1. Жаңғыру және урбанизация. Урбандалу (Урбанизация) (лат. urbs - қала, urbanus - қалалық) – еңбек бөлінісінің қоғамдық және аумақтық тұрғыдан тарихи қалыптасуынан пайда болып, әлемнің әртүрлі елдері мен өңірлерінің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес дамитын әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, географиялық секілді көп жақты қырлары бар күрделі құбылыс. Көне латын тіліндегі мағынасы "қалалық" деген ұғымды білдіреді. Яғни, ең қысқаша айтар болсақ, урбанизация, бұл – қала тіршілігі мен тұрмысы және мәдениетінің үстемдікке ие болуы.
"Урбанизация" ұғымын "урбанизациялану" ұғымынан ажыратып қарау керек. Біріншісі процесті білдіреді, екіншісі - процесс барысында қол жеткен көрсеткіш денгейі. Урбанизацияның негізгі көрсеткіші - елдегі қалалық тұрғындардың үлес салмағының арту қарқыны ("урбанизация қарқыны")
Урбандалудың оң және теріс салдары бар. Ол - күрделі әрі қарама-қайшылықты үдеріс. Оның теріс салдарына экологиялық жағдайлардың біршама төмендеуі, автокөлік газдарымен қала ауасының ластануы, жұмысқа орналасу қиындығы, қаладағы шаң, қала шуы, қала құрылысының мәселесі және т.б. жатады.
Урбандалу үрдісінің арқауы
• қала халқының табиғи өсімі;
• ауылдық елді мекендердің қала статусын алуы;
• қала маңы аудандарының пайда болуы;
• ауылдық жерлерден қалаға қарай миграция.[1]
Урбандалу түрлері
• Субурбандалу - қалалық агломерациялардың қалыптасуының нәтижесінде ірі қалалардың қала маңындағы аймағының өсу және даму процессі.
• Контрурбандалу - урбанизацияға кері процесс.
• Жалған урбандалу - қала халқының санының өсуі. Бірақ жұмыс орындары емес, үйсіз-күйсіздердің артуы.
Қаладағы урбандалу үдерісі
Қала халқы үлесінің өсуі - республиканың индустриялық көрсеткішінің жоғары деңгейінің белгісі.
Қалаларда өнеркәсіптік өндірістер, транспорттвқ, сауда, мәдени, ғылыми және өзге де нысандар шоғырланады. Көптеген қалалық елді мекендер әкімшілік-аумақтық қызметтерді атқарады. Қала типтес кенттерде бір немесе бірнеше өнеркәсіп орналасады. Қалалардың қалыптасуы оның индустриялық дамуы, сәулеттік бейнесі мен тұрғындар саны бойынша ажыратылады. Қазіргі таңда қалаларды жіктеудің бірнеше түрі бар, олардың негізінде екі категория - қаланың ауқымы және қызмет түрлері қалыптасады.
Қазақстандағы урбандалу үдерісі
Халық саны бойынша қалалар жіктелуі
• кіші (20 мың адамға дейін)
• орта (50 мың адамға дейін)
• үлкен (100 мың адамға дейін)
• аса ірі (500 мың адамға дейін)
Қазір Қазақстанда 87 қала мен 200-ден аса қала типтес елді мекен бар.
Республикада 3 миллионер қала бар: Алматы (1 854 556 адам), Нұр-Сұлтан (1 078 362 адам) және Шымкент (1 011 551 адам). Егер ХХ ғасырдың 20-жылдарында қалаларда халықтың 9%-ы ғана тұратын болса, қазір оның үлесі бүкіл қала халқының 57,8%-ын құрайды. Болжам бойынша жақын арада 60%-ға жетеді. Қала халқы Қарағанды (79,5%) және Павлодар сияқты өндірістік (70,7%) облыстарда басым. Бұл аталған аймақтарда қала халқының басым болуы өнеркәсіптің дамуымен тікелей байланысты. Урбандалудың қазіргі деңгейіне үлкен қалалардың өсуі, қала агломерацияларының қалыптасуы, мегаполистердің пайда болуы тән. Кейбір ірі өндірістік орталықтар айналасында өндірістік, транспорттық, мәдени және тұрмыстық байланыстарға ие көптеген ұсақ және орта қалалардың шоғырлауын агломерация деп атайды. Қарағанды мен Теміртау айналасында Саран, Абай, Шахты, Топар, Долинка агломерациялары т.б. қалалар қалыптасқан. Келесі агломерация - Алматы. Болашақта әлемдік және аймақтық нарықпен бірігу нәтижесінде жаңа қала агломерациялары пайда болады. Әр агломерацияның экономиканың белгілі бір саласына қатысты өзіндік мамандануы және белгілі бір бағыттары бар. Урбандалу үдерісі қарқынды байқалатын аймақтар қатарына Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары кіреді. Бұл үш аймақтың екеуінде хаб қалалар орналасқан: Орталық-шығыс макроаймақтың орталығы - Өскемен, Батыс макроаймақтың орталығы - Ақтөбе. Жалпы болжам бойынша Қазақстанда 5 хаб қала болмақ: Ақтөбе мен Өскеменнен басқа Солтүстік макроаймақ орталығы - Нұр-Сұлтан және Оңтүстік макроаймақ хабтары - Алматы мен Шымкент.