Зейнолла Шүкіров



бет11/11
Дата25.12.2016
өлшемі4,32 Mb.
#5230
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Орынбай бидің үйінен ауыр оймен аттанды.

Жанындағы жігіттер оның ар жағында қынжылады

Жанназардың жазығы қанша? Тозған қарақалпақтың басын қоспақшы еді. Айдос арам-ақ шығар. Бірақ, ел қамын ойлап отырған мына ниеті көкейге қонатын сияқты. Көп болып ауыз біріктірсе, әңгіртаяқ ойнатуға Хиуа ханы артына бақсын... Қарақалпақ қайда осы алауыздығынан таяқ жеп жүр...

Ата-бабалар заманында өз алдына хандық құрған ел еді. Құба қалмақ кезінде тозып кетіпті. Бір бөлегі жеңген жау Қалдан Шерінің қолтығына кіреді. Қалған жұрт Әбілқайырдың шашбауын көтереді. Кейінірек орыс патшасынан пана іздейді. Сол алауыздығы түбіне жетті. Ежелгі қонысы Сыр бойынан да айрылды. Қашып келіп Жаңадарияға тығылап еді... Оны да Сырдариядан жырып алып отыр... Былтырдан бері дихан халық судан қаңтарылып, еткен еңбегі еш болды. Жерден құнар кетті, су тапшылығы сезілген сайын теңіз қолтығындағы балық та кеміп барады...

Жұрттың бәрі Орынбай мен Ешжан емес. Жүз сиыр айдап отырған жоқ. Жер жоқ.

Хиуа ханы Әмударияның бойында бос жатқан қыруар жерді өз қолынан ұсынып отыр. Ол жақта топырақ та құнарлы, Әнетей Ахиректен айдап қайтқан малының көбісін Қожамұрат қыстауындағы қияттарға бөліп берді. Қолында қалған азын- аулақ қара-құрамен көшіп еді, Былтыр Сағындық бастаған екі үй қиятын тағы алдырды. Мамыттың маңайындағы ағайындардың жағдайы түзеліп қалыпты.

Береке жердің құнарында ғой. Оған қоса мол су керек. Жанназар былай шыққан соң жігіттерге мұңын шақты. Осынша елден ақиқатты ақылға салып түсінетін бір адам таппағанына өкініп келеді.

Жаңадария бойындағы жер шұрайлы аталықты билерде, Қожамұрат қыстауындағы Қолдаулы, қияттар кертопырақты құмайтта қамалып отыр. Қырық күн шілде туған кезде тарының жапырағы сарғайып шыға келеді. Дихандар мұңын шағады. Бірақ, Хиуа ... Әмудария бойына көшкенде, еңбек жанса жақсы... Хан уәдесінен шығып жер бөліп бере қоя ма? Әнетейдың жөні басқа. Сыр бойындағы қарақалпақтың кәрі әруағындай көзі тірі қалған жалғыз шал ...Атын есітпеген ел жоқ...Қазақтардың өзі бір қора қой әкеліп беріп, көшірісіп салған... Хиуа ханыда тәуір жерден қоныс беріпті.

Жай көпшіліктің қайсысын жарылқайды?

Орынбай, Кешенек сияқты билер ол жақтан табылады. Хиуада қолдаулылар беделді. Олар тұрғанда ашамайлы, қият сияқты аз руларға тастаған толарсақ тимес...

Жанназар бәрінде тыңдап көрді...

Әлі де аттана қоймай кідіріп жүр еді

Сол күні өз үйінде. Жатар кезде ашамайлы аулындағы жолдас жігіті келді. Түсі бұзылған. Бір жаманшылықтан кәдік алған Жанназар далаға шықты.

Хиуаның ханы Әмударияның төменгі жағындағы ашамайлыға аттаныпты. Орынбай биге Тоқтаболат пен Маманнан шапқыншы кетті. Жігіт жинайтын ойлары бар... Сейітназардың дыбысы әрең шығады. - Кеше билердің сыңайын жек көрдім. Егер жігіт жинап аттанатындай болса,сені ұстап қалады. Ел қамын ойлаған ер, тыңшы атанатын заман болып тұр ғой. Есіткен- білгеніңді ханға жеткізеді деп, билер сенен қорқып отыр. Тезірек атқа қонайық батыр.

Жанназар өзүйінен өзі ұрланып шықты.

Мұхаммед Рахим бек бүгін Әмудария маңындағы Ашамайлыны бағындырады... Одан кейін Жаңадария бойындағы қарақалпақтарға аттану керек. Оның шет жағасын өзіде естіп жүретін. Айдос би қайта-қайта ескертіп қалған...

Бұл да қарақалпақ ағайындарын көндіре алмай қайтып барады екен... Ертең Айдосытың алдында есеп береді. Ол есіткен-білгендерін ханға жеткізеді. Мүмкін ашамайлыны бағыдарып болған соң, Хиуа ханы бері қарай бет қояр... Оны көрген жұрт не айтады? Халықтың көзінде Жанназар туған елін сатқан опасыз болып көрінеді. Қанға боялған қыстақтар алдымен Жанназады қарғайды. Өзін екі отты арасында қалғанын білген кезде Жанназардың жүрегі шымырлады. Жаманаттан құтылу жоқ. Қайда барса Қорқыттың көрі... Айдостың қасына ергенде, тапқан абыройы осы ғой. Әттеген-ай, алданыпты-ау... Енді Айдосты желксінің шұқыры көрер.

Желдің ызғарынан қаңтар лебі сезіледі. Аяз қақап тұр . Жаннзар суыққа шыдамды еді, қалтырап тоңып кетті. Үстіндегі қой терісі тонның екі омыраулығын айқастырып, қайта қымтанып алды. Бұл тонды ана жолы Сейтназардың үйіне қонып шыққанда қарт әкесі кигізіп еді. Ел дегенің сол, тоңып барсаң - бауырына қысып жылытады, қарның ашып келсең – аузыңа ыстық дағарасын тосады. Тек елдің қадірін ел ағасы азаматтардың біле бермейтіні өкінішті ғой...

Жанназар осы тонның арқасында тоңып-шаршамай Хиуаға жетеді... Хиуасы несі? Онда Жанназардың қимайтын қайбір туысы бар еді? Жат елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Жанназар қандай жаманшылық болса да елмен бірге күтіп алады. Аттың басын кері бұру керек.

- Сейтназар, мен сіздің ауылда боламын. Хиуаға қайта оралуым қиын болар. Ел іші алтын бесік.
Х Х Х
Доңыз жылғы жұт ұмыт болды. Онан кейін де неше қыс өтіп жатыр. Мал аман шаруаның біреуі екеу болып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еді. Қазақ жылқы мінезді. Бір кездегі шу асау, арқасына бір жыл ер тимесе, иесін танымай кетеді. Жақын барса құлағын жымитады.Бр қыс қар өтсе, қазақ та солай, қайтіп жұт болмайтындай көреді.

Былтырдан бері Сыр бойында қыстауы бар екенін талайлар ұмытып үлгіріп еді. Алдағы жылдың қабағын шаруа қазақтар жазда бағады. Тіпті қай күнгі ыстыққа қыста қай күні боран тура келерін болжап қоятын сәуегей қарттар бар. Жаз жаңбырлы жылы алдағы қыстың шаруаға жайлы боларынан хабар беретіндей, жұрттың арқасы кеңіске түсіп қалатын. Биылғы жаз жаңбырлы болып тұр. Кез келген шұңқыр көк шалғын, жер от еді. Қазақ қысылмаса қимылы шау тартады. Әрі-беріден соң жұрт аударып қонуға ерінеді...

Ал малдың жайылымы тарылса, қазақтың тынысы тарылады. Сыр бойында аттап бассаң бір қыстау, меншікті көлдерін алыстан көздеп қойып, аяғы жеткен жерде емін-еркін көшіп-қонып жатыр. Сол күйі қарашаға жетеді. Қар аспаннан жауып, жерден борап, шынымен қысып кетсе, амал жоқ, қыстауды еске алады. Әйтпесе, құм ішінде бұйығы тіршілігін артық көрер еді.

Жаз Қызылды жайлаған Нұрбай ауылы теңізге жақындау бір бұлақтың басында отырып күзек алды. Былтыр да қыстауға қаңтардың қақаған аяғында көшіп еді. Малы қоңды шықты.

Мал тұяғы тимеген көл жағасы тұнып тұрады. Нұрбай көшінің көк шалғынына жылқы жасырынғандай.

Бұйыртса, биыл да солай істейтін шығар.

... Қыстың қара өткендей сыңайы бар. Қарашада түскен қар бірақ күн жатып еріп кетті. Қыстың қанша айға созыларын шаруалар соған қарап та есептейді.

Екі-үш күннен бері аяз сақайып тұр. Есептен жаңылмаса, бас тоқсанның кіретін күні де жақындап қалды. Қазақ айдың өліарасынан қорқады. Кей жылдары, бас тоқсан ақтүнек боранын ала кіретіні бар. Еркек кіндік ат үстінде аяқты малды шыраштпай, ауыл маңында ұстауға тырысады.

Бекарыстан бүгін ертерек тұрып еді. Күннің райы бұзылып тұр...Жылқыларды көздеп қайту керек...

Аттандаған дауыс шығады...

Қожабек ағасы үйге асып-сасып кірді. Бекарыстан керегенің басында ілулі садағын алуға әзер үлгіріп, далаға атып шықты.


  • Аттан, аттан!

  • Әй, мынау Тәуір ағамның дауысы ғой. Дәу де болса, тағы біреумен жаға жыртысып кееле жатыр ау...

  • Кеше Шалқошқарға сәлем берем деп отыр еді. Атын төпей кірген Тәуірге қарап, Бекарыстан езу тартты. Алпыстан асқанша ақылы кірмей қойғанына қынжылады.

  • Аттан деймін, ойбай!

  • Уа, не болып қалды!?

  • Түрікпендер келе жатыр!

  • Астапыралла!

  • Шалқошқардың ауылын шауып кетті. Тәуір аптығын баса алмай тұр. – Құдай сақтағанын қарашы. Түнде тоңазып жата алмаған соң атымды ерттедім. Қарасам қаптаған түрікпен ат қойып келеді екен. Бір-екеуі ізіме түсіп қалды. Жануар ақтанкер шалдырмай кетті.

Тәуірдің құты қашқан. Бекарыстың ағасының бұл жолғысы шындық екенін байқап тұр.

  • Жігіттерді жинатыңдар! Тәуір ағамды, қасына үш-төрт жігіт беріп, жылқыны қыстауға қарай айдатуға жіберейік. Қалғандарың қатындарға көмектесіп, үй жығысыңдар. Шалқошқардың ауылы он бес шақырым жер. Салт атты жау әне-міне дегенше келіп қалады. Асығыңдар, көшеміз!

  • Ауыл жау тигендей бүлінді. Үзік баулар бырт-бырт үзіліп, уықтар шешілді. Түйелерге кереге қомдады. Бие сауымындай да уақыт өткен жоқ, көштің алды ауылдан шыға берді.

- Бекрыстан жылқышыларды шығарып салып, ауылға қарай шауып келе жатыр еді.

  • Теңізге қарай тартыңдар. Төрт түйеге құм теңдеп, көштің алдына салыңдар.

  • Салт атты қуғыншыдан жалаңаш далаға қарай қашып құтылмайтын еді. Теңіз жақын. Екі-үш күннің беделінде мұз ұстаса бастады. Әрірек иесіз аралшық Қялы бар. Бекарыстан көштің басын солай қарай бұруды ойлады. Түрікпендер ат тағалауды білмейді. Көкше мұздың үстінде тағасыз жылқы кәріп, шатқаяқтап жүре алмайды.

- Бекарыстанның түйеге құм теңдеткені сондықтан. Табанының бүрі бар, жас түйелер болмаса, кәрі інгендерге қауіп, мұзда тайып жығылады. Аралға жеткенше мұз үстімен он шақты шақырым жол жатыр. Көштің алдына құм төгіп отыру керек.

Көш шұбала тартып алға түсті. Бекарыстанның қасында он жігіт кейіннен келеді.

Күн түс болып қалған. Аспанда түйдек-түйдек бұлт жөңкіледі. Жел құтырына соқты.

Көштің алды мұзға іліккенде, жұрт демін бір –ақ алды.

Жігіттер шу етті.

Баспашылар ауылды қапысыз-ақ тауыпты. Бірақ жұртын сипап қалған. Қазір көш сүрдегіне түскені анық еді. Шамасы қырық-елу жігіт, айқай-сүреңді салып келеді.

Бұлар да желе шоқырақтатып теңізге қарай тартты.

Көш әлі ұзап кете алмай жатыр...

Түрікпендер ат қойды. Қызыл атты біреу бәрінің алдында жалғыз суырылып шыққан.


  • Бекарыстан-ау не қарап тұрсың!

Қожабек ышқына дауыстайды.

Мұзға түскен жерде аттар кібіртіктей бастап еді. Бекарыстанның қолында сары садақ, ат басын ірке берді.



  • Болсайшы, анау мылтығын алды ғой!

Қожабектің соңғы сөзін сарт еткен адырнаның дыбысы есіттірмей жіберді. Қызыл атты жүз елу қадамдай жерде еді. Шалқалап құлап барады. Сарыжа көкірегінен қадалыпты.

  • Е, әруақтар жебей гөр!

Түрікпендер қызыл аттының басына иірілгенде, бұлар мұз үстінде бара жатыр еді. Шашылған құмның шілемі ғана байқалады. Аттар әлгі кібіртік бсқанын қойып, басын шұлғып тастап, соқтырта аяңдайды. Ұзап шығып кетті.

Арттарынан екі-үш мылтық атылды.



  • Құдайдың сақтағанын қарашы!

Қожабек артынан әлі жалтақ-жалтақ қарайды.

Құм артылған төрт түйе алдында. Көшті Бекарыстан үйінің қара атаны бастап келеді. Нұрыбайдың тағы бір баласы Әйітбек көш басшы еді. Мұз үстіне шыққан жерде құм салынған алаша қаптарға кездігін бір-бір сұғып алған. Көкше мұздың үстінде ақ қиыршық құм ақырын себелейді. Әзір тайғанақтап келе жатқан түйе жоқ сияқты.

Көштегі қатын-баланың көзі де арттарында, әркімнің-ақ ет жүрегі дірілдейді. Алға суырылып шыққан жалғыз атты жаудың жазым болғанын да көрді. Тарс-тұрс мылтық даусы шыққанда, қатындар шу етті.


  • Алла, алла!

  • Тәңір, өзің жар бола гөр!

Қатындардың у-шуынан Әйітбектің есі шықты.

Арттарынан азаматтар да жетті.

Қатындар кезек бермей даурығысады. Әрқайсысы өз еркегінің амандығын көріп, бозқасқа айтып жатыр.


  • Осы қайда бара жатырмыз?

  • Күн қақап кетті.

  • Балаларды қырып алмасақ жарар еді...

Қар ұшқындайды. Жел қатая түскен.

Бекарыстанда үн жоқ, көштің алдына түсті.

Нұрыбай ауылы Қиялыға жеткенде күн батқан.

Атам заманнан мал тұяғы тимеген осы бір аралды Бекарыстан бұрын да көздеп жүретін. Жыңғылды шоқаттарының арасы, қыс киіз үйлі қазаққа ықтасын тілетпейді. Тел өскен қара бұта мен шағыр тоғай болып кеткен.Қыстай мал аяғынан жайылып шығатыны көрініп тұр.

Бұрын теңіз көрмеген қазақ қорқа береді .Қыста көк тайғақ мұздан сескенсе,көктемде мұз кетіп қалып,далаға шыға алмай қалуы мүмкін...

Үйренбеген жердің қатері көп.

Баспашылардың әлегі еріксіз қуып тықты.

Жылқыға қауіп жоқ. Құрық үстіне құрық салып,айқай-сүреңмен бездіре қуған жігіттер ендігі ұзап кетті. Екі жүздей түйе мен мың қаралы қой тұяғы көшкен ауылдың сыртында қалды. Қойды айдап кете алмас... Бекарыстан түйеден күдер үзіп келеді. Баспашылар айдауға жарайтын аяқты малды қалдырмайды.

Ертең Қожабекті жіберіп,малды түгендету керек...

Қар жауды. Түрікпендер енді айналмайды...

Жаздың күні ыстықта, қысты күні суықта, баспашылар көп жорыта бермес еді. Бұлар қалай есінен танып жүр?

Бес-алты жылдан бері баспашы тиген жаманат хабары естілмейтін еді. Қазақтар да Қызылдың құмына көбірек үйір болып кетті... Байқау керек екен... Бір ауызданған бөрі аулыңды торып тыным бермейді...

Бекарыстан биылғы көктемде Қарақұмдағы ескі жайлауына жылжитынын айтып отыр...

Бір шоқаттың ығында,асығыс тіге салған жаппаның ішінде ауылдың жасы үлкендері бас қосты. Бүгін құдай бір қырғыннан сақтады. Жұрт қуанышты еді.

Сыртта жел бұрынғыдан да күшейіп алғаны байқалады. Аласа қостың керегелері сынып кетердей сықыр қағады.

Қар алай түлей борап тұр.

Тағы да екі күн өтті. Ақ бұрқақ борасын басылған. Баспашылардың жөнін тапқаны анық еді.

Түйе жоқ. Қой көп шығындамапты. Қожабек бастаған жігіттер ығып бара жатқан үстінен түскен. Ауылға айдап келді.

Шалқошқардың аулында баспашылар екі-үш жігітті шауып өлтірген.Бір баланың қарнын жарыпты. Екі қыз тұтқыны бар... Жылқы мен түйеден тігерге тұяқ қалдырмай айдап әкетіпті... Оны да Қожабек естіп қайтты.

Баспашының қашанғы әдеті жан баласын аямайды. Қожабектің сөзіне ешкім таңырқаған жоқ. Баспашылар қазақ даласында екі-үш топқа бөлініп қимылдағаны мәлім болды. Бір күнде төрт-бес ауылға тиіп үлгеріпті. Жұртты таң қалдырған бір-ақ нәрсе еді: баспашылар қай ауылға барса да, Жанқожа мен Бекарыстанды сұрайды екен...

- Батыр екеумізге құда түсетіндей-ақ, шынымен ат маңдайын қойып келген болды ғой онда. Бекарыстанның жүзі күреңгітіп отыр. – Құдай сақтаған екен...

- Әкесінің құны бардай, айрықша осы екі ауылға құшыры түскені қалай? – дейді Әійтбек.

- Қайдам...

Баспашылардың тосын мінезіне түсінбей, бәрі де дағдарып қалып еді.


Х Х Х
Ханның өз аузынан ұлықсат алған шырақшы үйінде аунап-қунап жатыр. Қатын баласын қуантып, өзі де есін жинап қалған. Сол екі арада межелі екі ай да өтіп еді.

Хожанияз шақыртты.

Төрт бөлмеден тұратын қыш үй, кең аула. Жеміс ағашының жапырағы сарғайып, күз түскенін білдіріп тұр. Күн бүгін ерекше еді. Хожанияз төсекті аула ішіне, жапырақтардың көлеңкесінде саяжайға салдырыпты.

Кіріп шыққан әйел жынысы көрінбейді. Бұл үйде әйел жоқтықтан емес, Хожанияз мұсылман салтын қатаң ұстанады. Қонақасы үстінде екі баласы Майқара мен Қайдауыл отырды.

Әңгіме хан тапсырмасына қарай ойысқанда, қонағын ертіп Хожанияз оңаша бөлмеге кірді. Екеуінен басқа жан жоқ.

Терістік бетте отырған қарақалпақ қыстауларының жағдайы сөз болды. Айдос би ағайындарына адам салып, әрекеттенгенмен нәтиже шығатын түрі байқалмайды. Хан Арал теңізі жағалауындағы өзбектерге аттанады. Әбіләзіз қарақалпақтардың қолтығына су бүркіп, Мұхаммед Рахим бектің саясатына кедергі жасағанын қоймай жүр. Әуелі соны талқандайды. Онан кейін кезек қарақалпақтарға келеді...

Хиуа хандығының жері батыс пен терістігінде қазақ руларымен шектесіп жатыр. Қарақалпақты бағындырып алған соң қазақтарға, Сырдың бойын жайлайтын әлім-шөмен руларына қарай ат басын бұрады... Қалай да Қоқанның алдын орап іс қылып қалуға асығуы керек!

Хожанияз өз пікірінде қазақтарды жақсы білемін деп ойлайтын еді. «Ақтабан шұбырынды» заманын да зерттеп жүр. Жоңғардың жойқын шабуылына ұшыраған қазақ ауылдары тозып кеткенде, көп-жұрт Хиуа хандығының жерінде паналапты. Екі жылдан кейін, Әбілқайырды Хан көтеріп, тік көтеріліп көшіп кетеді. Орта Азияны тітіреткен жоңғарлар қазақ найзасынан мерт болды...

Хожанияз осы бір мұсылман екені де кәдікті тағы халықтың табиғатына сүйсіенетін еді. Тозып кеткен ел соншалық мойымас жігерді қайдан тапты?

Қазақ батырлары тосқауыл болмағанда, Жоңғар қалмақтары бұл өңірдегі бытыраңқы мұсылман иеліктерін бір-ақ жайпайтыны анық еді. Бағы замандағы Хорезм патшалығы... шежірешілер рас айтса, хандық Хиуа мен Қоқанға, Бұхар әмірін қосқанда, жүз мың сыпай шығара алар ма еді? Әй, білмеймін... Ана шеті парсы жұрты, мына шеті Ауғанстан... Маураннаһрдің қоластына дүниенің жарымы кірген ғой. Алты жүз мың әскерді сондықтан жинап жүр... Соның өзінде көшпелілердің көсемі Шыңғыс хан бастаған монғол сарбаздары Хорезмді жайпап өтті...

Шыңғыс алпыс мың қолмен аттанып еді. Қазақ даласына кіретін жерде жоңғар сарбаздары да сол шамалас болыпты. Қазақтарды бір тоздыруға тоздырды.

Қазақтар есін жинап алған соң ойсыратып кек қайтарды.

Қазаққа көрші отырған мұсылман әміршілері қол ұшын берген жоқ. Жоңғарлардан зәресі кетіп қорқатын. Егер қарсы аттанған қазақ сарбаздарын жер құштырғанда, бір замандағы Маураннаһрдің тағдыры айнымай келетін еді.

Жоңғар хандығының алпыс мың қолын, қазақ жігіттерінің қалай жеңіп жүргеніне Хожанияздың ақылы жетпейді. Үш жүздің басын қосқанда, Әбілқайырдың туы астында жиырма мың ғана сарбаз жиналыпты...

Хожанияз шариғатты қатты ұстанғанмен, ғайыптан болатын кереметтерді мойындамайды. Тәңір кәпір, мұсылмандыққа қарамайды. Мұсылман Хорезм шахы кәпір Шыңғыстан таяқ жеп, Әбескун теңізінің елсіз аралына масқара болып өлмес еді... Сол тұста шапқыншылыққа ұшырамаған мұсылман патшалығы жоқ, ойрандалмаған қала жоқ. Сонда бір жібімеген тәңірі қазақтардың көз жасын көріп мейірімі түспеген шығар... Хожанияз ондай сәуегейлікке сенбейді.

Қазақтан соққы көріп қайтқан жоңғарлықтар Ташкентті талқан қылған жоқ па? Мұсылманның қасиетті қаласын талай жыл астана қылды. Әмірсана бүлік шығарып, Қытай әскерлерін алып келіп өз патшалығын тоздырып жібермегенде, жоңғарлықтардың Ташкентте әлі қанша отырарын құдай біледі...

Мұхаммед Рахим бек таққа отырғалы терістік пен батыс бетте отырған елдерге көз сұғын мықтап-ақ қадады. Әмударияның құйылысындағы өзбектерді осы жолы бағындырып қайтуы керек... Енді бір жылдан соң Хиуаның қол астына қарақалпақтар қарайды. Содан соң...

Кезек қазақтарға жеткен кезде дәуірлейтін Хожанияз болады.

Хан бұл ниетін шет жағалап сездіріп те қойған....

«Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас». Бұл Рахим бектің сүйікті мақалы. Құлы–қалың тобыр қара бұқара, сонша құлдың ішінде не ақыл парасатымен, не батырлығымен айрықша шығатын біреулері табылады. Қара тобырдың тұтқасы да сол. Қалың ер елдің аузына қарайды. Ру-руға бөлінетін көшпелі жұрттың бір өзгешелігі, хандық үстемдігін сирек мойындайды. Дүниежүзінің жарымын алып жатқан Монғол мемлекеті, Бату көз жұмған күні ыдырап кетті... Әбілқайыр өлген соң, әлім-шөмен Нұралы ханды Сыр бойынан айдап салды... Алты әлім Әбілғазы сұлтанды да мойындаған жоқ. Рушылдық жегідей жеген халықтың осал жері сонда, ауызбіршілік болмайды. Қарақалпақтар да сонысынан таяқ жеп жүр...

Қазақтардың «ақ табан шұбырынды» заманында тез ауыз біріктіруіне Әбілқайырдың даналығы себеп болды...

Хиуа хандығының жоңғарға қарағанда артықшылығы бар, аузы түкті кәпір емес, қазақтың өз бауыры, мұсылман жұрты... Хожанияздың пікірінде, бұл жерде діннің беделін мықтап пайдалану керек... Хиуаның базарында әркімге бір қол жайып, қаңғыбастанып жүрген қожашайхыларды қазақ даласына қарай дүркіретіп қуар еді...

Хан басқа тәсіл қолданғысы келеді.

Хожаниязға қазақтың басты-басты биі мен атағы шыққан батырларын есепке алуды тапсырды. Алтын көрсе періште жолдан таяды, дүниеге қызықпайтын пенде жоқ. Әрі-беріден соң әкесін сатудан тайынбайды...

Күміс кесе толы шарап қолында, Хожанияз сөйлеп отыр.

Шарап уыты жүрекке тепті, шырақшының маңдайында шып-шып тер, үй иесіне қарап басын шайқайды.

- Қазақ Бұхардың сәудегері емес, даланың жыртқышы мәрт келеді. Олар «жанымның садағасы» дейді екен. Намысын жанынан қымбат санайтын халықтың, алтынға сатылуы да қиын болар. Ал Жанқожа аузына дән салмайды екен, біреудің табан ет, маңдай тері бар дейтіні ғой. Құмнан құмаршық қағып, соны талқан қылып жейді.

- Сол Жанқожаның жағдайын толығырақ сөйлеші...

Шырақшының сөзінен кейін Хожанияз ойланып қалған.

- Қазақ сойыл ұстағанның бәрін батыр дейді. Соның ішінде халыққа сөзін тыңдататындары санаулы,- деп шырақшы сөзін әрі қарай жалғастырды. – Бір батыры ағайынды Рахметәлі – Мелдебек. Әйдербек аталығынан шығады. Түрікпеннен жылқы алып жүрген батыр жігіттер. Соған қарап жұрт та сыйлайды. Жақайымда Толыбай бар. Оның туысы Байшоқы би. Кішкенеде Жанқожадан кейін Бекарыстан беделді. Әлім іші қаракесек Ақтан батырды да әулие тұтады...

Хан «түрікпен сыпайларын қазақ ауылдарына жұмсап алу» жайлы пікірін тағы да еске алды. Осы бастан тынышын ала беру керек...

Салт атты баспашы, тұтқиыл соққан көк дауыл. Жанқожа сияқты батырларды түрікпеннің қолымен өлтіру керек. Сонда ханның атағына да кір келмейді. Баспашы қайда жоқ? Мұздай қаруландырып, біреу-жарымының қолына мылтық ұстататы... Қаншы батыр болғанда, қорғасын оққа не істейді?

Хожанияз әлгі аты аталған батырлардың жаз жайлау, күз күзеуін жазып алды...

Біреуі ханның жансызы, біреуі бек – екеуі түннің бір уағына шейін отырды. Шарап басына тепкен кезде, шырақшы былдырақтап мұңын шаққан. Қауіпін айтады. Биыл жаз Бесбасбаймен кездесіп қалғаны есінен кетер емес. Хан сарайының алдында кездескен қарақалпақ жігіт түсіне кіріпті...

- Қасыңа ертетін жігітімізді көрдің ғой. Қазақ ішіне жақсылап таныстыр. Өзі де пысық жігіт, бір көргенін ұмыта қоймас. Қазақ тілін бұрында да әжептеуір біледі. Ендігі хабаршың сол болар. Көктемде бір, күзде бір жұмсап алып тұрарсың. Жұмысқа біраз сірніккен соң, орныңда соны қалдырып, сізді осында алдырамын...

Хожанияз қонағын шығарып салды.

Екі-үш күннен кейін Қызылға қарай шығатын жол үстінде екі шайқы кетіп бара жатты. Бірі уыздай жас жігіт, бірі қартаңдау еді.


  • Ақиректе Арыстанбап, Түркістанда Қожа-Ахмет, сап жүрегім, сап-сап!

Шал дәруіш қара көрінсе зікір салады.

Бұл жаңа тарсырмамен бара жатқан шырақшы еді.

Бұл кезде Әмударияның құйылысына қарай аттанған Мұхаммед Рахим жорықтан оралған... Екі ай ішінде шаруа баққан халықтың талай қыстауы ойрандалды. Бекініс салуды білмейтін жұрт қарулы сыпайға қарсылық көрсетіп жарытқан жоқ. Жорықтан қайтқан сыпайлардың қолы бос еді.

Хожанияз қырық-қырықтан үш топ құрап, қазақ даласына асығыс аттандырған. Сыпайлар Жанқожаның аулын таппай қайтты. Бекарыстан айласын асырап құтылып кетіпті.

Кеш қимылдап еді. Сыпайлар Қызылға жеткенше қыс түсті. Жылы жақтың табиғаиына үйренген жігіттер, боранға ұшырап адамдарын үсітіп, адаса-адаса әрең жетті...

Бұл екі арада Мұхаммед Рахим бектің қарақалпақтарды бейбіт жолмен бағындырғысы келген саясаты нәтижесіз аяқталды. Айдос жіберген елші қайта оралмады... Қазір бірыңғай сол мәселемен айналысып кеткен Мұхаммед Рахим бек қаһарына мініп отыр еді. Хожанияздың қазақтар туралы айтқанына құлақ асқан жоқ..

Осымен тағы бір қыс өте шықты.
Х Х Х
Хожанияз күнұзын хан сарайын жағалайды. Үйге ылғи кешігіп оралатын еді.

- Үйде мейман отыр... Алдынан әйелі шықты.

- Қайдағы мейман?

- Былтыр күздігүні үйде болатын... мейман болып кететін кісі бар еді ғой...

Хожанияз шырақшыны күткен жоқ-ты. Қазір қасында жас серігі бар... Асығыс жұмыс болса, соны жұмсауды тапсырып жіберді. Мейманның түсін көргенде жүрегі дір етті.


  • Ертелетіп қайтыпсыз... Тілі күрмеліңкіреп сөйлеп еді. – Аманшылық па?

Шырақшы Ақиректе Бесбасбайды екінші рет жолықтырады. Аңқау шал кездескен жерде үлкен шу көтеріпті. «Хиуада... тап өзіңнен айнымайды-ау, айнымайды... ұстай алсам сарт болып шыққаны...»

- Құтылытын жер таппағанда аузыма қалай түскенін білмеймін. «Аталарың аруақты екен ғой, - дедім Бесбасбайға. – Аруақ әрдайым сарт болып аян береді ». Шалым шалқасынан түсті. Ту бие сойдырып, құда жолы жасады. Тамды маңайында Қарасақал құдалары бар екен. Сонда көшкелі жатыр. Тентек кісі еді, «аруақпен» кездескелі софы болды. Бес уақыт намаз оқиды.

Шырақшы мен Хожанияз қоса күлді.


  • Енді несіне қорқып жүрсің?

- Ол әлгі сөзін жалпақ жұртқа жайды ғой. Онан қарақалпаққа тарайды. Мені мұнда көрген бір Бесбасбай емес шығар. Біреу-міреу сезініп қалуы кәдік. Әбілсейтке айттым. Мені сұраған адам болса, «Меккеге кеткенімді» айтады. Өзі алғыр бала, қазақтарға сіңісіп кетті...

Осы кеңестің ақыры шайға ұласты.

Жанқожа мен Бекарыстанның биыл Қарақұмға қарай көшкенін есіткенде, Хожанияз бармағын тістеді.


  • Қап!

Жанқожаның бетіне айтпағанына өкінді.
Х Х Х
Қазақ ауылдарында жаңалық найзағайдай шапшаң тарайды.

Бесбасбайдың ата-бабасы аян беріпті. Бай Хиуаға қарай көшейін деп жатыр...

Екі кісінің басы қосылса, әңгімесі Бесбасбай еді. Басына қарға саңғып жатқан атақсыз жаман шал әулие атанды. Жарықтық әруақ та қызық-ау, не түсінде емес, тал түсте... қабірінің басында болса бір сәрі, - Хиуаның базарында сарт болып көрінгені несі?.. Жұрт жағасын ұстайды.

Бұған орайлас Хиуа ханы Жаңадария бойындағы қарақалпаққа қайта-қайта елші салып жатқан хабары шықты. Қазақ аулында баспашы бой көрсетті. Осының бәрі сабақтас нәрсе екенін біреу жарым қазақ билері де түсініп жүр еді. Хиуа бүгін қарақалпақты бағындырса, ертең қазаққа ауыз салар... Қауіп күткен ел құлағын түрік ұстайды.

Толыбай биыл жаз Борсықтан әрі қарай көшіп шығыпты...

Ақшатаудың жақайымдары Қарақұмды қыстап жүр...

Кеше қырылысып алған қыстаулары, былтырдан бері қаңырап бос қалған...


  • Осылардың не білгені бар?

Бекарыстан басын шайқап отыр.

Былтырғы баспашылардың оқиғасынан кейін жұрт шошынып қалған. Биыл Қызылда бір ауыл да қалған жоқ-ты.

Нұрымбет аулы мен Жақсықылыштың сыртына шығып қонды. Кішкененің бір топ жақсылары, қасында Бекарыстан. Шалға сәлем беріп отыр.

- Жиуа ханы қарақалпақты қасына шақыратын көрінеді. Қалай жасаса да жақсылық емес. Әлі қарақалпақтар ханға арқа сүйеп алған соң, Сыр бойында тастап кеткен қыстауларын даулайды... Мұны айтқан Бәйділдә еді. – Жақайым аға баласы, қыстау бөлетін жерде таңдаулысын алады. Енді Қарақұм асып, жел жағына бізді ұстап отыр.

- Баспашының өзі қырып кете жаздады. Хиуа әскер шығарса, жүндей түтеді...

- Тап сол баспашыдан күмәнім бар. Баспашы Бекарыстан мен Жанқожаның аулын іздеп не қылады? Бәрі сол Хиуа ханы салып отырған ылаң ғой...

- Мен де содан кәдіктімін. Қарап отырып, арам қатармыз, бұған қарсы бір әрекет ойластыру керек...

Бекарыстан алты әлімнің басын қосып ақылдасу туралы ой айтты. Әлім-шөменнің ханы Әбілғазы қыңыр тартып ұзақ жайлап жүр. Оны да шақыртып алу керек. Орыс патшалығы Сыр бойына шейінгі өлкені Әбілғазының қол астына берген десетін. Ханның не ойы бар екен...

Әбілғазының атын есіткенде Жанқожаның қабағында кірбің білінді.

- Әбілғазыға Байшоқыны жұмсау керек, - деді Бекбауыл, ақыл қосып.

- Аржағында қатысып отыратын көрінеді ғой...

- Қарақалпақтарға да адам салайық, - деді Бекарыстан ойын дамыта түсіп. – Хиуа ханына шынымен бағынатын болса, қонысынан ауғаны мақұл. Қазақ ауылдары Хиуа ханының әскерлерін іргесіне қойып, тыныш ұйықтаулары қиын болар. Соқпа-соқпа да тиіп қашатын баспашыларының өзі тынышымызды алып бітті. Жаңадарияға келген соң жаныңды қоя ма?

- Мен де соны айтамын ғой!

- Оған Жәкем барсын, - деді Бекарыстан. – Қарақалпақтар атағын біледі. Айтар уәжіміз, қазақтар Хиуа әскерлерінің аяғын Қызылдан бері қарай аттатпайды. Екі арада шыбын өледі... қарақалпақ ағайын қосақ арасында босқа күйіп жүрмесін!

- Әй, бәрекелді!

- Қарақалпаққа Бекемді салайық, -деді Жанқожа, басын әңгіме даудан ала қашатындай әлпет білдірді. – Бекем Енесей бидің жиені. Оның адалын айтып отырғанына нағашы жұрты да шек келтірмейді.

- Бұл да дұрыс екен.

Билік құмар Бекбауыл, елпең етіп көне кеткен. Тек қасына бір адам қосуды сұрады.

- Байділда барады!

- Барайын!

Мәслихат Көкдомбақта Бекарыстанның аулында өтетін болып келісілді. Оған шейін Әбілғазы да құлақтандырылады. Байшоқыға хабар беруді Бекарыстан өз мойнына алып отыр.

Бекбауыл мен Байділда ертең атқа қонады. Он күнді меже қылды. Соның ішінде қарақалпақтардың жауабын алып қайта оралуы керек...

Пікір бір жерге құйылды. Көпшілік бір уақыт Маман би мен Маңғыт Орынбай биге айтылатын сәлемнің жобасын талқылады.

Қой еті піскенше әлі біраз бар. Билер сырлы тостағаннан қымызды ұрттап қойып, енді қысыр кеңеске көшкен.

Бір уақыт шаруа қамы сөз болып, әркім өз мұңын шағынады. Құдайдың жайраңдаған жазында, жұрт бой жазудан қалды. Құдық жетіспейді. Жайылым тарылды. Жаздың күні ештеңе емес, ертең қыс қысып кеткен кезде жұрт не күн көреді?

Жанқожаның жаз жайлауы да оңып тұрған жоқ. Жақсықылыш жалаңаш тұз. Батыс беті теңізге жеткенше сары жазық. Бір жағында биік қырат. Жылқыны Жақсықылыштың шығыс бетіндегі быжырға айдан салып отыр. Түйе ауыл маңындағы сораң мен тырбық жусанды ермек қылады...

Қарақұмдағы көп құдықтарды, бұрыннан табан аудармай келе жатқан ауылдар меншіктеп қойған. Басып қонсаң, арты дау. Араласып қонғанмен мал сиыспайды. Бір құдық қыруар малды суға қалай жарытады? Амалы құрып отыр.

- Біз де қысылып-қымтырылып отырмыз, - деді Бекарыстан, қынжылып айтады. – Көкдомбақтан айдап салған түйеміз сіздің ауылдың үстіне келіп құлады. Былтыр біздің құдыққа Рахметәлі отырған екен. Биыл да көшін үстімізден алып өтті. Бірақ, ештеңе айтқан жоқ. Шықымандағы Сырлыбай аулына барып қосылыпты. Жаманқұлда бес жүзден артық жылқы, бес мың қой бар. Қиын ғой. Мына жер таршылығы, ағайынның арасына жік салуға қарады.

- Жаманқұлдың дәулеті бір шайқалмайды. Жақай таңдайын қағады. Не пәлесі бар?

- Сасық ырыс айналған шаңырақ емес п? Әйдербектер ол ауылды әлі күнге «байдың баласы»атайды. Бекарыстан әңгімесін жалғастырды.

- Таңсыққожа есті азамат еді, қақ-соқпен жұмысы жоқ, ағайынғада жағымды болды. Жаманқұлды да жұрт шаруаға пысық десіп жүр. Құдайдан сұрағанның бүйірі шығады деген осы...

- Осы Бесбасбайды Хиуаға көшеді деген не сөз?

- Елдің ішіне іріткі түсіргені жақсы ырым емес. Алды көше бастағанын көрген соң, басқа жұртта қобалжиды.

Бекарыстан қауіп айтты.

- Ып-ырас!

Олай десеңдер, мен Бесбасбайдың көшін ұстаймын.

Жанқожа жайбарақат сөйледі.

- Ол тентек шал оныңа көне қойса!

- Қобалжып отырған елге мұрындық болатын ондай тентекті тыйып ұстау керек. Көнбей көрсін!

Жанқожа шын қатуланып отырды. Үш күннен кейін Бесбасбайдың ауылы Жақсықылыштың үстінен құлады. Арқан-жібі дайын, күз түсуін ғана күтіп отырған ауылға Жанқожа жұмсаған жігіттер сап еткен. Бетіне жан қаратпайтын тентек шал, жарыла жаздап отыр.Жанқожамен қатты-қатты тілге келді.

- Әй, мынау иттерің алдына салып айдап келе жатыр! Мені қоңсы қондыратын кім едің сен?!

- Қарақұм тарлық жасап, Хиуаға көшкелі жатқаныңды есіткен соң жұмсаған едім. Жанқожа мысқылдай күлді. –Жақсықылышты қосыла жайлаймыз енді...

- Қап, мына иттің қылығын-ай!

Бесбасбай қамшысын сілтеп қалды. Сол күйі ыйығының сіңірі үзіліп түскендей...білегінде бүлдіргі, қамшы Жанқожаның қолында кеткен екен.

- Батыр,мұнан жеті жыл бұрын бір сабағансың. Сол жетер! Мен сені ұрып-соқпаймын, бірақ, қасымнан да көщірмеймін! Жанқожаның түсі сұп-сұр еді, Бесбасбай сескенді. –Орыс, атам баласы, көзіңнің еті өскен екен! Боқты көшірмейсің! Жақайым Бесбасбайды қасыңда қалай байлап ұстайтыныңды көріп алайын!

- Байлап ұстамаймын, бірақ, Хиуаға қарай аяғыңды аттап бассаң, түндігіңді түріп қойып шауып алам!

Бесбасбай тулап-тулап басылды. Оның ойынша, Жанқожаның бұлай өшігуі тегін емес. Хиуа тек дәлел, Баяғы Бесбасбай сілтеген қамшының кегін алып отыр...

Сол күні Толыбайға бір жігітті аттандырды.

- Нұрымбеттің баласы төбемде қамшы ойнатты. Бір кезде,Бозорыс бауырым болған соң, қазасының үстіне шыдамай кетіп, Жанқожаны қамшымен бір тартып қалып едім. Бұл сол қамшының қарымтасы. Жақайымдардың іргесі аулақ кетіп, жалғыз ауыл қалған соң маған зорлық жасап отыр...

Бір аптадан кейін Нұрымбет аулына Толыбай келді.

Қырдағы жақайымдарға Бекарыстан аттандырған хабаршылар да барып жетеді екен.

«Сүмбіленің басында алты әлімнің жақсылары Көкдомбақта бас қосатынын» Толыбай да естіді. Хабаршының қалған сөзінен ештеңе ұғып жарытпағанын айтып отыр.

Байшоқыға барғалы жиналып жатқанда, Бесбасбайдың жігіті келіп, бері қарай жүріп кетті.

Бесбасбайды Жанқожаның тұтқын қылып ұстайтыны қалай? Баяғы бір қамшының қарымтасы деу ақылға сыймайтын еді.Онан кегін қайтарғысы келсе , қастық әрекеттің басқа түріде жетіп жатыр. ..Жанқожа жеті-сегіз жылдан бері не бағып жүр? Шалдың содыр мінезі белгілі, өзі бірдеңеге ұрынған сияқты...

Жанқожа Толыбайға ілтипат көрсетіп қарсы алды.

Сол күні қарақалпақ ішіне кеткен Байділда мен Бекбауыл да оралып отыр еді.

Қарақалпақтар да екі оттың арасында қалғанын түсініп отырған жайы бар екен. Орынбай би Хиуаға бағынғаннан гөрі, Бұхар әмірінің қоластына қарағаны да артық көретінін айтыпты...

Маман Әбілғазы ханға елші аттандырады екен .Қарақалпақтр қашан да қазақ хандығын тонның ішкі бауындай көретін. Би бұл жолы да сол ата дәстүтірін ұстанбақшы ...Егер хан Көкдомбақтағы жиынға келетіндей болса, осы сәлемін жеткізуді өтініп отыр. Қарақалпақ арасы алауыз ...Бір жәрдем Әбілғазыдан болмаса Хиуа ханымен ұстаса алатын дәрмені жоқ екенін ескертті...

Бекбауыл мен Бәйділда қайтқан жолында Сегіздің аулына қонып аттанады. Сол жерде Жанназар батырдың хабарын естіпті. Маңына жау жігіттерді топтастырып, батыр үлкен әрекет үстінде көрінеді...

Сегіздің ойыша, бүгін қарақалпаққа ауыз салған Хиуа ханы, ертең қазақ халқына көз алартады. Сондықтан Жанназар шылбыр ұшын сұрайтындай болса, қарап қалмау керек...

Сері Жанқожаның көкейіндегісін айтқандай еді...

Бірақ, бес шектіде ауызы дуалы биден ешкім қалған жоқ. Жақайым Жылқаманның, кішкене Қылышбайдың аузына қарайтын еді, -олар өлді. Жылқы батыр қарайды.

Алдынғы толқын таусылып жақындаған екен-ау. Ендігі сөз ұстап жүргендер,Бекарыстан, Байшоқы сияқты кілкендей жастар еді. Байділда сияқты азулы билер сыңар езулеп кетсе, олар күлтектеп қалатындай. Жанқожа содан қорқады...

Бұл күндері екі кісі кездесе кетсе Хиуа хабарын сұрастырады. Елеурескен жұрт ... Қарақалпақ арасының жаманаты ауыл-ауылға неше естіп отыр.

Толыбай бұл жақтағы Әлімнің үлкен әрекет үстінде екенін естіп отыр. Қыр жайлаған бір тайпа ел әлі ешнәрседен хабарсыз еді.

Баршақұм, Борсықтағы жұрттың жағдайы да мәз емес. Қоныс онда да тарылған. Орысқа жақындап қонудан сескенеді. Жетурідың ауылдары бері қарай ығысып жатыр … Жер дауы көп...Күнде барымтадан бәрінің де тынышы кетіпті.

Алты әлімнің жиыны туралы хабар Толыбайды да елеңдетті. Жанқожаның маңында жортуылға аттанатындай. Құтықтың бар аулы қанаттаса қонған екен. Ат-көлігін дайын ұстап, жігіттердің басы бір жерге түйіскен. Толыбай онысын жақтырмады.

Мынауың бір Бесбасбай емес, иісі жақайымның жүрегін шайып қойғысы келіп отырған жоқ па?

Бірақ, бұл ауылда өзіне деген жау ниет байқалмайды.

Жақай есіктің алдында қой сойып жатыр.

Жанқожа қонағын отауға түсірді. Жасы отыздан асса да Мүмсін қартаймапты. Сызылып тұр. Қатынды шаршататын бала екен-ау... Толыбайдың есіне өз кемпірі түсті.

Дастархан жайылды. Жауқашар қара сабаны күрпілдетіп пісіп тұр. Саумал иісі үйдің ішін алып кетті.

Жанқожа сыр бермейді,шаруа жайын жағалатты. Сөзінің арасында Хиуа хандығы ауызға алынды. Баспашысын жиі аттандырып, елді бүлдіріп барады. Толыбай бұл ауылдың жігіттері неге елеуресіп жүрген мәнісін енді түсінді.

Бірақ, Бесбасбай... Оны хиуаға көшірмей ұстап отыруының себебі не? Бір шалдан азайып көбеймейді.Осы күні кім қайда көшпей жатыр?

Жанқожа Бесбасбайды қонақасыға далдырған жоқ.

Толыбай ас піскенше далаға екі шықты.

- Бесбасбай ағаңды қоңсы қондырып алғансың ба?

Бұл кезде ас ішіліп, дастарқан жиналған. Жанқожа өз аяғынан тиіп, бірдеңе айтар деп күтіп еді. Бесбасбай жайы ауызға алынған жоқ.Толыбай енді шыдамады.

- Шалды көшірмей ұстап отырмын, Төке...

Жанқожа шынын айтты.

- Көші- қонда әркімнің еркі қара басында... Толыбай сызданды. - Ағайын адам оның ұят емес пе?

Жанқожа Бесбасбайды неге ұстап отырған себебін түсіндірді. Бүгін қарақалпаққа ауыз салған Хиуа ханы, ертең қазаққа келеді. Қолданып отырған тәсілі біреу... Қолдаулы Айдос биді қолтығына тартып, бұл жақтағы ағайындарына салады. Ертең қазаққа да сонысын істейді. Бүгін Бесбасбай көшсе, қоныстан тарығып отырған ел түгел елеңдейді. Хиуа құшағын жайып қарсы алып, ертең өзімізге Балталы жақайымды балта қылып салмақшы.

- Басқаға не қылсаң да өзің біл. Бірақ, жасы жетпістегі шал ғой, оған обал болмасын!

- Босатамын, Төке. Бірақ, әлім ұлы болып бас қосатынын естіп отырсың ғой. Сол кеңестен кейін бесбасбай көше берсін, ұстамаймын.

Толыбайдың іші кіпі алды. Кішкенені қойып, мынау бес Шектіге билік жүргізгісі келіп отыр ғой. Енді жұрт көшіп қонатын болса, Жанқожадан ұлықсат алуы керек екен. Былай шыққан соң осыны Жанқожаның бетіне айтпағанына өкінді.

Егер ол кішкененің Жанқожасы болмаса, Толыбай түндігін түріп қойып шауып алар еді. Көпке топырақ шаша алмай, амалы құрып бара жатыр.

Бесбасбайға сәлем берді. Кеудесіндегі ашу отына шалдың сөзі май құйып өршіткендей, ызасы қайнады. Алты қанат ақ боз үйден қаны қарайып шықты.

Дүние кезек, Жанқожаның бұл ісін алдына келтірмесе Толыбай аты өшкені артық...


Х Х Х
Мұхаммед Рахим бек қарақалпақ ішінде жіберген елшісін жоғалтқалы да бір жылдан асып кетті. Жанназар сол кеткеннен Айдос биге соққан жоқ-ты. Бірақ, оны ағайындарын, Жанназардың олармен не жайында сөйлескеннін хан біліп отыр.

Өткен бір жыл Әмударияның құйылысындағы қарақалпақ рулары Қоңырат пен Ашамайлы қоныстарына жорық жасаудың қамымен өтті.Жаңадария бойындағы елден басқа тайпаларды бірте-бірте уысына жинап алған. Енді жаңа жорықтың дайындығына кірісті.

Рахим бек сақ, қазір басқа түгіл Айдосқа да күдікпен қарайтын. Жанназар қарақалпақ билерінің алдында көсіліп көп нәрсе атыпты.Өз жанынан шықты ма, әлде Айдос би үйретіп жіберді ме, - көзі ештеңеге жетпейді. Осылай толқып жүргенде, тағы бір оқиға кездесті. Айдос бидің өзіне тете інісі Бекіш Талдық маңындағы Қоңыраттардың арасында, ханға қарсы әрекет жасап жүрген хабары шыққан... Бидің өзі де мойындайды. Мұхаммед Рахим бек Қоңырат ауылдарына Айдосты аттандырды. Ханға адал екені рас болса, Бекіштің басын алдыруы керек. Қойған шарты ауыр еді.

Айдос уәдесінен шықты. Қоңырат тайпасының ауылдары талқандалды. Би ханға тартуға туған інісі Бекіштің басын әкеліпті. Айдос би інісін қалай алдап түсіріп, басын қалай алған жайын айтып отырғанда, қаһарлы ханның төбе құйқасы шымырлады...

Бұл кезде Әмударияның төменгі құйылысындағы өзбек ұластарының ханы Төремұрат софы. Қоңырат хандағы аталатын еді. Бір жағынан Бұхар әмірінің қолдауына сүйеніп, өз жанынан қарақалпақ билерінің қолтығына су бүркіп, тынышын алып жүрген. Қонырат ханы бұл жолы Қоңырат тайпаларына ара түсе алған жоқ...

Төремұрат софыдан әлі де қауіп күтетін хан,жаңа бағынған тайпаларға Хожелі маңынан қоныс беріп, ата мекеніне ауларып жатыр. Әдейі жер шұрайын берді. Мұхаммед Рахим бек осының бәрін Жаңадария бойындағы қарақалпақтардың ықыласын аудару үшін істейді.

Айдос биге ерекше ілтипат білдіріп, Көкөзек маңынан қала тұрғыздыртып берді. Биыл көктемде жәуміттер мен сарт жігіттерінен Жасақталған төрт жүз қол Жаңадария бойына аттандырылған. Хан қалың қолды бұл жолы да Айдосқа басқартты. Ақжолтай бидің сапарына үлкен дәмелі еді. Бірақ, Жаңадария бойын күшпен бағындырудың сәті тағы да түспейді...

Енді үлкен жорыққа ханның өзі жиналды.


Х Х Х
Қалың елдің ішінде бой тасалап жүрген Жанназар, Жаңадария бойындағы ағайындарын қайта аралып жүр. Бұл жолы ханның елшісі емес, халық қамын ойлап келді.

Әскер жасақталып жатқанын, оның Жаңадария бойына қарай аттанатының есіткен Жанназар, Айдос биге барып қайтқан. Екі жылда кездескені екен. Би ашулы көрінді... Бекіштің тағдырын жол бойы естіп келе жатқан Жанназар, әңгіме үстінде Айдос биден бір жола түңілді...

Мінсіз адам болатын шығар... бірақ бойындағы мінін байқайтын пенде сирек қой. Айдос та пенде, халықты қан қақсатып жүрген өз қылығын жамандық деп түсінбейтін еді. Туған інісін оққа байлаған адам, басқа адамды аямас болар... Жанназар аман қайтқанына қуанды...

Хан ниеті қарайғанын, ертерек қамданбаса, бейбіт жұрт босқа қырылатынын барған жеріне айтып жүр.

Қасында он жігіт жолдасы бар. Қолдаулы, Қият, Ашамайлы сияқты әр рудан шыққан аяулы азаматтар еді...

Бәрі сол қарақалпақтарды көтерудің қамы... Бәрі де жау түсіргіш жігіттер... Халық жасаағының сапында Хиуа ханына қарсы шайқасуға дайын, белдерін буып шығып отыр...

Алғаш Жанназардың бұл ниетің Маман, Тоқтаболат сияқты аузы дуалы билер де құптағандай болған...

Бірақ, қарақалпақ алауыз еді. Орынбай баласы Дәулетназарды, қасына Балмұхамбетті қосып, Бұхар әміріне аттандырыпты. Бұлар халық бастап ұрысқа шыққаннан гөрі, Бұхар әміріне арқа сүйенгенді артық көреді...

Маманның қасында, Кенегес, Қыпшақ, Бессары тайпаның белгілі билері жиналып, Әбілғазы ханға елші салыпты. Бұлар сонымен бір мезгілде Қоңырат ханы Төремұрат софыға да астыртын адам аттандырып еді...

Жанназар екіге жарылған елді бүтіндеймін деп құр шаршады.Сол екі арада Хиуа ханының елшісі де келді.

Бұхардың хабарын күткен Орынбай бұлталаққа салды.

Маман қазақ ханына бағынатынын айтып отыр....

Бұхар әмірі Дәулетназарды құр қол қайырдә. Жаңадарияға шейін екі мың шақырым жер екен. Онда әскер аттандыруға өмір жүрексінеді.

Хорезм жұрты аталатын елде, қазір үш мемлекет, бірін-бірі аңдып отыр... Бұхар әміріне қарайтын ел онсыз да қырық ру. Тау жайлайтын тәжіктер, диқан өзбектер, баяғы Жалаңтөс батырдың тұсында келіп, қайта көше алмай қоныс теуіп қалған қазақтар да бар. Осылардың ішінде жер емшегін емген тәжік пен өзбектер болмаса,қазақтар әлі күнге жартылай тәуелсіз өмір сүреді. Әмір ашу қысып кетсе,әскер аттандырып өз халқын өзі шауып алар еді....

Оның үстіне Бұхар мен Хиуа, әр қайсысы көшпелі жұрт түрікпенге ықпал етуді армандайды. Аттың құлағында ойнайтын дала жігіттері,шетінен жау жүрек батыр... Мұхаммед Рахим бек те, Бұхар әмірі де,- сайыпқыран сарбаздарын солардың арасынан таңдайды. Бірақ, тәуелсіз өмірге үйренген көшпелі тайпалар, құлдық қамытын оңайлықпен мойындамайды. Бұхарға бетін берсе, Хиуаға сырт айналып, күні ертең бұлт етіп шыға келетіні бар. Талай жер соқтырды.

Араларында бұрыннан осындай кикілжіңі бар, Бұхар әмірі Хиуамен ашық жаулыққа бара алмай отыр. Иегінің астындағы қарқалпақтарды әмір қағып кетсе, Хиуа ханы кешірмейді. Әрі соңғы он жыл ішінде Қоқан хандығы да күшейіп алған. Нарбота бидің баласы үшін Бұхардан қатерлі дұшпан жоқ, сәл қия басқанын байқаса, аяқтан шалып қалудан тайынбайды. Тіпті Хиуаға жақсыатты көріну үшін-ақ етегінен алып қалар...

Бұхардан күдер үзді. Хиуа ханының жер қайысқан қолы бері қарай аттанғаны анық болды. Жанашырған Орынбай би, Дәулетназарды ханның алдынан аттандырды.

Ханға бағынуға әзір екнін мәлімдейді. Бірақ, Жаңадария бойында отырып жағдайы келмейді. Хиуаға бағынғанын білген күні қазақтар бас салуға дайын отыр... Хан Әмудария бойынан қоныс берсін...

Оған қоса, Маман бастаған бір топ бидің қазақ ханы Әбілғазыға адам салғанын да хабарлайды Бидің қолынан қазық кеткен... енді басқаның басын оққа беру арқылы, ханның алдында өз абыройын көтерудің амалын қарастырады.

Бұл кезде соңында үш мың сыпайы бар, Мұхаммед Рахим бек Әмударияның оң жағасына өткен. Көкөзекке жетіп, ат басын ірікті. Бір-екі күн еру болып, қарақалпақ жағынан хабарын күтеді...

Құба дөңнің басында, хан сарбаздарының құба төбел жаппаларынан аулақтау жерде бес шатыр көрінеді. Ортасындағы көк жібек шатырдың айналасында, қарулы күзетшілер сап түзеп тұр.

Мұхаммед Рахим бек бүгін көңілді еді. Таңертең Есенгелді биден шапқыншы келді. Жаңадария бойындағы қарақалпақтар ішінде Хиуа хандығының бас дұшпаны Маман би болғанда, Есенгелді оның оң қолы есептелетін. Олардың арасына жік түскені жақсылықтың нышаны ..

Осыдан екі ай бұрын Әбілғазы ханның ордасына мол сыйлықпен елші барып қайтқан... Қазақ әміршісі сөзінде тұрыпты. Енді ол жақтан қауіп жоқ...

Хан бүгін дастарқанын кең жайдырды. Алуан түрлі тағамнан көз сүрінгендей еді.

Кеңсші бектері мен әскер басы сардарларын түгел жинатты. Қай күні атқа міну керек... Соны ойласады. Әрі Маман биден қауіп күшті. Қазір екі жарым мың үймен қалыпты. Түгел атқа қонса, қатерлі еді.

Жаңадарияға жеткенше екі жүз шақырымнан артық жол жатыр. Құмның үстімен асады. Ең алдымен сусын жағын молырақ қамдату керек. Осы арадан шыққан соң, хан Жаңадарияға бір-ақ құлап ат басын тартады...

Ол Орынбай бидің кешіккенінен қауіптенді.

Желтоқсан қабағын түйіп, сіркіреп қойып тұр.

Құба дөңнің етегі қыбырлаған әскерден көрінбейді. Әр жерде шатырлар, жапырайған итарқалар... Алаулап оттар жанады... Тоңған сарбаздар жерошақ басына үймелескен. Отқа түсетіндей, бәрі де абынып отыр. Бір жағынан бой жылытады. Көкөзектің қалың қопасына кіріп кеткен жылқылардың жоны ағараңдайды. Ханның жасауылдары ерсілі-қарсылы шапқылап әбігерге түсіп жүр. Осы кезде Балмұхаммед пен Дәулетназар да төпеп келе жатқан. Қарсы алдарында қаптаған әскер шыға келгенде ат басын еріксіз ірікті.

- Құдай-ай, сақтай гөр, құмырсқадай қыбырлайды ғой!

- Мынаған жан шақ келмес!

- Әлі кім екнімізді білмей жазым қылып жүрер!

- Айдосты тауып алсақ екен.

Екуі тез-тез тіл қатысты.

Ел үстіне әскер келсе бүлінеді. Орынбайдың ойы, хан әскерін кейін қайтару еді...

Қорқа-қорқа жылжыған екі жігіт, бірте-бірте әскер жатқан жерге де жақындады. Жан-жақтарына жалтақтай қарасады. Айдосты іздеп келе жатыр...

Басына дағарадай сәлде ораған қара жігіт алдарын кесті. Суық қабақтың астында, шүңірек көз ін түбінде тесіле қарап, ішіп-жеп барады.

- Қайдан келесіңдер, кім боласыңдар!?

- Орынбай бидің елшілеріміз. Балмұхаммед сөйле. - Айдос биге жолықсақ деп едік...

- Алдыма түсіңдер!

Әмірлі даусына қарап, жасауыл екеннін екі жігітте аңғарды. Қолы қылыштың қынабында, қате басса шауып жіберуден тайынбайтындай. Елшілер жасауыл нұсқаған төбенің басындағы шатырларға қарай сөлектеп келеді.

Мыналар қарақалпақтар екен, ұстап алдым...

Шүңірек көз күзет бастығына мәлімдеп тұр.

- Осы жерде тұрыңдар. Қазір Сардарбекке хабарлаймын. Ол бас уәзірге жеткізеді. Уәзір ханға айтады.

- Бізге Айдос биді тауып берсеңіз..

Жарыса сөйлеген екеуге қарап тұрып, күзет бастығы иір қара мұрнын шүйірді.

- Кімге апаратынымды өзім білемін. Осы жерде күтіңдер деп айттым ғой! Күзеттегі сарбаздарға мықтап тапсырды. –Бұлар қауіпті адамдар, айрылып қалмаңдар!

Жігіттердің зәресі ұшты. Бұлардың Айдосты білмейтініне таңырқайды. Әулиеге түней барып, ешкісін қырғызып алатын қазақ сияқты, елшілікке келіп әрі бастарынан айрылады.

Күзет бастығы шеткі шатырға кірді. Содан соң жоғалды. Биенің бір сауымындай уақыт өтті, хабар ошар жоқ...

Әлден уақытта көк шатырдан екі адам шықты.

- Айдос аға!

Балмұхаммедтің жүрегі жарылып кетердей, Айдосқа тура ұмтылған. Күзетшінің найзасы жарқ етті.

- Алла!

- Бұлар елші жігіттер екен. – Айдостың қасындағы қара құрайышты бірдеңені былдырықтады. - Хан шақырып жатыр. Қарақалпақ елшілерімен сөйлеседі.



Айдос жігіттермен ақ жарқын амандасты Екеуін көк шатырға қарай ертіп келеді.

Қонақ көп. Жібек сәлделі ханның бітімі бөлек. Иығында атлас шапан, шалғайын тізесінің астына қымқыра басып отыр. Қарақалпақ жігіттерге сынай қарап, тіл қатты.

Орынбай мен Есжанның ізіне мықтаса төрт мың үй ереді. Басқа қарақалпақтар не ойлап отыр?

- Көккөз би де сәлем айтты. Екі мың үй...

- Көккөз би Бұхар әміріне берген антын қалай жұтты? Хан сәл ойланды. - Маман би не ойлайды?

Ол қазақ ханы Әбілғазыға адам салып жатыр.

- Жанназар қайда?

- Былтырдан кейін көрмедік... Дәулетназар жалтарды.

- Қазақ арасы тыныш па екен ?

- Қызылда қазақ қалып жарыған жоқ. Жазда елші салған. Хиуаға бағынсақ, тыныш отырғызбайды. Дәулетназар шағынды. - Әкем сізден Әмударияның бойынан беретін қонысын атауды өтінді. Ел жылжуға әзір отыр.

Хан ойланды. Жаңадария бойында қалса, қарақалпақтарды бағындырып ұстау хандық үшін күшке түседі. Құйылыстағы жұртты шаққа бағындырып, Хожеліге көшірді. Бұлардың бәрін көз алдында ұстаудың амалын қарастыру керек...

- Орынбай биге сәлем айт. Көкжантақ пен Шылпықтың арасынан таңдаған жерін алып қона берсін!

Дәулетназардың жүрегі аузынан шығып кете жаздады. Бұл сияқты мырзалық түсіне де кірген жоқ-ты.

- Бірақ, Көккөз би мен Есжан қасында болады. Опасыздық жасап, екі сөйлеймін деп ойламаңдар. Сендердің Бұхар әміріне барып қайтқан сапарларың маған мәлім. Хан соны айтқанда қабағында салқын ызғар сезілді. – Хиуа хандығының құрығы ұзын, қайда тығылсаңдар да таппай қоймайды.

Дәулетназардың жүзі қуарып кетті. Құр сүлдері көзімен жер шұқиды.

- Қолтығына кірем дейтін ел болса, Хиуаның құшағы әрқашан ашық, - деді хан, жүзі қайта жылыды. – Осы сәлемімді айта жүріңдер!

Кеңжантақ пен Шылпыққа басқа жұртты ортақ қылып, Орынбай бидің жыны бар ма? Хан өзі жолдаған бұл сәлемнің қалың қарақалпаққа жетпейтінін білген жоқ.

Ханнан ұлықсат болды. Жігіттер дозақ азабын шеккеннен бетер, қан сорпасы шыққан, далада желпініп тұр.

- Енді елге беттейсіңдер ғой. Айдос оларды шығарып салды.

- Құдай жол берсе аттанамыз. Ел тек біздің хабарымызды күтіп отыр. Дәулетназар бетінде сорғалаған терді жеңмен бір сыпырды. – Осы ашық - жарықта көшіп алмасақ, ертең қылышын сүйретіп қыс келеді...

- Мен де соны ойлап тұрмын. Айдос жанашыр кейіп көрсетті. – Хан әскері ертең бір күн қозғалады. Қарақалпақ ауылдары қобалжулы екенін естіп отыр. Соған ашулы. Қолдан келсе, бәленің бетін сендерден аулақ қылуға тырысып бағармын. Әскер Маманның қыстауына қарай бет алады. Оларға шапқыншы аттандарыңдар, ақылға келгені жөн...

- Әкем...

- Тыңдап ал! Айдос оның сөзін бөлді. – Жанназар бұзық жұртты дүрліктіріп жүрген көрінеді. Оның көзін жойған адамға хан мол сыйлық тартады...

Дәулетназардың іші мұздады. Кеше інісін өлтірген Айдос, бүгін Жанназарды оққа байлап отыр. Жүзі сонда шімірікпейді. Бұдан қандай сұмдықты да күтуге болатын шығар.

- Ол арамза ханның алдында абыройымды төкті. Айдостың бұл сөзі одан әрі қисынсыз шықты. Қасыма ертіп адам қылған өзім едім, итболып қапты.

Алдыңғы сөзінен елші жігіттердің секем алып қалғанын байқап, ақталғысы келетіндей. Аңдыған дұшпан сыр алғыш. Балмұхаммед қапы жіберген жоқ. Енді өзі де шешілді.

- Жанназар қазір ат үстінде, қасында қырық- отыздай жігіт жиналыпты. Оның ішінде аталықты ауылдан ешкім жоқ. Бәрі де кедей – кепшік диқан, қара борбай балықшы жігіттер... Жұртты желіктіріп жүргені анық. Өйткені, Жанназардың қару-жарағы сай деп есіттім.

-Есірік! Қаруы қылыш пен найза шығар! Қырық жігітпен жау аламын деп жүрген шығар! Хан үш мың қолмен келе жатыр. Мылтығы бар... Айдос пышаққа түсіп тұр. – Бізді құртып жүрген Жанназар сияқты сотқарлар ғой! Соғыс болса, қанша дүние апатқа ұшырайды...

Екі жігіт ат басын ауылға қарай бұрды. Күңкіл-күңкіл сөйлесіп барады.

- Жұрт білмесе айта ма? Бекіштің басын ханға тартыпты десетін еді. Мынаның көкірегі қап-қара кен ғой. Енді туысы Жанназарды өлімге қиып отыр. Ашықса бөлтірігін жейтін қасқыр шығар. Қолына түссек, кімді аяйды бұл...

- Әлде Жанназарға тұзақ құрып көреміз бе? Дәулетназар сыр тартты.

- Ханның көзіне түсе бергеннің зияны жоқ. ..

- Құдай сақтасын! Қарап жүріп бәле тілеп неміз бар! Жанназардың қасында қарулы жігіттер топтасқан. Сый аламыз деп жүріп, басымызды алдырамыз...
Х Х Х
Хиуа ханының қолы Көкөзектен аттанатын күні, Жанназар да атқа қонды.

Бұл кезде батырдың қасында қырықтан астам жігіт, бәрі де өздері іздеп келіп қосылып жатыр...

«Жер қайысқан» деп дабырайтқанда, Хиуа ханының соңында үш-ақ мың қол екен. Он мың үйлі қарақалпақ түгел көтеріліп, атқа қонатын күн туса, ханның әуселесі белгілі...Былтыр Әмударияның құйылысындағы ел де бір жеңнен қол шығарып, қарсылық көрсете алған жоқ-ты. Бұл жақтағы ел қол ұшын беруге дәрмені жетпей, бұғып қалған...

Орынбай бидің аулына барып қайтқан Сейтназар – Балмұхаммед пен Дәулетназардың хан әскерін қарсы алуға шығып кеткен хабарын айтып келді. Бұқар әмірінен, түп іргесіндегі Хиуа ханы қауіптірек. Орынбай Мұхаммед Рахим бекке жағынып қалудың әрекетін жасап отыр. Көккөз би мен Есжан да сондай ұйғарымға келгені мәлім болды. Әмударияның бойына қоныс аударуға дайын, қанаттарын қомдап, көш көлігін қамдай бастапты...

Маманның қасындағы екі би Есенгелді мен Тоқтаболат та кеткен. Бір бөлек қыпшақ пен ашамайлы руларының жақсылары ғана қалыпты. Бүгін Жанназарға шапқыншы келді. Маман би шақыртып отыр.

Жанназар қырық жігітін алып атқа қонды.

Бұл жақтағы елде үрей жоқ еді.

Хиуа ханы төменгі елге қаһарын тігіп келе жатқаны жайлы сыбыс бар. Баяғы Оразақ батырдың шашпауын көтеріп жүретін рулардың, қазақ арасына іш тартатыны рас еді. Осының алдында Әбілғазы ханнан елшілікке Сейіткерей төре келді. Хиуаға қарсы әрекет жасаудың амалын қарастырған Маман би, төренің қасына адам қосып, өз тарапынан Әбілғазы ханға ақыл салды...

Қазақ ханында алғашқы қарқын жоқ, басылып қалыпты. Елші жігіттер сөз ұстай алмай қайтты.

Әбілғазының хан деген аты ғана, Қарақұмдағы әлімұлына билік жүргізуден қалған. Оның үстіне Хиуа ханы Маманның алдын орап кетіп отыр. Мол сый-сияпат көрген Әбілғазының қазір үні шықпайды... Хиуа ханына қарсы аттанып, абырой алса жақсы, әйтпесе, күлкі болады.

Қазаққа сенім жоқ, шамына тисе хан түндігін түріп қойып шауып алудан тайынбайды. Сырым батырдың көтерілісінен кейін бұл тұқымның жүрегі шайылып қалған. Әлімұлының қонысы орыс бекінісінен де аулақ жатыр. Сондықтан, құрық алып кеткендей жайы бар. Әбілғазы басын баққанды тәуір көрді. Қабағы бұзық әлім ішінен іргесін аулақ салып, Жайық бекінісіне жақын маңайда көшіп-қонып жүретін еді...

Маман есіткен-білгенін ортаға салып отыр.

Сөз кезегі жағалап Жанназарға жетті. Ширығып жүрген жігіт арғы тарихтан қозғайды. Қарақалпақ талай батырды туғызып еді. Жанназар баяғы өткен Оразақ батыр, Мамыр батыр замандарын еске алды. Қазір сыр бойында он-ақ мың шаңырақ қалған екен. Жоңғар қосынын қойдай бөктіріп қуған Өтетілеу, Жәнібек сияқты қазақ батырлары таяқты қарақалпақтан жеген жоқ па? Қыпшақтан шыққан әруақты ер сархан батырды өлтіріп, Ерәлі сұлтанды жүз отыз жігітімен тұтқынға алатын осы отырған жұрттың ата-бабасы еді... Қарақалпақ қылышының жүзі майрылуына не себеп болды? Қазақ хандарының он мыңдаған қолына қарсы шайқасқанда селт етпейтін қас батырлардың жүрегі, Мұхаммед Рахим үш мың сарбазы келе жатқанын есіткенде, неге шайлығады? Рахымсыз ханға бағынып, құлдық қамытын кигеннен, туған жердің топырағында шейіт болып өлген артық. Ертеңгі ұрпақтың қарғысы әлі біздің үстімізде болады...

- Оның рас-ау, Жанназаржан. Маман би ақ күміс сақалын сипап отыр. – Сен айтқан заманда ел бүтін еді. Оразақ батырдың алдын кесіп өткен қарақалпақ баласы жоқ. Қазір оның бірі бар ма? Орынбай мен Көккөз өзі азғантай халықтың арасына іріткі салып олар жүр. Есенгелді-Тоқболат екі талай жер келгенде жалт берді. Орынбай ханның алдынан Дәулетназарды шығарыпты ғой. Құдай куә, сондағы даттайтыны өз туысы, біздер... Қазір менің қасымда үркердей ғана топ қалды, екі жарым мың үй қалды...



  • Пәлі десейші!

  • Тұрымтай тұсына, балапан басына деген заман ғой!

  • Әбілғазы қорқады екен, қазақ билерімен өзімізше сөйлесіп көрейік! Жанназардың есіне Сегіз түсті. Қарақалпақ көтерілсе, тізгін ұшын беретініне сенімді еді. – Біздің жауымыз ортақ екенін олар түсінбей отырған жоқ.

  • Құм жиылып тас болмайды...

  • Қазақ атқа қонғанша, Хиуа сыпайы бізді ойрандап та бітеді!

  • Шуылдамай тоқтаңдар! Маман даурыққан жұртты әзер басты, даусы дірілдей шығады. - Әбілғазының сөзі анау, Төремұрат софы бұғып отыр. Ендігі амал, қанша көшіп жан сақтау. Мен қасмыдағы елді алып, теңіздің атауына қарай жылжимын. Қащақтарға жақындаймын. Хиуа ханы бағынған қарақалпағын қалай жарылқайды, аңысын аңдып көрейік...

  • Әй, бәрекелді!

Отырған жұрт шу етті.

Жанназардың бар еңбегі зая кетті. Ата әруақтардың атын ауызға алып, қанша тебіренткенмен, қорқып қалған қосүрей жұрт, соғыстың атын есітсе үркіп отыр...

- Ойбай, сорлаған екенбіз ғой! Ел болудан кетіппіз... Қыстың көзі қырауда босқынға ұшырайды екенбіз... Қатын-бала қырылды десейші...

Отырғандар үн қатқан жоқ.

Жанназар Маманның үйінен жылағандай болып шықты.

Қараңғы түн. Қорғасын түстес қара сұр бұлт қымтап алған аспанда жылт еткен шырақ жоқ. Көзге түртсең көрінбейді. Елдің болашағы да қараңғы түнекке ұқсап кетті. Терістіктен соққан жел ызғары қос өкпеден қысып барады. Бас тоқсан ертең бір күн кіруі керек... егер қар жауып кетсе... аяғы ақ басқынға айналады... Ақ басқын...

Оның көзіне ақ боранмен алысып көшіп келе жатқан қарақалпақ ауылдары елестейді. Суыққа ұшқан бала-шаға... Кемпір-шал... Халық басына қаралы күн туып отыр. Тағы бір «ақтабан шұбырынды» басталды.

Не істейміз? Сейтназар екінші рет сұрады.

Жанназар үнсіз келе жатыр.

Хиуа ханының әскері Жаңадария бойына жақындап қалған. Сол хабарды естіп, Қожамұрат қыстауы алақтап отыр екен. Қалай қарай жылжырын да білмейді.

Жігіттер дер кезінде келді.

Не істейміз?

Ауыл Маманға қосылып, теңіз маңайына қарай көше берсін. Жанназар қысқа қайырды.


  • Хан сыпайылары қуғын салар ма екен?

  • Кедергіде өзім қалам!

Жанназар асықтырды. Қар жауып кетсе бала-шаға тоңады. Ертерек қыс қонысына жетіп алу керек еді...

Бір жігітті Орынбай ауылына жұмсады. Ондағы елдің алды Көкөзекті бетке алып көшіп шыққан...

Хан сыпайылары кейбір қыстауды төбе көрсетіпті.

Ауылды көшіріп салды. Қасындағы жігіттерімен Жанназар қыстауда қалған...

Күн қабағын ашпай тұр. Бұл бұлттың қар ала келетіні анық еді. Таң атқалы жел терістіктен ауған жоқ. Ала құйын бұрқасын басталады...

Жанназардың көкейін тескен жалғыз ой. Енді көтерілістен күдер үзді, ең болмаса, көшкен елді ойраннан сақтау керек. Хан әскері бұл ауылдың жұртына ертең-ақ келеді. Соны бөгей түсудің амалын қарастырмақшы... айналдырған қырық жігіт, қалың қолға қандай қайрат көрсетеді...



  • Әне-міне дегенше көшкен ел де ұзайды. Біз де қарамызды батырамыз, - дейді Сейтназар.

  • Мен жай кете бергім келмейді. Олардың зәресін алатындай іс көрсетіп кетейік...

  • Өшіктіріп алып жүрмейміз бе? Содан соң қыр ізімізге түсіп... зиянымыз елге тиер...

  • Сыпайлардың атын қуып кету керек, жаяу тобанаяқ болып қалсын. Қар түссе ізімізді жасырады. Жылқыларды Хиуаның жолына қарай айдап саламыз. Ізге түсіп жүріп, қашқан ауыл естерінен шығады.

  • Ол да дұрыс –ау...

Шолғынға шыққан Сейітназар, хан сыпайыларының қамалда жатқанын айтып келді. Тықының қамалы... Ұзын саны екі жүздей адам, сонда жайғасыпты...

Қырық жігіт атқа қонды.

Түн кешегі қалпы, қараңғы.

Бір заманда қамал болған аты, қазір он екіде бір нұсқасы қалған жоқ-ты. Қазған ор көміліп, орнына қалың бұта шыққан. Топырақтан үйілген дуал жермен-жексен болып жатыр. Өткен жылдар – аты дабырайған қамалдың жұрнағын да қалдырмай, бір жола тоздырып жіберіпті...

Үш күн бойы ат үстінен түскен жоқ., сілесі қатып жеткен сыпайылар, қалың ұйқы құшағында жатыр еді. Тықының ұлы Төренияз алдыңғы күні, Әмударияны бетке алып көшіп шыққан. Қыстау иесіз, бос қалған байдың қорасында аттар көк пішенді күрт-күрт шайнап, жайына тұр.

Сыпайлар қамсыз еді. Қорқақ қарақалпақтардан қауіп күткен жоқ. Қораға ғана күзетші қойды.

Баспалап кірген Сейтназарды күзетші сыпай байқамай қалды. Мосқал маңғыт қалғып-шұлғып тұрған. Қайқы қылыш қыл мойыннан шауып түсті. Марқұм қыңқ етіп дыбыс шығармастан кетті.

Сейтназар қораға от қойды.

Жалын тілі жалақ-жалақ етеді. Үріккен аттар шылбырларын бырт-бырт үзіп, аспанға шапшиды. Шыңғырған, кісінеген дауыстан құлақ тұнады. Шырт ұйқыдағы сыпайлар дүрлігіп жатыр... Қора бос қалған...

Қырық жігіт үркіп шыққан аттарды бездіре қуып түн құшағына сіңіп жоқ болды... Ақ түтек іздерін жасырып жатыр. Қара жаяу қалған сыпайлар, Тықының қамалында екі күн қамалып отырды. Күн алай-дүлей борап тұр. Далаға аттап басса, адасады...

Бұл бақытсыздықтың себебін одан соң да ешкім білген жоқ. Тоңған күзетші от тұтатқан шығар... өрт содан қашуы мүмкін... Сырт халық соған жорыды.

Екі жүз аттан он шақтысы табылды. Олар әр жерде, жалғыз-жалғыз жүр еді...


Х Х Х
Сегіздің аулы бас тоқсанның басында Қарақұмға қарай көшіп шықты. Хиуаның әскері құмырсқадай қаптап келе жатқанын қазақтар да естіп отыр. Атқа қонған қарақалпақ жоқ. Жаңадарияның өріндегі ел түгел қозғалып, Әмударияға қарай көше бастағанын көрген соң Қызылды жайлап отырған азғантай қазақ ауылдары да қобалжыды...

Сегіз Жанназардан хабар күтіп отыр еді. Маман биге қараған біраз елдің теңіз қолтығына қарай жылжып бара жатқанын есітті. Қожамұрат қыстауындағы қарақалпақтар да сол жаққа бет алған. Содан кейін біржола күдер үзді...

Бас тоқсаннның өлі арасындағы соққан боран да басылды.

Қарақалпақтар көшіп болып, Хиуаның әскері кейін қайтқанын есіткен соң қазақ арасы да тынышталды.

Жанқожа батырдың ауылында үлкен шоғыр болып топтасқан құрманай-құттықтың жігіттері де тарады.

Биыл күзден бері аталықты ауылдардың бәрінде де солай еді. Жаратылған аттар, найзасын саптаған жігіттер... Сырдарияның арғы бетінде, әр жерден қарауыл бекеттері орналасқан...

Қатер бұлты айыққан соң, қазақты бір минут ұстап тұра алмайсың... алдын-алдына тарап жатыр...

Жылқы батыр Лайкөлдегі қыстауына көшіп келіпті.

Бұл ауылда жаңа ғана өлік шыққандай, қатын баланың қабағы қату еді.

Баяғы Кәпірарықтың тоғаны бұзылып, қарақалпақтар босқынға ұшырайтын жылы Сыр бойында қалатын жалғыз үй, Мәтнияз көшіп жатыр...

Биыл қыс үріккен қазақ ауылдары Қарақұмның түкпір-түкпірін кезіп, ұзап шығып кетті... Бірсыпыра ел Қаракеңгір өзенінің бойына, тағы біреулері Сарысуға қарай ойысыпты.

Бұрын қазақ баспашылардан қорқатын еді. Енді Жаңадария бойына қарай хан әскері қаптай бастағанын көрген кезде, бәрінен де зәре кетті...

Сыр бойындағы қыстауына Жаманқұл ғана оралыпты.

Есіткен жұрт жағасын ұстап отыр.

- Басқа қазақ құм сағалап безіп жүрсіңдер, малды да қырасыңдар. Көрерсің әлі, Жаманқұл тағы да бір тұяқ бермей аман шығады. Бәрің де кеуделеріңе нан пісіп, жылқы қууға шебер едіңдер. Сірә түбі нағыз жүрек жұтқан батырың осы Жаманқұл болатын шығар...

Жылқы батырдың қалжыңдап айтқан сол сөзі жұртқа жайылып кетті. Бас тоқсанда батырдың өзі Лайкөлдегі қыстауына қарай жылжып еді.

Соңғы екі жылда баспашылар да жиі-жиі айналып соғып, ойран ьолған талай ауылдың жұртында керегелердің сағанағы қалған. Ханның сыпайы қайсы, баспашы қайсы, - жұрт айыра алмай дағдарып отыр.

Сонау бір кеңшілік жылдары, жатпай-тұрмай кәсіп қылып жалғыз үйлі қарақалпақ тұрмысын түзеп алған. Бойына шыр айналып, босағасына бес-алты бұзау байлайды. Ата кәсібі, қой мен сиырдан басқа малды ұстамайтын еді. Өйткені, жаз Жылқы батыр жайлауға қарай көшкенде, Мәтнияз Лайкөлдің жағасында қала береді...

Талай қазақ байының қора-жайы қолынан өтті...

Жаз дарияның бойында мөлтек салады. Уысты құлақ тарысын алады. Байдың малына шөп дайындайды. Арасында, там салатын кәсібін де ұмытпайды.

Сөйтіп жүргенде, Күләйімі бой жетті. Жылқының баласы Қошқарбайға ұзатылды.

Күләйім тым жас еді. Батыр үйінің бейнеті ауыр. Оған қоңсы отырған ағайындары көмектеседі. Қазақ жалшы ұстағанды бойына мін көреді. Қоңсы қонатындар да амалы құрығандар, көліктің майы, ішетін айран-шалабы үшін, бай ағайынға қолқабыс тигізеді. Көп малдың бейнеті бай үйдің ержеткен ұлдары мен жас келіннің мойнына түседі.

Күләйімді аяған Гүлбазар сол жылы көктемде бай үйіне ілесіп, жаз жайлауға шыққан.

Онан бері де төрт жыл өтіпті. Мәтнияз жерге тары сепкен жоқ. Азғантай қара-құраның аузы шөптен қағылды.

Сиырды қыс Лайкөлдің қопасына айдап салды... Әнетей мен Сағындық, ұзақ асып Үргенішке қарай көшкеннен бері, Мәтниязға ат ізін салған ағайын жоқ. Жас келді. Басы ауырып, балтыры сыздайтын болып жүр. Сондай кездері көп қиятты жиі еске алатын еді...

Сүйек шатысып, тамыр-сүгірей болып араласқанмен, қазақтың ішінде жалғызсырайды. Жас елуден асқан соң, адамның көңілшек тартатын әдеті... Баяғы бір аяқ көже таппай отыратын кездері оған ұжмақ болып елестейтіні бар...

Күләйім ұзатылған жылы ғой... Әнетей би Сағындықты жіберіпті. Жасы жүзге тақап, би төсек тартып жатып қалған екен. Ата қонысын сонда ұмытпайды. «Қайран, Ақирек-ай! Оның тарысының сөгі қандай еді. Қайнап жатқан суға бір тостағанын тастап жібергенде, бетіне көпіршіп майы шыға келетін еді-ау. Өлер шағым келді, дей беріпті. – Бар арманым, Ақиректің сөгіне бір тойып өлсем деймін...»

Сағындықтың қасына Мәтнияз ерді. Ақиректің астында он шақты үй алтынбайлар отыр еді. Солардан кеусен сұрап, Сағындыққа бір түйе тары алып берді…

Әнетейдің сөзі Мәтнияздың жүйкесін босатты. Ойланғаны да содан соң. Ағайындарын өзі де сағынып жүр еді. «Есің барда елің тап» деген қазақтың мақалын еске алады. Мәтнияздың елі Хорезм жұртында…

Сөгіле көшкен ауылдастарынан жырылып қала бергенде, сонау жылы жалғыз үй қалып бара жатқан Әнетейді қимап еді. Онан Жылқы батырдың тамын салып беруге жалданды. Бір-жар қара-құра біткен соң, оны да қиып кете алмады… Тағы да батырдың баласы Қошқарбайға Күләйімді атастырған соң… Баста бір көңілденіп отырып, аузынан шығып кетіп, кейін жалтара алмай, діңкесі құрып қалған… Сиыр мүйізінен, адам тілінен байланатыны рас екен…

Бірте-бірте қарақалпақтығы ұмытылып, Мәтнияз қазақ арасына сіңісіп кетті. Сиыр тұяғы оннан асып жығылған… Мал көздің құрты, дүние қызыл түлкі… Сол түлкі көз алдында құйрығын бұлғаңдатып, арбап жібермесін…

Сиырдың санын жиырмаға жеткізіп, бір-екі жүз қой айдаса… Ойхой, дәурен! Мәтниязды арман адастырады ғой… Төрт қанат үйінің керегесін төрт түйеге теңдеп, көшіп бара жататын бір кезі көз алдында елестеп тұрып алған… Көп Қият қызыға қарап тұрар еді-ау…

Әрине, ерте ме, кеш пе. Қарақалпақ ағайындарына бір көшетініні анық…Баста да Жылқы батырдың қыстауы басусыз қалады екен деген жоқ. Қолының місекері бар, кәсіп істейді… Қазақтар қолынан іс келетін адамға ділгер болып отыр… Батырдың қасында қара-құра жинап алғысы келген игі ниетпен қалған…

Қара-құраның басы құралған сайын араны ашылды. Тағы да Күләйімді қимайды…

Онан Күләйім балалы-шағалы болды…

Қазір оның да бойы өсіп, бұғанасы қатты. Инабатты келінді ата-ене де ұнатады. Мәтнияз Күләйімнің енді қор болмайтынын біліп отыр.

Сағындыққа ілесіп кете бергенде ғой. Әнетей де айта-айта қалған екен. Марқұм ендігі тірі деймісің… Оған да топырақ салатын еді… Мәтнияз қазір өкініп жүр.

Ағайын дұшпан…. Қазақтың ішінде жалғыз үй қалып еді. Қазаққа қыз берді… «Сондағы тапқаны қайсы... шекпен шалбары бұтына қатып жүр...» Жұрттың сондай насағынан қысылған Мәтнияз байып көшкісі келді…

Былтыр, алдыңғы жылы… Жылқы батыр Лайкөлдегі қыс қыстауын біржола ұмытқандай. Әуелі қыс жайлы болып, құм арасында қыстап қалды. Одан баспашының хабары шықты… Ауыл бұрынғыдан ары ығысты…

Мәтнияз тайлақтың жабуына жабысқан құмалақтай, бай ауылдың көшіне ілесіп, жылжып қонып жүре берді. Өзі де ығыса-ығыса жырақ шығып кетіпті. Биыл байқады…

Өткен қыс сиыр мен қойдан қол жуды…

Сиыр деген жылқы емес, қар теуіп жайылу бұл пақырлардың салтында жоқ. Оның қыс жейтін шөбін жаз дайындап, аузына тосып отыру керек. Қай құдықтың басында қыстап қалатыны беймәлім… Қазақ бір босып жүрген халық… Мәтнияздың сиырына шөп қайдан табылады…

Байытпасыңды біліппін, тіленте көрме, құдайым…

Мәтнияздың есіне былтырдан бері осы мәтел жиі түседі. Осы қаңғырғаны да жетер! Биыл ағайын ортасына көшуге біржола бел байлады…

- Қатын, қарақұмның да қызығын көрдік. Бір қарақалпақ біздей-ақ кезген шығар. Онымен байығанымыз белгілі. Азғантай қара-құраны жұтқа бердік. Қазақтар есің барда елің тап дейді екен. Біз де елімізді табайық…

Гүлбазар налыды. Ең болмаса, бұт артатын көлік жоқ. Былтыр батыр Гүлбазардың кенжесі Ырыстыға бір тайлақты енші қылып еді... Төрт керегені қалай жеткіземіз... Әр бала-шағаның да басы баршылық...

Құдадан түйе сұрап алармыз...

Құдасы Мәтнияздың сөзін естіп қынжылды.

- Малыңды айдай алмай жүргендей көшемін деп айтасың. Биыл жұтап отырмыз. Аздырып-тоздырып жіберді деген маған да жақсы емес. ..

Оны Мәтнияз да ойлаған. Биыл ұштығына жетті. Баймын деп жүріп, қара шашы аппақ болды. Алдына қарай жасы алпысқа шығады екен. Осылай жүріп сүйегі құмның ішінде қалар... Ертерек ағайынға қосылғысы келеді...

Жылқы батырдың көңілінде алалық жоқ. Жаңағысы шыны еді. Былтырғы тайлақ құнанша шығып тұр. Оның орнына бір түйе берді. Батыр сүмбіленің тууын күткен. Мәтнияздың қасына күйеу баласы Қошқарбайды қосады. Бастағы келісім, Жаңадарияның бойына көшіріп салып қайтатын еді...

Сол екі арада қазақ арасы бүлінді.

Жаңадария бойындағы қарақалпақтар Хиуа ханына бағынғалы жатыр екен... Ханның әскері іргеге келеді. Қарақалпақтан кейін ауызды қазақтарға салмақ көрінеді... Сондай алып-қашты сөз көбейді.

Көкдомбақтағы Нұрыбай бидің қара шаңырағында, алты әлімнің билері мәслихат құрған. Ордадағы Шерғазы ханға адам салу жайы ауызға алыныпты... Қазақ жігіттері найзаларын қарағайға саптап, ат жаратты. Хиуаға қарай бір үй жіберілмейді. Бесбасбайды жолдан қайтарып, Жанқожа батыр қасына қоңсы қондырып отыр...

- Оның не жазығы болғаны?

Қонысы тарылған жұрт алды-алдына қозғала бастаса, тым-тырақай бәрі көтеріледі. Билер содан қорқып отыр. Жылқы батыр есеткен-білгенін айтып келді. – Сен де кідіре тұр. Қазақтар қанына қарайып жүр, жазым қылар...

Мәтнияз түсінді. Сырдың бойынан алдымен Мамыт пен Күжбан көшіп еді, содан-ақ ел іргесі бұзылды. Қазақ билерінің бұл әрекеті көкейге қонады...

«Кідіре тұр, кідіре тұрмен» бас тоқсан жетті.

Жаңадария бойындағы қарақалпақтың көтеріле көшіп кеткен хабары естіледі. Хиуа ханының әскерінен жер қайысады. Ақыры бағындырып тыныпты...

Қазақтар елеуресіп ат үстінен түспейді.

Бірақ, хиуаның әскері бері бері қарай аттап басқан жоқ. Қарақалпақтың іргесін аударған соң, өздері де еліне қарай бет қойған...

Ел арасы қайта тынышталды.

Жанқожа Бесбасбайды босатыпты.Оның құдаларына қарай көшкені естілді.

Мәтнияз бірдеңені ойға алса, қашан бітіргенше тағаттан айрылады . Баяғыда қазақ арасында жалғыз үй қалатын жолы да, Әнетейдің налығанын көре тұрып, тыңдаған жоқ-ты. Қазір де Сыр бойында байласан тұратын емес.

Қыстың көзі қырауда көшкелі отыр.

Жаз шықса, былтырғыдай дүрбелен тағы басталды. Қазақтар көшін ұстап қалудан тайынбас. Осындай әуір-сәуірде сызып тұрғысы келеді...



  • Басқамызға ешетеме емес., Ырысты мен Дәмеліжанға киын болады ғой... Шектібай түнеріп отыр.

Мәтнияздың жалғыз ұлы. Шектібайдың ендігі жиырманың үстіне шықты. Әлі аяқтана алмай жүрген. Мәтнияз бір жағынан оны да уайымдайды. Бір-екі қазақ ағайынға құда түсе барып беті қайтты. Бәрі де өзі сияқты кедей-кепшік еді. Сонда да қарақалпаққа қыз бергісі бермей сарғытады. Осы жағдай да ойландырған...

Мәтнияздың соңғы екі баласы қыз еді. Ырыстысы бесте, Дәмелі алты жасар... Қыстың көзі қырау... Шектібай кішкентай қарындастырын аяп отыр...

Мәтнияз тас-талқан болып ашуланды. Сәті келіп тұрғанда, бәрінің де кежегесі кейін тарта қалыпты. Жоқ, ондай қиқаңға Мәтнияз көне алмас!

Адам қартайса мінез ашады...

Төркіні көшетін болғанын есіткелі Күләйімнің де көзінен жас кетпейді. Әкесін де айыптамайды. Құдадан гөрі, осы ауылға қоңыс қонып отырған байғұстарға көбірек ұқсайтын еді. Гүлбазар бие сауады. Шектібай жылқы бағысады. Соларды көре жүріп, Күләйім намыстан жарылып кете жаздайды. Бірақ, жас келіннің жолы жіңішке...

Бай үйінің айран-шалабын көз сатқанша, еліне қосылған көп артық. Ашатн өліп жатқан ешкім жоқ. Әкесі бір адамдай күнін көреді.

Оны Күләйім де бұйдасынан ұстаған жоқ.

- Бір өтінішім бар. Ырысты мен Дәмеліні маған тастап кетіңдер. Жолда ауыртып аларсыңдыр. Қасымда қара болсын. Менің көзім тірі болса, ол екеуін қанаттыға қақтырмаспын, тұмсықтыға шоқытырмаспын... Күләйім жылады. – Ертең айналып соқпайсыңдар ма?

Бәрі кетсе, қайтып атізін салмайтындай. Өзін далада қалып бара жатқандай көреді. Күләйімнің жүрегі шымшып ауырып тұр. Ең болмаса сіңілерін алып қалғысы келді.

Мәтнияз Гүлбазарға қарайды. Бала анаға жақын. Гүлбазар кенжетайларына қарайды. Екі сіңлісі екі қолтығында, Күләйім көз жасын төгіп отыр.



  • Дүрбелен де басылар. Жаз шығып, жер аяғы да кеңиді. Барып орналасып алған соң Шектібайды жібермейсің бе? Қарындастарын келіп алып қайтсын. Құдайы аманат, балаларды қалдырып кетіңдер...

Жылқы батыр ақыл айтты. Жасы сексендегі шал, құдасына жаны ашып, ол да көзіне жас алды.

Бұл кеңес Мәтнияздың да көкейіне қонды.

- Кеудемде жаным тұрса, алдағы жазда айналып соғармын.

Құдай қосқан құдам едің, мынау екібала әуелі құдайға, содан кейін сізге аманат...

Гүлбазар еңіреп қоя берді.

Мәтнияз қарақалпаақ көшіп бара жатыр.

- Апа, апа!

- Көкетайым

Екі қыз жаутаңдап қалып барады Есі кіріп қалған нәрестелер ғой, ата-анасының алыс сапарға бет алғанын олар да іші сезеді. Бірақ, бақырып-шақырып шу шығарған жоқ. Көштің артынан томсара қарап тұр.

Гүлбазар мен Мәтнияз, бірі түйенің үстінде, бірі жаяу, - артына қарай - қарай барады.

Келер күзге қарай Сыр бойына соғып, балаларын алып кететініне шәк келтірген жоқ.

Күләйім де әкесін сарғая күтеді...

Туған бауырларын қайтіп көру жоқ екеннін, екі жылдан кейін әкесінің қайтыс болғанын бейсаубет бір жолаушының аузынан естетінін Күләйім білген жоқ.

Інісі Шектібай, қазақ ішінде қалған бауырларын еске алып,іздеп келгенше ,тағы да жиырма сегіз жыл бар екеніні ол кезде бәріне де беймәлім. Шектібай Күләйімнің қырқы беріліп жатқан үстіне келеді... Дәмеліні ғана тауып қайтты... Күйеу баласының есімі Қоңдыбай, жақайым ішінде дәулеті екен. Жасы Шектібайдың өзімен құрбылас. Ағасы қонып отырған үлкен қуаныш күні Дәмелі жас босанады. Онан бұрын да бес құрсақ көтеріп,баласы тұрмай жүр еді. Шектібай соған ырым қылып, жиен қызының атын Тишімбике қойды. Перзенттері тұрмай, зарығып жүрген пақырлардың көңілдері тыншысын дегені ғой...

Ал Ырыстының ұзатылған елін жетіру деп есітті. Шөмішті табындар Ор өзенінің бергі жағында көшіп-қонып жүретін... Ор қайда біреу қайда?Әрі Кенесарының ылаңы басталып, орыстар мен қазақтың ел арасы мазасыз болып тұрған кезі еді. Шектібай Ырыстыны көре алмай қайтты.

Бұл оқиғаның бәрі де кейінірек болады.

Адамдікі үміт қой.Алдағы тағдырын кім болжайды. Күләйім де күдер үзіп тұрған жоқ.

Құртақандай екі қыз да ата-анасын жиі еске алады. Кейде түсінде көріп қуанып оянады.

Мәтнияздың үйі көшті. Сонымен бірге Сыр бойында қалған жалғыз үй қарақалпақ та жоғалды...

Жаңадария, Қуаңдария бойында да ел жоқ. Қарақалпақ қыстаулары қаңырап бос тұрған. Анда-санда Қызылға қарай көшіп өткен қазақтар, иесіз қыстаулрға көздері түссе, төбе құйқалары шымырлайды екен...



Бұл жеті жұрт көшіп өткен жер емес пе? Әлі Сыр бойына кімдер келіп, кім кетпейді? Мәтнияз сол көпшіліктің ең соңы болмас. Әр істің ақыры болсын...


Бірінші кітаптің соңы






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет