1.Мұрагерлiк. Мұрагерлiктiң негiздерi. Мұраның құрамы. Ортақ бiрлескен меншiк болып табылатын мүлiкке мұрагерлiк. Мұраның ашылуы. Мұраның ашылу орны. Мұрагерлер. Мұрадан лайықсыз мұрагерлердi шеттету.
2.Заңды мұрагерлік түсінігі.
3.Өсиет бойынша мұрагерлік. Жалпы ережелер. Талап қойылған өсиет. Мұрагерлердi қосымша тағайындау. Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгiне мұрагерлiк. Өсиеттiң нысаны туралы жалпы ережелер.
4. Нотариатта куәландырылған өсиет. Нотариатта куәландырылғандарға теңестiрiлетiн өсиеттер. Өсиеттiң күшiн жою және оны өзгерту. Өсиеттiң құпиясы. Өсиетке түсiнiк беру. Өсиеттiң жарамсыздығы.
1. Мұрагерлiк
1. Мұрагерлік - қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкiнiң басқа адамға (адамдарға) - мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы.
2. Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен, егер осы бөлiмнiң ережелерiнен өзгеше туындамаса, бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде және бiр-ақ мезгiлде ауысады.
3. Мұрагерлiк осы Кодекспен, ал тiкелей өзi белгiлеген жағдайларда өзге де заң актiлерiмен реттеледi.
1.1 Мұрагерлiктiң негiздерi
1. Мұрагерлiк өсиет және (немесе) заң бойынша жүзеге асырылады.
2. Өсиет қалдырылмаған не бүкiл мұраның тағдыры айқындалмаған кезде, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген өзге де жағдайларда мұрагерлiк заң бойынша орын алады.
1.2 Мұраның құрамы
1. Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.
Мұраның құрамына мұра қалдырушының тірі кезінде ресімделмеген мүліктік құқықтарын ресімдеу үшін қажетті құқықтар, оның ішінде оларды тіркеу құқығы да кіруі мүмкін.
2. Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен мiндеттер:
1) егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
2) өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу құқығы;
3) алименттiк мiндеттемелерден туындайтын құқықтар мен мiндеттер;
4) зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақылар мен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңдарының негізінде басқа да төлемдер алу құқығы;
5) заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларды қоспағанда, мүлiктiк құқықтармен байланысы жоқ жеке мүлiктiк емес құқықтар мұраның құрамына кiрмейдi.
3. Мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен басқа да материалдық емес игiлiктердi мұрагерлердiң жүзеге асыруы және қорғауы мүмкiн.
1.3 Ортақ бiрлескен меншiк болып табылатын мүлiкке мұрагерлiк
1. Ортақ бiрлескен меншiкке қатысушының қайтыс болуы оның меншiктегi үлесiн айқындау және ортақ мүлiктi бөлу не осы Кодекстiң 218-бабында белгiленген тәртiппен одан қайтыс болған қатысушының үлесiн бөлiп шығару үшiн негiз болып табылады. Бұл жағдайда мұра қайтыс болған қатысушының ортақ мүлiктегi үлесiне, ал мүлiктi заттай бөлу мүмкiн болмаған кезде - үлестiң құнына қатысты ашылады.
2. Ортақ бiрлескен меншiкке қатысушы ол қайтыс болғаннан кейiн осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi өз үлесiне өсиет қалдыруға құқылы.
1.4 Мұраның ашылуы
1. Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады.
2. Мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетiлмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.
3. Егер бiрiнен кейiн бiрi мұрагер болуға құқылы адамдар бiр күнде қайтыс болса, олар бiр мезгiлде қайтыс болған деп танылады және олардың әрқайсысынан кейін мұрагерлік ашылады да олардың әрқайсысының мұрагерлері мұрагерлiкке шақырылады.
1.5 Мұраның ашылу орны
Мұра қалдырушының соңғы тұрған жерi, ал егер ол белгiсiз болса - мүлiктiң немесе оның негiзгi бөлiгiнiң орналасқан жерi мұраның ашылу орны болып табылады.
1.6 Мұрагерлер
1. Мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.
2. Мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкiн.
1.7 Мұрадан лайықсыз мұрагерлердi шеттету
1. Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.
2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.
3. Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.
4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.
4-1. Осы баптың негiзiнде мұрагерлiкке құқығы жоқ немесе мұрагерлiктен шеттетiлген адам (лайықсыз мұрагер) мұраның құрамынан негiзсiз алған барлық мүлiктi қайтаруға мiндеттi.
Мұрагерлiк мүлiктi қайтару мүмкiн болмаған кезде лайықсыз мұрагер оның нарықтық құнын өтеуге мiндетi.
5. Осы баптың ережелерi өсиеттiк бас тартуға да қолданылады.
Лайықсыз бас тартушы үшiн белгiлi бiр жұмысты орындау немесе оған белгiлi бiр қызмет көрсету өсиеттiк бас тартудың нысаны болған жағдайда, ол өсиеттiк бас тартуды орындаған мұрагерге атқарған жұмыстың немесе оған көрсетiлген қызметтiң құнын өтеуге мiндеттi.
6. Осы баптың ережелерi барлық мұрагерлерге, соның iшiнде міндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.
2. Заңды мұрагерлік
1. Заң бойынша мұрагерлер осы Кодекстiң 1061-1064-баптарында көзделген кезек тәртiбiмен мұрагерлiкке шақырылады.
2. Заң бойынша мұрагерлiк кезiнде, бiр жағынан, асырап алынған және оның ұрпақтары және екiншi жағынан, асырап алушы мен оның туыстары қандас туыстарға теңестiрiледi.
Асырап алынғандар мен олардың ұрпақтары асырап алынушының туған ата-анасы, оның басқа да қандас туыстары қайтыс болғаннан кейiн заң бойынша мұрагер болмайды.
Асырап алынушылардың ата-анасы мен оның басқа да қандас туыстары асырап алынушы және оның ұрпақтары қайтыс болғаннан кейiн заң бойынша мұрагер болмайды.
3. Заң бойынша мұрагерлердiң әрбiр келесi кезегi алдыңғы кезектегi мұрагерлер болмаған, оларды мұрадан шеттеткен, олар мұраны қабылдамаған не одан бас тартқан жағдайда, осы кодекстiң 1074-бабының 5-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, мұрагерлiк құқығын алады.
4. Осы Кодекстiң заң бойынша мұрагерлердi мұрагерлiкке шақырудың кезектiлiгi туралы және олардың мұрадағы үлестерiнiң мөлшерi туралы ережелерi мүдделi мұрагерлердiң мұра ашылғаннан кейiн жасалып, нотариат куәландырған келiсiмiмен өзгертiлуi мүмкін. Мұндай келiсiм оған қатыспайтын мұрагерлердiң, сондай-ақ мiндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлердiң құқықтарын қозғамауы тиiс.
3. Өсиет бойынша мұрагерлік
1. Азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзiне тиесiлi мүлiкке билiк ету жөнiнде өз ықтиярын бiлдiруi өсиет болып танылады.
1-1. Өсиеттi оны жасаған кезде толық әрекет қабiлеттiлiгi бар азамат жасайды.
2. Азамат өзінің барлық мүлкiн немесе оның бiр бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кiретiн де, кiрмейтiн де бiр не бiрнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етiп қалдыра алады.
3. Өсиеттi өзi жасауға тиiс. Өкiл арқылы өсиет жасауға жол берiлмейдi.
4. Өсиет қалдырушы себебiн түсiндiрместен заң бойынша мұрагерлердiң бiреуiн, бiрнешеуiн немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы. Егер өсиеттен өзгеше туындамаса, заң бойынша мұрагердi мұрадан айыру оның ұсынылу құқығы бойынша мұрагерлiк етушi ұрпақтарына қолданылмайды.
5. Мұра қалдырушы өзiнiң кез келген мүлкi, оның iшiнде болашақта сатып алуы мүмкiн мүлкi туралы да өкiм бар өсиет жасауға құқылы.
Өсиет қалдырушы мұрагерлердiң мұрадағы үлесiн кез келген түрде белгiлеуi мүмкiн, әртүрлi мүлiкке қатысты бiр немесе бiрнеше өсиет жасай отырып, өз мүлкiне немесе оның қандай да бiр бөлiгiне билiк ете алады.
6. Мұра қалдырушы жасалған өсиеттiң оны жасағаннан кейiн кез келген уақытта күшiн жоюға және өзгертуге ерiктi және күшiн жоюдың немесе өзгертудiң себебiн көрсетуге мiндеттi емес.
7. Мұра қалдырушының өсиетте өзi мұрагер етiп тағайындаған адамдарға, олар қайтыс болған жағдайда өз кезегiнде өсиет еткен мүлiктi белгiлi бiр түрде билiк ету мiндетiн жүктеуге құқығы жоқ.
3.1 Талап қойылған өсиет
1. Өсиет қалдырушы мұрагер мiнез-құлқының сипатына қатысты мұра алуды белгiлi бiр талаппен байланыстыруға құқылы.
2. Мұрагер тағайындау немесе мұра алу құқығынан айыру туралы өкiмге енгiзiлген құқыққа қайшы талаптар маңызсыз болады.
3. Өсиетке енгiзiлген мұрагердiң денсаулық жағдайы бойынша немесе өзге де объективтi себептерге байланысты мұрагер үшiн орындалмайтын талаптар мұрагердiң талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
3.2 Мұрагерлердi қосымша тағайындау
1. Өсиет қалдырушы өсиетте көрсетiлген мұрагер мұра ашылғанға дейiн қайтыс болған, оны қабылдамаған не одан бас тартқан немесе осы Кодекстiң 1045-бабындағы тәртiппен лайықсыз мұрагер ретiнде мұрагерлiктен шеттетiлген жағдайда, сондай-ақ мұрагер мұра қалдырушының заңды талаптарын өсиет бойынша орындамаған жағдайда, басқа мұрагер тағайындай алады (мұрагердi қосымша тағайындау).
2. Осы Кодекстiң 1044-бабына сәйкес мұрагер бола алатын кез келген адам қосымша тағайындалған мұрагер болуы мүмкiн.
3. Өсиет бойынша мұрагердiң қосымша тағайындалған мұрагерге пайдасы тимейтiн бас тартуына жол берiлмейдi.
3.3 Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгiне мұрагерлiк
1. Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгi осы Кодекстiң 1061-1064-баптарындағы тәртiппен мұрагерлiкке шақырылған мұрагерлер арасында заң бойынша бөлiнедi.
2. Бұл мұрагерлердiң қатарына заң бойынша мүлiктiң басқа бөлiгi өсиет арқылы қалдырылған мұрагерлер де кiредi.
3.4 Өсиеттiң нысаны туралы жалпы ережелер
1. Өсиет оның жасалған жерi, күні және уақыты көрсетiле отырып, жазбаша нысанда жасалып, нотариатта куәландырылуға тиiс.
2. Мыналар:
1) нотариатта куәландырылған өсиеттер;
2) нотариатта куәландырылғандарға теңестірiлетін өсиеттер тиiсiнше ресiмделген болып танылады.
3. Өсиетке өсиет қалдырушының өзi қол қоюы қажет.
Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетке өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша оған нотариустың немесе өсиеттi куәландырушы басқа адамның қатысуымен өсиет қалдырушының өсиетке өзi қол қоя алмауының себебiн көрсете отырып, басқа азаматтың қол қоюы мүмкiн.
4. Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес өсиеттi жазу, оған қол қою немесе куәландыру кезiнде куәлар қатысуға тиiс болған жағдайларда:
1) нотариус немесе өсиеттi куәландыратын өзге адам;
2) пайдасына өсиет жазылған немесе өсиет қалдырудан бас тартылған адам, оның зайыбы, оның балалары, ата-аналары, немерелерi мен шөберелерi, сондай-ақ өсиет қалдырушының заң бойынша мұрагерлерi;
3) толық әрекетке қабiлеттiлiгiн иеленбейтiн азаматтар;
4) сауатсыз және өсиеттi оқуға қабiлетсiз басқа да адамдар;
5) жалған жауап бергенi үшiн соттылығы бар адамдар куә бола алмайды, сондай-ақ өсиет қалдырушының орнына өсиетке қол қоя алмайды.
4. Нотариатта куәландырылған өсиет
1. Нотариатта куәландырылған өсиеттi өсиет қалдырушы жазуы керек не өсиет қалдырушының айтуымен куәның қатысуы арқылы нотариус жазуға тиiс. Өсиет қалдырушының айтуымен өсиет жазылған кезде нотариус жалпы жұрт қабылдаған техникалық құралдарды (жазу машинкасы, дербес компьютер және т.б.) пайдалануы мүмкiн.
2. Өсиет қалдырушының айтуы бойынша нотариус жазған өсиеттi өсиетке қол қойылғанға дейiн нотариус пен куәның қатысуы арқылы өсиет қалдырушы толық оқып шығуға тиіс.
Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиеттi өзi оқи алмайтын болса, ол үшiн оның мәтiнiн нотариустың қатысуымен куә оқып бередi, ол туралы өсиет қалдырушының өсиеттi өзi оқи алмауының себептерi көрсетiлiп, өсиетте тиiстi жазба жасалады.
3. Егер нотариат куәландырған өсиет куәның қатысуымен жасалса, өсиетте куәның тегi, аты және тұрақты тұратын жерi көрсетiлуге тиiс. Осындай мәлiметтер өсиетке өсиет қалдырушының орнына қол қойған адамға қатысты да енгiзілуi тиiс.
4. Өсиет қалдырушының тiлегi бойынша нотариус өсиеттiң мазмұнымен таныспай-ақ оны куәландырады (құпия өсиет).
Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупiмен, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылуға және қолы қойылуға, екi куәның және нотариустың қатысуымен куәлар қол қоятын конвертке салынып, желiмденуге тиiс. Куәлар қол қойған конверт куәлардың және нотариустың қатысуымен, нотариус куәландырып қол қоятын басқа конвертке салынып желiмденедi.
4-1. Құпия өсиет жасаған адамның қайтыс болуы туралы куәлік ұсынылған кезде нотариус қайтыс болу туралы куәлік ұсынылған күннен бастап он күннен кешіктірмей өсиеті бар конвертті кемінде екі куәнің және заң бойынша мұрагерлер арасынан оған қатысуға ниет білдірген мүдделі адамдардың қатысуымен ашады. Конвертті ашқаннан кейін нотариус ондағы өсиеттің мәтінін бірден жариялайды, одан кейін нотариус өсиеті бар конверттің ашылғанын куәландыратын және өсиеттің толық мәтінін қамтитын хаттама жасайды және куәлармен бірге оған қол қояды. Өсиеттің төлнұсқасы нотариуста сақталады. Мұрагерлерге хаттаманың нотариат куәландырған көшірмесі беріледі.
5. Нотариус жоқ елдi мекендерде тұратын адамдардың өсиетiн заң актiлерiнде нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар куәландырады.
4.1 Нотариатта куәландырылғандарға теңестiрiлетiн өсиеттер
1. Нотариатта куәландырылған өсиеттерге:
1) ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнде емделiп жатқан, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде тұратын азаматтардың осы ауруханалардың, санаторийлердiң, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнiң бас дәрiгерлерi және кезекшi дәрiгерлерi, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлердiң директорлары, бас дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
2) госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлердiң және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, олардың медицина бөлiмi жөнiндегi орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
3) жүзу кезiнде Қазақстан Республикасының жалауымен теңiз кемелерiнде немесе iшкi жүзу кемелерiнде жүрген азаматтардың осы кемелердiң капитандары куәландырған өсиеттерi;
4) барлау және басқа да экспедицияда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың бастықтары куәландырған өсиеттерi;
5) нотариустары және нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдары жоқ әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, әскери-оқу орындарының орналасқан мекендерiндегi әскери қызметшiлердiң өсиеттерi, сондай-ақ осы бөлiмдерде жұмыс iстейтiн жай адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiнiң де әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелер мен оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған өсиеттерi;
6) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған өсиеттерi теңестiрiледi.
2. Өсиет қалдырушы, осы баптың 1-тармағында көзделген өсиеттерге, өсиетке өзi де қол қоятын куәның қатысуымен қол қоюға тиiс.
Осы баптың 1-тармағында келтiрiлген лауазымды адамдар куәландырылған өсиеттiң бiр данасын нотариат туралы заңдарға сәйкес нотариустың сақтауына беруге мiндеттi.
Өсиеттiң нотариатта куәландырылуы туралы талаптарды қоспағанда, мұндай өсиеттердiң өзгелерiне тиiсiнше осы Кодекстiң 1051-бабының ережелерi қолданылады.
4.2 Өсиеттiң күшiн жою және оны өзгерту
1. Өсиет қалдырушы өзi жасаған өсиеттiң кез келген уақытта күшiн жоюға немесе оны өзгертуге құқылы.
2. Өсиеттiң күшi:
1) нотариат кеңсесiне бұрын өзi жасаған өсиеттiң толық күшiн жою туралы өтiнiш беру;
2) жаңа өсиет жасау жолымен жойылуы мүмкiн.
3. Өсиет:
1) нотариат кеңсесiне бұрын өзi жасаған өсиеттiң белгiлi бiр бөлiгiн өзгерту туралы өтiнiш беру;
2) бұрын жасалған өсиетті бөлiктерi бойынша өзгертетiн жаңа өсиет жасау жолымен өзгертiлуi мүмкiн.
4. Бұрын жасалып, кейiнгi өсиет арқылы толық немесе iшiнара күшi жойылған өсиет, егер өсиет қалдырушы өз кезегiнде соңғысының күшiн жойса немесе өзгертсе, қалпына келтiрiлмейдi.
4.3 Өсиеттiң құпиясы
Нотариустың, өсиеттi куәландыратын басқа адамның, куәлардың, сондай-ақ өсиет қалдырушының орнына өсиетке қол қоятын азаматтың мұра ашылғанға дейін өсиеттің мазмұнына, оның жасалуына, күшi жойылуына немесе өзгертiлуiне қатысты мәліметтерді жария етуге құқығы жоқ.
4.4 Өсиетке түсiнiк беру
Нотариус, өсиеттi орындаушы немесе сот өсиетке түсiнiк берген кезде ондағы сөздер мен тiркестердiң дәлме-дәл мәнi назарға алынады. Өсиеттiң қандай да болсын ережесiнiң дәлме-дәл мағынасы түсiнiксiз болған кезде ол осы ереженi басқа ережелермен және өсиеттiң тұтас мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.
4.5 Өсиеттiң жарамсыздығы
1. Тиiстi нысанда жасалмаған өсиет маңызсыз болады. Өсиеттiң жарамсыздығы осы Кодекстiң 4-тарауының мәмiлелердiң жарамсыздығы туралы қағидаларына негiзделеді.
2. Өсиеттi жасаудың, оған қол қоюдың және оны куәландырудың осы Кодекспен белгiленген тәртiбiнiң бұзылуы салдарынан өсиеттi жарамсыз деп танудан мүлiктiк зардап шеккен адамның талабы бойынша өсиет жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Eгep сот мұра қалдырушының өз еркiн бiлдiруiн түсiнуге әсер етпейдi деп белгiлесе, өсиеттi жасау, қол қою немесе оны растау кезiнде жiберiлген емле қателерi және техникалық сипаттағы басқа да елеусiз қателер өсиеттi жарамсыз деуге негiз бола алмайды.
3. Өсиеттегi жекелеген өкiмдердiң жарамсыздығы өсиеттiң қалған бөлiгiнiң жарамдылығын қозғамайды.
4. Өсиет жарамсыз деп танылған жағдайда, осы өсиет бойынша мұрадан айрылған мұрагер, осы Кодекстiң 1060-бабында белгiленген тәртiппен заң бойынша мұра алу құқығына ие болады.
Өсиеттiк бас тарту (легат)
1. Өсиет қалдырушы өсиет бойынша мұрагерге мұра есебiнен өсиеттiк бас тартуды орындауды талап ету құқығын алатын бiр немесе бiрнеше адамның (бас тартылушылардың) пайдасына қандай да болсын мiндеттеменi (өсиеттiк бас тарту) орындауды жүктеуге құқылы.
Заң бойынша мұрагерлер қатарына кiретiн адамдар да, кiрмейтiн адамдар да бас тартылушылар (легатарийлер) болуы мүмкін.
2. Өсиеттiк бас тартудың нысанасы мұраның, иеленудiң құрамына кiретiн заттарды бас тартылушының меншiгiне, пайдалануына немесе өзге заттық құқықта беру және оған мұра құрамына кiрмейтiн мүлiктi беру, ол үшiн белгiлi бiр жұмысты орындау, оған белгiлi қызмет көрсету және т.б. болуы мүмкiн.
3. Өсиет қалдырушы өсиеттiк бас тартуды жүктеген мұрагер, оны тек оған ауысқан мұраның шын мәнiндегi құны шегiнде және мұра қалдырушы қарыздарының өзiне артылған бөлiктерiн шығарып тастап орындауға тиiс.
Егер өсиеттiк бас тарту жүктелген мұрагердiң мұрадағы мiндеттi үлеске құқығы болса, оның бас тартуды орындау мiндетi өзіне ауысқан мұраның оның міндетті үлесінің құнынан асатын құнымен шектеледi.
Егер өсиеттiк бас тарту барлық немесе бiрнеше мұрагерге жүктелсе, өсиетте өзгеше көзделмесе, ол мұрагерлердiң әрқайсысына мұрадағы үлесiне мөлшерлес салмақ салады.
4. Тұрғын үй немесе өзге де тұрғын үй-жай ауысатын мұрагерге өсиет қалдырушы тұрғын үй-жайды немесе оның белгiлi бiр бөлiгiн басқа адамға өмiр бойы пайдалануға беру мiндеттемесiн жүктеуге құқылы. Тұрғын үй-жайға меншiк құқығы кейiннен ауысқан жағдайда өмiр бойы пайдалану құқығы күшiн сақтайды.
Өмiр бойы пайдалану құқығы иелiктен айырылмайды, берiлмейдi және бас тартылушының мұрагерлерiне ауыспайды.
Бас тартылушыға берiлген өмiр бойы пайдалану құқығы, егер өсиетте өзгеше көрсетiлмесе, оның отбасы мүшелерiнiң тұруына негiз болмайды.
5. Өсиеттiк бас тарту жүктелген мұрагер қайтыс болған жағдайда немесе ол мұраны қабылдамаған жағдайда өсиеттiк бас тартуды орындау оның үлесiн алған басқа мұрагерге, не мүлiк иесiз қалса, мемлекетке ауысады.
Өсиеттiк бас тарту мұра ашылғанға дейiн немесе ашылғаннан кейiн бас тартылушы қайтыс болған жағдайда, бiрақ өсиет бойынша мұрагер оны қабылдап үлгерген кезге дейiн орындалмайды.
6. Бас тартылушы мұра қалдырушының борыштары үшiн жауап бермейдi.
Жүктеу
1. Өсиет қалдырушы өсиет бойынша мұрагерге қандай да болсын әрекет жасау немесе кредит берушi ретiнде осы мiндеттi атқаруды талап ету құқығын ешкiмге ұсынбастан одан тартыну мiндетiн жүктей алады. Жалпыға пайдалы мақсатты жүзеге асыру үшін осындай мiндет мұра қалдырушы жүктеудi атқаруға мүлiктiң бiр бөлiгiн бөлiп шығарған кезде өсиеттi орындаушыға жүктелуi мүмкiн.
2. Мүлiктiк сипаты бар әрекеттер мәні болып табылатын жүктеуге, тиiсiнше осы Кодекстiң 1057-бабының қағидалары қолданылады.
3. Егер осы Кодексте көзделген мән-жайлар бойынша мұраның жүктеудi орындау мiндетi мойнында болған мұрагерге есептелетiн немесе оған тиесiлi үлесi басқа мұрагерлерге ауысса, жүктеудi орындау міндеті тоқтатылады.
Өсиеттiң орындалуы
1. Өсиет қалдырушы өсиеттi орындауды мұрагер болып табылмайтын, өсиетте өзi көрсеткен адамға (өсиеттi орындаушыға, өсиет жүктелген өкiлге) тапсыра алады. Бұл адамның өсиеттi орындаушы болуға келiсiмi оның не өсиеттiң өзiне өз қолымен жазған жазбада не өсиетке қоса берiлген өтiнiште көрсетiлуге тиiс.
Егер өсиетте оның орындаушысы көрсетiлмесе, мұрагерлер өзара келiсiм бойынша өсиеттi орындауды мұрагерлердiң бiрiне не басқа адамға тапсыруға құқылы. Мұндай келiсiмге қол жетпеген жағдайда бiр немесе бiрнеше мұрагердiң талап етуiмен өсиеттi орындаушыны сот тағайындауы мүмкiн.
Өсиеттi орындаушы өсиет бойынша мұрагерлердi бұл жөнiнде күнi бұрын хабардар етiп, өзiне өсиет қалдырушы жүктеген мiндеттердi атқарудан кез келген уақытта бас тартуға құқылы. Өсиеттi орындаушы өз мiндеттерiнен мұрагерлердiң арызымен соттың шешiмi бойынша да босатылуы мүмкiн.
2. Өсиеттi орындаушы:
1) мұраны қорғауды және оны басқаруды жүзеге асыруға;
2) мұраның өз пайдасына ашылуы туралы барлық мұрагерлер мен бас тартылушыларды хабардар ету үшiн мүмкiн болған барлық шараларды қолдануға;
3) мұра қалдырушыға тиесiлi ақша сомасын алуға;
4) мұра қалдырушының еркi мен заң актiлерiне сәйкес мұрагерлерге өздерiне тиесiлi мүлiктi беруге;
5) мұрагерлердiң оларға жүктелген өсиеттiк бас тартуды орындауын қамтамасыз етуге;
6) өсиеттiк жүктеудi атқаруға не өсиет бойынша мұрагерлерден өсиеттiк жүктеудi атқаруды талап етуге;
7) мұраны борыштардан тазартуға тиiс.
3. Өсиеттi орындаушы өз атынан сот iстерiне және мұраны басқару мен өсиеттi орындауға байланысты басқа iстерге араласуға құқылы, сондай-ақ мұндай iстерге қатысуға тартылуы мүмкiн.
4. Өсиеттi орындаушы мұраны борыштардан тазарту, мұра қалдырушыға тиесiлi сомаларды өндiрiп алу және барлық мұрагерлердiң мұраны иеленуге кiрiсуi үшiн қажеттi қисынды мерзiм iшiнде өз қызметiн жүзеге асырады.
5. Өсиеттi орындаушының мұраны басқару мен өсиеттi орындау жөнiндегi қажеттi шығындарды мұраның есебiнен өтеуге құқығы бар. Өсиетте өсиеттi орындаушыға мұраның есебiнен сыйақы төлеу көзделуi мүмкiн.
6. Өсиет орындалғаннан кейiн өсиеттi орындаушы мұрагерлерге олардың талап етуi бойынша есеп беруге мiндеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |