сабақ беру технологиясы көрінеді. Шамамен келесі 25-35 минуты практикалық сабаққа арналады. Жай және интерактивті тақталармен, жалпы жазбаша жұмыстар жүзеге асады.
Үшінші бөлімде студенттің жалпы теориялық және практикалық білімін тексеру мақсатында қысқа тест сұрақтары беріледі. Тест сұрақтары актив-студионың тест жасау технологиясы бойынша дайындалды.
Сабақтың соңында бағалау кезеңі болды. Онда студенттер бір-бірін, екі оқытушы студенттерді және студенттер сол күнгі сабақтың өту барысын бағалады.
Мектептегі сабақ беру үрдісінде бұл технологияны пайдалану артық болмайды. Бір пәннен сабақ беретін тәжірибелі мұғалім тәжірибесі аз, жас маманмен немесе мұғаліммен біріге отырып сабақ өтуіне болады. Тәжірибелі мұғалім сабақтың алғашқы 20 минутында жаңа сабақты өзіндік әдіс-тәсілдерімен түсіндірсе, екінші мұғалім келесі 20 минутында өтілген тақырыпты жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы бекітеді. Мұнда да мұғалім мен оқушыға берілетін оң нәтиже бар. Біріншіден, тәжірибе алмасу, екіншіден, сынып оқушыларымен толық жұмыс жасау, үшіншіден, сабаққа қызығушылық, төртіншіден, оқушының мұғалімді салыстыра бағалауы жүзеге асады.
Техника мен технология қарқынды дамыған заманда оқытудың репродуктивтік емес, конструктивтік әдісі тиімді екені анықталды. Технологияны методикаға емес, кесірінше, методиканы технологияға негіздеп оқытуды жүзеге асыратын болдық.
Оқытудың заманауи технологияларын әрбір сабақ процесінде (лекция, семинар) қолдану арқылы, дәлірек айтсақ, интерактивті тақта, интервью, аудио-видео материалдар арқылы студенттер не, оқушылар оқытудың заманауи технологияларын қолдануды меңгереді, білімдерін толықтыра түседі. Студент, не оқушы өз бетінше ізденуге, еркін сөйлеуге, тақырып бойынша ғылыми пікірін, көзқарастарын айтуға, салыстыруға, талдауға үйренеді.
Достарыңызбен бөлісу: |