Ғылыми жұмысты жазатын адам үшін ең маңызды қасиет – тілді еркін меңгеруі, басқалардың сезіміне әсер ететіндей дәл, анық бейнелі етіп сабақтастыра жаза білу. Жалпы зерттеу жұмысы үшін мәліметтер мынадай жолдармен жиналады: дереккөздер арқылы жинау, адамдармен қарым-қатынас арқылы мәлімет жинау, бақылау, эксперимент, жазылған немесе айтылған жұмыстарға талдау, кейс стади, тәжірибелік зерттеу, бар мәліметтерге талдау жасау, зерттеу жүргізу іріктемесі.
Әдіс – зерттеу барысында белгілі бір қорытынды алуға бағытталған, бір немесе бірнеше метематикалық, немесе логикалық операциялардың теорияға немесе практикаға негізделген түрі. Процедура – белгілі бір операциялар жиынтығының орындалуын қамтамасыз ететін іс-әрекеттердің жиынтығы.
Әртүрлі дереккөздер арқылы зерттеуде пайдаланатын әдістерді кеңінен қолдана отырып тақырыпқа талдау жасалады. Зерттеумен айналысатын ғалымдармен, тұлғалармен тікелей әңгімелесу, яғни сұхбат пен сауалнама жүргізу арқылы да жүзеге асырылады. Бұрын қолданылған теориялар мен салыстыру мақсатында қайта жүзеге асыра отырып зерттеу нәтижесін шығарады, және де сырттан бақылау қызметін жүргізу арқылы да қорытынды шығаруға болады. Бір немесе бірнеше айнымалы факторлардың өзгерісі бір немесе көптеген тәуелді айнымалыларға қалай ықпал ететіндігін эксперимент арқылы анықтайды.
Теориялық ғылыми шаралық барысында белгілі гипотезалар дәлелденіп немесе ғылыми құнды деп танылып, жаңа процесстер, құбылыстар және гипотезалар құрастырылады. Ғылыми шығармашылық барысында іс-әрекеттер атқарылады.
1. Ғылыми ақпараттарды жинақтау және жалпылау
2. Ғылыми ақпараттарды салыстыру арқылы талдау жасау.
3. Жеке ой тұжырым құрастыру және оны жазбаша түрде мазмұндау.
4. Ұсынылған жеке тұжырымдарды жетілдіру және ықшамдау.
Теориялық шығармашылық процессі келесі сатылырдан құралады:
1.Мәселені таңдау
2.Бұған дейін белгілі шешімдермен танысу.
3.Осыған ұқсас мәселелерді шешуге қолданылған жолдардан бас тарту.
4.Мәселені шешуге қолданылуы мүмкін нұсқалардың ішінен таңдау жасау.
5.Шешім қабылдау.
Осы аталған үрдісті жүзеге асыру мақсатында әртүрлі әдістер қолданылады. Олардың төмендегідей түрлері қалыптасқан.
Ғылыми әдістер эмпирикалық және теориялық әдістер болып бөлінеді.
Зерттеулердің теориялық деңгейіндегі ғылыми әдістерге төмендегілер жатқызылады:
1) формаландыру – зерттеліп отырған шынайы процестердің мағынасын ашатын абстрактылы-математикалық модельдер құру;
2) аксиомаландыру – дәлелдеуді керек етпейтін аксиомалар, яғни дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырымдардың негізінде теория құру;
3) гипотетикалық - дедуктивтік әдіс – нәтижесінде эмпирикалық фактілер тұжырымдалатын бір-бірімен, дедуктивті байланыста болатын гипотезалардың жүйесін жасау.
Эмпирикалық әдістерге төмендегілер жатқызылған:
1) бақылау – объективті шынайылықты арнайы түрде қабылдау;
2) суреттеу – объектілер туралы мәліметті табиғи және жасанды тілдің көмегімен бекіту;
3) өлшеу- объектілерді ұқсас қасиеттері немесе белгілері бойынша салыстыру;
4) тәжірибе жасау – құбылыс қайталанған кезде қажетті жағдайлар қайталанғанына байланысты өзгерістерді арнаулы дайындалған орындар арқылы бақылау.
Зерттеу әдістерінің классификациясы аса күрделі мәселе болғанның өзінде де, дәстүрлі түрде оларды үш топқа: жалпы ғылыми, интерғылыми және жеке ғылыми әдістерге бөлуге болады.
Жалпы ғылыми әдістер барлық ғылым салаларына тән және оларды біріктіретін зерттеу объектісінде пайдаланылатын логикалық әдістерді, яғни: бақылау мен тәжірибе, анализ бен синтез, жорамал мен гипотеза, индукция мен дедукция, аналогия, классификация мен систематизация, генетикалық әдіс, т.б. біріктіреді.
Интерғылыми әдістерге – экстрополяция, интерполяция, модельдеу, ретроспекция, эксперттік бағалау, т.б. жатады. Жеке ғылыми әдістердің көптеген ғылыми топтары бар.
Жалпы ғылыми әдістер ішінде төмендегілерді бөліп көрсетуге болады:
- анализ – жан-жақты зерттеу мақсатында бүтін бір затты құрамдас бөліктерге (жақтарына, белгілеріне, қасиеттеріне және т.б) бөлу;
- синтез – заттың құрамдас бөліктерін біртұтас затқа біріктіру;
- абстракциялау - зерттеліп отырған құбылыстың қажетті емес қасиеттері мен қарым-қатынастарынан зерттеуге керек қасиеттері мен қарым-қатынастарын бөліп алу;
- жалпылау – объектілердің жалпы белгілері мен қасиеттерін анықтауға мүмкіндік беретін ойлау әдісі;
- индукция – жеке қорытулар негізінде жалпы тұжырым жасауға мүмкіндік беретін зертеу мен талқылау әдісі;
- дедукция – жалпы тұжырымнан жеке тұжырым жасауға мүмкіндік беретін талқылау әдісі;
-аналогия – объектілердің бірдей белгілерінің ұқсастығы негізінде олардың ұқсастығы туралы айтуға үмкіндік беретін таным әдісі, басқаша айтқанда, аналогия - ғылымның бір саласындағы қатынастардың, оның екінші саласына транспозициялануы, мысалға: тарихи аналогия, кеңістіктік аналогия және т.б.
- классификация - зерттелетін пәннің зерттеушіге қажетті маңызды белгілері бойынша түрлі топтарға бөлу (әсіресе, биология, геология, география, кристаллогрфия, т.б. ғылымдардың түрлі бөлімдері).
Зерттеу процесі барысында төмендегідей интерғылыми әдістер қолданылады:
• экстрополяция – ойдың дамуы немесе белгілі бір тарихи кезеңдегі тенденциялардың ашылуы, яғни жасалған заңдар мен тұжырымдардың бақылау аймағынан басқа аймаққа ауысуы;
• интерполяция - құбылыстардың динамикалық қатарында көрінбейтін, бірақ осы қатар мүшелерінің арақатынасын ашу негізінде параметрлерді, функцияларды, көрсеткіштерді табу;
• модельдеу – шынайы түрде бар процестер мен құбылыстардың логикалық, информациялық және графикалық құрылымын жасау, яғни объектілерді жеңілдетілген түрінде бейнелеу; модельдеу – түпнұсқаның зерттеушіні қызықтыратын қажетті жақтарының дәлме – дәл көшірмесін түсіру арқылы зерттеу;
• ретроспекция- объектінің жүйелі түрдегі сипаттамасын алу үшін зерттеу объектісінің тарихи дамуын зерттеу, яғни оның әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі дамуының динамикалық қатарын зерттеу;
• эксперттік бағалау - эксперттің немесе эксперттердің тұжырымдары мен ойлары;
Жоғарыда айтылып өткен әдістердің немесе тәсілдің ешқайсысы да, дара түрде зерттеудің негізіділігін, дәлділігі мен дәйектілігін қажетті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті зерттеуде жоғары нәтижеге жету үшін олардың бірнеше түрінің жиынтығын пайдалану ғана тиімді бола алады.
Сұхбат – көзқарас, дерек, ақпарат алмасу. Ол мына ұстанымдарға сәйкес болғаны жөн:
1 Сұрақтары анық болуы керек. Сұхбат беруші сұрақты түсінбесе, оған сұхбат алушы кінәлі. Сұрақтың түсінікті болу үшін оны алдымен сұхбат алушының өзі түсінуі қажет.
2 Күрделі сұрақтарды қоймаған жөн. Осындай жауап алатын сұрақтар көп жағдайда радио мен телевиденияда сирек пайдалануы мүмкін. Оның өзінде егер сұхбат берушіні толық таныстырудан қашқанда ғана қолданылады.
3 Сұрақты қою барысында сұхбат берушіге деген сыйластықты ұмытпау керек. Сұхбат алушының этикалық сезімі оның сұрақтарының қалай әсер ететінін анықтап отыруы қажет. Сұхбат берушінің іс-әрекетін байқап отыру сұхбат алушының кәсіби шеберлігін көрсетеді.
4 Қойылатын сұрақ қызықты болуы шарт.
Сұхбат берушілерді шартты түрде үшке бөлуге болады:
1) Саяси және мемлекет қайраткерлері, белгілі бір нақты салада арнайы білімі бар мамандар, олардан бір мәселенің мән-жайын білу мақсатында сұхбат алынады;
2) Өмірі көпшілікке таныс танымалы тұлғалар;
3) Үйде, көшеде, қызметте кездесетін қарапайым адамдар, олардан бір оқиға, жағдай туралы қоғамдық ой-пікірді білу мақсатында сұхбат алынады. Экрандағы сұхбат екі адамның еркін әңгімесі ретінде өту керек, соның ішінде біреуі белгілі бір тақырып аясында жақсы ақпараттанған болуы шарт. Бұл адамдар басқа жерде де сұхбат беруі мүмкін. Осы жерде телевидениенің екі жақтылығы көрінеді. Осыны түсіну үшін мақсаты бойынша бөлінетін сұхбаттың түрлері де бар.
Анкеталық сұхбатта қоғамдық пікірдің объектісі мына белгілерге жауап беруі тиіс:
1) пікірталасқа жақын болуы;
2) қоғамдық қызығушылық туғызуы;
3) қойылатын сұрақ маңызды мәселеге арналуы тиіс.
Сауалнама - нақты адамдар тобына сұрақтар қою арқылы алғашқы ақпаратты жинау әдісі. Сауалнама мақсаты - жеке және қоғамдық санадағы құбылыстар немесе қарапайым фактілер, оқиғалар туралы ақпарат алу. Сауалнама ақпараттың дәлдігі мен жүйелігін қамтамасыз етеді. Бұл әдіс экономикалық тұрғыдан да тиімді, яғни оған шығын, уақыт және құрал аз жұмсалады. Сауалнаманың әртүрлі жолдары бар: қалыпқа түспеген (еркін сұхбат, т.б.) және қалыпты. Сауалнама өткізу жиілігіне байланысты бір рет және көп рет болып бөлінеді. Сонымен бірге сауалнама жазбаша және ауызша деп те бөледі. Сауалнама тиімділігі тұрақты сұхбат алушы және сауалнамаға қатысушылардың болуынан тәуелді. Сауалнамаға жауап беру уақыты: далада – 3 минуттан кем болмауы, үйде сыйақысыз – 5 минуттан көп емес, үйде сыйақымен – 15 минуттан көп емес болуы керек.
Сұрақтардың стандартталу типтері бойынша сауалнама ашық және жабық түрде болуы мүмкін. Жабық түрдегі сауалнамада мүмкін жауаптар түрі, шкаласы, сондай-ақ «иә» немесе «жоқ» сияқты жауаптар болады. Олардың артықшылығы – жауаптарды жылдам өңдеуге және бастапқы мәліметтерді кестеге енгізуге мүмкіндік береді. Өте жақсы стандартталған сауалнама – ол қойылатын сұрақтары мен жауаптары бұрыннан анықталған сауалнама. Ашық сұрақтарға жауаптар дәл осы мәселе жөнінде, өз ойын білдіретін ерікті түрде болуды көздейді. Ашық сұрақтарды тұтынушылар тауардың сапасы, дизайны, бағасы туралы не ойлайтынын белгілеу қажет болғанда, зерттеудің ізденіс кезеңінде қолдану пайдалы. Жауаптардың сан алуандығы оларды өңдеуді қиындатады.
Достарыңызбен бөлісу: |