6. Ортофосфор қышқылының тұздары. а) Натрий фосфаты және оның гидролизі. Кестедегі ортофосфор қышқылының диссоциациялану тұрақтысының шамасына қарағанда сілтілік металдар фосфаттары гидролиздене ме, жоқ па? Болжаңдар. Натрий фосфатының гидролизі қай сатыда тоқтайды?
Осы болжамдарды тексеру үшін натрий гидро-, дигидро- және фосфат ерітінділерін қызыл және көк лакмус қағаздарымен сынаңдар. Натрий фосфаты гидролизінің сатылап диссоциациялану теңдеуін жазыңдар. Оның әрі қарай гидролизденуіне қандай иондардың пайда болып көбеюі кедергі болады? Әмбебап индикатор қағазының көмегімен ерітіндінің рН-ын анықта.
ә) Кальций фосфатын алу: Зертханада бар реактивтерден кальций фосфатын, гидро- және дигидрофосфатын алыңдар. Реакция теңдеуін жазыңдар. Алынған тұздардың ерігіштігі туралы қорытынды жасаңдар. Кальций гидрофосфатының тұнбасына сірке қышқылын қосыңдар. Не байқалады? Түсіндіріңдер. Реакция теңдеуін жазыңдар.
б) Алюминий және темір фосфаттарын алу. Бір сынауыққа темір (III) хлоридінің ерітіндісін, екіншісіне алюминий сульфатының ерітіндісін құйыңдар. Әрқайсысына натрий ацетаты мен натрий фосфаты ерітінділерін қосыңдар. Тұнбалардың түсін байқаңдар. Бұл ненің тұнбалары? Ацетат иондарының қатысы қандай? Алюминий және темір фосфаттарының түзілу реакциясының теңдеулерін жазыңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |